Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаев таланттарды іздейді

27.05.2020, 18:10 621

HALYQLINE.KZ Осыны жазып отырған пақырдың орнына келер ұрпақтың қонжиятыны ақиқат. Жалпақ тілмен айтқанда, «буын алмасу» процесі дегенміз – осы. Табиғат заңдылығы ғой. Тәуелсіздік алғалы екі мүшелді артқа тастап, үшінші мүшелге аяқ бастық. Демек, біз айтып отырған «буын алмасу» процесінің алғашқы легі биліктің бір тұтқасын ұстайтын жасқа да жетті. Тиісінше, соншама жылын саясатқа сарп еткендер ақырындап ығыса бастайды. Ал біз айтып отырған алдыңғы буын келешекке қандай із қалдырды? Олар қандай еді? Биліктің басы-қасында жүргендерді бас салып сынаудан аулақпыз. Алайда Алаштың ақылманы, марқұм Ақселеу Сейдімбек бір сұхбатында: 

– Совет заманындағы басшылыққа не керек еді? Сол тұста ел басшыларына қоғамның қандай болу тетіктерін білетін адамның керегі жоқ еді. Тек шаруашылық басшысы керек еді. Біздің Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы бір үрдіс, осы бір жаман әдет әлі де жалғасып келе жатыр. Бізде әр салаға ие болып отырған министрлеріміз өз саласының шаруашылығын өте жақсы біледі. Ал бірақ жаһанданудың ұлы нөпірінде ұлтқа араша түсудің мүлде тетігін білмейді. Былайша айтқанда, мемлекеттік тұлғалар емес, шаруашылықтың тұлғалары. Біз әлі күнге министрлерді өз саласын жақсы білгені үшін, экономиканы жақсы меңгергені үшін, ақшаны жақсы есептей алғаны үшін қоямыз (тағайындаймыз. – ред.). Бірінші басымдық қасиетті соған береміз. Олай емес! Бірінші басымдық қасиет ұлт болмысын қалай біледі, мемлекеттің, оның ішінде ұлттық мемлекет болып сақталып қалуы үшін қай тетікті басуды біле ме? Осындай критерийлер жетіспейді. Біздің министрлердің 90 пайызы «Елім-ай» әнін білмейді. «Елім-ай» әнін білмеу – ұлтты білмеу. Меніңше, тәуелсіздік алғалы бір ұрпақ алмасып үлгерді. Жаңаша ойлайтын, жаңаша жігері бар, жаңаша түйсігі бар ұрпақтың төбесі көрініп қалды. Мен енді келешек жастарға сенемін, – деп еді жарықтық.

Дәл қазір жаһандану дәуірінде жүрміз ғой. Ай тұрмақ, апта сайын жаңа технологиялар, жаңа мәдениет өріс алады. Сәйкесінше, осы күнге дейін сақталып келген құндылықтар құлдырап, ақыр соңында жойылады. Әсіресе, ұлттық ұстынынан, ана тілінен айырылған қаншама ел жер бетінін жоғалды. Бұған мысалды мыңдап келтіруге болар. Ақылман Ақселеудің меңзеп отырғаны осы ма деп топшылаймыз? Шыны сол, санасы Совет үкіметінің идеологиясымен уланбаған жастар қаулап келеді. Олар Ақселеу меңзеген «шаруашылықтың тұлғасы» емес екені даусыз.

Елдегі ең жоғары билік ауысқалы бір жылдан асып жығылды. Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастыру керектігін айтқан еді. (Қазір таңдаулы 300 жас қазақстандық елдің әр қиырында қызметке алынды). Бүгін Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-ші отырысында осы тақылеттес тақырыпты тағы көтерді. Президент мемлекеттік билік жүйесіне білімді әрі кәсіби тұрғыда әзір, патриоттық тұрғыда шыңдалған жастарды тарту керектігін мәлімдеді. Сондай-ақ, басқарушы кадрларды жаңартып отыру қажеттігін атады.

– Елімізде балабақшалар мен мектептердің, колледждердің директорын тағайындаудың ашық жүйесін дайындау керек. Директорларды ротация мен аттестаттаудан өткізу институтын енгізу – басқарудың тиімділігін арттыруы тиіс. Жалпы, ротация барлық салада болуы керек деп есептеймін. «Адасып кеткен буын» деген әңгімелер шықпауы үшін біз кадрларды жаңартып отыруымыз қажет. Шынында да білімді әрі кәсіби тұрғыда даяр, патриоттық тұрғыда шыңдалған, психикалық тұрғыда ойлы жастар мен орта жастағылар мемлекеттік билік саласында еңбек етуі керек. Парламент болсын, Үкімет, әкімдік болсын, жаңа таланттарды іздеуге шақырамын. Кәсіби тұрғыда шыңдалған жастарды іздеуге шақырамын. Мемлекеттік билік жүйесінде олардың дарынын пайдалануымыз керек, – деді Президент.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы елде мемлекеттік қызметті реформалау, жаңа деңгейдегі мемлекеттік аппаратты құру бастамасы жөнінде айтылып жатқанын атады. Осы орайда ол «Әлбетте, осы ретте, бізге жаңа адамдар керек. Сол себепті Мемлекеттік қызмет істер жөніндегі агенттік пен Президент Әкімшілігі бұл мәселемен айналысуы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Демек, үшінші мүшелге қадам басқан жастардан Тоқаев та үміт күтеді…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: