Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қамаудағылардың халі қалай?

22.02.2022, 16:00 313

Қазақстанның біраз өңірінде бейбіт шерумен басталып, жаппай тәртіпсіздікке жалғасқан наразылық ел есінде мәңгі сақталады. Әрине, тыныштықтан асқан байлық жоқ екенін шын мәнінде ұғындық. «Ел аман, жұрт тыныш болсын!» деп жайшылықта айтатын тілегімізге екпін беріп сөйлеуге тура келді. Басқа қалаларды айтпай-ақ, Қызылордадағы жағдай туралы сөз етейік. Көпшіліктің ішінде ешқандай басбұзарлыққа бармауды, ештеңені бүлдірмеуді айтқандар да, өзгерісті өртеп, қырып-жойып жасағысы келгендер де болды.

Осы оқиға салдарынан Қызылордада 18 ғимарат өртеніп, бүлінгені ресми хабарланды. Олардың қатарында облыстық, қалалық әкімдік, «Nur Otan» партиясының облыстық және қалалық филиалы, облыстық және қалалық сот, облыстық полиция департаменті, қалалық және жергілікті полиция басқармалары, 6 стационарлық полиция пункті бар. Жаппай тәртіпсіздіктен соң заңбұзған көптеген тұрғын ұсталды.

Облыс бойынша 72 қылмыстық іс (терроризм актісі бойынша – 5, адам өлтіру фактісі бойынша – 2, жаппай тәртіпсіздік фактісі бойынша – 1, қаруларды жымқыру дерегімен – 4, билік өкіліне қатысты күш қолдану бойынша – 4, лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша 2 іс және басқа фактілер бойынша 54 іс) тіркелді.

Бүгінгі күні оқиға орнын қарап-тексеру барысында 100-ден астам бейнежазба, 83 дана қол-саусақ ізі, 73 дана гильза және басқа да заттай дәлелдемелер алынды. Ұсталғандардан 6 дана атыс қаруы мен 63 патрон тәркіленді. Тергеп-тексеру барысында 960 адам, оның ішінде қылмыстық іс шеңберінде 351 адам полиция органдарына жеткізілді. Қылмыстық құқықбұзушылықтарға қатысы бар екендігі бұлтартпас айғақтармен бекітілген 103 адам күдікті ретінде танылды» деген еді брифингте Қызылорда облысы прокурорының бірінші орынбасары Мақсат Қазиев.

         «Қаңтар оқиғасына» байланысты қамауға алынғандар түрмеде азапталып жатыр» деген ақпарат ел арасында айтылып, әлеуметтік желілер мен тәуелсіз БАҚ-тарда да жиі-жиі жазылып жүр. Осыған орай, Қызылорда қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты ЗК-169/1 мемлекеттік мекемесіне Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаттары барып, қамауда жатқандардың жағдайымен танысты.

Әуелі ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары Б.Дүйсенбинов пен Е.Өмірғали, «Ақжол» ҚДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ж.Пірманов, қалалық мәслихат депутаты Ғ.Байсейітов және Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД басшылығы тергеу изоляторының режимдік корпустарын аралады. Одан соң ҚР Парламенті мәжілісі төрағасының орынбасары Б.Кесебаева, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Б.Смағұл, «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Л.Төрешова, Қызылорда облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов және Ұлттық алдын алу тетігінің жетекшісі С.Теңізбаевтар қамаудағылардың жай-күйін білді.

Депутаттар алдымен мекеменің кезекші бөлімінде болып, ондағы тергеу, адвокаттар, кездесу және таксафонмен сөйлесу бөлмелерімен танысты. Бұдан соң ішкі ғимараттағы мекеменің асханасына барып, қамаудағыларға дайындалып жатқан ас мәзірін бақылады. Одан соң мекеменің медицина бөлімінің жабдықталуын көріп, арнайы процедуралық бөлмелерді аралады.

Мекеме бастығы, әділет подполковнигі А.Тасқараев қамаудағы азаматтарға медициналық көмектің тиісті деңгейде жасалып жатқандығын, олардың толық профилактикалық тексерістен өткендігі туралы және тергеу изоляторы қызметін ұйымдастыру мен «Қаңтар оқиғасы» кезінде қамалғандарды тергеп-тексеру тәртібі жайлы ақпарат та берді.

– Анық айта аламын, тергеу изоляторында қорлық көру, олардың құқығын таптау болып отырған жоқ. Біздің тергеу амалдарына араласу ойымызда жоқ, тек аяғын жансақ басқан жастар қылмыскерлер қатарын толықтырмаса екен, әділдік болса екен деген оймен келдік, – дейді мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов.

Мәжіліс депутаттары камераларға кіріп, онда қамауда ұсталу жағдайын көрді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қамауда отырған азаматтардың қылмысын ауырлататын мән-жай болмаса, жазаларын және қамауда ұстау санкцияларын жеңілдету жөнінде сотқа және құқық қорғау органдарына ұсыныс беру үшін келгендігіндіктерін ескертті.

Ал, күдіктілер мен айыпталушылар сұрақтарын қойып, мекемедегі ұстау жағдайларына, оның ішінде азаптауларға қатысты шағымдарының жоқ екендігін айтты. Бұдан соң депутаттар мекеменің жеке құрам қызметкерлерімен жиын өткізді. Төтенше жағдай кезіндегі жеке құрамға ел қауіпсіздігін сақтау жолында уақытпен санаспай қызмет атқарғандары үшін алғысын айтқандар болды.

– Тергеу изоляторындағы қамауда ұсталынып отырған азаматтарды сұрақтары бойынша жеке қабылдадық. Қабылдау барысында тергеу ісі бойынша құқық қорғаушылармен, туыстарымен байланыс орнатуы мекеме басшылығы тарапынан тиісті деңгейде жасалып отырғанын көрдік. Қабылданушылар тарапынан денсаулығына, жеке адвокаттармен кездесуі бойынша шағымдары болған жоқ, – деді ҚР Парламенті мәжілісі төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева.

Жиын соңында, ҚАЖ департаментінің бастығы, әділет подполковнигі Ш.Есенкелдиев іссапармен келген халық қалаулыларына алғысын білдіріп, «Мемлекет алдындағы өз қызметімізді тиісті дәрежеде атқару – біздің абырой мен міндетіміз» деп қорытындылады.

Еске салайық, Қызылордада жаппай тәртіпсіздік салдарынан 147 автокөлік зақымданған еді. Оның 119-ы – мемлекеттік автокөлік. Ал, қала орталығындағы ломбардтан жалпы құны 300 млн теңге болатын алтын бұйымдар және «Ақмерген» аңшы дүкенінен 6 млн 212 мың теңгенің заттары ұрланғаны белгілі болды. Аталған ұрлық қылмыстары бойынша да күдікті 5 тұрғын ұсталып, қамауға алынған болатын.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: