Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жазушы Әлішев батыр Үрмәшті халқымен қалай қайта қауыштырды?

06.03.2024, 9:35 503

HALYQLINE.KZ

Жазушы,  публицист  Әлмәмбет  Әлішев  14  сәуірде  85  жасқа  толар  еді

Қазақстандағы 150-ден астам аудандық газеттердің ғана емес, республикалық газеттердің ішінде бас редактор болып қызмет атқарып жүргендерден Әлмәмбет Әлішевтің бір өзі ғана КСРО Жазушылар Одағының мүшесі. Жалпы, жазушылар, ақындар, өнер адамдары қаймағы бұзылмаған қазақтың ауылынан шығып, елге танылған соң Алматыға қарай көшетін. Оларды түсінуге болады, шығармашылық ортасын табады, кітаптарын да шығаруға жеңілдеу болады. Кейін кемеліне келген соң, қайтадан ауылына аңсары ауады. Өзінің бастау алған ауылы – Алтын Ордасы екенін түсінеді. Туған жерге көшіп келуге астанадағы үй-жайын қимайды әрі көшуге жүрексінеді. Тек туған топырақтың қасиетін білетіндер ғана тәуекелге барады. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза өзінің Жуалы ауданына көшіп келсе, Халық артисі Райымбек Сейітметов Түркістанына көшіп келіп, туған жердің театрын жандандырған болатын.

Ал, біздің Әлмәмбет Әлішов ағамыз табанының бүрі бар тарлан тұлға екенін көрсетіп, Қазалыда тұрып-ақ қос-қостан роман мен повесть жазып, КСРО және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі бола жүріп, Алматыдағы әдеби ортадан қол үзген жоқ. Сондықтан болар, жазушы Ә.Әлішевтің шығармасына кезінде Социалистік Еңбек Ері, академик-жазушы Ғабит Мүсірепов, Ілияс Есенберлин, Дүкенбай Досжан, Машқар Гумеров, Сәуірбек Бақбергенов, Қалдарбек Найманбаев, Қуаныш Жиенбай лайықты бағасын берді.

Бүгінгі әңгіме жазушы Әлмәмбет Әлішовтың «Батыр болып тумайды» кітабының жазылу тарихы туралы.

Болашақ жазушы жас кезінен бастап кітап оқуға құмар болып өсті және жалғыз емес, мектептегі достары Қорған Тілеуқабылов пен Кәрім Әбиев үшеуі кітап оқудан алдына жан салмайтын. Ол кезде ауылда үш кітапхана болатын, мектепте, колхозда және ауылдық кеңеске қарайтын кітапхана. Кітапханашы Рабиға мен Бибіқатша апайлары әлі күнге дейін көз алдында, міндеттеріне кірмесе де, оқыған кітаптарының қысқаша мазмұнын сұрайтын, өз ісіне деген неткен адалдық әрі махаббат десеңізші. Сол мектеп қабырғасында жүргенде қолына соғыстан соң іле-шала шыққан «Қазақстандық Совет Одағының батырлары» деген бір томдық кітап түсті. Соның ішінде Қазалы аудандық әскери комиссариатынан шақырылған Совет Одағының Батыры Үрмәш Түктібаев ерекше әсер етті. Ол кітапта батырдың аты-жөні «Орман Түктібаев» деп қате жазылып, суреті болмағандықтан, кітаптағы басқа батырлардай емес, суретсіз дерек қана жазылыпты. Болашақ жазушы бала болса да, Асан руының Матығұлынан тарайтын Тоғыс аталығының үлкендерінен батырдың шын есімі Үрмәш Түктібаев, «Жаңатал» ауылында дүниеге келгенін, соғысқа дейін «Алға» колхозында жұмыс істегенін және бауырлары бар екенін білді. Әлмәмбет аға өзінің әкесі Әліш Үмбеталиев майданда қаза тапқандықтан, Ұлы Отан соғысы оның санасында мәңгі жаңғырып қалды, осы тақырыпты зерттеу арқылы әкем алдындағы перзенттік парызымды да өтеймін деп іштей ойлап жүрді.

Осы жерде орыстың ұлы жазушысы М.А.Шолоховтың «Ұлы Отан соғысы жазушылар үшін мәңгілік тақырып болады» деген сөзі еске түседі. Қалай дәл айтылған, қазір соғыс тақырыбы басқаша жазылып, кинолар да жаңа көзқараспен қайта түсірлуде.

Аты-жөні қате жазылған Үрмәш батырды халқымен қайта қауыштырудың сәті 1966 жылы С.М.Киров атындағы ҚазГУ-дің журналистика факультетін бітірерде түсті. Диплом жұмысының тақырыбы «Менің батыр жерлесім» деп жеке шығармашылық жұмысын ұзақ очерктен қорғауға бекінді. Кафедера меңгерушісіне арыз жазды. Ол кісі шақырып алып: «Басқа студенттер өндіріс пен ауылшаруашылық тақырыбын таңдап жатыр, мына жұмысыңды ұзақ очерк деп алыпсын. Диплом жұмысынды қорғай алмай қалмайсың ба?» деп ескерткенде, алған бетінен қайтпай, тәуекелге барды. Диплом жұмысын жазуға екі ай берілді. Алдымен Үрмәш батырдың фотосуретін тауып қойған болатын. 1938 жылы Қазалы қаласындағы ОСОАВИАХИМ (ДОСААФ) мектебінде Сұрқаш Нұрымбетовпен бірге дайындықтан өтіпті. Үрмәш 1938 жылы әскерге шақырылып, Беларусь жерінде теміржол салатын құрамаға жіберіліп, сонда Қазалыда бірге барған Сұрқаш Нұрымбетов екеуі бір топ адаммен фотоға түскен екен, соны сұрап алып, Қазалы қаласындағы фотоательеге апарып, Үрмәштің суретін жеке түсіріп алды. Басындағы қызыләскердің емес теміржолшының бас киімі еді, Алматыға келгесін фотографқа қызыл жұлдыз қондырып алды. Қазіргі біздің көріп жүрген Ү.Түктібаевтың жалғыз фотосы – осы. «Менің батыр жерлесім» (ұзақ очерк) атты шығармашылық диплом жұмысын университеттің акт залында 1,5 сағат бойы қорғады, комиссия құрамындағы оқытушылардың көбісі майдангерлер болатын, бәрі ықыласпен тыңдап, сұрақ қоюмен болды. Мемлекеттік комиссия: «Отлично с отметкой» деп ең жоғары баға берді. Мемлекеттік комиссия төрағасы, Қазақ КСР-нің Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мелекеттік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Қ.Әбілхановтың қолынан «диплом жұмысын «Қазақстан» баспасынан жеке кітап етіп шығару» жөніндегі қаулыны алды. Осындай мақтауларды естіген ағамыз тағы да тәуекелге барып, көркем әдебиеттер шығаратын «Жазушы» баспасына апарсам деген ой келді. Себебі, Үрмәш Түктібаев туралы толық мәліметтерді келтіріп, Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінде «Сиямен атын жазар едім алтындаған» деген мақаласы жарияланды. Республикалық «Лениншіл жас» газетінде «Менің батыр жерлесім» (деректі повесть) деген атпен екі санында бөліп жарияланды. Қазақ радиосының «Шалқар» радиостанциясынан 45 минуттық хабарында халық артисі Әнуарбек Байжанбаев оқыды. Бұл сол кездегі өлшеммен студент үшін ғана емес, жас жазушы үшін де үлкен жетістік әрі мәртебе еді. Әлмәмбет ағамыз осы басылымдардан түскен гонорардың арқасында астананың ауқатты студентері қатарына қосылды. Ал, Үрмәш Түктібаев туралы дипломдық жұмысы, сол кезде Ұлы Жеңістің 25 жылдығына орай «Жазушы» баспасынан шығып жатқан «Совет Одағының Батырлары» сериясынан қалып қойғандықтан, келесі жылдың жоспарына енгізілді. «Үрмәш Түктібаев» кітабы 1969 жылы 12 мың данамен шықты, кітап редакторы болған Машқар Гумеров бұл кітапты жыл қорытындысы бойынша жазушылар жиынында жоғары бағалады. Осындай жастық шақтағы шабыт оның «Жазушы» баспасына келуіне әсер етті. Диплом жұмысын оқып шыққан баспаның жастар редакциясының меңгерушісі Сәуірбек Бақбергенов: «Диплом жұмысының көлемі үш баспа табақ, повесть қылып шығару үшін толықтырып жазып әкел. Біздің баспа көлемі бес баспа табақтан кем шығарманы баспайды» деп кеңес берді. Белгілі жазушы С.Бақбергеновтың бұл сөзі Әлекеңе қанат бітіргендей әсер етті. Жерлесі Ү.Түктібаев туралы тереңірек білу үшін, ерлікпен қаза тапқан жері Латвияға барып, болашақ шығармасына материал жинау қажеттілігі туды. 1967 жылы Үрмәштің ағасы Қалман екеуі өз қаражатымен Балтық бойындағы Латвияға сапар шекті. 2-ші Прибалтика майданының 391-дивизиясының 1280-ші атқыштар полкінің пулеметші бөлімінің командирі Үрмәш Түктібаев майданда төрт рет жараланып. Жауынгерлік Қызыл Жұлдыз орденімен, медальдармен марапатталып, соғысудың тәсілін жетік меңгерген екен. Жергілікті халықтың айтуымен Үрмәштің соңғы шайқасын ойша қалпына келтіре бастады. 1944 жылдың 20 шілдесінде Лудза ауданындағы «Перели» елді мекені үшін кескілескен шайқас болады, пулемет бөлімшесінен бір өзі қалған Үрмәш ату позициясын өзгерте отырып, фашистерді жақындатпайды. Пулемет оғы таусылған соң, тірілей қолға түсірмекші болған жаумен қолма-қол айқасқа түсіп, жаудың 20 солдатын автомат дүмбісімен ұрып өлтіреді. Соғысқа дейін қара жұмыста шыныққан қазақты тірілей қолға түсіре алмасын білген фашистер оқ жаудырып жібереді. Қаза тапқан соң Ү.Түктібаев Даугава өзені бойынан 50 шақырым жердегі Нерза поселкесіндегі бауырластар зиратына жерленген екен. Сәуір айында барғандықтан зират етуге барып тағзым ете алмайды. Ол жақта көктем мен күз айларында ми батпақ сол күйінде жатады екен. Қыс немесе жаз айларында бару керек екен. Латвиялықтарға тағы да келеміз деп, елге қайтып келісімен ауданның сол кездегі басшысы Ә.Байшуақовқа арнайы кіреді. Әлекеннің алға қойған мақсатын Ә.Байшуақов Бюрода арнайы қарап, комиссия құрды. Құрамында Ә.Әлішов, «Октябрь» совхозының парторгі Қали Мәкенов, мәдениет бөлімінің бастығы Қ.Асанбаев, мектеп директоры Б.Бұхарбаев, аудандық әсери комиссариат бастығы, т.б. адамдар болды. Сол 1967 жылы екінші рет Латвияға комиссия құрамындағы төрт адам барады деп шешті. Олар – Ә.Әлішов, Қалман Түктібаев, №24 мектеп директоры Бөріқожа Бұхарбаев және №17 мектептің ағылшын тілінің мұғалімі Бейбайша Тілеубергенова. 1967 жылы В.И.Лениннің 97 жылдығына орай келгендіктен Лудза аудандық партия активінің жиналысы болып, Ә.Әлішев сөз сөйледі. Қазалылықтар қонақүйге тоқтағанда, сол қонақүй асханасындағы өзбек Тайырдан: «қазақша ет дайындай аласың ба?» деп сұрағанда, ол қолынан келетінін айтты. Семіз биязы жүнді қой ал деп ақшасын беріп, ішімдік жағынан да ұят болмасын деп оның да ақшасын берген болатын. Салтанатты жиналыстан шыққан Лудза аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Виноградовқа Әлекең: «Бізде қонақтар қайтар кезде дастарқаннан дәм татқызады» дегенде, ол келісіп, өзімен бірге аудан басшыларын түгелдей ерітіп келді. Тайыр дайындаған қазақтың етін тамсана жеп, мақтаумен болды. Ішкен ішімдектері буынға түсіп майсарай бастағанда «темірді қызған кезде соқ» деген сөз есіне түсіп, дастарқанды басқарып отырған Әлекең  қсоңғы сөзінде, Лудза ауданы басшыларына батыр жерлесі Ү.Түктібаевтың бейітінің басына көрнекті етіп ескерткіш орнатуды сұрады. Аудан басшысы өзі ертіп келген аудан тұтқасын ұстап отырған 30 адамның көзінше уәде берді. Кейін Лудза ауданының басшысы сөзінде тұрып, Ү.Түктібаевтың бейітіне Карелиядан арнайы алқызыл гранит алдыртып еңселі ескерткіш орнатты. Осы сапар барысында Лудза ауданының басшысы риза болғандықтан, қазір атақты фестиваль өтіп жүрген курортты қала Юрмалаға екі адамға жолдама берді, оған Бердіғали Құрманбаев екеуі барып демалып қайтқан болатын.

Одан кейінгі жағдай белгілі, алып империя КСРО ыдырып кетті. Балтық бойындағы елдер Эстония, Литва және Латвия Ұлы Отан соғысына басқаша көзқараспен қарап, кезінде жерін азат еткен кеңес жауынгерлеріне басқыншы деп, орнатқан ескерткіштерін қирата бастады. Бұл, әрине, ұзақ жыл бойы жерлес батырын зерттеп, екі кітап шығарған жазушы Ә.Әлішевке ауыр тиді. Осындай қамкөңілде жүргенде, қуанышты хабар келді. Ү.Түктібаевқа орнатылған ескерткіш дін аман екен. Шымкент қаласында журналист Дулат Әбішев «Айғақ» газетін шығарады, кейін осы ісін кеңейтіп, «Айғақ» атты коммерциялық кабельді телеарна ашады. Бір миллионнан астам халықы бар Шымкент қаласына көрсетілетін «Айғақ» тележурналистері Латвияға барғанда. Лудза ауданында ерлікпен қаза тапқан қазалылық Ү.Түктібаев ескерткішін бейнежазбаға түсіріп, сол жерден хабар ұйымдастырады. Кейін осы хабардың жалғасын түсіру үшін, осыдан 7-8 жыл бұрын Қазалыға, Ү.Түктібаев ауылындағы Қалманның үйіне барады, оның балалары Әлмәмбет ағасының мекенжайын береді. Әлмәмбет ағамыз осы телеарнаға үлкен сұхбат берген болатын. Ұзақ жыл бойы зерттеп жазған «Батыр болып тумайды» повесі 1970 жылы «Жазушы» баспасынан 46 мың тиражбен басылып шықты, одан алған гонарардың ақшасына әдеби ортадағы белгілі аудармашы Лена Қосмұхамедоваға повесті орыс тіліне аудартты. Сол шығарманы жазушы Эрна Балоде латыш тіліне аударды. 1972 жылы Латвия Республикасының астанасы Рига қаласындағы «Лиссма» баспасынан 10 мың тиражбен жарық көріп, кезінде Балтық бойындағы жазушыларының жоғары бағасына ие болды. Осы повесть 1981 жылы жазушының «Бәйтеректің бұтағы» жинағына енгізіліп, «Жалын» баспасынан 30 мың данамен басылып шықты.

КСРО-ның бас басылымы «Правда» газетінің 1972 жылғы 19 сәуірдегі санында және КСРО Жазушылар Одағының органы «Литературная газетасының» 1975 жылғы 11 маусымдағы санында «Батыр болып тумайды» повесіне жоғары баға берген мақалалар топтастырылып жарияланды. Соңғы рет 2008 жылы Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан жазушы Ә.Әлішевтің екі томдық шығармалары жарық көргенде «Батыр болып тумайды» повесі бірінші томға енді. Міне, «Батыр елінің атын шығарса, елі батырының атын шығарады» дегендей, Үрмәштің есімін қайта жаңғыртып, халқына қайта қосқан еңбегі босқа кеткен жоқ. Ү.Түктібаев есімі «Октябрь» совхозына және №24 мектепке есімі беріліп, «Жеңіс» паркінде ескерткіші орнатылып, көшеге де есімі берілді, Ү.Түктібаевтың 100 жылдығы аталып өтіліп, аудан мен облыс бюджетінен бөлінген қаражат есебінен Түктібаев ауылына көркейту жұмыстары жүгізілді. Мұның бәрі жазушы Ә.Әлішевтің батыр туралы шығармасынан бастау алады.

Әлмәмбет аға соғыста қаза тапқан әкесінің басына мәңгі ұмытылмастай етіп ескерткіш орнатсам деген арманына кітаптың соңғы нүктесін қойғанда жетті. «Батыр болып тумайды» кітабының эпиграфына: «Осы еңбегімді Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан аяулы әкем Әліш Үмбеталиевтің рухына арнаймын» деп жазған болатын.

Фотода: совет солдатының тостағанынан жеген ботқанын дәмін ұмытқан латыш баласы қазіргі кезде өзін азат еткен солдатты «басқыншы» деп атап, оларға орнатылған ескерткіштерді қиратты. Әйтуір жерлесім Үрмәш Түктібаевқа орнатылған ескерткіш аман екен, соған қуандым.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: