Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Соғыс кезінде Т-34 танк экипажы қазақ қыздары болғанын неге жасырды?

24.08.2023, 9:00 304

HALYQLINE.KZ

1945 жылдың 24 маусымында Қызыл Алаңда болған тарихи парадтан кейін кешкісін Кремльде болған үлкен банкетте тост сөйлегенде, генералиссимус және Жоғары Бас Қолбасшы, маршал Сталин қолына бокал ұстап тұрып, «Мен соғыста басқа ұлт өкілдеріне үлгі болған ұлы орыс халқы үшін ішемін» деген болатын. Сталинге қарағанда маршал Жуковтың қайта құдайшылығы бар екен. 1965 жылы Жеңістің 20 жылдығына байланысты шақырылмаса да, Москвадағы Офицерлер Үйіне барғанда кірген бойда бәрі орнынан тұрып: «Ұлы Жеңістің авторына Ура. Ура. Ура» дегенде, Жуков микрофонға келіп: «Жеңістің авторы – бүкіл совет халқы екенін ұмытпаңыздар екен!» деген болатын. Алайда совет халқы тек конституция бойынша ғана тең болды. Оған нақты айғақ, 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде жалғыз Т-34 танк экипажының мүшелері қазақ қыздары болғандығын әлі күнге дейін аузына да алмайды және 80 жылдан бері жасырып келеді. Себебі соғыс жылдарында майданда соғысқан 800 мыңнан астам әйелдің тек 20-сы ғана бронды-танк әскер сапында болды, оның 13-і славян халқының өкілі болса, 4-еуі – қазақ қызы, 3-еуінің аты-жөні аталмайды, соған қарағанда олар да қазақтың қыздары болуы мүмкін. Енді 13-інің фамилиялары: В.С.Баратова, А.С.Бойко, В.А.Грибасова, Л.Н.Калинина, Е.С.Лагунова, И.Н.Левченко, М.В.Октябрьская, Е.А.Петлюк, А.Н.Ращупкина, А.Г.Санусенко, О.Д.Сотникова, Н.И.Ширяева. Бұлар 13 болғанмен танк зкипажы бола алған жоқ, күйеулерінің қасында біреуі радист, екіншісі атқыш, үшіншісі жүргізуші болды. Ал 4 қазақ қызы бір танк экипажы болды, олардың аты-жөндері: экипаж командирі әрі көздеуші, кіші сержант Жамал Байтасова, оқтаушы-атушы Күлкен Тоқбергенова, механик-жүргізуші Күнжәмила Талқанбаева, радист-пулеметші Жәмила Бейсенбаева. Бұл қазақтың төрт батыр қызын да білмеуіміз мүмкін еді, егер де 1944 жылы 22 тамызда Қарағанды облыстық «Советтік Қарағанды» газетінде «дала почтасы № 28054-0» әскери бөліміндегі сержант Топатай Жүнісовтың «Қазақтың танкист қыздары» атты мақаласында Т-34 танк экипажы бірыңғай қарағандылық қыздар екенін, олардың Курск шайқасында бір ұрыста ғана жаудың бес нүктесін жойғандығын айтып ерлігін жазған еді. Кейін белгілі болғандай, мақала авторы Топатай Жүнісіовтың өзі де Қарағанды облысының Қарқаралы ауданынан болып шықты, жерлестері туралы жазбағанда біз төрт қызымызды мүлдем білмейді де екенбіз. Осы мақаланы оқыған майдангер-жазушы Қалмұқан Исабаев «Қазақ әдебиеті» газетінің 1975 жылы 9 мамырдағы санында осы төрт танкист қазақ қызының Балтық бойындағы шайқастарда қаза тапқанын және танитындары болса, газет редакциясына хабарласуын сұраған еді, ешкімнен хабар түскен жоқ.

Бар білетініміз, қарағандылық қыз Жамал Байтасова соғыс басталғанан бастап майданға өз еркімен бару үшін военкомат есігін тоздырады, майданға санитарка болып барасың дегеніне көнбей тракторларшылар курсын бітіргендігін алға тартып, танкист болғысы келетінін айтып қайтпайды. 1942 жылы маусым айында СССР Қорғаныс Наркоматы №0459 бұйрығы шығады, онда адам ресурстарының жетіспеушілігіне байланысты бронды техника әскер қатарына әйелдерді де алуға рұқсат етті. Сол кезде өзіндей қарағандылық қыздар Күлкен Тоқбергенова, Күнжәмила Талқанбаева, Жәмила Бейсенбаева мен Жамал Байтасова танк экипажына қажетті әскери мамандарды дайындайтын қысқамерзімді курста жолығып танысып, сол кезде төртеуі ескерткішке фотоға түсуі, батыр қыздарымыз туралы өкінішке қарай жалғыз ғана дерек болып қалды. Қалған құжаттар қызғаныштан жойып жіберілуі мүмкін. Тек курсты жүргізген лейтенант Осипованың төрт қызымызға танк экипажы бола алатыны туралы рапорты ғана сақталған, онда: «Экипаж жедел курсты жақсы меңгерді, танкінің техникалық жағдайын қарай және жөндей алатын дәрежеде. Тактикалық әдіс нұсқауларды, топографиялық карта бойынша ориентация жасауды өз дәрежесінде біледі. Қашықтан және жақыннан ату полигонында да үздіктер қатарында болды» делінген. Конструктор Кошкиннің сол кездегі озық техникасы болып табылатын Т-34 танкісін азиялық ұлт өкілі қазақ қыздарының игеруі орыстардың өтінің жарылып кетуіне себепші болды, сондықтан да олардың екінші дүниежүзілік соғыстағы ең үлкен Курск шайқасы кезіндегі Прохровха түбіндегі екі жақтан мың жарым танктердің шайқасына қатысып аман шығуының өзі ерліктің көкесін көрсетуі емес пе? Бұл туралы біз еш уақытта білмейміз. Тек Жамал Байтасованың майданға кетер алында соғыстағы әкесі Асанға жазған хатында: «Әке өз міндетімді орындап, жеңіспен үйге оралуға уәде беремін. Қасымдағы үш құрбым да қазақ қыздары. Құшақтап бетінен сүйдім. Қызың Жамал» делінген.

Жоғарыда аталған 13 орыс әйелінің біреуі Мария Октябрьская Совет Одағының батыры атанды. Соғыста танкист болған жоғары шенді күйеуі қаза тапқан соң, 50 мың рубльді Қорғаныс қорына аударып Сталинге: «Менің күйеуім соғыста қаза тапқан соң, жинақ кітапшамдағы 50 000 рубльге майдан үшін жасалынып танкілерге үлес қоса отырып, маған осы танкілердің бірінде фашистерге қарсы соғысуыма рұқсат беруіңізді сұраймын» деп хат жазады. Жауап та көп күттірмей келеді: «Мария Василийқызы, сіздің еліміздің брондытехникасын жасауға қосқан үлесіңіз үшін рақмет! Сіздің өтінішіңіз орындалуына рұқсат бердім. Сталин». Осылайша жесір қатын танк жүргізушісі болып соғысқа алынып, ерлік көреткені үшін Совет Одағының батыры атанады. Қандай ерлік, оған тоқталмаймын, өзіміздің төрт батыр қызымыздың ерлігін жасырған ұлттың ерлігі бізге керек те емес.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: