Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жала

17.08.2020, 16:15 637

HALYQLINE.KZ

Жазғы жайлау отқа тұнып тұр екен. Қалың өскен ажырық пен ебелек аттың шашасын қағады. Өзен бойындағы ыза суды қуалай өскен көк құрақ ерке самалға еркелеген бұраң бел бойжеткендей жеңiл тербеледi.

Жарықтық даланың реңi де кiрiп қалыпты. Әттең, дала төсiнде бұрынғыдай мыңғырған мал көрiнбейдi. Шөбi шүйгiн жайлау төсi қанша жерден көңiлге тоқ болғанымен, малсыз мазасы қашып, бiртүрлi жетiмсiреп қалған сияқты.

Қатарласа тiгiлген қос қараша үйдiң батыс жақ шетiнде он шақты қозы-лақ пен үш-төрт бұзау-танадан басқа мал қарасы көзге шалынбады.

Түске таяу бақташылар ауылына ат басын тiреген Мөрәлi осы бiр көрiнiске де iштей шүкiршiлiк еттi.

Кешегi мыңғырған малдың жұқанасы қалғанына да тәубе. Малды жекешелендiремiз деп аласұрған қомағай құлқындар мал бiткендi бар-жоғы төрт-бес жылда асап қойған. Құлқын деген құрдымға дауа жоқ екен. Ашқарақ ауыздар қоғамның малын жабыла талап тауысқанымен қоймай, ендi жекенiң жан бағып отырған азғантай тұяғына да суық қолын сала бастаған. Кешелi берi Мөрәлiнiң көзден таса қылмай жүрген жетi бас сиыры да қолды болып, бiр күнде қу тақырға отырды да қалды. «Үмiтсiз шайтан» деп iздемеген жерi жоқ, бiрақ таба алмады. Көрдiм, бiлдiм деген де пенде болмады. Екi жерден «ЗИЛ» машинасының iзiн көрiп, көңілiне дүдәмалдау күдiк ұяласа да, iздеуден жалықпады.

Мөрәлi атын қаңтарып байлап жатқанда қасына бес-алты жас шамасындағы қара домалақ келiп ыржия қос қолын ұсынды.

– Ой, Айдармысың, дәу жiгiт бол! – Мөрәлi баланың қолын алды. – Әкең қайда?

– Көкем Думан ағамен бiрге таңертеңнен берi арақ iшiп отыр. – Айдар бiр тартарын тартып алып, ышқырын көтерiп қойды.

– Нешауа, үлкейген соң сен де арақ iшесiң, солай ма?

– Жоқ, iшпеймiн, Құдай сақтасын, – дедi бала.

– Е, неге iшпейсiң, арақ жаман ба?

– Жаман, сiдiк сияқты, мас қылады.

– Немене, iшiп көрдiң бе?

– Көрдiм, ауырып қалдым.

– Е, Айдаржан iшпегенiң жақсы, бұл арақ деген тажал бiзбен кетсiн. Ана әкеңдi ненiң қуанышы екен алып бара жатқан? Бұл қазақ басқаға ақша таппаса да араққа ақша тапқыш…

– Көкем үйге бiр жәшiк арақ әкелген, – дедi бала мақтанғандай, – Ендi соны тауыспай мастығы тарқамайтын шығар.

– Жақсы бопты…

Екеуi үйге қарай беттедi.

– Ассалаумағалейкүм, орта толсын.

– Ау, Мөрәлiмiсiң, қай Құдай айдап келдi? Сәлемшi болсаң төрлет, – дедi қапсағай денелi қыли көз Ерсайын орнынан тәлтiректей түрегелiп. – Мәке, мақтап жүредi екенсiз.

– Ойбай, Ереке-ау, менiң адам жамандағанымды көрдiң бе?

– Өлла-бiлла, көргенiм жоқ.

– Мәке, жоғары шығыңыз.

Мөрәлi бақташы Думанды көрiп:

– Е, Думан серi де осында екен ғой, дұрыс, – дедi.

Қас қағым сәтте «осы екi қу менiң жетi бас сиырымды тескен тау асырып жiберiп, соның ақшасына той тойлап отырған жоқ па» деген ұры иттей сумаңдаған суық ой зың етiп жүгiрiп өте шықты. Санасы сан-саққа жүгiрген Мөрәлi сонда да сыр алдырмады. Думанмен қол алысып, төрге жайғасып жатып шай құйып отырған қатқан қалақтай келiншекке:

– Қалай, үй-iштерiңiз аман ба? – деп басын изедi. – Самаурынның түбiнде ысталған балықтай болып отырған Ерсайынның әйелi Қатша да: «Есенсiз бе?» деп сызылды.

– Бүгiнгi той ненiң құрметi? – дедi Мөрәлi Қатшаға қарап.

– Қайнаға-ау… – Ерсайын Қатшаны бүйiрiнен нұқып жiбердi:

– Әңгiме сенiң не теңiң, одан да ана шайыңды құй. – Қатша бұртиды. Ерсайын қолына ашылған бөтелкенi алды.

– Е, Мәке, қонақ үйiңе келгенiмен тұрмайды, қызыңның жасын сұрайды деген емес пе? Бұл той емес, мына Қатша екеуiмiздiң қосылғанымызға он екi жыл болған екен, соны мөлдекшелеп оңаша атап өтейiк деген ниет қой. – Арақты шай кесеге толтыра құйды.

– Ал, мынаны ештеңе айтпай-ақ бiр тартып қояйықшы. Мәкеңдер бiздiң топқа айында-жылында болмаса көп қосыла бермейдi.

Әрқайсысы бiр-бiр шай кесе арақтан тартып жiберiп, тiске басарға қол салды.

– Бүгiнде өмір сүру де қиындап барады. Қайда барсаң – жоқшылық, бара-бара осы жұрт бiр-бiрiнiң етiн жей ме деп қорқамын. – Табаққа қол созған Ерсайын ыңыранды.

– Айтпа, анау жоғарыдағыларға менiң де өкпем қара қазандай, – деп әңгiмеге Думан араласты. – Қандай мемлекет едiк, талады, тонады, iштi-жедi, ақыры тоз-тозын шығарып тынды.

– Е, Дәке, ертедегiдей елдi жоқшылыққа ұрындырғандарды Құдай да, адам да кешiрмейдi. кiнәлiлер оның зауалын тартпай қоймас.

– Мәкең дұрыс айтады, ендiгi сөздi осы қонағымызға берсек деймiн. – Ерсайын кеселердi қайтадан толтыруға кiрiстi. – Мәке, шай алып отырыңыз, асықпай сыбағалы малыңызды жеп аттанасыз.

– Ереке, ықыласыңа рақмет. Бұйырса сыбағаны кейiн де жей жатармыз. Оған әуре болма. Шаруасы түскiр бастан асып тұр, – дедi ортадағы суып қалған үйме табақ картопқа қасық жүгiрткен Мөрәлi. – Бұйырған дәм осы болады.

– Ал, Мәкеңдi тыңдайық.

– Аталарымыз: көп сөз – көмiр, аз сөз – алтын дептi. Сол айтпақшы, Ереке, мына жұбайың Қатша екеуiң жақтарың түспей жамандық көрмеңдер, үй-iшi, отбастарыңыз аман болсын, тыныш заман болсын, дастарқанға тағам толсын деймiз.

– О, бұл тосқа бiр тамшы қалдырмай алу керек. Қатша сен де тартып жiбер.

Шай кеселер шың-шың етiп бас түйiстiрдi.

Мөрәлiден соң Думан сөйледi.

– Менде де көп сөз жоқ. Құдай осы ауызбiршiлiгiмiздi берсiн, қайда болсақ та аман болайық, аман ердiң аты шығады деген. Амандық-саулық үшiн… 

Кеселер сыңғырлады.

– Дәм-ғайып, дидар-ғайып демекшi, бүгiн Мәкеңмен кездесiп кесе соқтырамыз деген ой үш ұйықтасақ түсiмiзге де кiрмептi, – дедi бiрдеңенi тұспалдағанымен тура айта алмағандай әңгiме шетiн қылқытқан Думан. – Қайтесiз, өмiр ғой, жазмыштан озмыш жоқ деген.

– Әй, Думан, сәл iшсең қызып аласың-ау, көп сөйлейсiң, көп сөзден ши шығатынын ұмытпа. Мына Қатша да бiр тiлек айтамын деп отыр. – Кеселердi қайтадан толтырған Ерсайын қатқан қара келiншектi санынан қағып: – Жақсылап бiр тост көтерткiз, – дедi.

– Мен не айта қоямын, өзiң сөйлей берсейшi, – дедi назданғандай.

– Қатын, болмайды, сөйлейсiң. Бұл кiсiлер күнде келе бермейдi, оның үстiне бiз екеумiз де күнде қосыла бермеймiз ғой, а-ха-ха, – деп лекiлдете күлген Ерсайын ырқ-ырқ етiп әзер басылды. – Бүгiн бұйырса…

– Қойшы-ей, кiсiлерден ұят емес пе?

– Ұят болса, байға тиiп бала тумай, үйiңде отыра бермедiң бе?

– Қойдық, қойдық. – Қатша қысылып қалды. – Сен жеңдiң.

– Бәсе, солай болсын. Ендi тiлегiңдi айт.

– Аяқ астынан мен не дей қояйын, жаңағы тiлектерге қосыламын, нан көп болсын, қарын тоқ болсын, уайым-қайғы жоқ болсын, сол үшiн…

– Мынау бiр керемет сөз болды.

– О, бiздiң қатын көп сөйлемейдi, сөйлесе сөздiң түбiн түсiредi. Ендi қалдырмай алып қояйық.

Кеселер сыңғырлады, бәрi де алып қойды. Мөрәлi екi жағындағы екеу тiс басарға қол салғанда:

– Алла разы болсын, жiгiттер, iшкен-жеген жақсы ғой. Ендi менiң шаруамды да сұрай отырыңдар, – дедi.

– Ой, Мәке, күн бар, түн бар, шаруаның бiр ретi болар, – дедi Ерсайын тағы да бiр бөтелкенi ашып жатып. – Тiрi адамның шаруасы таусылмайды.

– Дұрыс қой, Ереке, сонда да болса айта отырайын. Кешеден берi жетi бас сиырым қолды болып, пышақтың үстiнде жүрмiн. Үштi-күйлi жоғалды. Бiрақ аспанға ұшып немесе жерге кiрiп кетпеген шығар деп ойлаймын. Анау Жамансайдан «ЗИЛ» мәшинесiнiң сiп-сiбежей iзiн көрдiм. Солар тиеп кеткен жоқ па деген күдiгiм бар. Сол мәшине сендердiң көздерiңе түскен жоқ па, бiлейiншi деп келiп отырмын.

– Қазiр не көп, мәшине көп, итiм бiлсiн бе? – деп Думан есiнедi. Шай құйып отырған Қатша Ерсайынның иек қаққанын байқап, лып етiп, сыртқа шығып кеттi.

– Мәке, уайымдама, бұйырса табылып қалар, – дедi екi көзiн Думанға қадаған Ерсайын.

– Ауызыңа май, астыңа тай, айтқаның келсiн! – «Әй, бар бәле осы қулардан келмесе неттi» деп ойлаған Мөрәлi. – Табылса, келесi жуыс менен болады.

– Мiне, идея, әй, Думан, мына Мәкеңнiң жетi бас сиырының аман-есен табылуы үшiн бiр алып қояйық.

– Жетi сиыр үшiн бе? – Думан аңырайды. – Атаңның басы, ұрланған малдың табылғанын қашан көрiп едiң? Әлдеқашан пiштiкәуек болып кеткен шығар.

– Өй, жарымес, не деп оттап отырсың, ұрланғаны несi, аузыңды жауып отыр! – Ерсайын ажырайды.

– Е, табылады деп отырған мен емес, сен, табылса, тауып бер… О несi-ай, маған ежiрейiп…

Ерсайын оның сөзiн елемегендей жаялықтай аузын керiп, кеңк-кеңк күлiп өлең бастады.

– Ауылым қонған Сырымбет саласына-ай… 

– Әй, Дәке, болдыра бастадың-ау деймiн, жүр, одан да қонақтың мазасын алмай бой жазып қайтайық.

– Мәке, сiз шай ала берiңiз. Оу, Қатша, қонаққа қызмет жаса.

Қатқан қара келiншек үйге лып етiп кiрiп, самаурынның түбiне шөге қалды.

Бiр-бiрiн сүйемелдеп тәлтiректеген екеу сыртқа шығып кеттi.

– Қайнаға, шай алып отырыңыз.

Кесе ұсынған қара торы келiншек үнсiз жымиды.

«Қатынбысың деген терiсi сүйегiне iлiнiп отырып, бұл да қылмыңдағысы келедi». Мөрәлiнiң күдiгi күшейдi. «Әй, бұларың сау сиырдың боғы емес, мына ағыл-тегiл арақ та менiң қолды болған сиырымның ақшасына келген дүние болмасын. Әсте, әлiптiң артын бағып, оларды мас қылып, сыр тартпаса болмас».

Кесесiн төңкерiп, дастарқанға бата берiп орнынан тұрды.

– Мен де сыртқа шығып бой жазып қайтпасам болмас. – Қара келiншек те орнынан ұшып түрегелiп, аяқкиiмiн қойып үлгiрдi.

– Рақмет, келiнжан, – деп сыртқа шықты. Аспанның қақ төрiне шығып алған күн жарықтық шақырайып, от болып жанып тұр. «Тал түс екен» дедi, байлаулы атына қарай тәлтiректей жүрген Мөрәлi. «Ойнасақ та бiраз жерге дейiн шапқан екенбiз».

– Әлгiлер қайда кеткен?

– Олар өзен жақта. – Бiр сөмке арағы бар Қатша да төтелей өзенге тартты…

Атын бос жетектеген Мөрәлi өзен жағасына келгенде айнала жыңғыл көмкерген үй орнындай көлеңкеде iшу одан әрi жалғасып жатыр екен.

– Отырыңыз, Мәке, атты қатын жайғайды. Әй, Қатша! – деді Ерсайын.

– Әкелiңiз, қайнаға. – Келiншек лып етiп келiп аттың жүгенiне жармаса кеттi. Бойы босаң тартқан Мөрәлi жүгендi келiншекке ұстатты да, өзi белуардан келетiн көк шөптi жапыра жайғасты.

– Ереке, осы арағы түскiрге ақшаны қайдан табасыңдар? – дедi көкейiне кептелген сауалды iрке алмаған Мөрәлi. – Бүгiнде арақ түгiлi қант-шайға ақша табудың өзi қиындап барады.

– Ой, тәйiрi, Мәке, бiр мал сатсаңыз, бiраз шайқауға жетедi. Сiздiң жоғыңыздың табылуы үшiн бiр алып қояйық.

– Алсақ, алып қояйық, – деген Думан ықылық атты. Қақалып-шашалып бiр-екi ұрттады.

– Қазiр арақ та бiр, су да бiр.

– Су емес, сiдiк. – Ерсайын көзiн ашып-жұмып отырып, кесе толы арақты шiмiрiкпестен бiр-ақ тартты.

– Iшкесiн осылай iшу керек, Мәке, алып жiбер.

«Ту, мынаның тартысын-ай, бұл да бiр, құдық та бiр бiр болды». Ерсайынның арақ орнына су iшiп, өп-өтiрiк көзiн ашып-жұмып отырғанын аңғармаған Мөрәлi де тартып салды.

– Қатын, сен үй жаққа барып ет аса бер.

Ат жетектеп Қатша кеттi. Мөрәлiнiң көзiне мына дүние дөңгеленiп бара жатқан сияқты. Көк шөпке жантайды.

Ерсайын жұтынып:

– Мәке, ендi бiр тосттың ретi келiп тұр. Мына Думанның үйiндегi келiнiңiз жақында босанып қошқардай ұл туды. Ендi екi-үш күнде шығып қалатын шығар. Сол сәбидiң денсаулығы үшiн бiр алып жiберсек болмас па?

– Болады. Ау, Дәке, нәрестеңнiң бауы берiк болсын, өмiр жасы ұзақ болсын.

– Ендеше сол үшiн. – Олар тағы да бiр-бiр тартты. Ерсайын мен Думан бұл жолы да арақ орнына су iштi. Мөрәлi қызайын дедi.

– Жетi сиырды қолды қылған атаңа нәлеттер қолыма түссе, мына қолыммен буындырып өлтiрер едiм.

– Кiмдi? – дедi Думан. – Менi ме?

– Жоқ, сенi қайтем, анау сиыр ұрлаған ұрыларды айтамын.

– Е, оны буындыру үшiн әуелi тауып, қылмысын мойнына қою керек шығар.

– Саспа, бала, ұры алыстан келмейдi.

– Сонда менi меңзеп отырсың ба?

Думан қарсақ көрген аш күзендей шақ-шақ етiп ықылық атты.

– Қой, Думан жетер. – Ерсайынның созған қолын қағып жiбердi.

– Қарай гөр, менi ұры қылғысы келедi, онда мына Ерсайын да ұры шығар. Өй, әкеңнiң…

Қаны басына тепкен Мөрәлi жантайып жатқан орнынан ұшып түрегелдi.

– Мә, саған әкеңнiң… – Мөрәлi жүрелеп отырған Думанның аузынан бiр тептi. Шалқалай құлаған Думан орнынан тұруға мұршасы келмей ызылана жылап жiбердi.

– Тап, әкеңнiң … Осыдан сенi бауыздап өлтiрмесем Думан болмай кетейiн.

– Мә, бауыздаған былай болады. Тәлтiрек қаққан Мөрәлi Думанды тағы да тебе беремiн дегенде аяғы көк шөпке шалынысып шалқасынан құлады. Аузы-басы қан-қан Думан жерде жатқан Мөрәлiнiң бетiне құлаштай соқты. Екеуi шабандау қимылдап жүрелей отырып жаға ұстасқан кезде екi ортаға Ерсайын келiп килiктi.

– Ау, ағайын, менiң отбасымның қуанышын бұзбаңдар.

– Өй, мына Мөрәлi ғой ұрысың деп сандалып, намысқа тиiп…

– Сандалған өзiң, мен саған ұрысың деген жоқпын, ұры алыстан келмейдi дедiм.

– Қойыңдар, ертең ұрыны үшеулеп iздеймiз. Одан да мерлесiңдер. Ертеңгi күнi үш сиыршы бiр-бiрiмен төбелесiптi деген жаман атқа қалмайық. Бас жарылса бөрiк iшiнде, қол сынса жең iшiнде, бәрi де осы жерде қалсын. Қол алысыңдар.

Ерсайын Думанды бүйiрiнен түрттi. Сол жерде екеуiн бәтуаластырып қол алғызды. Тағы да iшу басталды.

– Ұрыларды табу үшiн…

Мөрәлi таза арақ iштi. Ерсайын мен Думан арақ деп құйып қойған судан iштi. Ерсайын тағы да құйды.

– Қатындарымыздың ұл туа беруi үшiн…

Түстегi картопты тамақсынбай арақ аш өзегiне түскен Мөрәлi арақты төгiп-шашып iшiп, бiр түйiр картопты аузына салып шалқалай шайнаңдап жатып қор ете қалды.

– Мәке, тұр! – Ерсайын Мөрәлiнi олай-бұлай қозғап едi, оянбады. Қалталарын қарап едi, бет орамал, тарақ, шаппа, бiр қорап темекi мен сiрiңке, 100 теңге ақша шықты. «Е, жарымаған сорлы, – дедi, мырс етiп, – қой, мына дүниелерiң өзiңе». Шаппаны өзiне алды да, басқа заттарын қалтасына қайта салды.

– Шаруасы тынған екен.

– Ал, ендi сенiмен сөйлесейiн, мазамызды май iшкендей қылдың ғой. Отырған жерiңде қара құрт сияқты езiп тастайын ба?

– Езiп тастап, орныма жуа егейiн деп пе едiң?

– Тiлiңдi кесем,  бiлдiң бе, шегiрткенiң айғыры құсап таяқ жеп тындың.

– Кетшi-ей, сен де адаммын деп жүрсiң бе? – Думан бетiн тыржитты.

– Немене, саған бiрдеңе iстеп қойдым ба? – Ерсайын тақымдады.

– Сен маған не iстемедiң? Айтшы, қатыныма оны-мұны алып берiп, ойнасыңа айналдырдың, бұл – бiр, онымен де қоймай бала туғызып отырсың, бұл – екi, менi ұрлыққа баулып, ұры атандардың, бұл – үш, осы аз ба?

– Қатын, қатын. Қатын керек болса, қазiр Қатшаны қойныңа өз қолыммен саламын, сен де оған бала тапқыз, қатынымды сенен қызғансам ит болайын.

– Қойшы-ей, сенiң қара қатының маған керек едi.

– Өй, сорлы қара қатын деп танауыңды көтерме, сен оның қимылын көр, аузыңнан суың ағып талып түспесең, тiфу бетiңе де.

– Мақұл, қойныма саласың ба?

– Саламын.

– Ендеше әкел қолыңды.

– Мә! – Екеуi қол алысты.

– Ендi жаңағы жетi сиырдан үлесiмдi бер.

– Қанша сұрайсың?

– Жартысын, отыз бес мың…

– Отыз бес мың… Сонда ұрлықты мен ұйымдастырамын, адам табамын, ал сен оны айдап келгенiң үшiн жартысын алмақшысың ба?

– Иә, жартысын!

Ерсайын ауын қағып тылағын шығарып Думанның мұрнына тақады.

– Мынау арақ атаңның басына келдi ме? Бұған он мың теңге кеттi. Қалған алпыс мыңның үштен бiрiн аласың, сонымен көтiңдi қысасың.

– Тартшы-ей. – Думан Ерсайынның қолын қағып жiбердi. – Маған отыз бес мыңды алақаныма санап салмасаң, ертең темiр торда отырасың.

– Немене, мә, саған темiр тор! – Орнынан тәлтiректеп тұра берген Думанды Ерсайын күректей алақанымен құлаштай соқты. Думан ұшып түстi. – Қоясың ба?

– Қоймаймын! – Думан қырылдады.

– Қоймасаң жер жастандырам…

– Көтiңе қара…

– Мә, ендеше! – Қалтасынан Мөрәлiнiң шаппасын шығарып, Думанның жүрек тұсынан бойлата сұғып-сұғып алды. Думан қор ете қалып, екi-үш рет дiрдек қаққандай аяғын серпiп сұлқ түсiп жатып қалды. Көзi қып-қызыл болып, ұясынан шығып кеткен Ерсайын өлiктi сүйреп қорылдап жатқан Мөрәлiмен қатарластыра жатқызды да, қан-қан шаппаның сабын Мөрәлiнiң бет орамалымен сүртiп, шаппасын егесiнiң қолына ұстатып, бет орамалды лақтырып тастай салды.

Үйге ентiгiп кiрген күйеуiн көрген Қатша шошып кеттi.

– Бәтiр-ау, түрiң не боп кеткен?

– Ана жақта Мөрәлi Думанды пышақтап өлтiрдi, өлесi мас, есiн бiлмейдi. Ауылға шап, участковыйды ертiп кел…

– Не дейдi, ойбай, тапа тал түсте өлтiргенi несi?! – Кемсеңдеп жылап жiбердi. Балалар үрпиiсiп қалды. Етегiне сүрiнiп-қабынған Қатша қаңтарулы тұрған Мөрәлiнiң атына қарай жүгiрдi…

Қатты жұлқылаудан әзер оянып көзiн әрең ашқан Мөрәлi үстiнен төнiп тұрған қызыл жағалыны көрiп:

– Не болды? Мен қайда жатырмын? – деп кеберсiген ернiн жалады.– Iшетiн су бар ма?

– Тұр, сен су емес, ендi у iшесiң! – деген әмiрлi дауыс селк еткiздi. Қолына кiсен кигiзiп қойыпты.

– Не үшiн? – дедi ештеңенiң байыбына бара алмай басы қатқан Мөрәлi. – Мен жоқ iздеп жүрген адаммын.

– Жоғың мынау ма? – Милиционер қол созым жерде үстi-басы қан-қан болып сұлық түсiп жатқан Думанды көрсеттi. – Не үшiн өлтiрдiң?

– Өлтiрдiң?.. Құдай сақтасын, мен ешкiмдi де өлтiрген жоқпын.

Мөрәлi аудан орталығындағы тас үйге жатқызылып жауап алынғанда да «мен өлтiрген жоқпын, мас болып ұйықтап қалғанмын» деген сөзiнен танбады. Бiрақ оны тыңдайтын құлақ болмады. Ақталғысы келiп, тергеушiлермен қанша салғыласқанымен олар «Думанды өлтiрген сенсiң» деп мойнына қиып салды.

«Ай, әзәзiл арақ, сенiң iстемейтiнiң жоқ, жүрген жерiң қайғы-қасiрет. Атаңа нәлет қу арақ, ата-бабамыз сенi iшпей-ақ кетiп едi. Бiз болсақ, қарақан басымызды алып жүре алмай бөтелкенiң құлына айналып тас үйде телмiрiп жатқанымыз мынау» деп күнi-түнi гөй-гөй тартып зар илеген Мөрәлi басын тоқпақтады. Қанша ойланса да, Думанның қалай өлгенiне басы жетпедi. Ойдан басы қатты.

«Мүмкiн мен ұйықтап жатқанда Ерсайын Думанды өлтiрiп, жаласын маған жауып отырған шығар» деп те шырылдады.

Бiрақ, тергеушiлер: «Бұлтақтаймын деп ойлама, өлтiрген сенсiң» деп шегеледi. Куәгер Ерсайынның айтуы бойынша Думан екеуiнiң арақ iшiп отырып, керiсiп төбелескенi де басына бәле болып жабысты. Оның үстiне эксперт те бiрыңғай Мөрәлiнi кiнәлады. Пышақ та, ондағы қолтаңба да, Думанның қаны жұққан бет орамал да Мөрәлінікi. Мөрәлi қанша жерден шыр-пыр болып бұлталақтағанымен темiр құрсаудан шыға алмады. Қызыл жағалылар үш күн, үш түн жауап алды, ұрды-соқты, ақыры ерiксiз мойындатты.

Сот Мөрәлiнiң iсiн бiр айдан соң қарады. Екi күнге созылған мәжiлiсте  Мөрәлi тағы да шырылдап, жазықсыз екенiн айтқан. Бiрақ, оған ешкiм де мән бермедi. Қайта «адам өлтiрген азғынды соттау аз» деп айыптады, «оны ату керек» деді. Арақтың ылаңынан шақшадай басы шарадай болған Мөрәлi үкiмдi тағатсыздана күттi. «Бәлкiм, Құдайтағала көз жасымды көрiп қалар» деп үмiттендi.

… – Тұрыңыздар сот келедi! – деген бәкене бойлы қараторы келiншектiң миды шаққан ащы дауысы үлкен залды селк еткiздi. Орындықтар сықырлап, отырғандар орындарынан өре түрегелдi.

Екi милиционердiң ортасында отырған Мөрәлi де орнынан самарқау тұрып бойын тiктедi. Үрген шардай домаланған судья орнына отырмады. Қақшиған күйi бiрден үкiм оқуға кiрiстi.

… – Қазақстан Республикасы қылмысты iстер кодексiнiң…

Мөрәлiнiң құлағы шуылдап кеттi. Басы мең-зең. Өлi мен тiрiнiң арасында құр сүлдерiн сүйретiп тұрған жiгiттiң екi көзiнен мөлт-мөлт аққан жас сопақша бетiн қуалай омырауына тырс-тырс тамды.

Мөрәлi көзiн жұмып, басын шайқады. Көзi бұлдырай қағазға шұқшия оқып отырған судьяны да, қарнын шертейтiп, басын кекшитiп тұрған тергеушiнi де, былжыраған болбыр адвокат қатынды да, өзiне жала жауып, сотқа кiрiптар қылған сиыршы Ерсайынды да оқты көзiмен ата бiр шолып өттi.

… – Мөрәлi Қуатбаев қылмысты деп табылып, он екi жыл мерзiмге бас бостандығынан айыруға, жазасын күшейтiлген режимде өткiзуге ұйғарылсын…

Мөрәлi бойын тоқ ұрғандай селк ете қалды. Не дейдi жазықсыздан-жазықсыз он екi жылды арқалап кеткенiм бе?

– Құдайдан қорықпайтын өңшең имансыздар… Мен ешкiмдi өлтiрген жоқпын. Бұл – жала! – деп қос жұдырығын түйiп айғайлап жiбердi. Екi жағындағы екi милиционер қолын қайырып, иығынан басып тұқыртып отырғызды.

– Бұл – әдiлетсiздiк! Сенiң өзiң де, анау заңың да әдiлетсiз. Әдiлетсiздердi жек көремiн, жек көремiн.

– Тынышталыңыз! – Тығыршықтай судья биiк мiнбеде тұрып оқыранды.

Мөрәлi тынышталмады.

– Жала жауып соттап отырсыңдар, өңшең имансыздар! – деп залды басына көтере ащы айғайға басты.

Судья столды тоқылдатты.

– Қуатбаев, сот мәжiлiсiн сыйламағаныңыз үшiн тағы бiр жыл қосамын, он үш жыл құлып асты отырасыз. Алып кетiңiздер!

Екi милиционер Мөрәлiнi дедектетiп сүйреп ала жөнелдi. Ол залдан шыққанша:

– Жала, жала, жала! Жалақорлар! – деп ашына айқайлап бара жатты.

Сарбұлақ ИБРАШҰЛЫ.

Көрнекі  сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: