Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Айжарық Сәдібекұлы: «Өмір күннен-күнге көңілсіз болып барады»

14.07.2020, 14:15 1932

HALYQLINE.KZ “Баяғы советтік дәуірімізде басшылар мен мектеп директорлары, көптеген интеллигенттер кітапты өздері түбірлеп оқымаса да, не сән үшін, не ұрпағы үшін жинайтын еді. Шамамен он үйдің біреуінде шағын кітапхана болатын. Ал қазіргі кезеңде біз кітапты сән үшін де жинамайтын болдық. Жинағанды айтасыз, кешегі кісілердің немерелері әлгі кітаптарды сыртқа шығарып тастады. Кітапханаларға тапсыру ойларында жоқ. Мәңгүрт дейін десең, пайдасына түгел…”. Бұл  қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің бірі Айжарық Сәдібекұлының ілгеріде ағынан жарылып айтқаны еді.

Біршама уақыт бұрын жазушымен әңгімелесудің сәті түсті. Сұхбаттасу барысында бар ғұмырын жазу-сызуға арнаған дегдармен кешегі заманда орыстанудан озып, енді қытайлануды бастаған, жаңа туған нәрестелерінің есімін өзімізден өзге нәсілдерге еліктеп қоятынымыз, спорт пен өнерде көлденең келген көк аттыларды жарылқағыш қазіргі қоғам және ұлттық әдебиетіміздің беталысы туралы әңгімелесіп, “шер тарқатып” алғымыз келген. Жазушы келісті. Кездесер алдында оның әр жылдары жарық көрген “Аққұмның ақ түндері”, “Ашық мұхитқа шыққан алып”, “Шұғыла шуағы”, “Қараша үйдің келіні”, “Бал айы”, “Дарияның тұмасынан жыр боратқан”, “Парасат майданы” кітаптарын бір  шолып  шыққаным жақсы болды. Автордың  алдында  шығармаларының ұлы жобасын  біліп  алып, қоятын  сұрақтарымды дайындап  барғандықтан ойымды ірікпей айтып,  еркін  әңгімеге  иек  арттық.

– Көке, сұхбатымызды, егер қарсы болмасаңыз, өзіңіз сияқты жазушылардың тұрмыс жағдайынан бастасам деймін. Республикалық айтыстардың бірінде Өміржан Көпбосынов: “Кітабын өткізе алмай жазушы жүр, Берілер қаламақы тиын боп тұр…” деген еді…

– Рас, ақын-жазушылардың тұрмыс жағдайы ала-құла болып тұр ғой. Зейнетақы қолға тиген күні шала байып қаламыз. Анау Астана, Алматыдағы әріптестеріміз бізден гөрі тәуірірек тұрып жатқан шығар. Оларда екі-үш жерде жұмыс істеуге мүм­кіндік бар, егер денсаулығы көтерсе. Жамыраған телеарналар, радио және газет-журналдар редакциялары, кітап баспалары сол жақтарда. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Өміржан ақын біліп айтқан. Жинағымызды тендерге ұсынсақ, жатып қалады. Біз сияқты­ елдегілерді кейінге шегере береді. “Өмір жыры” деген кітабымды мемлекеттік тапсырысқа 2016 жылы ұсын­ған едім. Хабар жоқ. Кітабымызды тендерден тіленбей-ақ жеке баспалардан шығарайық десек, шытырлаған теңге керек. Өмір сүрудің өзі қымбаттап кетті ғой. Біз қазіргі қоғамнан шеттеп қалдық. Демеушілерден демеу болмаса, кітабымыз қалай  жарық көреді?

Жалпы, кинематографистер де, суретшілер одағы да, сәулетшілер ұйымы да ақын-жазушылар сияқты тығырыққа тап болған. Кино қайраткерлері мен суретшілердің жуырда өткен құрылтайынан олардың да күйзеліс жағдайында екенін аңғардық. Көзіқарақты кинорежиссерлер кино түсіру үшін монополистерге алақан жаятын болған. Мүсіншілер мен суретшілер “таңғы тамақ Тәңірдің мойнында” деп жекелерден тапсырыс іздейтін көрінеді. Ақын-жазушылардың да бір ісі – осы. Асықпай қимылдайтын менің өзім де жеке адамдардың өтінішімен оншақты­ кітап жазып беріппін. Оның орнын­а неге көркем шығарма жаз­баймын…

– Жазушылар одағы көмектеспей ме?

– Одақтың өзіне көмек керек болып­ тұрған жоқ па?! Одақ қатардағы қоғамдық ұйымға айналған соң барынан­  жұрдай  болып  қалды  ғой.

– Қазіргі қоғамда бұрынғы ақын-жазушылар  шетінен  журналист  болып­ кетті деген әңгіме бар. Осының  қисыны қалай?

– Рыскелді, білетін шығарсың, Қабдеш Жұмаділов деген екі аяғын тең басқан классик жазушымыз бар. Сол Қабекең ертеректе “көркем әдебие­тке  журналистер  де  араласып кетті” деп айтып жүрді. Рас, тәуелс­іздігімізді алғалы әдебиетке жорналшы машығымен жазушы болға­н жазушы-журналистер қаптап кетті. Солардың бірі, міне, алдыңда отырған пақырыңыз. Мен газетте жарияла­нған қарабайыр мақала­ларын жинақ етіп шығарып, одақтың мүшесі болып алған бір халтурщикті білемін. Оның одаққа қалай мүше болып алғанына ақылым жетпеді. Ал ақын-жазушылар журналист бола­йын деп болған жоқ. Бәрі күнкөріс­тің қамы.

– Қалай  ойлайсыз, жазушы  оқырманмен  санасуы  керек  пе?

– Санасуы керек. Егер жазушы шығармаларын оқырман оқитын болса. Өткен жылы мені бір кездесуге шақырған еді. Сонда бір студент қыз: “Сіздің “Қызыл орамалды қыз” деген әңгімеңіз маған ұнады” деді. Ұнаса, ұнаған шығар. Ал, мен неге “Қызыл орамалды қыз” дедім? Оқырман астарын түсінді ме екен? Оқырман көркем шығарманы оқығанымен жазушының ойын түсінбесе, қабылдай  алмаса, қиын  ғой.

– Жарық  көрген  кітаптарыңыздан басқа қандай  шығарма  жаздыңыз?

– Қарап отыруға болмайды. Қаламды көңіл соққанда ғана жұмсап аламын. Соңғы жылдары “Өлермен өмір” деген бір роман, “Сұрапыл” деген бір повесть-хикаяны бітірдім. Сосын бір шоғыр көркем және дерект­і  әңгімелер  жаздым.

– Сіз “Қараша үйдің келіні” деген әңгімеңізде кейіпкеріңіз Күлғаныстың болмысын өте шебер беріпсіз. Сол ке­йіпке­ріңіздің өмірде прототипі бар ма?

– Негізі, бұл – деректі әңгіме. Дарияның арғы жағында “Қызылжар” деген ауыл бар. Күлғаныс сол ауылдан. Біраз жасқа келіп қалды, әңгімеде суреттелген ері бақи болды. Жалпы, әңгімелерімде кейбір кейіпкерлерімнің прототипі өмірде бар. Мен не жазсам да өмірден алып, қабіле­тімнің  жеткенінше  суреттеп, баптап, асықпай көркемдеп жазамын. Жазаты­н негізгі жанрларым – көр­кем очерктер, деректі және көркем әңгімелер, повесть-хикаялар, пуб­листикалық  көсемсөздер.

Тәуелсіздігімізді алғалы кейбір қалам ұстағандар тарихи тұлғалар тура­лы қисынға келсін-келмесін ел аузында айтылып келген аңыз-әпсаналарды құрақ құрағандай жамап жазған­дарын тарихи роман дейтін болды. Және, өзін жатпай-тұрмай насихаттайды. Суреткер классиктеріміздің соқталы шығармалары болмаса, әлгілердің “тарихи роман” дегендеріне өз басым сене бермей­мін. Тарихи шығарма сол өткен заман­ адамдарының лексиконымен, мысалы, айталық, біздің баяғы ата-бабаларымыздың құнарлы тілімен жазылуы керек емес пе? Қазіргі кей­бір “тарихи” дегендерінің сөзін­де мәйек жоқ. Кешегі классиктеріміз бір тарихи романды 10-15 жылда жазы­п бітіретін. Айталық, бүгінгі Қ.Мұхамбетқалиев Сырым Датұлы туралы рома­нын (“Тар кезең”) 25 жылда, С.Жұбатыров  “Абыржы” романын 17 жылда бітірді. Кейбір жазғыштар тек өзінің ғана “тарихын” әремдегі әңгелектей аунатып тастай беретін болды. Лев Толстой: “Адамдар алдында ұялу – жақсы сезім, ал ең жақсысы – өзіңнен-өзің ұялу” деген екен. Сол айтқаны бізде әлі де тапшы­ болып тұр. Адам деген ұялу керек.

– Жергілікті  билікке  айтар на­зыңы­з   бар  ма?

– Неге болмасын, бар ғой. Дегенде, қала басшылығы осы Қызылорда қаласында тұратын Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерін біледі деп те, білмейді деп те айта алмаймын. Себебі, біраз уақыт болды, кітап­тарымыз жарыққа шықпай толастап тұр. Қолжазбаларымыз сарғайып жатыр­. Жас ұлғайғанда кімге сақалыңды  сатасың. Өмір күннен-күнге көңілсіз болып барады. Жаңа қо­ғамның  бізбен шаруасы шамалы болып­  тұр.

– Енді  жергілікті журналистика жайына ойыссақ. Облыс ақпарат құралдарының өзіңіз аңғарған ар­тықшылығы  мен  кемшілігін  айтып бересіз  бе?

– Айналайын, Рыскелді, мен өткен ғасырдың адамымын. Біз сол ғасырдың жырын жырладық. Мына жаңа ғасыр – сендердің дәуірің. Оның  ақпаратына біз араласпай-ақ қояйық. Айтар тілегім: қаламдарың мұқалмасын, ерік-жігерлерің жа­сымасын. Бір байқағаным, біздің қазақ журналистері көбіне аңғырт келеді. Мысалы, қытайлар “Біз аспанас­ты елміз” деп өздерін дәріп­тейді.  Ал Израильде еврейлер сөзін “Біз – әлем адамымыз” деп бас­тайды. Осылай жұмбақтау тегін бе? Біздің кейбір журналистеріміз осы күні  қытайға еріп “аспанасты елі” деп астарын ойламай жазады. Немене­,  басқа  жұрттың  аспаны  жоқ па? Алла аспанымыздан айырмасын. Құдайы көршіміз Қытай мен Ресей үшін біз кімбіз, мәңгілік елміз бе? Ойланып  көрейік  те…

– Ақын-жазушыларға атақтың қаншалықт­ы  қажеті  бар? Сіздің ойыңыз…­

– Жалғыз ақын-жазушы деймісің, жан біткеннің бәрі атақты қалпақпен қағып алғысы келеді. Соған қарағанда атақтың пендеңізге қажеті бар-ау деймін. Заманымыздың ұлы ақыны болған Қадыр Мырза-Әлі дәл осындай  сұраққа былай деп жауап берген болатын. “Ақын-жазушыға атақ керек­. Не үшін? Атақ – қаламгердің мұрагері” деген еді, қайран Қадыр ағамыз. Расында абырой, атақ классиктерге жарасады. Ал жалған атақ пендеңізді жарға жығады. Жарияға жуыспайтын  жалған атақты бергеннің де, алғанның да көңілі марқайып береке таппайды. Атақтан бұрын  өміріңді  абыройлы  аяқтағанды  айтсайшы.

– Сіздің ойыңызша жазушының баст­ы  қызметі  не  дер  едіңіз?

– Меніңше, жазушының басты қызметі әрі міндеті – шығармасын оқырманның жүрегіне жеткізіп жазу. Жеткізіп жазу оңай емес. Бір мысал айтайын. Ұлы жазушы Ғабит Мүсі­репов аударма үстінде бір сөздің қазақы  мағынасын  келтіре  алмай бір  жеті  ойланып, қиналып  жүріпті. Сондағы тапқаны “шырғалаң” деген сөз екен. Сөз үйлесімін дәл тапқанына жазушы әйелі ұл тапқандай қуанған көрінеді.

– Соңғы сұрағым: тағы да “хан” сайлауын  көргіңіз  келе  ме?

– Неге көргім келмейді? Көргім келеді. Ауамыз тазарады ғой. Құдай қаласа, көретін де шығармыз. Еліміз аман, байтағымыз тыныш болсыншы. Сосынғысы  бола  жатар.

Әңгімелескен

Рыскелді   ЖАХМАН

Сұхбат республикалық «Халық» газетінің

2018 жылғы санынан алынды.

Суретті түсірген автор

Пікірлер:
  • Қайран менің әкем.Тұнып тұрған ақылдың кені еді.Рыскелді, сізге Алла разы болсын.Әкемнің орны бір төбе. Осындай адамның өмірден озғаны қабырғаны қайыстырды. Келеге келеалмай әлі жүрміз.Тұнып тұрған нағыз талант иесі еді. Өзі тарихшы, сарапшы, зерттеуші еді.Өмір бойына қоғамға адал қызмет етті.Біреудің ала жібін аттаған жоқ, өтірікшілерді жек көретін. Ұрлап жазатын ғалымдардың еңбектерін қарап отырып, қай ғалымнан алғанын айтып отырады.Сыршыл да,жұмбақ жан еді.Өмірден озған әрбір ақын-жазушыны іштей жоқтап отыратын.Ақындар көп, екінің бірі ақын, жазушылар аз деп қынжылатын. Сол өзі өлердей болып қызмет жасаған қоғам, өзінің көзі кеткен соң еске де алмай қойды. Досы Әскербек Рахымбекұлымен өмірде де, қызметте де жұбы жазылмай жүретін. Екеуі де араларына бір түн салып, бір-бірінің артынан кете барды.Олар кеткелі шынымен де өмірдің көңілсіз екенін түсіндім. Бірақ, сіздей ізбасарлары барына шүкіршілік айтамыз. Аман болыңыз! Бүкіл қазақтың мұңын жоқтаған, Сыр елі абыздарының аруақтары сізді қолдасын деп тілек білдіреміз.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: