Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңашылдық жолындағы Жаңақорған

14.12.2020, 18:10 1348

HALYQLINE.KZ

Аппақ қарға оранған жазық даланың бойында көлікпен келе жатырмыз. Алысқа көз тастасаң, шегі жоқтай көрінетін кең дала. Жазық даланы бойлап келе жатқанымыздың да өз себебі бар. «Жаңақорған ауданында кәсіптің неше түрлісі бар, жаңашылдықтың жалауын желбіреткендер жетіп артылады» деген соң, жергілікті халық игерген салалардың ахуалын білейік һәм көзбен көріп, пікірлесіп қайтайық деп жол тарттық. Ауданда кәсіптің түрі көп ғой. Дегенмен, осы жолы өзгешелікке бет бұрып, жаңашыл дүние әкелген кәсіпкерлерді аралауды жөн көрдік. Көп нәрсеге қанығып, жоқ нәрсеге ашынып қайттық. Ауданның мақтайтын дүниелері көп болса да, олқылығы да бар болып шықты.

Голландиялық  тауықтар  Жаңақорғанға  келді

Барғандағы бірінші мақсат – кәсіпкерліктің көгерген көсегесін көру еді. Сол үшін кәсіпкерлерді аралауды А.Сүлейменов көшесінен бастадық. Онда отбасылық құс өсіру кәсібімен айналысып жатқандар бар екен. Бұның ерекшелігі – алған тауықтарының голландиялық тұқымдас болуында. 26 жастағы жігіт бұл кәсіптің жай-жапсырын Алматыдан көріп келіпті. Жаңақорғанға келіп, дереу мемлекеттік бағдарлама арқылы қомақты қаражат алып, кәсібін бастап кеткен. Алдыға қойған мақсаты да көп екен.

  • Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатындағы мемлекеттік «Бизнес Бастау» бағдарламасы аясында 555 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант жеңіп алдым. Бұл кәсіпті бастағаныма 1 ай болды. Жұмыртқа өндіру мақсатында 100 бас тауық алғанмын. Тауық голландиялық «Леггорн» тұқымдасына жатады. Бұның қарапайым тауықтардан айырмашылығы, жайылымды қажет етпейді. Аса қажетті күтім керек емес. Бизнесімді әлі де несие алып үлкейтсем деген ой бар. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы несие аламын. Күніне 5 мың жұмыртқа шығаратын үлкен құс фабрикасын ашсам деймін, – деді жас кәсіпкер Әділхан Әліханов.

«Леггорн» тұқымдасына жататын бұл тауықтың ерекшелігі суыққа да, ыстыққа да төзімді келеді. Басқа түрлерге қарағанда өнімді де көп береді. Әлемде ең көп таралған түр. Бір қызығы, голландиялық тауықтар Жаңақорғанға бірінші рет келіп отыр. Бұған дейін бұл түр мұнда мүлдем болмапты.

Бір  отбасыда  –  үш кәсіп…

Келесі тұрағамыз Т.Бигелдинов көшесіндегі үш кәсіпті қармаққа ілген отбасы болды. Балаларымен бірігіп сабын шығару, саптыаяқ пен киімдерге сурет жапсыру және жылыжаймен көкөніс сату кәсіптерімен айналысады екен. Шығарғандары – қарапайым сабын емес, түрлі формаға келтірілген, сыйлыққа арналған сабындар. Шебер қолдан жасалған сабындарды көріп, оларға су тигізіп, формасын бұзғың да келмейді.

  • Сабын шығаруды интернеттен үйрендік. Бұл кәсіп ең алғаш қызымды қызықтырған болатын. Мемлекеттік бағдарламадан қайтарымсыз грант жеңіп алдық. Сабын шығаратын құрылғыны да интернеттен арнайы тапсырыспен алдырттық. Өзімізге ұнаған түрлі формаға келтіріп, әдемілеп, өрнектеп береміз. Көбінесе, тойларға тапсырыс көп болады. Одан бөлек, балам саптыаяқ пен киімдерге сурет салумен айналысады. Киімдерді қанша жуса да суреті өшпейді. Бізден басқа ауданда ешкім мұндай кәсіппен айналыспайды. Сонымен қатар, жылыжайымыз да бар. Осы жылы қияр егудеміз,- деді кәсіпкер Шолпан Сүлейменова.

Бірнеше кәсіпті ырқына көндірген отбасының жұмысында жүйе бар. Алдағы уақытта жылыжай аумағын арттырып, қалған кәсіптердің де көлемін кеңейтсем деген ойы бар екен.

Тау  беткейіндегі  зауыттар

Кенттің орталығынан шығып, тау беткейіне жол тарттық. «Ол жақта да кәсіптің түр-түрі бар» деген соң, көзбен көруді мұрат етіп, танысуды жөн санадық. Тауға кіре берісте «Премиум Класс Строй» ЖШС-не тұрақтадық. Компания жылына 70 мың тонна әк шығарады екен. Жобаның жалпы құны 140 млн теңгені құраған. 2018 жылдың қараша айында іске қосылған мекемеде 45 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың жағдайы да толықтай қарастырылған екен. 80 орындық жатақхана мен 4 мезгіл тамақпен қамтамасыз етіп отырған асханасы жүйелі жұмыс істеп тұр.

– Әк зауытының жанынан щебень зауыты да ашылды. Ол өңірді толық қамтамасыз етеді деген сенімдеміз. Өндірісті көбейту ойда бар. Қазіргі таңда кейбір құрылғыларымыз қайта жөндеуден өтіп жатыр. Алдағы уақытта солардың есебінен өндірісті өсіреміз. Одан бөлек, газ мәселе тудырып тұр. Қазіргі таңда жергілікті мекемелермен келісудеміз. Сол мәселе шешілген жағдайда өндіріс орнын кеңейте аламыз,- деді «Премиум Класс Строй» ЖШС-нің экономисі Мұрат Сүлейменов.

Зауыттан шыққан өнім сапасының жоғары екенін көзбен көріп, ары қарай жол жүрдік. Төбемізде шақырайып тұрған күн алыстағы шың басында тұрған қармен шағылысып, көз қарықтырады. Ал сол сұлулықтың қақ ортасында «Мелиоратор» ЖШС орналасқан. Халық арасында Өгіз мүйіз аталып кеткен жерде орналасқан мекеме брусчатка мен бордюр және үлкен көлемді құбырлар шығарады екен.

– Компания былтыр іске қосылды. Бірақ, жұмыс биыл мамыр айынан бастап бір жолға түсіп, реттеле бастады. Күніне 10-12 мың дана брусчатка шығарамыз. Сұраныс Қызылорда және Түркістан облыстарынан келіп жатыр. Канализация, су құбырларына қолданылатын құбырлар 10 метрге дейінгі тереңдікте жата береді. Күніне 80 метрдей құбыр өндіреміз. Бұл зауыттың одан да көп шығаруға мүмкіндігі бар. Дегенмен, құрылғылар жетіспеушілігінен ол мүмкін болмай тұр. Бірақ, құрылғыларға тапсырыс беріп қойдық. Жақын арада жету керек, – деді цех бастығы Мәди Қалдыбеков.

Зауытта 36 адам жұмыс істейді екен. Барлығы – жергілікті тұрғындар. «Жұмысшы жетіспеушілігі туындамайды» дейді цех басшысы. Сапасы да сын көтереді екен. Енді басқа өңірлерден де тапсырыс саны көбейеді деген үмітте.

Ұлттық  мұраларға  қолдау  жоқ

Жалпы, ауданда бой көтерген кәсіпорындардың жағдайы жақсы екенін көрдік. Онымен қоса, өнімді ұлғайтуға да жұмыс істеліп жатыр екен. Кәсіп бастаймын деген жергілікті тұрғындардың да арман-тілегі орындалып, қажетті көмекті алып жатқан көрінеді. Дегенмен, аудан басшылығы ұлттық мұраларымызды екінші орынға ысырып қойған тәрізді. Кәсіпкерлерді араламас бұрын, жергілікті мәдениет үйіне табан тірегенбіз. 1970 жылдан бері келе жатқан өнер ордасында ұлттық мұраларды жасап, сататын қолөнер шеберлері жиналыпты. Елде ұмытылып бара жатқан түрлі технологиялармен тоқылған киімдер мен киізден жасалып, құрғақ инемен өңделген түрлі бұйымдар шығарады екен.

– Қазіргі таңда мұндай технологияны пайдаланатын адамдар саны өте аз. Халық арасында ұмыт қала ма деп қорқамын. Адамдар келіп қызықса да, алуға қалтасы көтермейді. Мұражайлар сатып алып жатады. Талай көрмеге бардым. Бірақ, дәл бұл өнермен айналысатын адамды әлі күнге дейін елімізде кездестірмедім. Өзім «ЕХРО-2017» көрмесі кезінде Қырғызстаннан үйреніп келген едім. Жастар үйренгісі келеді. Мен де үйреткім келеді. Дегенмен, шағын болса да, бір бөлмелі шеберхана жоқ. Осы мәдениет үйінен бір бөлме берсе, барымды салып үйретер едім. Неше түрлі ұлт тарихынан сыр шертетін бұйымдар жасауға болады. Өскелең ұрпаққа да қалар үлкен мұра болар еді,– деді Қазақстанның суретшілер одағының мүшесі Ұлмекен Қайырбайқызы.

Одан бөлек, қолөнершілердің айтуынша, «ЕХРО-2017» көрмесі кезінде қолөнермен айналысуға ниеттілерге арнайы шеберхана ашып беріпті. Барлығы сонда жұмыс істеп, шеберлігін арттырған екен. Қолынан шыққан бұйымдарды Астанаға апарып, дүйім жұрттың назарына ұсынған. Дегенмен, «ЕХРО-2017» аяқталғаннан соң, шеберхананы өзгенің атына аударып, жұмыс істеу үшін ай сайын жалға алып, құнын төлеп отырасыңдар деген көрінеді. Осындайда ашынып, «көрмеге ғана керек болған қазақтың қолөнері» дегің келеді. «Ата-бабадан қалған асыл мұраның құны осы болған екен ғой» деп жағамызды ұстап қайттық. Үйренемін деген жастар бар, үйретемін деген ұстаз бар. Дегенмен, үйренсін деген басшы болмай тұрғаны. Жаңашылдықтың жалауын желбіретіміз деп жүріп, өткеннің орманында адасып қалмасақ болғаны…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: