Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халық өтірік әңгіме мен жасандылықтан шаршаған

20.01.2020, 15:49 1300

«Қалайсыздар, амансыздар ма?» деп әңгімесін бастайтын әзілқой келіншектің дауысы сіздің де дәл осы кезде құлағыңызға келіп жатыр ма? Instagram әлеуметтік желісінде «хит» болған осы бір азаматшаның парақшасының тым танымал бола кетуінің сыры бар. Жасанды өмірде жетіспей тұратын шынайылықтың нақ үлгісін көрсетіп жүрген Мөлдір Анарбаеваның аккаунтын қазір 200 мыңға тарта адам бақылайды. Көпшілікке көтеріңкі көңілмен қатар қоғамның қалтарыс-бұлтарысындағы мәселелерді қаузай отырып жеткізетін журналист, блогермен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Instagram-дағы қайсыбір жазбаларыңызда мектеп оқулықтарындағы олқылықтар, одан қалды күнделік, сөмке салмағы, жалпы білім реформасына қатысты мәселелерді жиі қаузайсыз. Осыған байланысты министрлік тарапынан қандай да бір жауап болды ма?

– Иә. Барлық көтерген мәселелеріме демеймін, бірақ, ара-тұра жауап алып тұрамын. Сіз айтып отырған білім мәселесіне қатысты сауалдарға «Qazaqstan» ұлттық телеарнасындағы «Ашық алаң» хабарында министрлік өкілдері жауап берді. Шындығында мектеп оқулықтарындағы олқылықтар өте көп. Оның барлығын айта берсек, таусылмайды. Қаншама ата-ана кітаптардағы кемшіліктерді тізіп, бала тұрмақ өздері түсінбейтіндігін айтып жатады. Көзбен көріп отырған дүниені дер кезінде жеткізіп, айтып, кемшін тұсын көзге шұқып көрсетіп отырмасақ, ешқандай нәтиже болмайды. «Жыламаған балаға емшек жоқ» демекші, қоғамның кедір-бұдырын тегістеп отыру – өзіміздің міндетіміз.

– Кәсіби журналист ретінде қазіргі журналистикаға сіздің көзқарасыңыз қандай? Көңіліңіз тола ма?

– Сұрағыңыз орынды. Бүгінгі журналистикаға көңілім толады. Бірақ қанағаттанбайтын тұстарым да жетерлік. Неге десеңіз, біздің бұқаралық ақпарат құралдары тым еліктегіш. Әсіресе Еуропаға. Мысалы Түркімен елдерінің телеарналарын алып қарасаңыз, жүргізушілер ұлттық киімдерімен әртүрлі тағам түрлерін, тігін өндірісін, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын бағдарламаларды көрсетіп жатады. Қарап отырсаңыз, оларда шоу-бағдарламалар жоқтың қасы. Ал біздегі хабарларда әлі де болса ұлттық бояу жетіспейді, керісінше ойын-сауықтық, шоу бағдарламалар көп. Сонысы шамалы қынжылтады.

– Бір үйдегі екі журналист сіздерге қиындық тудырмайды ма? Шығармашылықтың адамдарына қиын болады деп жатады…

– Екеуміз 4-5 жыл бойы бірге хабар жүргіздік. Осылайша бас қостық. Бір-бірімізді өте жақсы түсінеміз. Менің айғайлап сөйлеп, күліп-ойнап отыруымның себебі – сол. Көпшілігі «сіздің мына қылығыңызға қалай шыдайды немесе күйеуі бұған төзе ме?» деп айтып жатады. Бірақ, менің жолдасым оның барлығына жақсы, оң көзқараспен қарайды. Жұмыс істейтін саламыз, айтатын әңгімеміз, тақырыбымыз – бір. Барлық тақырыпты да ортақ деңгейде саралай аламыз. Қызметте жүргеннен кейін кейде жұмыстан кеш шығып қаласың. Сондай уақыттарда ол түсіністікпен қарайды. Өйткені екеуміздің де саламыз – бір. Басқа жұптардың арасында осындай кезде айғай-шу, ұрыс-керіс болып, реніш туып жатады. Бізде мұндай келіспеушіліктер болмайды.

– Әзіл-қалжыңға біртабан жақынсыз. Неге журналистика саласын таңдадыңыз?

– О баста өзім өнер жолына барғым келген. Алайда оған әкем қарсы болды. «Қыз балаға өнер адамы болған қиын болады» деген соң өнерге біртабан жақын деп журналисткаға түстім. Ол үшін өкінбеймін. Бірақ облыстық телеарнада жұмыс істегеннен кейін атымыз алысқа шыға бермейді. Әйтпесе талай тұшымды хабарды жасадық. Сол хабарларымыздың жемісін жеген жоқпыз. Өйткені облыстық телеарнаның ауқымы кішкентай болғандықтан оны бүкіл Қазақстан көре алмайды. Әзіл-қалжыңға толы видеожазбалар жазып, көтеріңкі көңілде жүретін себебім сатиралық жанрдағы дүниелерді жаныма жақын көремін.

– Отбасындағы әйелдің рөлі қандай болуы керек? Бала тәрбиесінде қандай негізгі 3 қағиданы ескересіз?

– Мен – реалистпін, қазақы менталитетті бойына сіңірген әйелмін. Отбасында ең бірінші әйел өзінің күйеуін сыйлап, оның дәрежесін үнемі жоғары ұстауы қажет. Содан соң балалардың барлық мәселесіне жауапкершілікпен қараймын. Өйткені олар – біздің болашағымыз. Шыбықты қалай баптасаң, болашақта ол солай жеміс береді. Сол секілді өзім әйел ретінде, ана ретінде балаларыма бейжай қарай алмаймын. Мектептегі ата-аналар жиналысы болса да өзім үнемі қалмай қатысып отырамын. Қоғамдағы дұрыс көзқарастағы адам ретінде бала тәрбиесіне өте қатты мән береміз. Жолдасым екеуміз тәрбие мәселесіне келгенде қатаң қағидаларымыз бар. Менің қазір үйде бала тәрбиесінде отырғаным да сондықтан. Олардан ең алдымен жауапкершілік, адалдық және білім, осы үшеуі дарыса, еңбегіміздің де ақталғаны деп есептеймін.

– Әлеуметтік желі  уақыт ұрлайды. Желінің пайдасын өзіңіз көріп жүрсіз, зияны неде?

– Шынымен, уақытты ұрлайды. Қанша жерден қарамаймын дегенмен, қарап қоямын. Есептеп отырсам, желіге күніне 3 сағатымды арнайды екенмін. Ол 3 сағат елді тексеріп отыруға емес, өзіме келген хаттарды саралауға, пост салуға, оларды реттеуге, жұртқа жауап беруге кетеді. Дегенмен әлеуметтік желіні пайдаланудың зияны да бар. Мәселен, мен өзім ана ретінде балаларымның көзінше телефонға шұқшиып көп отырып қалсам, олар да менің істегенімді қайталағысы келеді, олар да смартфонға қарағыштай бастайды. Сосын оларға «телефон ұстама, мен жұмыс істеп отырмын» деп те айтып түсіндіре алмайсың. Зияны көп, дәл сол сияқты пайдасы да бар.

Instagram-дағы танымалдылық сізге не берді?

Затымызәйел болғандықтан әдемілікке, сұлулыққа біртабан жақынбыз. Реті келсе әдемі болып жүруге, киінуге тырысамыз. Әлеуметтік желідегі танымалдылықтың нәтижесі шығар, түрлі дүкендер киім ұсынады, сұлулық салондарында боянып, әрленуге жеңілдіктер болады. Жүрген ортамда құрметті, сыйлы болуға септігін тигізді.

– Видеожазбаларыңызда ашық-жарқын, өмірге дән риза Мөлдірді көреміз. Өмірде де осы қалыптасыз ба?

– Өмірде де өте позитивті адаммын. Осылай жүрген маған ұнайды. Бұл – маған анамнан берілген қасиет. Көңіл күйім түсіп көрген емес. Жыламаймын да. Нәзікжанды болсам да не болса соған көңілімді түсірмеймін. Видеода қандаймын, өмірде де дәл осы қалыпта жүремін.

– Күнделікті табысыңыз көп пе?  Instagram-нан қанша табасыз?

Анау айтқандай керемет табысым жоқ. Бірақ желіде біреудің кеуіліне, жағдайына қарап тегін жарнамасын да жасап беремін. Барлық ұсынған жарнаманы ала бермеймін. Оның ішінде адамға зияны тиетін, пайдасы жоқ жарнамалар көп, бірақ олардың беретін қаламақылары қомақты болып жатады. Халық алдында жауапты болғандықтан, ондай жарнамаларды қабылдамаймын. Сол себепті үлкен пайдаға кенеліп жатырмын деп айта алмаймын.

– Болашаққа жоспарыңыз қандай?

– Оны болашақ көрсетеді. Өйткені мен осы кезде әлемді төңкеріп жіберетіндей сұмдық дүниелер жасап жатырмын деп айта алмаймын. Қазіргі ойым – балаларымды қанаттандыру, өзімнің мамандығым бойынша қызметімді әрі қарай жалғастыру. Дегенмен де жан-жақтан жұмыс бойынша хабарлар жүргізуге, тіпті киноға түсуге ұсыныстар түсіп жатыр. Бірақ басқа қалаға кету, ауысу әзірге ойда жоқ. Мұндағы ата-ана, туған-туысты тастап көшіп кетуге бел байлаған жоқпыз. «Пәлен деген жерге шақырды» деп селтеңдеп басқа қалаға кетіп қалуыма менің қазақи тәрбиедегі күйеуім рұқсат бермейді.

– «Халық» газетінің оқырмандарына айтарыңыз болса…

– Сұхбат алып, уақыт бөлгеніңізге рақмет айтамын. Әрдайым жақсылықта жолығайық. Біз қоғамда қарапайымдылықты жоғалтып алып отырмыз. Мен арқылы жұрт шынайы өмірді, қарапайымдылығын көреді. Өйткені қазір адамдар шынайылықты сағынған, жасандылықтан, өтірік әңгімеден, қаптаған әртістердің суретін, қымбат көлігі мен тамағын көруден шаршаған. Менің осы күні байқағаным, ел шынайылықты сағыныпты. Сондықтан да мен осы қалпымнан айырылғым келмейді.

– Әңгімеңізге рақмет. Шығармашылық табыс тілейміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: