Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алимент төлемеудің астарында өзара өкпе-реніш жатыр

17.08.2023, 10:00 865

Расул  СЕРІКҰЛЫ,

Қызылорда  облысы  жеке  сот  орындаушыларының

өңірлік  палатасы  басшысының  орынбасары:

Егер ата-ана үш айдан астам уақыт бойы алимент төлемесе, ол әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мысалы, ҚР  ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша биыл 263 борышкер жауапкершілікке алынып, ҚР Қылмыстық Кодексінің 139-бабы бойынша сотқа 25 іс жолданған. Қызылорда облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары Расул  Серікұлымен  әңгіме барысында  алимент  мәселесінің ушығып  тұрғанын  байқадық.

– Расул Серікұлы, алимент төңірегіндегі мәселемен ұзақ уақыттан бері бетпе-бет келіп жүрсіз. Өз тәжірибе­ңізге сүйене отырып, алимент төлемей жүрудің  басты  себебі  неде  деп  ойлайсыз?

– Қазақстанда алимент төлемейтіндер өте көп. Ата-аналар баласының алдындағы қарызын ұмытып, нақты табысын жылдар бойы жасырады. Мысалы, жұмыс істемейтін борышкерлер қазақстандық орташа жалақыдан (2023 жылдың 1 тоқсанына 340 696 теңге)  алимент  төлеуге  міндетті. Егер борышкер  жұмыс  істесе, онда ол ең төменгі жалақы (2023 жылы 70 мың теңге) төлеуге міндетті. Сіз айтқан тәжірибеге сүйенер болсақ, алимент төлемеудің астарында өзара реніш сезімі жатыр. Ажырасу салдарынан күйзеліске ұшыраған ата-аналар еш кінәсіз балаларына қамқорлық жасаудың орнына, бұрынғы ерлі-зайыпты кезіндегі бір-біріне деген ашуын әлі жалғастыруда. Кейбір аналар әкелеріне балаларын көруіне мүмкіндік бермейді, осы себепті олар өз кезегінде материалдық қолдаудан  бас  тартады.

– Қызылорда облысында сот орындаушылар өндірісінде алимент бойынша қанша іс қаралып жатыр?

– Бірінші жартыжылдықта 11626 атқару өндірісі бар, оның ішінде 8310 атқару өндірісі мерзімдік орындалуда, 3090 атқару өндірісі бойынша борышкерлер  алименттерді  өз  бетінше  төлейді.

– Алимент ісі бойынша 16 мың қазақстандықтың шетелге шығуына тиым салынып, 2 мыңына іздеу салын­ған екен. Осы сандардың біздің өңірдегі көрсеткіші  қандай?

– Алимент санаты бойынша берешегі қалып­тас­қан, яғни 3 айдан астам уақыт бойы алимент төлемеген 1230 қызылордалық борышкердің Қазақстан Рес­публикасы аумағынан шығуына шектеу қойыл­ған.

– Қызылорда облысы бойынша  қанша алимент алушы  тіркелген?

– Жоғарыда айтылғандардың негізінде атқару бойынша 11626 атқарушылық өндіріс бар, тиісінше 11626  азамат  тіркелген.

– Олар қандайда бір мәселемен сот орындаушы­ларына  жиі  жүгіне  ме?

– Әрине, талап қоюшылар жеке сот орындаушы­ларымен үнемі байланыста болады. Мысалы, кез келген анықтаманы алғаннан кейін тоқсан сайын алимент бойынша берешегін анықтау үшін және басқада  өтініштермен  жүгінеді.

– Қазіргі кезде Қызылорда облысы бойынша алимент төлеуден қашып жүргендердің қарызы жөнінде нақты  ақпарат  бар  ма?

– Проблемалық алимент жөнінде айтар болсақ, 3 айдан астам алимент бермеу дерегімен 76 атқару­шылық іс жүргізіліп, 34350322 теңге берешек ерікті негізде  жартылай өтелуде. 108280465 теңге сома­сында 150  атқару  өндірісі бойынша  алимент  мүлдем  төленбеген.

– Ертеректе алиментті тек ерлер төлейтінін естуші едік. Бұл күндері мұндай жағдайды әйелдер де бастан өткеруде екен. Біздің  өңірде…

– Түсіндім, заң бәріне бірдей. Өкінішке қарай, біздің облыста мұндай өндірістер бар, бірақ, көп емес.

– Алимент  өндіру ісі бойынша қандай да бір шаралар  ұйымдастырып  тұрасыздар  ма?

– Қазіргі уақытта борышкердің мүліктік жағ­дайын анықтау мақсатында тоқсан сайын бірлесіп рейдтік іс-шаралар мен борышкерлердің мекен­жайларын аралау шаралары өткізілуде. Жеке сот орындаушысы тек сот шешімін орындаушы ғана екенін атап өткен жөн, және сот шешімі негізінде мәжбүрлеу шараларын  қолданады. Алайда, жеке сот орындаушысының мақсаты борышкерге шара қолдану емес. Ол – тек қызмет бабындағы іс-әрекеттің бірі. Егер өндiрiп алушы мен борышкер арасында татуласу келiсiмi болса, атқару құжаты жеке сот орындаушысының орындауына ұсынылмай-ақ, борышкер өз еркiмен кәмелетке толмаған балаларына алимент төлей алады. Сонымен қатар, ең бастысы бала ата-анасының қасында толық отбасында бақытты болуға лайық деп білемін.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, алимент төлейтін азаматтардан өз балаларын асырау үшін алименттерді  уақытылы  төлеуді  сұраймын.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Жасұлан  НАУРЫЗӘЛІ

Алимент  төлеудің  екі  тәсілі  бар

Алимент – бұл бір адам оны алуға құқығы бар басқа адамға беруге міндетті ақшалай немесе материал­дық қаражат. Ең көп таралған алимент жағдайы – баланы асырап-бағуға арналған төлемдер, алайда алименттер балалардың анасына да, өзін-өзі асырай алмайтын ерлі-зайыптыларға да, ата-аналарына да төленуі мүмкін.

Баланы асырап-бағу – ата-аналардың заңмен бекітілген міндеті, бұл ретте ата-аналардың некеде, азамат­тық некеде тұратындығы немесе ажырасқандығы мүлдем маңызды емес. Қорғаншылықтағы, қамқоршылықтағы немесе патронаттық тәрбиедегі балалардың, сондай-ақ асырап алынған балалардың да алимент алуға құқығы бар. Алимент баланы асырап-бағуға, білім беруге және тәрбиелеуге жұмсалады.

Алимент  төлеудің  екі  тәсілі  бар:

1.   ерікті, келісім бойынша. Нотариатта куәландырылған келісімде алименттің мөлшерін тараптар айқын­дайды  және алимент өндіріп алу кезінде сот тәртібімен алынуы мүмкін  алимент  мөлшерінен төмен  болмауға тиіс;

2. мәжбүрлі – сот  арқылы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: