Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сталин соғыс мүгедектерінен қалай құтылмақшы болды?

11.12.2021, 10:00 499

HALYQLINE.KZ

Соғыстан соң Сталин совет одағының маршалдарына мемуар жазуға тыйым салды. 1950 жылы маршал А.Василевский «Воениздат» баспасына екі қолжазбасы «Сталинградтан Венаға дейін» және «Берлинге шабуылын» тапсырғанмен «мұртты көсем» өлген соң ғана жарық көрді. Себебі, Сталин: «В мемуарах не будет объективности» деген тұжырым жасаған болатын, оны да түсінуге болады, Бас қолбасшы ретінде Ұлы Отан соғысындағы жеңісті ешкіммен бөліскісі келмеді.

Сондай-ақ 1947 жылы Ленинград блокадасына арналған мұражайдың ашылуына рұқсат берген жоқ және сол жылдан бастап 9 мамыр Жеңіс күнін атап өтуге де тыйым салды, ол аздай соғыс кезінде алған әр ордені үшін тиісті ай сайынғы 1 сом 20 тиын жеңілдіктен де айырды.

Ең сорақысы, соғыс мүгедектерінен бас тартты, ал соғыс мүгедектерін соғыстан кейінгі жылдары көшеде әр қадам сайын кездестіруге болатын.

1970 жылы маршал И.С.Конев генерал-полковник Степан Кашкуринге өзі дайындаған құпия ақпаратты көрсетеді:

«Соғыста 46 млн 250 мың адам жараланған, оның ішінде бас сүйегі сынған – 775 мың, бір көзінен айырылғандар – 155 мың, екі көзі жоқтар – 54 мың, бет сүйегі сынған – 501 мың 342, мойны сынған – 157 мың 565, ішек-қарнының жартысы жоқтар – 444 мың 046, омыртқасы сынған жүре алмайтындар – 143 мың 241, жамбасы сынғандар – 630 мың 259, жыныс мүшесі жұлынып кеткендер – 28 мың 648, бір қолы жоқтар – 3 млн 147, екі аяғынан айырылғандар – 1 млн 121 мың, аяғы мен буынынан жұлынып кеткендер – 418 мың 905, екі аяғы мен екі қолынан айырылғандықтан халық оларды «самаурын» деп атап кеткендер 85 мың 942 адам болған екен».

Соғыстан соң жаудан азат етілген қала мен ауылды қалпына келтіру жүріп жатқандықтан соғыс мүгедектеріне тағайындалған жәрдемақы мардымсыз еді, тіпті бір айдың тамағына да жетпейтін, сондықтан олар Москва, Ленинград, Киев, Одесса сияқты ірі қалаларға қарай ағылды, олар базар, дүкен, вокзал, т.б. адамдар көп жерлерге барып қайыршыға айналды.

1949 жылы «халықтар көсемі» И.В.Сталин 70 жасқа толғанын атап өту үшін, Москваға дүниежүзінің көптеген елдерінен салтанатты шараға делегация келетін болғасын, «жеңімпаз совет солдатының келбетін бұзатын мүгедектерден құтылу керек болды». Совет үкіметі оларды Карел-Фин АССР-нің Кириль-Белозерск, Александр-Свирск, Горицк, Валаамский архипелаг-аралдарындағы қаңырап қалған монастырьға орналастырды және оларға тамақ тауып беру үшін аз жәрдемақысының тең жартысын интернат әкімшілігі ұстап қалатын болды.

Қаңырап қалған монастырьды интернатқа айналдырғанмен ешқандай жағдай болған жоқ, жылу жүйесі болмағандықтан тоңып қалмау үшін екі «самаурын» адамды бір корзинаға салып үстіне көрпе жаба салды. Мүгедектердің жүре алатындары қаша бастады.

Сол кезде 1951 жылдың 23 маусымында СССР Жоғарғы Кеңесінің «О мерах борьбы с антиобщественными паразитическими элементами» деген жабық Қаулысы шықты. Осылайша соғыс кезінде фашистерді жеңіп дүниежүзін құлдықтан құтқарған совет солдаты «қоғамға жат паразитке» айналып шыға келді.

МВД министрі Сергей Кругловтың құпия бұйрығымен милиционерлер көпшілік орындарда «каталка» деп аталатын қол арбамен және балдақпен жүретін мүгедектерді «тап беру» (облава) әдісімен машинаға тиеп, келген жағына күштеп жіберетін болды.

Осы жерде «мүгедектердің жақындары не отбасы болмаған ба?» деген заңды сұрақ туады. Соғыс болғандықтан көбісінің отбасы бомбылаудан не фашистер қолынан қаза тапқандықтан жалғыз еді. Кейбіреулері «самаурын» болғандықтан сүйген жарына немесе ата-анасына масыл болғысы келмей, өзі туралы үйінің «қара қағаз» алғаны дұрыс деп интернатты таңдады.

Сондай жігіттің бірі Совет Одағының батыры атанған Волшин еді. Ол туралы «Әскери ұшқыштар» энциклопедиясында: «Григорий Андрейұлы Волошин 06.02.1922 ж – 16.01.1945 ж истребитель асс ұшқышы, лейтенант. 1945 жылы 16 қаңтарда әуе шайқасында командирін құтқарып қалу үшін өз ұшағымен жаудың «Фокке-Вульф-190» ұшағына таран жасап, қаза тапқан соң Совет Одағының батыры атағы берілген». Алайда ол тірі қалғанмен екі аяғы мен екі қолына ампутация жасағасын «самаурын» болып қалған соң 23 жастағы жас жігіт келіншегіне масыл болғысы келмей интернатты тұрақтап, 1974 жылы қайтыс болады. Өлер алдында Валаамский архипелагқа жолын тауып жасырын келген суретші Генадий Добров (1937-2011) осы Волошиннің суретін салады (фотодан көріңіз). Cуретші суретін түнде жасырын салғандықтан, суреттер топтамасын «Ночные летописи» деп атап, совет одағы құлағасын осы атаумен көшпелі көрме ұйымдастырып жүрді. Арада 20 жыл өткенде 1994 жылы Волшиннің ұлы әкесін суретін көрмеде қойған жерінен танып, аралға келіп әкесінің басына ескерткіш белгі қойды.

Сөз соңында айтарым, 1947 жылы 9 мамыр Жеңіс күнін атап өтуге Сталиннің тыйым салған жарлығының күшін, 1965 жылы Жеңістің 20 жылдығына орай Л.И.Брежнев жойды, содан бастап 9 мамыр демалыс күні болып келеді.

Бақытжан Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: