Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Пандемия һәм жемқорлық

17.09.2020, 12:00 1699

Бірде әлеуметтік желіден танымал кәсіпкер Марғұлан Сейсембайдың мынадай пікірін оқыдым: «Үкіметіміз ақпараттандыру мен цифрландырудың дамуына жұмсаған қаражатқа әлемнің ең жоғары технологиялы компанияларының тізімінің жар­тысын құруға болар еді. Америкалықтарда «Тек су қайтқанда ғана кім дамбалсыз жүзгені көрініп қалады» деген жақсы мақал бар. Өкінішке қарай, Білім министрлігі өзінің «Күнделігімен», Денсаулық сақтау­ министрлігі өзінің үлестес «DamuMedімен»,  e-gov электронды үкіметі, цифрландыру деп аталатын көпжылдық бос әңгіме жай ғана ұрлық болып­ отыр. Алайда Беларусь секілді осын­дай­ тапсырыстарды жеке IT компанияларға берсе, Қазақстанның IT секторын толығымен зор қарқынмен аяққа тұрғызуға болар еді. Олар осы жұмысты жүз, тіпті, мың есе арзанырақ жасайтындарына сенімдімін».

Жөн сөз. Шынында да біздің қоғамды құрдымға кетіретін жемқорлық десек қателеспейміз. Биыл наурыздан бері зәремізді ұшырып, күнделікті өмірімізді мүлдем өзгертіп жіберген індет елімізде жемқорлықтың түп-тамыры тереңдеп кеткенін көр­сетті. Түйені түгімен, биені бүгімен жұтқан жалмауыз жемқорлардың саны күн сайын жауыннан кейінгі саңырауқұлақтарша қаптап келеді. Жаңалықтар таспасын қарап отырсаңыз, құзырлы  агенттік  күн сайын бір  жемқорды  ұстайды. Бұл бетімізбен кете берсек, індеттен мың есе қауіпті жегі­құрт  ұлтымыздың  түбіне  жетері  анық.

ЖЕМҚОРЛАР   «ЖҰТҚАН»   191  МЛРД   ТЕҢГЕ

Ерте көктемде елімізді алапат ауру шошытқанда індетпен күресуге мемлекет қазынасынан 191,9 млрд (!) теңге­ бөлінгені мәлім. Одан бөлек, тағы 400 млн АҚШ долларына жуық қаражат жұмсалған. Таңғаларлығы сол, осы қаражаттың 600 млн теңгесі флешмобтарға, бейнероликтер түсіру мен беймәлім PR-науқанға жұмсалыпты. Ал 200 млн теңгенің қайда кеткенін әлі ешкім білмейді. Қайран, желге ұшқан миллиондар мен мил­лиардтар-ай!

Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қызметтің рес­пуб­ликалық арнайы бақылаушылар тобының жетекш­ісі Айгүл Соловьева сарап­шылар тобыны­ң індетке бө­лінген ақшаның қайда жұм­салғанын тергеуге кі­ріскенін мәлім етті. «Менің қо­лымда 600 млн теңгенің жай флешмобтар көрсеткен қандай да бір пиар-науқанға жұмсалғаны тура­лы ақпарат бар. Бұл қара­жатқа науқастарды емдеуге керекті дәрі-дәрмек, медициналық жабдықтарды сатып алуға болатын еді. Солай істегенімізде індетке қатысты ахуал маусым, шілде айларында қатты ушықпас еді» дейді Айгүл Соловьева.

Ол 600 миллионның 200 мил­лионы қайда жұмсалғанын ешкім білмейтінін айтады­. «Біз қазір талдау жасауға кірістік. Егер бұл ақша шынында жұмсалмаған болса… оны да тексереміз. Бірақ, ақшаның қайда кеткенін табу оңайға соқпайды. Өйткені, ол тендер арқылы белгілі бір компанияның шотына аударылды ғой. Демек тендерді ұтып алған сол компанияның ақшасы деген сөз. Алайда біз індетке бөлінген қаражаттың қалай жұмсалғанын толық анықтаймыз» деп түсіндірді мәселенің мәнісін бақыла­ушылар тобының жетекшісі. Желге ұшқан миллиардтарды жұм­саумен  Денсаулық сақтау министр­лігі  айналысты.

КІМГЕ   СЕНЕМІЗ:   ШОЛПАНҚҰЛОВҚА  МА,   ЦОЙҒА  МА?

Індетпен күресуге бөлінген қаражаттың үш түрлі сомасы айтылып, жұртты шатастырғаны рас. Әуелі Қаржы министрінің орынбасары Берік Шолпанқұлов: «Пандемиямен күреске республикалық бюджеттен 191,2 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде бюджетті нақтылау аясында – 125 млрд теңге, Үкімет резервінен 66,9 млрд теңге бөлінді» деді ол. Алайда­ вице-министрдің «Бұл ақша мемлекеттік сатып алудан соңғы тұтынушыға жеткенше бақылауда болады­» дегені өтірік болып шықты!

Көп ұзамай-ақ Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой індетпен күресуге министрлікке 114,8 млрд теңге аударылғанын хабарлады. Сонда кімнің сөзіне сенеміз? Бұл әлгі жаңыл­тпаш айтатын балалардың ойыны­на ұқсап кетті. Соны сезгендей, Берік Шолпанқұлов: «Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайлов ол кезде барлық мемлекеттік органдар бөлген соманы айтты. Ал Алексей Цой өзінің министрлі­гіне қатысты соманы жет­кізді» деп айырмашылығын түсін­дірмекші  болды.

«ФАРМАЦИЯ»-дағы  БЫЛЫҚ-ШЫЛЫҚ

«СК-Фармация» ЖШС 2009 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның жанынан құрылып, 4 жылдан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына өтті. Сол уақыттан бері, 11 жылда 6 төрағасы ауысыпты. Басына­н дау арылмаған компанияның бірнеше басшысы істі болды. Солард­ың бірі – жуырда ұсталған экс-басқарма төрағасы Берік Шәріп. Алайда Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі 10 шілдеде қызметінен босатылған  Б.Шәріпке  қатысты: 14 тамыздан бастап соттың санк­циясымен күдікті қамауға алынды. Кінә­лілігі  туралы  соңғы  шешімді  сот шығара­ды»  деген ғана шолақ ақпарат  таратты.

Індеген індет «СК-Фармацияның» барлық былық-шылығын әшкерелеп берді. Ауру жұқтырған адамдардың саны көбейіп, дәрі­хана­ларда дәрі-дәрмектердің бағасы күрт қымбаттап кеткенде құзырлы құқық қорғаушы мекемелер «СК-Фарма­цияның» қоймаларында нау­қастарға қажетті дәрі-дәрмектердің сөрелерге сыймай тұрғанын анық­тады. Ол ол ма, еліміздің өңірлерін қажетті дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдармен қамтамасыз ететін компания шетелдерден келген гуманита­рлық көмекті қасақана кешіктіріп, таратыпты. Мысалы, мамыр­ айында Катардан әкелінген жүк шілденің басына дейін аймақ­тарға  бөлініп, жіберілмеген.

«СК-Фармацияның»  төңірегіндегі былықтарға бірден назар аудар­ған Мемлекет басшысы Қасым-Жомар­т Тоқаев компанияға сенім­сіздік білдірді. Президент Үкімет мүшелерімен өткізген жиында «клан­дық­ мүдделер  топтастырыл­ған» мекемед­е жұрттың бәрі жұмыс істеуге ұмтылатынын сынға алды. Көп ұзамай, Президенттің тапсыр­масымен Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі компанияны жем­қорлық қылмыстарға қатысты тер­геуді бастады. Берік Шәріптің орнына­ Премьер-Министр Асқар Маминнің келісімімен Ерхат Ысқалиевті  тағайындады.

МӘМС-тегі    ЖАЛҒАН   РЕФОРМА

«СК-Фармациямен» қатар Мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­танды­ру қорының айналасындағы жанжалдың оты да бірге тұтанды. Халықт­ың миллиардтарының ұр­ла­нып, ешкімнің бақылауынсыз қал­ған қордың да басынан дау-дамай кеткен емес. Мәселен, МӘМС-тің бұрынғы басшысы Айбатыр Жұма­ғұловтың әйелі Гүлбаршын Заирова әлеуметтік  желіде  өзіне  күйеуінің  12-ші жаңа автокөлігін сатып алып бергенімен мақтанып, халықтың ашу-ызасын туғыз­ды. Кейінірек Жұмағұловтың өзі «бұл жалған ақпарат­, ашық ди­вер­сия» деп мәлім­деді. Алайда бұл жердегі жемқор­лықтың бар-жоғын құ­зырлы органдар  әділ, ашық тергеуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтегі басқосуда Денсаулық сақтау министрі А.Цойға МӘМС-тің басшысы А.Жұмағұловты қызметінен босатып, оның орнына барынша іскер және сәнқой емес адамды тағайындауды тапсырды. Алексей Цой бұл орынтаққа Болат Төкежановты лайық көріпті. Әрине, жаңа басшылар халық пен биліктің өзіне артқан сенімін ақтай ма, жоқ па, оны уақыт көрсетер. Бір анығы, көп жылдар бойы қорға жүргізілген жалған рефор­ма­ның арты ашылды. Осындай квазисектордағы  жем­қорлыққа  бел­ше­сінен батқан­ ком­па­ниялар өзінің тиім­сіз­дігін көр­сетті. Бұ­дан сабақ  алуымыз  керек.

САРАПШЫЛАР   НЕ   ДЕЙДІ?

Қазір індеттің беті қайтып, жағдай біршама тұ­рақтала бастады. Алайда халықтың басына қауіп-қатер төн­генде, жүз­деген науқастар ауруханаларда дәрі-дәрмектің жоқтығынан көз жұмғанда жауапсыздық пен жемқор­лықтың барша қазақтың арқасы­на аяздай батқан­ын көзімізбен көрдік. Алдағы уақытта мұндай жағ­да­й қайталанса  қайтпекпіз? Осыған орай, үш сарапшының ой-пікірін беруді­  жөн  көрдік.

Олжас  Құдайбергенов, 

эко­ном­ист:

«Биыл жазда індет жайлағандағы алапат трагедияны Құдай басымызға енді бермесін! Әрине, кеудесінде жаны бар  адамға  өлімнің  бір келері хақ. Бірақ ауырған адамдардың дәрі-дәр­мектің, өкпені жасанды желдету аппар­атының, ауруханадағы орынның, дәрігердің жетіспеушілігінен көз жұмуы өте өкінішті және аянышты! Бұл – италиялық сценарий емес, соңғы 30 жылда бюрократия мен жауап­сыздық жемқорлықпен қосылғанда көрген ауыр қайғымыз, жазылмас қасіре­тіміз!».

Рақым  Ошақбаев, 

«Талап»  қолданбалы  зерттеулер  орталығының  директоры:

«Біз бүгін МӘМС-тегі жалған рефор­маның құрдымға кеткенін мойын­дауға тиіспіз. Біз 2,5 жыл бойы ақшамызды осы құрылымға аударып келеміз, бірақ ешқандай көмегін көр­медік. Өз қалтамыздан қаражат төлесек те, індет жайлағанда дәрі­ханалардың есігін тоздырып, ПЦР-тес­тілеуге шығындалдық. Бұл – бюджеттен тыс төленетін квазисалық! Ал МӘМС деген – жабық, қараусыз қалған  құрылым. Ондай  құрылымның не керегі  бар?».

Ерлан  Саиров,  саясаттанушы:

«Меніңше, аталған құрылымдардағы жемқорлыққа қатысты жедел, өте қатаң шаралар қабылдау қажет. Лауазымды тұлғалардың өз ісіне жауап­сыздығынан қаншама адам қайтыс­  болды. Сол қоймадағы дәрі­лерді дер кезінде жеткізіп, қаншама адамның өмірін сақтап қалуға болар еді. Біз қиын сәтте жақындарымызға көмек бере алмадық. Ең қорқыныштысы, Үкіметтегі індетке қарсы күресетін штаб жауапсыздық танытты. Меніңше, біздің тарихымыздағы қай­ғылы  оқиғаға  тікелей жауапты, кінә­лі жоғары лауазымды тұлғалардың барлығы­  қатаң  жазалануы  қажет».

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист,

Нұр-Сұлтан  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: