Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тілге құрмет «мәзірден» басталады…

30.06.2022, 11:00 192

Қызылорданы «қазақилықтың қаймағы бұзыл­маған өңір» дейміз ғой осы. Ол рас. Өйткені жергілікті жердің барлығы дерлік қазақтар. Әйтсе де орыс, кәріс, ұйғыр, өзбек, т.б. ұлттың адамдары да жоқ  емес. Бұл  сөзімізбен «өзге ұлт өкілдерін шеттетті»  деген ойдан алыс болыңыз, өйткені  зайыр­лы-демократиялық елде  тұрып жатырмыз. Көпұлтты мемлекет болған соң бауырмалдығымыз­ды көрсетеміз көбінде. Бірақ мәселе мұнда емес, мәселе – қазақтардың  қазақшадан  «бас  тартуында».

Біз өмір сүретін қоғамда көп нәрсеге селқос қараймыз. Өзіміз майда-шүйде санап көңіл бөлмейтін заттар кейін ұлтқа үлкен қауіп алып келуі мүмкін. Мәселе мынада жатыр. Өзіңіз «меню» деп атайтын кітапшаның қазақша атауы «мәзір» екенін кейбіріңіз енді ғана білген боларсыздар. Соның ішіндегі тамақ атаулары орыс тілінде жазылып жүр. Кез келген мейрамхана немесе тамақтану орны­на барсаңыз, алдыңыздан өзіңіз тұтынатын тамақ атаулары­ның тек орысша нұсқасын көргеннен кейін, «сүйікті тамағыңыздың» орыс тілін­дегісін есте сақтап қаласыз. Ол жерге тек ересектер барса мейлі дейік, жас бүлдіршіннің санасын улап, «детский меню» деп шығарып қоятындары бар емес пе?! Оның да іші көрші  мемлекеттің ана тілінде  жазылып  тұратыны  және  бар.

Азаттық алғанымызға 30 жылдан асса да, сана­мыз «советский» шекарада  қалып қойған. Атауын қазақиландырып қойған «лаудж бардың» да әлгі «қалауың» жазылған кітапшасы өзге тілде басы­лыпты-мыс. Тапсырыс беруге шақырған дая­шы қыздың да орысша амандасып, таңдауыңызды сол тілде сұрағанда «қаның қайнап» кететінін жасырып қайтейін? Мұндай жайттар арқылы өз тілімізді өзге ұлтқа сатып беріп жатқанымызды естен шығар­мауымыз керек. Осы жайлы өз дос­тарымның пікірін сұраған кезімде «орысша жазылған меню «элитный» көрінеді» дейді біреуі. Осыдан-ақ,  қазіргі қазақ жастарының «орыс тілді білу – аса білімділік әрі ерекшелік» деп қабыл­дайтынын  түсінуге  болады.

Қаланың орталығында есімі елге танымал кафеде жұмыс істейтін танысымнан тамақ тізілген тізім жайлы сұрадым. Ә дегеннен-ақ орыс тілінде екенін жеткізді. Сонымен қоса «европалық», «дүнгенше», «корейше» «итальяндық асханадан» құралғаны тағы бар. Ал қазақша тамақтар жайлы сұрап едім, «ондайды ешкім жемейді ғой» дегенді естіртіп, еңсемді  түсірді.

Қоғам  ішінде  мұнан  да  басқа  проблемалар  толып  жатыр. «Тама-тама көл болар» демекші, әрбір шағын  мәселенің  шешімін тауып, ретке  келтірсек, «таудай» түйткілдер түк болмас еді. Табан астында тұрған шегенің бізге зиян алып келу-келмеуі  белгісіз, дегенмен ол қауіпті зат екенін  ұмытпағанымыз  жөн. Ішер  асымыздың  ана тілінде жазы­лып тұрғанын көрген әрбір жан өз тіліне деген құрметі артатыны айтпаса да түсінікті. Қалалардағы ірі сауда орнындағы барлық заттың атауы алдымен қазақ тілінде, содан кейін қалаған өзге тілде жазып қоюына рұқсат етіледі. Бұл ҚР-ның Тіл туралы Заңында көрсетілген. Сол секілді барлық тамақ­тану орнының мәзіріне тамақ атауларын қазақ  тілінде  жазып  қойса, мемлекеттік тілдің  мерейі үстем, ғұмыры ұзақ болар еді. Тілге деген құрмет  осыдан  басталады.

Е.ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: