Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Бала тәрбиесі дастарқаннан басталуы керек»

04.04.2024, 11:20 114

Жасыратыны жоқ, соңғы бір жылда Сыр өңірінде жасөспірімдерге қатысты қылмыс күрт көбейе түсті.

Күрт деп отырғанымыздың себебі, 2022 жылы Қызылорда облысы бұл бағыттағы істер бойынша елімізде ең төменгі санатта еді. Сол жылы бар-жоғы 38 дерек тіркелген. Ал былтыр жасөспірімдердің қатысуымен болған қылмыс саны 68-ге жеткен. Оның басым бөлігі, атап айтсақ, 30-ы – ұрлық. Бұл қылмысқа көбіне Қызылорда қаласы мен Жалағаш ауданының балалары жол берген. Мәселен, Жалағаш ауданында былтыр 10 қылмыс тіркелсе, соның жетеуі – ұрлық. Оған тұрмыстағы жетіспеу­шілік пен қызығушылық себеп. Балалар арасында дүкенге кіріп, азық-түлік, теме­кі, ұсақ-түйек заттарды ұрлайтындармен қатар, телефон, тон ұрлайтындар да кездеседі. Мұндай заңбұзушылыққа жиі баратындар – әлеу­меттік тұрғыдан аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққандар. Бірақ былтыр зардап шеккендер арасында адам өлімі болмаған. Ал биыл жыл басталғалы бері керісінше, аймақтағы ахуал шиеленісе түсті. Алғашқы екі айдың өзінде екі мектеп оқушысының өлімі тіркелді. Қазіргі уақытта ауыр санаттағы төрт қылмыс тергелуде. Осы тақырыптағы кемшіліктердің болуын Қызылорда облысы Поли­ция департаменті Жергілікті поли­ция қызметі басқармасы Ювеналды поли­ция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ғалымжан Нағметов  былайша  бағамдады.

Полиция подполковнигі Ғалымжан Мұратбекұлы жасөспірімдер қылмысының алдын алу бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізілетінін тілге тиек етті. Білім беру ұйымдарында балалармен кездесу өткізіліп, олармен заңға қайшы келетін әрекеттерді тәптіштеп түсіндіретінін де жеткізді. Ақпараттар тас­қыны дәуірінде қазір жас та, жасамыс та ұялы телефоннан көз алмайды. Осы ретте тәртіп сақшысы ұялы телефонның бала психикасына едәуір кері әсері тиіп жатқанын ашық айтты. Қазіргі бала­лар тез ашушаң. Телефоннан түрлі қаты­гездікті көреді, ол да сана-сезіміне ықпал етеді. Балалар уақытының көп бөлігін TikTok секілді платформада өткізеді. Ата-анасы олардың не қарап жатқанына назар аудармайды. Олар бірін-бірі ұрған-соққандарды, төбелес көреді, бір жұдырықтан ешкімнің «басы жарылып, көзі шықпайды» деп ойлайды. Алайда, ажал айтып келмейді. Мысалы, қаңтар айының 8-і күні Сырдария облысы Амангелді ауылында 9-сыныптың оқушысы 8-сыныптың оқушысына «Неге амандаспадың?» деп тиісіп, бір ұрған. Жұдырық қаза тап­қан баланың жүрек тұсына тиген. Соның әсерінен 8-сынып оқушысы табан астында тілсіз кеткен. Сол себепті бір жұдырықтың өзі ажалдың ауылына аттандырып жіберетін күші бар екенін ескерген жөн. Сарапшылардың айтуынша, жүрек ашылып-жабылып тұрып жұмыс істейді. Соққы баланың жүрегіне жабылып тұрғанда тиген, сондықтан бала ана дүние­ге аттанған. Ал екінші жұды­рық жұмсалғанда, қаза тапқан баланың жүрегі қайта ашылуы мүмкін деген  болжам да айтылған. Бұл іс бойын­ша Амангелді ауылының учаскелік полицейі мен сол ауылға жауапты ювеналды полиция инспек­торы атқарып отырған жұмысынан босатылған. Сондай-ақ аудан­дағы жауапты жедел уәкілге және оның бастығына, Жергілікті полиция бастығына қызметіне толық сәйкес еместігі  бойынша  ескерту  берілген.

Ал одан кейін Қызылорда қаласы Белкөл кентінде болған оқиғаны ел түгел естіді. Онда 10-сынып оқушысы 9-сынып оқушысын ұрған. Оның арты қайғылы оқиғаға ұласып, 9-сынып оқушысы ажал құшты. Осы жағдайдан кейін мектеп директоры мен тәрбие жұмы­сы жөніндегі орынбасары орнынан кетті. Ал учаскелік полиция қызметкері жақында ғана тағайындалғандықтан, орнында  қалды.

Қызылорда облысында 297 мемлекеттік және 31 жеке мектеп бар. Барлық мектеп бейнебақылау камераларымен толық қамтамасыз етілген. Бұл өңірдегі елге кеңінен таралған атышулы қылмыс­тар мектеп ауласында болмаған. Мәселен, Белкөлдегі адам өлімі көпқабатты үйдің кіреберісінде болған. Сондай-ақ қылмысты ашу барысында ол бала мектептен кіммен бірге қайтты, кімдермен араласты, осы секілді деректерге камера арқылы көз жеткізуге болады. Бейнебақылау камераларын Жедел басқару орталығы, ал аудандарда кезекші бөлім қадағалайды. Мұндай бақылау түрінің тиімділігі жоқ емес. Былтыр тек бір ғана мектепте қылмыс болған. Ашып айтсақ, қаладағы мектептердің бірінде екі сыныптас бір-бірімен ерегісіп, біреуі екіншісінің аяғына пышақ тығып алған. Мұндай қаскөйлікпен жасалған қылмыс мектептің қуыс жағында болған. Ал жалпы алғанда, жасөспірімдер мектептің  ішінде де, сыртында да камера барын білгендіктен, аяқ тартады. Осы ретте аға инспектордан «Инспекторлардың бұрынғыдай мектепте отырғаны дұрыс па?» деп сұрап көрдік. Полиция подполковнигі мектепте толығымен камера болғандықтан, оның үстіне мектепте қылмыс тіркелмейтінін ескеріп, қажеті жоқ екенін жеткізді. «Мектепке барған күннің өзінде инспекторлар тек қарауыл сияқты  ғана  болады»  дейді.

Аймақта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олардың күнделікті сабаққа баратын және қайтатын уақытта ювеналды инспекторлар мектептің  жанына  баратынын  айтты.

2008 жылдан бері ішкі істер орган­дарында қызмет ететін тәжірибелі маман аймақтағы балалар қылмысын осылайша кеңінен түсіндірді. Ғалымжан Мұратбекұлы он бес жылға жуық уақыт Ювеналды полиция қызметінің жүгін көтеріп келеді. Жұмысқа деген ынтасы мен жауапкершілігінің арқасында қара­пайым инспектордан Кәмелет жасқа толмағандардың ісі бойынша бөлім бас­тығы лауазымына дейін көтерілген. Көпжылдық тәжірибесін ескере отырып, аға инспектордан баланың тәртібін реттеуге қатысты жеке пікірін білдік. 

– Қазір көп ата-ана жұмыспен жүріп, балаға уақытылы көңіл бөлмейді. Бала да өзімен сөйлескенді, оған уақыт арна­ғанды қалайды. Балаға тәрбие беруді әрбір ата-ана өз жауапкершілігіне алғаны жөн деп ойлаймын. Мектеп – білім беретін орын. Ал бала тәрбиесі үйдегі дастарқаннан басталуы керек. «Үлкен адам ас қайтармайынша, дастарқаннан тұрып кетпеу» деген сияқты қара­пайым қағидаларды құлағына құйып өскен бала теріс әрекетке бармайды. Бұзық балалардың өзімен жылы сөйлессең, ол да бір күні теріс әрекеттен тыйылады. Қанша жерден біз қатарластары жөнінде айтқанымызбен, балалар өз ортасын тастап кетпейді, – деді полиция подполковнигі  Ғалымжан  Нағметов.

Гауһарай  АМАНҒАЛИҚЫЗЫ,

Астана – Қызылорда – Астана

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: