Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«КӨЗСІЗДІК пен СОҚЫР КЕУДЕ» немесе «Полярлық қасқырлар» колониясындағы Навальныйдың қазасы

22.02.2024, 11:40 576

Өткен аптаның сенбі, жексенбі күндері Ресейдің 37 қаласында ресейлік оппозиция жетекшісі, соңғы кезде полярлық шеңберден тыс, қыс қырауында қараңғылыққа бөленген, 20 жылдан жоғары жазаға кесілген аса ауыр қылмыскерлер отыратын, «Полярлық қасқырлар» деген қаһарлы атқа ие ЯНАО (Ямал Ненец Автономиялық Округі) колониясына жеткізілген Алексей Навальныйдың 16 ақпан күні, тапа тал түсте белгісіз жағдайда қайтыс болуына байланысты толқулар өтті. «Навальныйды еске алу» ұранымен «жалпыхалықтық саяси репрессия құрбандары ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою» іс-шаралары кезінде  400-ден аса адам ұсталып, жазаға  тартылды.

Навальныйдың өлімі туралы хабарды 16 ақ­панда «Полярлық қасқырлар» колониясы басшылығы таратты. Ол кезде президент Путин Челябинск қаласында, танк шығаратын зауыт жұмысшыларымен кездесу өткізіп жатыр еді. Сондықтан, журналистер алғашқы сұрақты оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песковқа қойды. Ол «Навальныйдың өлімі туралы президент хабарланды. Ол оның себептерін әлі білмейді» деп, құрғақ жауап қатты. Бірақ камераға артқы сахнада жайбарақат, көңілді әңгіме айтып отырған президент бейнесі түсіп қалыпты. Сондықтан, шетелдегі ресейлік оппозиция «Кремль Навальныйдың өлімін қатардағы оқиғаның бірі ғана деп қабылдады» деп, бұл көріністі  айыптай  бастады.

РЕСЕЙЛІК  ОППОЗИЦИЯ  СЕРКЕСІ  АЛЕКСЕЙ  НАВАЛЬНЫЙ  КІМ  ЕДІ?

Алексей Анатолийұлы Навальный  1976 жылы Москва облысы, Одинцово ауданы, Бутынь елді мекенінде әскери отбасында өмірге келген. Бала кезінен отбасымен бірге әртүрлі әскери гарнизонда тұрған. 1997 жылы Москва­да бұрынғы Патрис Ломумба атындағы Халықтар Достығы университетін бітіріп, «заңгер» мамандығы бойынша диплом алады. 2001 жылы жұмыс істей жүріп, РФ Үкіметі жанын­дағы Финанс Академиясын бітіріп, «экономист»  мамандығын  алады.

Ол саяси оппозицияға 2000 жылы Ресейдің демократиялық «Яблоко» партиясына енуден бастайды. 2002 жылы осы партияның Москва аймағы кеңесі мүшесі, одан әрі осы партияның Думаға сайлау комиссиясы жетекшісі болып  сайланады. 2005 жылы осы партия атынан Моск­ва қалалық Думасына кандидат болып тіркеледі. Алайда, 2007 жылы партия төрағасы Г.Явлинскийді сынға алғаны үшін партия қатары­нан  шығарылады.

А.Навальныйдың одан кейінгі оппозиция­лық  қызметі  орыс  ұлтшылдығымен тығыз байланыста өтеді. Ол 2007 жылы «Народ» ұлттық демокртиялық партиясының құрылтайшысы, С.Гуляев және З.Прилепинмен бірге тең төраға болды. Сол кездері А.Навальный көптеген орыс ұлтшылымен қоян-қолтық араласты. Олар тыйым салынған ұлттық большевиктер партиясы өкілі Андрей Дмитриев, «Лимонка» бас редакторы Алексей Волынин, ұлтшылдар П.Святенков, И.Романьков, Е.Павленко  болатын.

Навальный сол кезде өзіне «ұлтшыл» деген баға беріп, өзін «ұлтшыл демократпын» деп жариялайды. Сөйтіп «ұлтшылдар маршына» тұрақты қатысады. Себебі, 2008 жылы ол «Орыс халқының 60%-дан астамы – ұлтшылдар, бірақ олар саяси біріге алмай жатыр, олар келесі сайлау­ларда жеңіске жетеді» деген пікірде болды. Алайда, Ресей ОМОН-ы оларға қатысты қатаң тәсілдер қолдана бастады. «Русс­кий марш» саяси фактор ретінде ықпалын  азайтты. Мүмкін содан болар, Навальный 2013 жылы «Русский маршқа» қатысудан бас тартады…

Бірақ, онда өткізген көп жылы бекер өтпеген сыңайлы. Өйткені, Ресейдің саяси ойын өрнегі де осы бағытқа өзгере бастап, ол «Орыс әлемі» деген жаңа атпен және ресми түрде жалғасын тапты. Сөйтіп, осы саясатқа сүйене отырып, Ресей 2016 жылы Украинаның халықа­ралық мойындалған бөлігі Қырым түбе­гін аннек­циялағанда, Навальный журналистердің ол туралы сұрағына «Бір пирогты екі рет жемейді. Қырымда қайтадан референдуум өткізу керек» деп жауап қайтарып, өзі де Ресей­дің империя­лық саясатына астыртын қолдау білдіретінін байқатты. Сондықтан Навальныйдың беделі КСРО құрамындағы бұрынғы республикаларда  төмендеді  деуге  болады.

Бірақ, Навальныйды соншалықты ұлтшыл деуге болмайды дейді кейбір оппозиция өкілдері. Мәселен, белгілі орыс оппозиционері, әлеуметтанушы И.Яковенко өзінің ютуб каналында «Навальный да барлық саясаткерр сияқты бұқара халықты соңынан ерту мақсатын қойды. Әуелі ол ұлтшылдық сипатта болды. Бірақ, кейін оның көзқарасы мем­лекеттік бағытқа ауыса бастады. Ол, сөйтіп, Ресей билігіндегі коррупцияны сынға алды. Ал, соңғы уақыттарда оның мемлекеттікке қатысты көзқарастары өзгере бастады. Ол бірнеше рет Ресей – Украина соғысына қарсы «Украинаның 1991 жылғы шекарасын қалпына келтіріп, соғысты тоқтату керек» деген мәлімдемелер жасады. Сондықтан, оның күрескерлік қыз­метін әділ бағалау үшін, оның ұстанымына эволюциялық тұрғыда қарау керек» деп мәлімдеді. Сірә, мұндағы Яковенконың айтпағы «Навальный империялық мақсатты емес, ең алдымен, Ресей мемлекеттілігін күшейтуді, Ресейде демократиялық мемлекет құруды көздеген саясаткер» деген ой болса керек.

Иә, бір жағынан бұл шындыққа   жақын. Себебі,  А.Навальныйдың  соңғы  жылдары  Ресей билігіндегі коррупцияны әшекере­леуі де осының  айғағы  десек болады. Ал, өзі түрмеге түскеннен кейінгі жасаған мәлімдемелерінің барлығы дерлік «Ресейді демократиялық мемлекет­ке айналдыру» тақырыбын көтергенін  көпшілік  жақсы  біледі  деп  ойлаймыз.

А.НАВАЛЬНЫЙДЫ  «ҰЛТТЫҚ  ГЕРОЙҒА»  АЙНАЛДЫРУ  ҚАЛАЙ  ЖҮЗЕГЕ  АСТЫ?

А.Навальный 2013 жылы «Мен болашақта Ресей президенті боламын» деп ашық мәлімде­ді. Бұл, әрине, сол кездегі «Медведев-Путин» тандеміне қарсы айтылған батыл пікір бола­тын. Міне, сол кезден бастап оның «саяси статусы» өзгереді. Енді ол «билікті сынаушы оппоненттен» «билікке таласушы оппонентке» айналады. Халық та оның бойынан «Мемлекет басқару­шы тұлғаға сай қасиеттер» іздей бастайды. А.Навальный өзінің бар әрекетімен осы  талап үрдісінен шығып, өзінің ерекше саяси образын жасай алды. Бұл, шынында да, өте тәжірибелі әрі білгір саясаткердің, соны­мен қатар өз ісіне мығым, сенімді әрі батыл қайраткердің қолынан ғана келетін әрекет. Сондықтан, Ресейде А.Навальныйды қол­даушылар саны күрт көбейді, ол бір ғана ұранмен қала алаңдарына мыңдаған адамды митингіге жинай алатын тұлғаға, астарлы түрде айтсақ, «Ұлттық  геройға» немесе «Аңыз адамға» айна­ла бастады. Оны Ресейдің әр қаласындағы оппо­зиция өкілдері өзіне шақырумен болды…  Мысалы, 2017 жылы Ресейдегі президенттік сайлау  алдында, ол Ресейдің 27 қаласында болып, онда ірі митингілер өткізді. Бұл билікті қатты қорқытты. Сөйтіп, сол жылдың 27 желтоқсанында Ресей ОСК-і оны президенттік сайлауға қатысу эстафетасынан шығарып тас­тады. А.Навальный сайлау штабының «сотқа жүгіну» әрекеттері еш нәтиже берген жоқ.

РЕСЕЙ  БИЛІГІ  НАВАЛЬНЫЙДЫҢ  ХАЛЫҚАРАЛЫҚ  БЕДЕЛІН  ҚАЛАЙ  КӨТЕРДІ?

А.Навальный одан әрі өз күресін жалғас­тыра берді. Бұл «А.Навальныйдың көзін жою» операциясына алып келді. Оны бәріміз бүге-­шігесіне дейін жақсы білеміз, қайталап жатпаймыз. Бірақ, А.Навальныйды 2020 жылы 20 тамызда «новичок» деп аталатын умен улау оның беделін, тіптен, халықаралық деңгейге көтерді десе болады. Оны Германияға апарып, «Шарит» госпиталінде емдеп, аман алып қалды. Оған бірқатар батыс елдері «саяси қуғын көруші» статусын беріп, шетелде қалуына мүмкіндік жасайтыны туралы ұсыныстарын білдіреді. Бірақ, Навальный 2021 жылдың 17 қаңтарына Мәскеуге қайтып оралады. Ол келе сала әуежайда тұтқындалды. «Сотты бола тұрып, сот аймағын тастап кетті» деген баппен, оның үш жарым жылдық шартты жазасын түрмемен алмастырды. Сөйтіп, А.Навальныйдың қайсар күрескерлік жолының соңғы фазасы басталды: 2021 жылдың мамыр айында құқық қорғаушы Amnesty International ұйымы Наваль­ныйға «ар-ождан тұтқыны» (узник совести) статусын берді. Европа парламенті 2021 жылдың қазан айында оған Евроодақтың басты сыйлығы «академик Сахаров атындағы сыйлықты» берді. Ал, 2022 жылы оны Нобель сыйлығы номинациясына ұсынады (тірі болғанда оның Нобель сыйлығын алуы әбден мүмкін  еді  деп  ойлаймын).

Иә, кеше ғана Ресейде оппозиция өзінің көшбасшысынан айырылды. Навальный есімі Ресей демократиялық қозғалысының соңғы үміті еді, сол үзілді… Ол өмірден өтті… Алайда, оның өлімі адасып жүрген көп адамның көзін ашып жатыр…  Жалпы, «көзсіздік пен соқыр кеуде» барлық тиранияға тән қасиет пе деп ойлаймын. Тарих әлемдегі ең қатерлі апат «тирандардың жанының шығуы және олар құрған керегенің қирауы» екенін үнемі дәлелдеп келді… Әлі де дәлелдей беретін түрі бар!..

Әбдірашит  БӘКІРҰЛЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: