Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық билік Қазыбек бидің сөзін теріске шығарды

08.04.2021, 11:30 979

Бұқар жыраудың қартайған кезінде көңілін сұрамақ болып Қаз дауысты Қазыбек би келеді.

Төсекте жатқан Бұқар жырау:

– Бірден онға дейін санның мағынасын маған ешкім айтып бере алмады, Қазыбек, сен айтып берші, – деген екен.

Сондағы Қазыбек бидің жауабын көбіміз уақытында оқыдық, миға тоқыдық. Онға дейінгі сандарды өсу ретімен санағанда «Сегіз дегенің – серкесіз бастаған қой жаман» деп келетін қатары бар-ды. Қазіргі күні мұның маңызы өзгеруі мүмкін ғой. Құндылықтар да құл­ды­райды дегендей.  Олай деуімізге себеп, бүгінде басшылық қызметте жүрген қыз-келіншектердің қатары жағынан Қызылорда өзгелерден көш ілге­рі тұр. Осыдан тура бір жылдан аса уақытта Қызылорда облы­сының әкімі болып Гүлшара Әбдіқалықова тағайындалды. Сол кезде-ақ, Сыр елі халқы «серкесіз бастаған» деп келетін санамаққа сенбейтінін сез­діргендей. Иә, мүмкін келісерсіз, мүмкін керісінше. Десе де, «қазақ отбасыла­рында жасырын матриархат бар» дегенді психологтер бірнеше жыл  бұрын  айтқан-ды.

Айтпақшы, Гүлшара Наушақызы Қазақстандағы облыс басқарған тұңғыш әйел әкім болып тарих қойнауына еніп кетті. Уақытында мұны «ең  көнбіс  халқы  бар аймаққа жасалып жатқан тәжірибе» дегендер болды. Осы күні Сыр өңіріндегі басшылық құрамдағы әйелдер саны күрт артқанын  байқауға  болады. Біз де әлеуметтік желіде жазылған кейбір деректерді толықтыра түсіп, басшы қыз-келіншектердің санын саусақ­пен  кезек-кезек  санамалап  көрдік.

1. Гүлшара Әбдіқалықова – Қызылорда облысының әкімі;

2. Балжан Шәменова – Қызылорда облысы әкімінің орынбасары;

3. Ләйлә Төрешова – «Nur Otan» партиясы ҚОФ төрайымының бірінші орынбасары;

4. Мира Қазбекова – облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы;

5. Гауһар Қалмақова – облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеумет­тік бағдарламалар басқармасының басшысы;

6. Мира Әбуова – облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама бас­қармасының басшысы;

7. Ақзира Қасымова – облыстық білім басқармасының басшысы;

8. Елена Шаврова – облыстық қаржы басқармасының басшысы;

9. Юлия Термасова – облыстық цифрлық технологиялар басқарма­сының басшысы;

10. Динара Жаңабергенова – Қызылорда облысының санитариялық-эпидем­иологиялық бақылау департаментінің басшысы.

Негізі бұл қатарды әлі де толықтыра беру­ге  болады. Тізімге облыстағы оқу орындарының, орталықтардың, мекемелердің, департаменттердің, т.б. басшыларын қоспадық. Басшылық құрамның басым бөлігі қыз-келіншектерден тұратын емханалар мен мектептерді тізімге мүлдем жолатпау керектігін түсіндік. Өйткені, ол кезде ұзын-сонар кезек түзілер еді. Сөз басында айтылғандай, қазіргі күні «әйелден дұрыс басшы шық­пайды» деген түсінік ескіргендей. Өйткені, бүгінгінің бесаспап нәзікжандылары қай істі болмасын, жоғары деңгейде атқарып, жүйелі жұмыс жүргізе алатынын дәлелдеп жүр. Ал, әлемде мұндай мысалдардың мүлде көп екенін көпшілік жақсы біледі. Тіпті, ел басқарып отырған әйел президенттер де бар.  «Әйел  адам  қоғамдағы  әлеуметтік  шиеле­ністі тез шеше алады, конфликтіге жол бермей­ді» дейтіндер де кездеседі.

Бұған дейін Қазақстандағы басшылық қызметтегі әйелдердің үлес салмағы туралы айтылып, «Олардың саны неге аз?» деген тақырып көтерілген еді. Сонда «облыс басқаруға  қауқары  бола  тұра, бірнеше әйелдің  қолына  билік  тимей отыр» деген сарында сөз болды. Шыны керек, қазір бұл пікір туралы қоғамның ойы сан-саққа кетіп, түрлі-түрлі  тұжырымдар жасауға әкеліп соғады. Кейбірі «Қазақстан дамыған ел екенін көрсету үшін ғана әйелдерге әлсін-әлсін билік беріп қояды» десе, енді біреулері матриар­хаттың мүмкіндігі мол екенін ескерте келе, «кім болса да, іскер басшы саналса, тасы өрге домаламайтын жұмыс жоқ» деп сендіреді. Рас, мұндай жүйеге үзілді-кесілді қарсы топтар да бар. Олардың ойы: «әйелдің міндеті – бала тауып, оның тәрбиесімен айналысу және қазан-ошақтың түтінін түзу ұшыру» дегенге саяды. Кейбір қоғам белсенділері билікке кім келсе де, түпкі басқару жүйесі өзгермесе, бәрі далбаса деген пікірде.

Біз байтал шауып бәйге алатын заманда өмір сүріп жатырмыз. Қазір ештеңеге таң­ғалуға  болмайды.

…Әйел ерге теңеледі,

Көл теңізге теңеледі, – деген еді Мөңке би заманында.

Иә, айтқаны айдай келді. Бірақ, біздің қоғам «қыз-келіншектер басшылық қыз­метті дұрыс атқара алмайды» деген стерео­типтен  әлі арыла қойған жоқ. Олай ойлауы­на, қабылдай қоюына да біраз уақыт кететін секілді. Десе де, дәлелдеу деген бар. Осы арқылы көптің ойы біртіндеп болса да өз­геруі мүмкін. Ал, әзірге қызылордалық биліктің Қазыбек бидің сөзін теріске шығарғанын айта кетуіміз керек. Бір жақсысы біздерде бәрі жақсы, Бір жаманын айтуға ойланасың. Солай…

Ш.ШАТҚАЛ

коллаж

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: