Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауған билігі толықтай «Талибанның» қолына өтті

19.08.2021, 11:30 534

Жемқорлық, ашкөздік һәм білімсіздік ауған елінің түбіне жетті. Иә, Ауғанстан билігі толықтай ауысып жатыр. Жаһанда жұдырығы жуан мемлекеттердің көзқұртына айналған тау халқынан тағы маза қашты. 20 жылға созылған соғыста «Талибан» ұйымы жеңіске жетіп, билікті өз қолына алды. Ел президенті Ашраф Ғани ақша толған көлікпен шетелге қашып кетті. Қазір Кабулды толықтай хаос пен үрей басып тұр. Жергілікті тұрғындар әуежайды күзетуде. Кез келген мүмкіндікке жармасып, елден кеткісі келеді. Сарапшылардың пікірінше, тәлібтердің билікке келуі Орта Азияға әсер етпей қоймайды. Көршілес Өзбекстан еліне рұқсатсыз 22 ұшақ, 24 тікұшақ һәм 500-ден аса ауған әскері кіріп кеткен. Ташкент  алаңдаулы.  Қазақстан  билігі  де  өзгелердің  қадамын  бағамдап  отыр.  Өз кезегінде талибандар адам құқықтарын қорғап, әйелдердің білім алуына рұқсат беретін «зайырлы» мемлекет атанамыз деп уәде берген. Осы тұрғыда «тәлібтер уәдесінде тұра ала ма, Кабулда не болып жатыр және бұл оқиға бізге қалай әсер етпек?» деген сұрақтарға  жауап  іздедік.

КАБУЛ  ҚАЛАЙ  БЕРІЛДІ?

Алты Алашқа аян, өткен жылдың көктемінде АҚШ пен Талибан арасында үлкен келіссөздер жүргізілді. Онда тәлібтер адам құқықтарын құрметтейтінін, ба­қылауға алған жерлерге сырттан содыр кіргізбейтінін айтқан еді. Тиісінше, АҚШ өз әскерін ауған жерінен алып кететін болды. Ауғанстандағы қырғын дәл осы кезден басталды. Оның үстіне Байден байыбына бармай, таққа отыр­ғалы Ауғанстандағы әскерлердің қайтуын жылдамдатумен болды. Бұл Талибандарға майдай жақты десек қателеспейміз. Себебі, осыдан бастап тәлібтер ауған жеріндегі жорығын үдетті. Үлкен қалаларды бірінен соң бірін жылдам басып, бүкіл әлемді алаңдатып қойды. Саяси сарапшылар Талибан ұйымын Ауғанстан астанасы Кабулге қыркүйек-қазан айларында жетеді деп болжаған. Алайда тәлібтер тамыздың  ортасында-ақ, бас қаланы басып  алды.

14 тамызда Ауғанстан прези­денті халқына үндеу арнады. Көп­шілік ол елден кетеді деп ойлаған еді, алайда Ғани тәлібтермен соңына дейін соғысатынын мәлімдеді. Ауған халқы атақты генерал, соңғы маршалл Дустумға қатты сенім артып еді. Мазари-Шариф қаласында әмірін жүргізіп отыр­ған Дустум тәлібтерді күтіп алып, тас-талқанын шығарам деп уәде еткен болатын. Алайда билік әскері мен Дустум жасақтары сол күні-ақ ойсырай жеңіліп, кейін қарай шегінді. Әскерінің көп бөлігі Өзбекстаннан пана сұрады. Қалғаны экстремистік ұйымның құрбанына айналды. Араға бір күн салып, тәлібтер ел астанасы Кабулға жетті. Олардан мұндай жылдамдықты ешкім күтпегені анық. Қаланың шеткі үш ауданына туларын тігіп, биліктен ұрыссыз берілуін сұрады. Сол мақсатта арнайы үндеу де жариялады. Үндеуге сәйкес барлық әскерилерге кешірім беріледі, ал елден кеткісі келетіндер болса, оларды ұстамайды. Алайда «болашақтың кірпішін бірге қалайық» деп халқынан ешқайда кетпеуді де сұрап қойды. Талибандықтар үшін Кабулды ұрыссыз алудың маңызы жоғары болатын. Себебі, Кабул қаласының ішінде АҚШ-тың 2,5 мыңға жуық әскері болды. Бірақ, Ашраф Ғани көпке созбай, бірден берілді. Билікті ресми түрде тәлібтерге беретінін мәлімдеп, өзі басқа елге ұшып кетті. «РИА»-ның мәліметінше, ол өзімен бірге ақша толған 4 көлікті алып кеткісі келген. Десе де, ұшаққа 3 ғана көлік сыйып, ақшаның бір бөлігін тастап кетуге мәжбүр болған екен.

– Бүгін мен қиын таңдау жасадым. Ол сарайға басып кіруге ұмтылған қарулы тәлібтермен бетпе-бет кездесу немесе соңғы 20 жылымды қорғауға арнаған тамаша елімді тастап кету. Егер Ауғанстанды тастап кетпесем, тәлібтер  Кабулға шабуыл жасар еді. Бұл бейбіт тұрғындардың қаны төгілуіне әкеліп соғар еді, – деп ақталды Ашраф Ғани өзінің Facebook-тегі парақшасында.

«Аl-Jazeera» телеарнасының хабар­лауынша, Ашраф Ғани мінген ұшақ Тәжікстанға бет алған. Онымен бірге ұшақта Ғанидің әйе­лі, кеңесшісі және кеңсе дирек­торы бар. Ары қарай Ғани Ташкентке  бет  алмақ. Ал елдің вице-президенті Амрулла Салех елде қалғанын мәлімдеді. Twitter-дегі парақшасында ол ешқашан «Талибан» содырларының алдында бас имейтінін  жазды.

ҚАРА  ХАЛЫҚ  ҚАРА  БАСТЫ

Осылайша, Кабулдың бір күн ішінде астан-кестеңі шықты. Қала тұрғындары бет ауған жаққа қашуда. Қаладағы АҚШ әскерлері әлі толық кеткен жоқ. Олар өздеріне көмектескен һәм өз азаматтарын еліне алып кетпекші. Басқа да тұрғындар солармен ілесіп, талибандардың табанында қалмасақ деп армандайды. Ілмектің ілгегінде қоғам белсенділері мен журналис­тер және құқық қорғау қызметкерлері тұр. Тәлібтер басып алған басқа қалаларда ұйымға қарсы шыққандарды өлім жазасына кесуде деген ақпарат та кеңінен тарап кетті. Халықтың есі шығып, әуежай алдына жиналуы да – осыдан. Халық ұшақтың ішінде тұрып тұрса да, әйтеуір елден кетуді қалайды. Тәлібтердің қудалауында қалуға қорқады. Қазірдің өзінде биліктің қол астында жұмыс істеген бірнеше журналист жоғалып кеткен. Жалпы, Ауғанстаннан кетуді қалайтын 80 мың адам бар екен. Олар АҚШ-қа өтініш жазған. Десе де,  АҚШ  80 мың адамның барлығын алып кете алмайды. Өздерінің тізімінде жоқ адамды иығынан итеруде. Еуропада үш мемлекет ауған босқындарын қабылдауға келісті. Өз кезегінде тәлібтер Кабулге қосымша әскер кіргізіп, қалада тәртіпсіздік жасады деген айыппен үш тұрғынды атып тастаған. Бастапқы әрекеттеріне қарап, берген уәделерін ұзақ орындамайды деген баға беруге  болады.

Бейресми ақпараттарға сенсек, Кабул әуежайында нағыз трагедияға толы оқиғалар болып жатыр. Ұшақтарға сыймай қалғандар жанұшыра ұшақтарға жабысып алған деседі. Қанатқа жабысқан адамдар аспанға көтерілген сәтте жылдамдыққа шыдамай жоғарыдан төменге құлауда. Бұны растайтын бейнежазбалар да бар. Басқа тұрғындар әуежайдың қоршауын бұзып кіруде. АҚШ сарбаздары оқ атып, 5 адам қаза тапқаны нақ­тыланды. Өзге елге шенеуніктерден кейін әуежай қызметкерлері қашқан көрінеді. Сол үшін де әуе­жайда қызметкерлер жоқтың қасы. Босқындар мәселесіне әлем алаңдаулы…

РУЛЫ  ЕЛ  ҚАН  ЖҰТЫП  ЖАТҚАНДА, СЕН   МАЙ   ЖҰТПА»

Апта басында Өзбекстан шека­расын   500-ден  аса  ауған  әскері   бұзып кірген. 22 ұшақ пен 24 тікұшақ әуе жолын рұқсатсыз кесіп өтіп, өзбек әскерлеріне бірден берілген. Елден қашқан ауған әскерлері Өзбекстаннан пана іздеп отыр. Ол аз десеңіз, Термез аймағы­нда өзен арқылы 300-ге жуық сарбаз шекарадан  заңсыз өтіп кеткен. Жалпы, Ташкент бұған қатыс­ты әлі шешім шығарған жоқ. Не де болса, бауырлас ел бітімге келіп, дұрыс таңдау жасайды деген ниеттеміз. Бейресми ақпараттарға сенсек, Түркіменстан талай жылдар бойы тәлібтерге салық төлеп келген. Осы арқылы ұйым Ашхабадқа шабуыл жасамай отырған. Бұл ақпарат расталса, Талибанның көршілеріне деген агрессивті көзқарасы  анық  көрінетін  болады.

Сарапшылар Ауғанстан билігінің тез құлауына Ақ үй басшысы Джо Байденді кінәлап отыр. Ол әсіресе, америкалық сарбаздарды әкетуге келіскеннен кейін елшілік қызметкерлері мен АҚШ азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмағаны үшін сынның астында қалды. БҰҰ басшысы адам құқықтарының өрескел бұзылуы мүмкін екені туралы ескертеді. Бас хатшы Антониу Гутерриш Ауғанстандағы жағдайға түсініктеме беріп, «адам құқықтарының өрескел бұзылуына» байланысты жүздеген мың адамның қашып жатқанын мәлімдеді. Өз кезегінде тәлібтер бұрынғы ауған шенеуніктеріне толықтай амнистия жариялағанын айтты. Елге қайта оралып, жұмыстарына кірісе беруге болатынын  мәлімдеді.

Ауғанстанда болған оқиға бізге тікелей әсер етпейді. Десе де, бұл бейжай отыру керек деген сөз емес. Ел арасында алыпқашпа әңгімелердің алғашқы толқыны басталып та кетті. Осыған дейін WhatsApp мессенджерінде «Қазақстанға Ау­ғанстанның мыңдаған азаматы келе­ді» деген қауесет желдей ескен еді. Ол ақпарат бойынша, алғашқы 500 адам ұшақпен Шымкент әуе­жайына қонған, алдағы күндері тағы 1500 адам  келеді-міс. Иә, ойландыратын  дүние. Десе де, бұл – жалған ақпарат. Дәлірек айт­сақ,  ҚР Президентінің баспасөз хатшысы өзінің «Facebook» парақшасында ауған босқындарының мәселесі әлі де талқыланып жатқанын  жеткізді.

– Президент Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдаған жоқ. Бұған қатысты тараған ақ­парат  негізсіз. Дүниежүзілік ұйым басшылығы ресми өтініш білдірген жағдайда БҰҰ қызметкерлеріне ғана көмек көрсетілетін болады, – деді президент  Тоқаевтың баспа­сөз  хатшысы Берік  Уәли.

Бұған қоса Қазақстан армиясы күшейтілген режимге көшті. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі мәлімдеді.

– Қорғаныс министрі өңірдегі жағдайды қадағалау және талдау, күштер мен құралдардың тәуліктік кезекшілігін ұйымдастыру бойынша міндеттер қойды. Жоғары қыра­ғылықты қамтамасыз ету мақсатында әскери қызметшілердің кезекшілік атқаруы бойынша жүктемені бірдей бөлу қажеттілігі атап өтілді, – делінген министрлік хабарламасында.

Қарулы күштердің қырағылы­ғын күшейту үшін көптеген тап­сырмалар беріліп, қазір жұмыстар атқарылып жатыр. Ауғанстандағы оқиға бойынша тағы бір өзекті мәселе бар. Соғыс ошағында бейресми деректер бойынша мыңдаған этникалық қазақ бар екен. Олардың барлығы – КСРО кезеңіндегі қудалау мен ашаршылықтан мәжбүрлі түрде ауып кеткендердің ұрпақтары. Қандастарымызды елге қайтарып алу керек. Осы уақытқа дейін 1700-дей қазақ ауған жерінен туған еліне оралған екен. Не де болса, билік жылдам әрі нақты қимыл­ға көшкені жөн. Толықтай орнап болған соң, тәліб үкіметі тағы қандай үкім шығаратыны белгі­сіз.

Жалпы тәлібтердің билікке келуі бойынша көптеген сұрақтар туындайды. Олардың елді жылдам жаулап алуы, провинциялардың басым бөлігі соғыссыз берілуі, 300 мың сарбаздың табанды қарсылық көрсетпеуі мен АҚШ әскерінің елден кетуі және т.б. Кей саясат­танушылардың пікірінше, тәлібтер жергілікті тұрғындардың қолдауы арқасында жеңіске жетті. Бұл ауған халқының АҚШ-тың қол астынан шығуы үшін жасаған қадамы дейді. Шиеленіске толы оқиға. Қазіргі таңда Ауғанстан халқы аштықтың алдында тұрған көрінеді. Елде азық-түлік қоры жеткіліксіз. Халықаралық ұйымдар осы мәселе бойынша Кабулге көмек жіберудің жолын қарастыруда. Жұртшылық «Әттеңнен ойбайым тыныш екен» дегенге көшпесе болды. Тау халқына қой үстіне бозторғай жұмырт­қалаған  заман  керек.

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: