Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

01.02.2023, 18:00 565

HALYQLINE.KZ

Қоғамды жасөспірімдердің тәрбиесі алаңдатып отыр. Олардың бір-бірін аяусыз ұруы, есірткі сынды зиянды заттарға құмар болуы, ерте некесіз жүкті болу сынды мәселелер көпті толғандырып отырғаны рас. «Жаңа Қазақстан» деп саяси жүйені басты орынға қойған кезде жаңа ғасыр ұрпақтарының іс-әрекеті елдің имиджіне нұқсан келтіруде. Сол себепті аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың мұрындық болуымен бала тәрбиесіне қатысты Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында «Отбасы – тәрбие бесігі» атты бірлескен кеңес өткізілді. Жиынға облыс әкімімен қатар, мемлекет және қоғам қайраткері, облыстың құрметті азаматы Мұрат Бақтиярұлы, облыстың барлық құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, қала және аудан әкімдері, сала басшылары мен ата-аналар, т.б. мамандар қатысты.

Жалпы, елімізде балалардың болашағына алаңдаушылық танытқан дұрыс. Себебі, әлемде Қазақстан ажырасу бойынша алдыңғы ондықта тұр. Бұл біздің құндылыққа сай емес, ұлттық трагедия деп айта аламыз. Егер әу бастан балаға тиесілі тәрбие берілмесе, соңы ажырасумен аяқталатыны сөзсіз. Ол-ол ма? Балалардың дұрыс тамақтанбауы да өткір мәселелер қатарын молайтып тұр. Қазақстанда әрбір 4 балада семіздіктің белгілері байқалуда. Бейресми ақпараттарға сәйкес, өңірде жылына осы бойынша 2-4 пайызға өсім бар екен. Міне, осы және өзге де тақырыптар төңірегінде яки жастардың білімі, денсаулығы, тәрбиесіне қатысты мәселелер жиында көтерілді. Мәселе тәуір болғаны соншалық, баяндамашылар регламенттен асып, тереңірек көсілді. Олай болса, бірсыпыра шолу жасап көрейік.

  • Дүниежүзілік банктың зерттеуі бойынша еліміздегі 3,7 миллион оқушының 1 пайызы ғана сапалы білім алады екен. Олардың көпшілігінің таңдау мүмкіндігі жоқ. Басым бөлігі екі немесе үш ауысымды мектептерде оқиды. Әлемнің ең мықты мемлекеттерінде екі ауысымдық мектеп жоқ. Оларда екінші ауысым үйірме сабақтарға арналған. Біз осыған жете алмай келеміз. Демек, білім берудегі теңсіздік пен алшақтық, оларды қаржыландыруда да қала мен ауыл мектептерінің арасына да қатысы бар. Мысал келтірейік, НЗМ мен қарапайым мектеп арасындағы қаржыландыру айырмасы 6 есе болса, еліміздегі оқушылардың 44 пайызын құрайтын ауыл мектептерінің оқушылары НЗМ оқушысының білім деңгейіне жету үшін кем дегенде 6 жыл уақыт кетеді, – деді Мұрат Бақтиярұлы.

Сондай-ақ, сөзін былай сабақтады. «Елімізде миллионға жуық бала ең кедей отбасыларында білім мен тәрбие алып жатыр. Олардың келешегі бұлыңғыр болуы мүмкін. Сондықтан мемлекет басшысы кедейшілікпен күрестің жаңа кезеңін бастау керек деп Үкіметке тапсырма берген болатын. Қазір «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба арқылы үш жылда 800 мыңға жуық баланы мектепке керек-жарағымен қамтитын болады. Мұндай бағдарлама еліміз үшін өте маңызды» деп тоқталды.

Жиында әке мен ананың тәрбиесі қатар берілу керек екені айтылды. Көбіне бала тәрбиесімен ана ғана айналысып, әке тек табыс табушы функциясын атқарып келеді. Бұған қоса, мектеп қабырғасында да мұғалім қызметінің 80 пайызын әйелдер қауымы құрайды. Сол себепті ер-азаматтарды Ахмет Байтұрсынұлының артынан еретін ұлт ұстаздары етіп тәрбиелеу керек екені қозғалды. Бұл бастаманың көтерілгені құптарлық іс. Өйткені оқушылар тек әйел адамнан ғана емес, ер-азаматтардан да тәлім-тәрбие алуы қажет. Алайда бұл жайтта тағы бір ойланарлық мәселе жатыр. Ер-азаматтарды балалармен тығыз қарым-қатынасқа әкелмес бұрын ол адамның психологиялық жағдайын т.т. барлығы қатаң тексерілу керек. Әйтпесе, мектепте мұғалімнің зорлық-зомбылығын көрген жағдайлар болғаны тағы да бар. Мұндайда қандай шара қолдану керек екенін айтудың өзі оңай емес. Десе де, әке мен ананың тәрбиесі ұстаздың тәрбиесінен бірінші кезекте болуы міндетті. Осы орайда, облыстағы мектептерде «Әкелер кеңесінің» жұмысы жанданбақ. Сонымен қатар, облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет «Тәрбие орталығын» құруды ұсынды.

Инновациялық даму кезеңінде адамзаттың интернетке желімдей жабысуы заңдылық. Қаншама рет интернеттің зиянды екені жайында дәріс оқылғанымен, қажеттілік туындап отыр. Бүгінгі жиын спикерлерінің барлығы дерлік интернетке тәуелділікті азайту керек деген пікірлерімен бөлісті. Шыны керек, еңбектеген баланың өзі ұялы телефоннан өзіне қажетті мультфильмдерін қосып алады. Бұл заманның дерті ме, әлде жаңа буынның серпілісі ме? Қайткенмен де, денсаулыққа зақымын келтіруде. Осы жауыр болса да, өткір мәселемен күрес ұзаққа созылатыны даусыз. Себебі оқу да, жұмыс та адамзатты гаджетке байлап қойды. Тіпті қазір мектеп күнделігі де электронды. Балаға телефонды таста деп айтқанмен, түбі оны өзіміз осыған итермелеп отырмыз.

Аймақ басшысы бала тәрбиесінің маңыздылығын айтып, бірқатар жаңалықпен бөлісті.

  • Мен бұл кездесуге облыс әкімі ретінде ғана емес, ата-ана, әке ретінде ашық пікірлесуге келдім. Балаға тәлімді тәрбие мен лайықты білім беруде баршамыздың ұстанымымыз бір болуы керек. Ата-ананың ең үлкен бақыты баласының жақсы азамат болып өсуі болса, мемлекет пен қоғамның басты мақсаты – елге ие болатын білімді әрі отаншыл ұрпақты тәрбиелеу. Баршаңыз білесіздер, біз барлық игілікті істі балаларымыздың бақытты өмірі, баянды болашағы үшін арнаудамыз. Мемлекет басшысы өткен жылды «Балалар жылы» қылып, айрықша бастамаларды қолға алды. Аймақта демеушілердің қолдауымен 1 миллиард 600 мың теңгеге 80 спорт ойын алаңы сыйға тартылды. Сондай-ақ, 19 балабақша, 6 мектеп жаңадан ашылды, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Бұған қоса, аймақ басшысы алдағы үш жылда 64 балабақша ашу жоспарда бар екенін атап өтті. Бұл дегеніміз облыстың шамамен 11 мыңға жуық бүлдіршіні балабақшамен қамтылады дегенді білдіреді. Және 4 жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Бағана айтқан «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыста 21 мектеп салынады.

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Дей тұрғанмен, көп жағдайда осы маңызды мәселеге келгенде салғырттық бой береді. Тығырықтан шығатын, мемлекеттің керегесін мығымдау үшін, қазақтың жетекші ұлт ретінде шынайы қалыптасуы, кемелденуі үшін не істеу керек? Ең алдымен, жастардың көзімен қарау қажет дер едім. Заманды адам өзгертеді деп айтамыз. Алайда әр заманның адамы да соған сай дүниеге келеді. Жастардың тәрбиесіне құр сөзбен алаңдаушылық білдіруді тоқтатып, олардың көзқарасына сай методиканы әкелген жөн. Ұрпақты ойласақ, ұрпақтың ой-санасымен кері байланыс жасайық. Бәлкім, сол кезде нәтижелі іс болар. Жиынның модераторы Наурызбай Байқадамовтың әрқайсысымыз осы мәселеге үлес қосайық деген сөзімен қорытындылайық.

  • Кеудесін соғып, депутат боламын дейтіндер көбейді. Бірақ олар отбасындағы ағайын-туыс, іні-қарындастарының мәселесіне атсалысып жүр ме? Мен осы рудың ақсақалымын дейді. Сол рудың қоғамға кері әсерін беріп жүрген адамдарға әсерін бере ала ма? Осы мәселелерді ойлану керек. Аймақ басшысы қызметке келгелі сапалы кадрлар алуды тапсырып келеді. Бұл бекерден-бекер емес. Мектеп басшыларына айтарым, блогердің қысымына ығып, адамдарды жұмысқа сапасыз ала беруді абайлау керек. Біз ұлттың аманатын арқалап жүрміз. Сондықтан сапалы маман тәрбиелеуге бәріміз атсалысайық, – деді ол.

Коллаж ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: