Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жас келіндер мәһірге не сұрап жүр?

03.11.2022, 10:40 676

Бүгінде қоғам арасында жас келіндердің мешітте сұрайтын мәһір сыйлығы қызу талқыға түсіп жатыр. Қазіргі таңда неке қиғанда сұралатын сыйлықтың құны аспандап, қанағатты ұмытқан кей бұрымдылар жарының ызасын ғана емес, естіген жұрттың сынына ілінуде. Имам алдында құны бір бөлмелі пәтермен тең дүние сұраудан сескенбейтін қыздар осылайша көпке мақтануды, не өз жағдайын жасап алуды көздейтінге ұқсайды. Қымбат көлік, құндыз тон һәм гауһар жүзікті аңсаған арулар таңдаған азаматының жағдайына алаңдамайтын кезге жеттік пе? Жалпы, мәһір деген не, оның маңызы мен жөнін білесіз бе?  

Бүгінгі күні қыздардың басты арманын орындайтын «сиқырлы таяқша» тұрмыс құрып, неке қиғанда сұрайтын «мәһір» екенін аңғарып келеміз. Қазір жас қыздардың талабы мен талғамы да әртүрлі. Олар өзі сүйген жігіттің қалтасы мен шама-шарқына қарамайтын да болған. Осылайша қоғамдағы түрлі оқиғаларға кезігіп, әлеуметтік желіден мәһірге құнды дүние сұраймын деп күйеусіз қалып жатқан аруларды көрудеміз. Бүгінгі күні халық арасында өзекті тақырыпқа айналған мәһір сыйлығының берілу жолы туралы мешіт имамдарынан сұрағанымыз  жөн  болар.

– Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ атаулы әлемдердің раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Мәһір – әйел затының неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы. Келісілген мәһірді бермеу күнә болып саналады. Ол ақшалай немесе заттай беріледі. Оны сұрағанда сипаты мен мөлшерін, түр-түсін анық айтып, сұрау керек. Мәһірді екі жақтың да жағдайына қарап белгілеген  орынды. Мәһірдің ең аз мөлшері 4,25 грамм алтын немесе оның құнына тең болуы тиіс. Ең жоғары мәһір сыйлығының шегі жоқ. Мәһірді жігіт бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала беріп, қалғанын кейін бере алады. Алла тағала: «Үйле­нетін әйелдеріңе мәһірлерін шын көңілден тарту етіңдер…» деп бұйырады. Шариғат бойынша мәһір беру – уәжіп. Бірақ ол некенің шартына кірмейді, яғни мәһір сұралмаса да қиылған неке дұрыс болып саналады, – деді «Ақмешіт-Сырдария»  орта­лық  мешітінің наиб имамы  Мағжан  Қайырғалиұлы.

Сондай-ақ, қазіргі қыздар қалай келін боламын деп емес, жігіттің үйінің табалдырығын аттамастан су жаңа көлік, соңғы үлгідегі телефон, зәулім үй сұрап, некелескен жарын әуелден тығырыққа тіреп жатқанын, некеден кейін  өмірді бірге сүретіндерін ұмытып кететіндей әрекет жасауда. Ал қиын-қыс­тау кезеңде өмір сүрген әжелеріміз мәһірдің не екенін біліп, жолдасы­нан сыйлық сұраған ба екен?

– Біздің уағымызда жоқшылық болғаннан кейін мәһір сұрау деген жоқ еді. Бірақ жігіттің жағдайына қарап сұрап жататындар да болды. Ол кезде ең бағалы деп күміс білезік, сақина ғана сұралатын. Қиын-қыс­тау кезеңді бастан өткергеннен ке­йін мәһір сұрау мұңға айналып, тіпті бағалы зат сұрауға ұялатын едік. Қазірде қыздарға айтарым, жігіт­тің  жағдайына, араларындағы махаб­батқа қарап мәһір сыйлығын айту керек. Көлік, үй секілді қымбат дүниелерді алу үшін қаншама қаражат керек, ал оны пәлен жыл жұмыс істеп ала алмай отырған адамдар да бар. Көлік деген ер адамың­ның астында болса болды емес пе? Сен қайда барам десең де апарып, алып келеді. Негізі екі жас ыстық сезіммен бір-бірін жақсы көріп қосылғаннан кейін үйге де, көлікке де өз күштерімен бірге жету керек. Біз бұрынғы заманнан осы ұғыммен келе жатырмыз, – дейді жетпісті алқымдаған  Маржан  әже.

Ал шариғат бойынша екі жас отбасын құрғаннан соң қалыңдық сыйлықтан бас тартуына да құқылы. Имамдардың айтуынша, ер-азамат дүниеден өтіп кетпей тұрып мәһір сыйлығын мейлінше тез  алып берулері керек дейді. Әйт­песе, сұралған сыйлық бас тартылмай не жолдасы оны алып беріп үлгермей бақилық болып кетіп жатса, ол күйеуінің туысқандарына өтіп, оларға уәжіп болады екен. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз қыздардың ең жақсысы мәһірі аз болғандар деп өсиет қалдырған. Сондықтан бойжеткендерге арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін шешім қабылдау  аса  маңызды.

Жалпы, мәһір сыйлығының жөн-жосығы  бойынша  қыз бен тұл әйелдің мәһірі екі түрлі болады. Ал ажырасқан келіншектер қайта тұрмыс құрып мәһір сұрауға құқылы. Сондай-ақ, ерлі-зайыптылар екеуара мәһір сыйлығының берілетін уақытын нақты белгілесе, сол  келісілген  күні  берілуі  тиіс.

Қазіргі таңда жастар «Мәһір не үшін беріледі? Мәһір беру міндетті ме?» деген сан сауалдардың жауабын нақ білетіні айқын. Олар тіпті әлеуметтік желіде болашақ жары­нан қандай сыйлық алатынын да жасырмайды. Шариғи жол бойынша ерлерінің мәһір беруге міндетті екенін ғана ұғынған бойжеткендер қанағаттың қарын тойғызатынын ұмытқандай. Сондықтан «азды алмаған, көптен құр қалады» деген­дей некелескен жарыңыздың сүйіспеншілігінен айырылып, кіршіксіз көңілін суытып алудан қорқыңыздар!

ТҮЙІН. Жастардың эстетикалық, діни көзқарастарын қалыптастыруда бүгінгі интернет мен бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы өлшеусіз. Мобильді әлемде өмір сүріп, интернет желісі жастардың діни көзқарастарын өзгертіп, олардың  таңдауы  мен талғамына  дес  бермей, сана-сезімдеріне қонымсыз ақпараттарды құйып жатыр. Бірақ, ең басты бағдаршам – ұлттық құндылық, ең негізгі ұстаным рухани ізгілік болса ғана ұтылмаймыз. Сондықтан діни тұрғыда шешім қабылдап, талдау жасағанда мұқият болып, діни, адами құндылығымызды жоғалтпай, жауапкершіліктен жұрдай болмайық! «Өз білмегеніңді кісіден сұра, үлкен жоқ болса, кішіден сұра» демекші, біліп, ойланып әрекет қылайық, білмесек сұрағанның айыбы жоқ!

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: