Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

САЙЛАУ мен ТАҢДАУ

24.11.2022, 11:20 479

Ел тарихында маңызды сәт Президент сайлауы екені рас. Өйткені алдыңғы көш қалай жүрсе, соңғы көш соған ілесіп жүретіні анық. Қазақстан Республикасының тарихында Президент сайлауы 7 рет өткізілді. Міне, 2022 жылғы 20 қараша күні кезектен тыс 7-нші сайлау болды. Елімізде 19 миллион халық болса, оның 11 953 465-і сайлауға қатыса алады. Қалғаны – кәмелет жасқа толмаған балалар. Дегенмен, бұл сайлауға 8 299 501 адам қатыс­қан. Пайыздық көрсеткішпен 69,43% көрсетеді. Сайлауда белсенділік танытқан Жетісу, Қызылорда, Түркістан және Абай облыс­тары. Барлығында 80 проценттен көп тұрғын дауыс берген. Ал, сайлаудың қажеттілігі жоқ деп есептеген Алматы қаласының тұрғындары екен. Қала халқының белсенділігі 28,72 процентті көрсетті. Бұл дегеніміз, 100 адам болса, оның  28-і  дауыс  беруге  атсалысқан.

Хош. Жалпы, қазақстандықтар сайлауға немқұрайды қарамағаны көрініп тұр. Орталық  сайлау комиссиясының мәліметінше, кезек­тен тыс президент сайлауында Қазақстан Респуб­ликасы азаматтарының дауыс беруі 10 101 сайлау учаскесінде өтті. Ең аз дауыс берген қала болса да, ең көп сайлау учаскесі, яғни 600-і Алма­ты  қаласында  орналасқан  екен.

Сайлау  учаскелері  әнұранмен  ашылып, Батыс  аймақтың  уақытымен  сағат 6:00-де басталды. Негізі, Жапония астанасы  Токиода  орналасқан  сайлау  учаскесінде   ҚР Президенті сайлауы Астана уақыты бойынша таңғы сағат 4-те басталды. Қазақстанның батыс аймақ­тарында орналасқан еліміздегі соңғы сайлау учаскелері Астана уақытымен кешкі сағат 21:00-де аяқталды. Ал, соңғы сайлау учаскесі болып Қазақстаннан алысырақ, Американың Сан-Франциско қаласында дауыс беру аяқ­талыпты. Бұл – елордамыздың уақытымен келесі күнгі таңғы 9-да.  Шетелдегі азаматтарымыздың дауыс беруі үшін 53 елде 68 сайлау учаскесі орналасты. «Хабар 24» телеарнасының Лондондағы меншікті тілшісі, халық­аралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі, әріптесі­міз Ғалымжан Қараманұлы қазақ халқының шетте жүрсе де ел мәселесінде белсенді екенін  жеткізді.

– Ұлыбританияда қазақ көп екен ғой. Сайлау­да студенттерді, қызметтегілерді, туристер­ді, іссапарға келгендерді көріп, риза болдым. Кәдім­гідей туған жерде жүргендей әсер алдым, – деді ол.

Қазақстан аумағында ел азаматтары сайлау құқығын сайлаушылар тізіміне енгізілген сайлау учаскелерінде ғана немесе тіркеуден өткендігі туралы куәлікті көрсету арқылы жүзеге асыра алады. Әрбір сайлаушы өз дауысын өзі ғана бере алады, сайлау бюллетені сайлаушыға жеке куәлігін көрсеткенде ғана беріледі. Әр адам өз сайлау учаскесін egov.kz сайтынан қарауға мүмкіндігі болды. Сайлау бюллетеньдеріне белгі қою арқылы кандидаттың біріне яки ешқайсысына бермеуге әрбір азаматтың құқы бар. Бір стационарлық жәшікке бюллетень салынып, тіпті кей сайлау учаскелерінде сайлаушылардың кезегі де болған-ды. Сайлауға келушілердің қарасы көп болғанын әлеуметтік желіден байқауға болады. Бәрі сайлауға қатысқанын фотоға түсіріп, «Мен өз болашағым үшін дауыс бердім» деп жаппай жариялады. Шыны керек, негативтік көзқараспен қарасақ, жағымпаздық пен есеп беру секілді көрінеді. Ал, керісінше көзқараста пайымдасақ, әлеуметтік желіден көрген еліміздің мүшесі келіп дауыс беруіне ықпал жасайтыны анық. Сондықтан суретке түсіріп жүктеудің де бір жақсы жағы бар шығар. Байқоңыр қаласының тұрғындары да белсенділік танытып, дауыс берді. Бұл жайында №120 сайлау учаскесі  учаскелік  сайлау комиссиясының  мүшесі  айтты.

– Сайлауға қала тұрғындары өте көп келді. Күншығыстан ақ жібектей таң атып келе жатқан мезгілден бастап, біршама дауыс беруші көтеріңкі көңіл күймен келіп, қуантты. Жастарымызда белсенділік танытты. Алғашқы рет дауыс беріп жатқандарға әдеттегідей сыйлықтар үйлестірілді. Балалар­ға, қарттарға да құрмет көрсетілді. Байқау­шы да, комиссия да сайлаудың әділ өтуіне назар аудардық. Себебі елдің сойылын соғып, алаңдаушылық танытатын бірінші кезек­те мемлекет басшысы екені сөзсіз. Сондықтан бұл істі абыроймен атқардық, – деді №120 сайлау учаскесінің учаскелік сайлау  комиссия­сының  мүшесі  Шаттық  Махмутова.

Бұқара дауыс беруге асықса, тарихи таңдауға облыс әкімі  Нұрлыбек  Нәлібаев та қатысты. Осы орайда, аймақ­та 373 учаске бар екенін айта кетейік. Онда 482934 дауыс беру­ші тіркелген. Сонымен қатар, орталық сайлау комиссиясы ұсынған дауыс берушілердің келу туралы деректеріне сәйкес, тізімдегі облыс тұрғындарының 81,07 проценті саяси науқанға қатысқан. Бұл – республика бойынша ең үздік нәтижелердің бірі. Яғни сырбойылықтар сайлауға бейжай қарамағанын көрсетіп тұр. Аймақ басшысы Әли Мүсілімұлы атындағы №101 мектеп-лицейде орналасқан №263 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. Саяси іс-шара­да  қала  тұрғындарымен  бірге  өз  таңдауын  жасады.

– Бүгін – еліміз үшін ерекше күн. Мемлекетіміздің жарқын болашағын айқындайтын бұл күнде әрбір азаматтың дауысы маңызды. Жерлестеріміз ел келешегі үшін бірлік танытып, өз таңдауын жасайтынына сенімдімін, – деді облыс әкімі.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 2011, 2015 жылдардағы сайлау әділ, ашық және мөлдір өтеді деп айтқан болатын.  Алайда қазіргі  таңдағы  мемлекет  басшысы  Қасы­м-Жомарт Тоқаев Жолдауында бұрын-соңды сайлау әділ өтпегенін мына сөзбен меңзеген еді. «Әділетті Қазақ­станды құру жолында түбегейлі және жан-жақты рефор­маларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет». Рас, 90 проценттен жоғары электораттың дауыс жинауы шындыққа жанаспайды. Егер елде бәрі асып-тасып жатса бір жөн. Сондықтан «Дауыс бұрмаланды», «Сайлау әділ өтпеді» деген пікірлер  бұрын  айтыл­ғаны  орынды. Сайлауда  бақылаушы  студент-жастар қаптап  кеткені рас. Олардың саяси мәселеге алаңдап, әділ өтуіне  атсалысқаны  көңілді  қуантады. Ал, бақылаушының көзімен  сайлау  әділ  өтті  ме?

– Мен «Азаттық ньюс» қоғамдық бірлестігінің атынан №179  сайлау  учаскесінде  тәуелсіз  бақылаушы ретінде  жұмыс  атқардым. Сайлау өз деңгейінде, әділ және шынайы өтті. Көптеген  үлкен қарт кісілердің жылы лебізін естідік, біздің жұмысымызға сәттілік тіледі. Келушілерге келсек, 1870  адамның   небәрі  500-ге  жуығы  қатысты. Сағат  12:30 шамасында біз мүгедектегі бар отбасылардың үйіне баруды жөн көрдік. Ол кісілер де бізді құшақ жая қарсы алып, батасын берді. Айта кетейік, Қызылорда қаласында мүгедектігі бар азаматтарға арналған 366 дауыс беру учаскесі жұмыс істеген еді. Осы аталмыш дауыс беру учаскесінде ерекше­лігі жағдайды қажет ететін мүгедектігі бар 188 сайлау­шы тіркелген  болатын, – деді  Ибнмахсұт  Рахметов.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) адам құқығы және демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлау бақылау миссиясы да өз бағасын берді. Олар Қазақстандағы 20 қараша күнгі өткен кезектен тыс президент сайлауы бәсеке жоқ саяси ахуалда өтті деп санайды. Бұл жөнінде ұйымның мәлімдемесінде  былай  делінген.

«Іс басындағы президент барлық парламенттік партиялар атынан ортақ кандидат тәрізді сайлауға түсті, бірақ оған шын мәнінде бәсекелес болған жоқ. Байқаушылар сөзінше, негізгі бостандықтары мен құқықтарының шектелуіне байланысты азаматтардың саяси процеске толық мәнде қатысуы бұрынғыша айтарлықтай шектеліп отыр» дейді ЕҚЫҰ  арнайы  бақылау  миссиясының  мәлімдемесінде.

ЕҚЫҰ байқаушылары «сайлау науқаны туралы БАҚ-та мардымсыз жазылуы және сараптамалық репортаждардың жоқтығы, соның ішінде онлайн хабардың болмағаны да сайлаушылардың саналы түрде таңдау жасау мүмкіндігін шектеген»  деп  санайды.

Енді  сайлаудың  нәтижесіне  қарай  ойыссақ.  Сайлау­ға  6  үміткер  қатысты. Бәрі  жарнамасын  жарқылдатып,  қолы­нан келгенін жасады. Десе де, сайлау күні кешке exit poll-дың нәтижесі бойынша Қасым-Жомарт То­қаев қазақ­стандықтардың басым бөлігінің дауыс беруімен қайта­дан екінші мәрте Президент болып сайланды. Бүрсі­гүні Орта­лық сайлау комиссиясының баспасөз алаңында кезек­тен тыс президент сайлауының түпкілікті қорытындысы жариялан­ды. Алдын ала шыққан нәтижемен шамалас. Нақты жиналған дауыс бойынша процентке шақсақ, Қасым-Жома­рт Тоқаев 81,31%, Жигули Дайрабаев 3,42%, Қарақат Әбден 2,60%, Мейрам Қажыкен 2,53%, Нұрлан Әуесбаев 2,22%, Салтанат Тұрсынбекова 2,12% және барлығына қарсы болған халықтың коэффициенті 5,80% көрсетті. Проценттерге қарасақ, елдің билікке сенімі аз екенін көруге болады. Себебі бұрын 90% жеңіске жететін етеді. Шыны керек, 18 миллион халқы бар елдің 90-98 процен­тінің  ойы  бір  жерден  шығуы  жалған  екені  соқырға  да  белгілі.

«Жаңа Қазақстан» президенті ресми нәтиже шықпастан, алдын ала нәтижелерге сүйеніп, елдің сеніміне сызат түспес үшін ел қамын ойлауға бірден кірісті. Ал, қарсыластары Қ.Тоқаевты әділ жеңісімен құттықтады. Тіпті Жигули Дайрабаев ауыл мәселесінің маңыздылығын алдағы уақытта да көтеріп, сол жолда еңбек ететінін мәлімдеді. Сондай-ақ, келесі  сайлау  науқанына  дайындалатынын  жеткізді.

– Бұл науқан біздің тарихымызда қалатыны сөзсіз. Exit-poll-дың алдын ала нәтижесі шықты. Әрине, ресми қорытындыны күтеміз. Дегенмен қазірдің өзінде халқымыз маған Президент ретінде және баршаңызға үлкен сенім артты деп айтуға болады. Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сондықтан  халықтың сенімін бәріміз ақтауымыз керек. Бүгін, міне, 21 қарашадан бастап бәріміз жұмысқа кірісуіміз қажет, – деді  Қасым-Жомарт  Тоқаев.

ТҮЙІН. Сайлау жайында бірін қалдырмай, бәрін айттық. 2019 жылғы сайлау интрига мен дау-жанжалға толы болды. Ал, бұл сайлауға көріпкелдік қасиеттің аса бір қажеті жоқ. Нәтижесі әу бастан белгілі. Тіпті  екінші  орынды  өзінің  харизмасымен кім алатыны да анық көрінді. Дей тұрғанымен, сайлауды өткізудің қажеттілігі туындады. Ел тарихындағы 6-ншы сайлау өзінің демократиялығымен танылса, бұл сайлауда ел мен билік бір кемеде екенін дәлелдеді. Алдағы 7 жыл көлемінде екі шылбыр, бір тізгін – Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолында. Билік байыпты әңгімеге құлақ түріп, өткір мәселенің шешімі шығып, еліміз жаңа бетбұрыстарға көшсе, сол кезде Тоқаевқа дауыс берген 80 процент халықтың сенімі ақталар еді. «Асатпай жатып құлдық» дейтін ел емеспіз. Ел елдігін танытты, енді кезек – Ерінде!

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: