Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тазы – тазалық нышаны

30.03.2023, 11:20 365

Өткен жылы Қызылордада ұйымдастырылған құсбегілердің XV чемпионатында саятшылардан бір қызықты әңгімені естіп қалдым. Әрине, оны дәл қазіргі заманмен салыстырып айта алмаймыз. Десе де, есте жоқ ескі замандарда екі қазақтың бірі құсбегі атанғаны айдан анық. Қазақтар екеуарада: «Бұл – іргесіне құс байламаған түтін ғой» деп ренішін білдіреді екен. Демек, ол уақытта құсқа жем, тазыға азық тауып бере алмау да тұрмыстық жайтты көрсететін-ді. Ал, шамасы жетіп тұрса да, іргеге құс байламау – ұят іс. Яғни, жеті қазынаның төртеуі (жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы мен берен мылтық) қазақтың тұрмыс-тіршілігіне, саятшылыққа қатысты болуы тегіннен-тегін емес шығар. Ұшқан құс, жүгірген аңды тырп еткізбеу бұрын күнделікті тұрмыс, күнкөріс еді. Келе-келе спорттық сипат алды. Қазіргі күні саятшылықпен айналысатындардың саны көп емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің Іс басқармасына жеті қазынаның бірі – қазақы тазы мен төбет тұқымдарын сақтау жұмысын қолға алуды тапсырған еді.

Осыған орай, бұл жұмысқа тартылған және мүдделі тараптардың қатысуымен жиын өтіп, тазы мен төбет тұқымының тазалығын сақтау ісі сын көтермейтіні айтылған. Әрине, қазіргі күні тазы тұқымын асыраудың қиындығы жоқ емес. Ал, құмай тазыны сақтап қалу ең басты мәселе  болып  отыр.

«Жұмыс тобы Қазақстанның барлық аймағында таза қанды тазы мен төбеттің генофондын ғылыми зерттеуді нысаналы қаржыландыру мүмкіндіктерін тауып, мемлекеттік қолдау түрлерін қарастыруға тиіс. Сондай-ақ, сақтау және қалпына келтіру бойынша заңнамалық нормалар пакетін әзірлеуі қажет» делінген  негізгі  хабарламада.

Халықаралық кинологиялық орталықта (FCI) тазы мен төбеттің шыққан елі ретінде Қазақстанды  көрсету  де  мәселе  болып  отыр.

– Президент нұсқауы бойынша бұл жұмысқа Сыртқы істер министрлігі, ал жеті қазынаның бірі саналатын ұлттық байлығымызды түрлі іс-шаралар арқылы насихаттауға Мә­дениет және  спорт министрлігі  қолдау  көрсетуге тиіс, – деген  еді  ведомство   өкілдері.

Көп кешікпей, мемлекет басшысы «Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту тура­лы»  заңға  қол  қойды.

«Еліміздің көп аймағында тазы мен төбет­тің толық жойылу қаупі туындады. Оның негізгі себебі – генетикалық ғылыми зерттеулердің болмауы, мемлекеттік қолдаудың жоқтығы». Азаматтардың дәл осылай деп қаққан дабылы­нан соң іске президент аралас­ты. Қасым-Жома­рт Тоқаев қазақы тазы мен төбетті сақтау жұмысын қолға алуды тапсыр­ған соң тиісті заң жобасы әзірленді. Құжатты мәжіліс  өткен қарашаның соңында мақұлдаған еді. Сол кезде қазақы ит тұқымдарын сақтауға 1 млрд  400  млн  теңге  жұмсалатыны  айтылды.

Жақында ғана ел президенті тазы иттердің көрмесін тамашалады. «Nomad» ұлттық саят­шылық» қоғамдық қорының төрағасы Болат Құнанбаев мемлекет басшысына тазыны сақтау, өсіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар  жөнінде  баяндады.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт То­қаев тазыны халықаралық деңгейде дәріптеу  қажет  екенін  айтты.

– Құмай тазы – ерекше жануар, қазақтың жеті қазынасының бірі. Біз тазы мен төбетті халықаралық деңгейде кеңірек дәріптеуіміз керек. Сыртқы істер министрлігі де міндетті түрде атсалысуы қажет. Тазыға ерекше күтім, қамқорлық керек. Бұл маңызды іс кәсібилікті талап етеді. Сол үшін  арнайы  заң  қабылдадық, – деді ол.

Іс-шара барысында  асыл тұқымды тазы өсіруші Анна Захарова  президентке тазының күшігін сыйға тартты. Күшіктің аты – Наурыз, 1,5  айлық.

2021 жылы әлеуметтік желіде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тазы иттермен серуендеп жүрген фотосы тараған еді.

Президенттің суреттерін оның сол кездегі баспасөз хатшысы жариялап, «Тамаша күн. Таңғы серуен» деп жазған-ды. Жалпы, мемлекет басшысының тазы асырайтынын көпшілік жақсы біледі. Сондықтан, тазы өсірушінің сыйы  орынды  деуге  болады.

Жалпы, қазақ халқы саятшылыққа шық­қанда аңды аңдымаған, қайта аңмен аңдысқан. Бір ғана мысал, аңды атар алдында дыбыс шығарып барып шүріппеге қол салған. «Ол да – табиғаттың төл баласы, адам секілді жаратылыс. Сондықтан, оған бір мүмкіндік беру керек» деп санаған. Мұнан табиғаттың жазылмаған  заңын  байқаймыз.

Өңірімізде де тазыға күтім жасап, аңға салатындар баршылық. Солардың бірі – қызыл­ордалық  тазы  асыраушы  Мейірбек  Әкімов.

– Құмай тазы деген кәдімгі иттен мүлдем бөлек. Әр тазының өз рөлі, атқаратын қызметі бар. Мысалы, кейбірі қоян, енді бір түлкі не қасқыр алады. Менде осы күні 8 тазы бар. Санын көбейтуге де болар еді. Шынын айтқанда, бәрі ақшаға  келіп  тіреледі.  Тазыға  таза тамақ тауып беру керек. Тазы асырап келе жатқаныма 20 жылдан асты. Алматы, Шымкент, тағы да басқа қалалардан алып келдім. Тіпті, Қыр­ғызстаннан да алдырдым. Тазыларымды қысқа ертерек дайындаймын. Сегіз тазым бір айда екі қой жейді. Қойдың еті міндетті түрде қайнатылады. Ол өзінің дайындығына да жақсы. Тазы­ға шикі ет беруге болмайды. Тазыларыма арнап кепе салғанмын. Қыста да жылы, жайлы. Арнайы  ем-домын  жасап,  дәрілер  де беріп тұрамын, – дейді  ол.

Салмағы жеңіл әрі ұшқыр да жүйрік тазылар­ды иесі күтіп-баптап, таза жылы жерде ұстап аңға салған. Ашық дереккөздерде жария­ланған ақпаратқа сенсек, Алматы облысының  атақты аңшысы Е.Атабергенов бір бүркіт, екі тазысымен 3 айда 115 түлкі, 3 қасқыр, 4 борсық  алған. Ал, Жаңақорғанның аңшысы Е.Әлиев­тің  «Лашын» атты тазысы бір қыста  47  шибөріні   ұстапты.

Тазы – тазалық  нышаны.  Өйткені, ол иттен  қалған  асты  иіскемейді.  Лас  жерге  жатпайды,  шикі  ет  жемейді.  Дене бітімінде артық ет  болмайды. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегенді қазақ төл иті тазыға қарап айтпаған. Себебі де белгілі. Тазы өзіне тиесілі емес тамақтың беті қанша ашық болса да түртпейді. Ал, мұндай тұқымды тек сақтау керек. Сайып келгенде саятшылық біздің халқымызға тән және ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан кәсіптік өнер әрі ол еліміздің әр іске, кәсіпке бейімділігін  көрсетеді.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: