Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Совет Одағының маршалы неге асылып өлді?

24.01.2024, 10:25 275

HALYQLINE.KZ

1991 жылы ГКЧП бүлігі басылған соң, үш күн өткен соң, 24 тамызда Кремльдің 14-ші корпусындағы өзінің 19 «в» кабинетінде сағат 21:50-де Совет Одағының маршалы Сергей Ахромеев асылып өлді. Оның ГКЧП-ға қатысы да болмады. Оның асылып өлгенін естіген президент М.С.Горбачев: «Біз жүргізіп жатқан қоғамды өзгерту үрдістерін түсінбегендіктен кетті» деп айтуы, өлгеннен кейін де жерлеу рәсіміне әсер етті. Совет Одағының маршалы, Совет Одағының батыры ретінде Кремль іргесіне жерлеуге рұқсат бермеді. Бір аптадан кейін тергеу ісі жабылған соң Троекуров зиратына жерленгенде, соңғы сапарға шығарып салуға КПСС Орталық Комитеті, Саяси Бюро мүшелері түгіл, өмірінің 68 жылының 50 жылын совет армиясына арнаған маршалмен қоштасуға Бас штабтағылар да келген жоқ. Осындай жоғары рангалы әскери адамның қайтыс болғаны туралы еш газет те қазанама берген жоқ. Қайта СССР-дің қас жауы болып табылатын АҚШ Әскери-Теңіз флотының адмиралы Уильям Кроу «Тайм» газетінде қазанама ретінде өмірден әскери істің білгірі өткенін айта келе, маршал Ахромеевті «Коммунист. Патриот. Солдат» деп жоғары бағалады. Кейін осы үш сөз басына орнатылған ескерткішке қашап жазылды. Ахромеевті ағайын-туыстары ғана жерледі, қайғы жамылған отбасының ойына келмеді ме, марқұмды маршал кителімен қоса жерледі, кителдегі погондағы жұлдыз және герб пен ілгектері таза алтын болатын. Сол жерленген күні түнде ұрылар табытты сыртқа шығарып, кителін шешіп алып, тіпті табыттың беткі қақпағын да жаппай кетті. Ұрылардың моланы асықпай қазғаны соншалық, арасында демалып «рояль» арағын ішіп бос ыдысын тастап кетті, ұрыларды саусақ таңбасымен-ақ табуға болатын, бірақ милиция оны іздеуге құлықсыз болды. Сол жерленген күні 1 қыркүйекте СССР Жоғары Кеңесінің сессиясы болғанда, ірі әскери қолбасшыны еске түсіруге тиісті бір минуттық рәсім де жасалған жоқ.

Сонымен, Совет Одағының маршалы, СССР Қарулы Күштеріне өмірінің елу жылын арнаған Сергей Ахромеевтың неге асылып өлгеніне келейік. Сергей 1923 жылы дүниеге келді, соғыс басталар алдында әскери училищені бітіріп, әскери ант береді. 1941 жылы соғыс басталғанда батальон басқарып, Ленинградты ақырына дейін қорғайды. Ленинград блокадасы аяқталғанда, аласа бойлы қағылез Сергейдің салмағы 37 кг болған екен. 1945-1965 жылдары Баку қаласынан Қиыр Шығысқа дейінгі әскери горнизондарында әскери антына адал болып, полковник шеніне дейін өседі. 1967 жылы Бас штаб жанындағы Академияны бітіреді, генерал атағы беріліп, СССР қорғаныс министірінің бірінші орынбасары болады. 1974 жылы армия генералы Ахромеев Бас штаб бастығының бірінші орынбасары болады. 1982 жылы Ауғанстандағы әскери стратегиялық жоспарды іске сәтті атқарғаны үшін Совет Одағының Батыры, 1983 жылы Совет Одағының Маршалы атанады. 1985 жылы ел басшылығына М.Горбачев келгенде маршал Ахромеев СССР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы қызметінде еді. Горбачев билікке келісімен жанталаса қарулану елді құзға құлататынын біліп, «бұлай өмір сүруге болмайды» деп қарусыздану, батыс елдерімен жақындасу бағытын ұстанды. Сол үшін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Дж. Шульцпен алдымен СССР сыртқы істер министрі Здуард Шевернадзе кездесіп, Европада радиусы 500 шақырымнан асатын орташа қашықтағы ракеталарды жою туралы келіссөз жүргізеді. АҚШ мемхатшысы Дж. Шульц совет жағына «ОКА» оперативті-тактикалық зенитті қондырғыны да жоюды ұсынды. Бұған, ең алдымен, Бас штаб бастығы, маршал Сергей Ахромеев қарсы болып, «ОКА-ның» радиусы 400 шақырымнан аспайтынын алға тартты. Сол кезде АҚШ жағы Э.А.Шевернадзе және КПСС ОК хатшысы А.Яковлевпен екінші рет кездесіп, орташа қашықтықтағы ракетеларды жою туралы шартқа осы «ОКА» зенитті кешенді кіргізуге қол жеткізіп келісті. Сосын АҚШ пен СССР президенттері Рональд Рейган мен Михаил Горбачев қол қойды. Газеттен осы келісімге қол қою кезінде совет елі жағынан СССР Қарулы Күштерінің Бас штаб бастығы С.Ахромеев қатысты дегенді естіп, маршал инсульттің жеңіл түрін алды, ауруханадан шыққасын Горбачевке арыз жазып өз еркімен Бас штаб бастығы қызметінен кетті, Горбачев әскери істің күшті маманынан айырылғысы келмей, Ахромеевке президенттің қорғаныс, яғни әскери ісі жөніндегі кеңесшісі қызметін ұсынды. Сосын Р.Рейган мен М.Горбачев континнетаралық ракеталарын жоюға шарт жасады, ол ракеталарды сонау Шығыс Европадан Қазақстандағы Сарышығанақ әскери полигонына әкеліп жарып жатты. Осы сатқындық саясаты үшін М.Горбачев «Әлемдегі бейбітшілік құрудың архитекторы» деп барынша мақталып, жүргізген бейбітшілік саясаты үшін Нобель сыйлығын алды.

СССР Қарулы Күштерін көз алдында қолдан құртып жатқанын маршал Ахромеев СССР Жоғары Кеңесіне депутаттыққа түсер кезінде округтерді аралау кезінде көзі жетті. Сол кезде қойын кітапшасына мынадай сөздер жазған екен: «халық комунистік партия мен президент Горбачевке сенбейді», «әскери техника талан-таражға түсуде», т.б. Сосын ГКЧП бүлігіне СССР Қорғаныс министрі Д.Язовтың кіруі өмірден түңілтіп жіберді. ГКЧП-ны ұйымдастырған СССР-дің вице-президенті Янаев Ахромеевті де шақырғанда маршал: «Мен 1940 жылы берген әскери антымды бұзбаймын» деп бас тартты. Осылай ұнжырғасы түсіп жүргенде (фотода) қолхат жазды: «Мен бар өмірімді арнаған Отаным құрдымға кетіп бара жатқанда, мен өмір сүре алмаймын. Менін жағдайым және сүріп өткен өмірім маған өз еркіммен кетуіме құқық береді». Бастапқыда асылып өлгендіктен ГКЧП-ға қатысы бар деп, іс қозғалғандықтан Кремль іргесіне жерленбеуіне басты себеп болған еді. Алайда СССР Прокуратурасы істі қарап болғасын қараша айында маршал С.Ахромеевті ақтап шығарды.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

(Ашық дерек көзінен алынған фотода Бас штаб бастығы маршал С.Ахромеев президент М.Горбачевтің оң жағында тұр).

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: