Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкім сайлаймыз…

14.05.2021, 12:30 370

Түрлі сайлауды көріп жүрміз ғой. Қалай өтетініне де қанықпыз. Сайлаудың әділдігі оны өткізушілердің ар-ожданына байланысты. Алда тағы бір дода келе жатыр. Енді ауыл әкімдерін сайлаймыз. Кезінде әр облыста бір-екі ауылдың әкімдерін сайлап көрген тәжірибеміз бар, бірақ оның қаншалықты шынайы, сайланған әкімнің  халыққа не билікке жақын болғанын  бағамдау  қиын.

Хош, ол өтті, кетті. Құдай қаласа, алдағы жартыжылдықта ауыл халқы өз әкімін тікелей сайлайды. Қазақстандағы аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу мәселе­лері бойынша ел заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін ілес­пе заң жобалары әзірленіп, ол мәжілісте мақұлданған. Бұл реформа – басқаруға қатысты дүние. Ал ол басқару әр ауылдың келбетін ажарландырып, халықтың тұр­мысын түзетуге арналуы тиіс. Осының бәрі жаңа заң жобасында бүге-шігесіне дейін  жазылған.

Жалпы елімізде 6 мыңнан астам елді мекен бар. Ауылдық округ саны – 2300. Оларда шамамен 7 млн адам тұрады. Маман­дардың есебінше, бұл реформа осы 7 млн қазақстандықтың өміріне тікелей немесе жанама түрде өз әсерін тигізбек. Ал, ағымдағы жылдың екінші жарты­жылдығында 800-дің үстінде әкім тікелей дауыс беру арқылы сайланады. Сайлауға саяси партиялар ұсынған кандидаттар мен дауыс беруге құқығы бар сайлаушылардың  жалпы санының кемінде 1 пайызының қолын жинаған өзін-өзі ұсынушылар қатыса  алады. Сондай-ақ, егер үміткер саны бір адамнан аспаса, бұрынғы әкімнің де додаға түсіп бағын сынауына рұқсат. Әкім болып мемлекеттік қызмет туралы заңнамадағы біліктілік талабына сәйкес келе­тін, 25 жасқа толған Қазақстан азаматы сайлана алады. Сайланған әкім атқарған жұмысы жайында халыққа есеп береді.

Сөйтіп, билік әділ сайлауды ауылдан бастағалы отыр. Енді ауыл әкімдері жоғарыдағы басшыларға жалтақтамай, жергілікті тұрғындардан құрылған қоғамдық кеңес­пен кеңесе отырып әрекет етеді. «Құл қожайынның тілінде сөйлейді» демек­ші, тағайындалған әкімнің әуселесін көріп жүрміз ғой. Айтпақшы, жыл сайын белгілі бір мөлшерде қаржы беріледі екен. Оны жаратуға келгенде жол салу, ауызсу немесе газ жүргізу, жаңа нысан тұрғызу сынды таңдау туындайды. Әлгі кеңес осы жерде бір шешім қабылдайды, ал әкім – соны ревизиялық комиссия қарауынан өткізіп, ұйымдастыруға жауапты адам. Мұндағы ой – ауылдағы  белді  кәсіпкер  немесе қандай да бір әулеттің ғана шешімінің орындалуының алдын алу. Игілік тұрғынның бәріне ортақ болуы тиіс. Бұл бүгінгі кейбір ауылда туындап жатқан жер дауы, басқа да мәселелер бойынша түсінбестіктің алдын ала ма? Әліптің артын бағайық…

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: