Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жендет әйелдің екі өмірі немесе Тонька пулеметшінің тарихы

29.10.2022, 14:00 386

HALYQLINE.KZ

2014 жылы Ресей телеарнасында «Жендет» деген сериал көрсетілді. Оқиға арқауы Сталин дәуірінен кейін ату жазасына кесілген 3 әйелдің біреуі Антонина Макарованың жантүршігілік қылмысы туралы еді. Ол соғыс кезінде немістер жағына шығып, жазықсыз совет адамдарын атқан жендет болды. Сериалда шындыққа сәйкес келмейтін жерлері бар. Мысалы, адамдарды пулеметпен атқанда өзін танымау үшін маска киеді. Екіншіден, Тонька пулеметшіні Петровка-38-дегі угро-ның майоры Черкасов ізіне түсіп табады. Соғыс кезінде жау жағына шыққан сатқындарды анықтау СмерШ, ол таратылған соң МГБ-КГБ қызметкерлерінің құзырында болған, ал МВД тек жанама ғана көмек көрсеткен. Майор Черкасов – бұл Штирлиц сияқты ойдан құрастырылған образ. Черкасов туралы «Палач», «МосГаз» сияқты сериалдар түсірілді. 1991 жылы СССР-дің өмір сүруінің тоқтауына байланысты даңқты жолдан өткен КГБ өмір сүруін тоқтатты. Осы органның атқарған қызметін ойдан шығарылған Черкасовтың иемденіп кетуі қиянат болып табылады. Енді Антонина Макарова неге 30 жылдан астам уақыт бойы ұстатпай келді?

Антонина Макар Панфиловтың жетінші кенжесі болып 1920 жылы (кей деректе 1922 ж) 1 наурызда дүниеге келді. 1941 жылы соғыс басталғанда өз еркімен майданға аттанып, жаралы болғандарды дала госпиталына таситын санитарка болады. 1941 жылы Москваны басып алу үшін «Тайфун» операциясы басталғанда Вязьма түбінде 1 млн адам өліп, 500 мыңы тұтқынға түсіп, 85 мыңы орманға қашып тығылады. Осылардың ішінде солдат Н.Федучук пен А.Макарова екеуі орманда бірге жүріп аман қалу жолын іздейді. Николай Тоняны зорлап алады, екеуі жеуге жарамды жемістерді теріп жеп, 3 айдай орманда жүріп Брянск орманына өтеді. «Красный колодец» селосына келгенде Федучук «мені үйде қатыным мен балаларым күтіп отыр» деп Тоняны тастап кетеді. Жылап және ашығып жүріп «Локоть» поселкесіндегі немістерге тұтқынға қолын көтеріп беріледі. Немістер зорлап, үстінде гимнастеркасы болғасын атып тастағысы келгенмен, атқораны тазалайтын қылып қалдырады. Немістерден кейін жергілікті сатқын полицайларының көңілін көтеріп жүреді. «Локоть Республикасы» СС-тің рейхсминистрі Гимлердің бұйрығымен құрылған 1941 жылдың 25 қарашасынан 1943 жылдың 26 тамызы аралығында өмір сүрді. Жергілікті халықты өз жағына тарту үшін оларға егін егу үшін жер мен мал берілді, айналымда неміс маркасымен қатар совет рублі де жүрді. Сатқындардан жасақталған полицайлардың негізгі міндеті ормандағы партизандардан өздері қорғанып, қолға түскендерін атып тастап отырды. 1973-1983 жылдары түсірген «Вечный зов» сериалындағы Федор Савелев осы Локоть полициясында болса, інісі Иван Савелев поселкені азат ету шайқасында ағасы Федорды атып өлтіретіні естеріңізде болар. Локоть респпубликасының губернаторы Б.Каменскийді кинода Лахновский деп көрсетеді. Осы Каменскийдің бұйрығымен Антонинаны 30 марка жалақымен жендет қылып жұмысқа алады. Ат қорадағы жем сақтайтын бөлмеге партизандарды, олардың отбасын немесе оларға көмектескен адамдарды қамайтын, сол бөлмеге 27 адам сиятын, 27-ге жеткесін далаға шығарып тізбектеп қойып максим пулеметімен ататын болды. Өлмей жаралы болғандарын аралап жүріп вальтер пистолетімен басынан атып өлтіріп отырды. (кинода көзінен ататын). Тоняға дейінгі үкімді орындағандар араққа салынып жүйкесі шыдамайтын, ал бұның жүйкесі мықты болып шықты. Алдында жас балалар болса да, аяушылық болмады. Бірінші рет ататын сәтте қорыққан кезде, полицайлар арақ ішіп ал деп кеңес берген болатын, осыдан кейін ату алдында арақ ішуді әдетке айналдырды, дым болмағандай кешкісін полицайлармен басқа да жезөкшелермен бірге көңіл көтеріп жүріп 2 жылдың да өте шыққанын білмей қалды. Біздің әскерлер таянып қалғанда сифилиспен ауырған немістермен бірге Антонинаны Кенинсбергтегі әскери госпитальға емделуге жібереді. 1945 жылы осы қаланы азат ету үшін шайқас басталғанда, госпиальды совет артиллериясы атқылағанда орманға барып тығылады. Осы орманда адасып жүргенде совет әскерлерін кездестіріп, «концлагерьде болдым, соғыста дала госпталінде санитар болдым» дегесін, әскери госпитальға ауруларды күтуші қылып алады. Осы жерде жараланып түскен сержант Виктор Гинзбургпен арасында ұшқын пайда болып көңілдері жарасып үйленіп, фамилиясына өтеді. Бастапқыда Калинградта тұрып, 1946 жылы Виктордың туған жері Брянск облысындағы Лепель қаласына көшіп барып тігін комбинатына жұмысқа тұрады, Виктор цех бастығына дейін көтерілді. Екеуінің еңбек озаты ретінде суреті Құрмет тақтасында ілулі тұрды, қос майдангер деп бәрі құрмет тұтты, 23 ақпан мен 9 мамырда мектеп пионерлерімен кездесуге шақырып тұрды. Кейін тергеу кезінде жендет қатын: «бастапқы 10 жылдай қорқып жүрдім, кейін ұмытып кеттім» деген болатын.

1943 жылы Локоть поселкесін азат еткеннен бастап чекистер Тоня пулеметші деп атап кеткен жендет қызды іздеумен болды. Түрме бастығы Иван Мыскинді тергегенде Антонина Макарова москвалық қыз, медучилищені бітірмей соғысқа алынғанын ғана білетін болып шықты. МГБ тергеушісі Петр Головачевтен бүкіл СССР бойынша Антонина Макароваға іздеу жариялағанда аттас 1920 жылғы 250 әйелдің ешқайсысы болмай шықты. Соғыстан соң жау жағына шыққан коллаборацистерді іздестіру қарқынды жүрді, мойнына көп адамның қанын жүктегендерді демалыс күндері орталық алаңда дарға асып отырды. Ал, Тоня пулеметшіні 32 жыл бойы іздеумен болды, оның ісі қолдан-қолға «ілулі іс» болып өтіп отырды. КГБ тергеушісі Леонид Савоськин қолына осы іс өткенше 32 жылдан астам уақыт өтті. Неге? Себебі, 1927 жылы Тоня мектепке барғанда мұғалім оқушылардан фамилиясын сұрап алып жазып жатқанда, Тоня фамилиясын білмейтін болып шықты, балалар шулап: «ол Макар Панфиловтың қызы ғой» дегенде журналға Макарова болып жазылып кетеді, осы фамилиямен комсомол билетін, аттестатын алады. Ал метіркеде Панфилова болып жазылған еді. Жендет қатын ойда жоқта өзінен-өзі қалқып шықты. 1976 жылы Түмен қаласындағы ағасы Николай шетелге шығу үшін отбасыдағы алты бауырын анкетаға көрсетеді. Содан бастап сыртынан бақылау орнатады. КГБ тергеушісі 1977 жылы сәуір айында военкомат қызметкері болып шақырады. Осылай да осылай Жеңістің 30 жылдығына байланысты мерекелік медальға ұсынайық деп едік, соғыс кезінде қай әскери бөлімде болдыңыз дегенде шатасып еш нәрсе айта алмай «отыз жылдан асып кетті ғой, ұмытып қалыппын» дейді. Осыдан кейін куәгермен беттестіреді. КГБ қызметкерлері тұтқындауға келгенде еш саспастан «ақыры таптыңдар-ау» деді. Күйеуі Виктор Гинзбург бұған сенбей бас прокурорға, КГБ шефі Ю.Андроповқа, бас хатшы Л.Брежневке дейін жазады, олардан хабар болмағасын БҰҰ-ға дейін жазамын деп қорқытады. Әйелі Антонина бар кінәсін мойындағанын естігенде, Виктордың шашы бір түнде ағарып кетеді.

Облыс орталығы Брянскіде сот процессі ашық болды. «Жедел жәрдем» шақырылды, себебі жендет қатынның жауабынан кей адамдардың жүрегі қысылып, кейбіреулері талып құлап жатты. Кей жауаптарын келтіріп кетейін:

«Сіз неге жау жағына шығып кетіңіз?».

«Өмір сүгім келді, кімнің 19 жасында өлгісі келеді?».

«Неге жүздеген жазықсыз адамды аттыңыз?».

«Мен атпасам бәрі бір басқа адам ататын еді ғой».

Соңғы сөз берілгенде: «Маған ату жазасын бермеңіздерші, егер мен советтер жағында соғысқанда, фашистерді де осылай ататын едім ғой» деп адамдарды шыбын құрлы көрмей тұруы адамдардың зығырын қайнатты, ұрып өлтіргісі келгендерді күшейтілген күзет жібермеді. Тоняның максим пулеметімен 1500 адамды атқанын дәлелдеу үшін, үкім орындаған шұңқырды қазып, адам сүйектері саналды, одан 168 адамның аты-жөні паспорт бойынша белгілі болды. Сот барысында тайталасып 118 адамды атқанын ғана мойнына алды. Түрмеде екі жылдай тергеуде болғанда Виктор мен екі қызымен кездесуден бас тартты, Виктор Гинзбургтың ұлты еврей бүкіл отбасын немістер атып тастаған болатын, 32 жыл бойы жендет әйелдің қасында жатқанына сенбеді, сот ату жазасын бергеннен кейін екі қызын ертіп көз көрмес, құлақ естімес жерге көшіп кетті, себебі атып өлтірген 1500 адамның жақындары тарапынан кек алу қаупі болды. Мекенжайын тек қауіпсіздік комитетіндегі санаулы адам ғана білді, Виктор сол жақта 1993 жылы 2 ақпанда қайтыс болды. Антонина Макарова-Гинзбургтің соты 1978 жылдың 20 қарашасында болды, ату жазасын 1979 жылдың тамыз айына дейін жалғыз адамдық камерада күтіп жатты. Жай жатқан жоқ, жан-жаққа кешірім беруін жазып 1979 жыл «ана мен бала жылы» деп жарияланғандығын алға тартып, екі қызы барын айтып Л.И.Брежневке дейін жазды. Үкім 1979 жылдың 11 тамыз күні таңғы сағат 6:00-де орындалды.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: