Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сіз ССО-да болдыңыз ба?

10.09.2022, 11:00 563

HALYQLINE.KZ

Қазір СССР туралы айтсақ, екі түрлі пікір айтады: бірінші топ «ол кезде қазақ өз тілінен, жерінен, салт-дәстүрінен айырыла жаздады, өзіңді орысқұлсың» деп айыптап шыға келсе, екінші топ ол кезді сағына еске алады, алаңсыз балалық пен студенттік шақты, дипломмен тегін жұмысқа тұрып, кезегі келгенде тегін пәтер алып, алаңсыз қызмет істегені еске түседі.

Сол сағына еске түсетін кезең – институтта оқып жүргенде емтихан тапсырып болып, институт жанынан құрылған студенттік құрылыс отрядында (ССО) болған кез. Жазғы семестр аяқталып, студенттер осы ССО-ға жазылып, еңбек семестріне кететін. Бұл, біріншіден, студентер босқа жүрмей еңбек ететін, екіншіден, қаржы тауып ата-анасына салмақ салмай өздері киініп, оқу-құралдарын сатып алып, жол шығынына ақша қалдыратын, үшіншіден, отряд құрамындағы студент-жауынгер (боец) атанып, арнаулы форма киіп тәртіпке үйренетін, тәртіп бұзғандары отрядтан шығарылып, оқу орнына қағаз жіберілетін, төртіншіден, студенттер құрылыстағы ауыр жұмыстан соң кешкі алау жанында гитарамен ән салып (фотода сол мен қазіргі кез), қазіргі тілмен айтқанда, адреналин алатын:

А строй отряды уходят дальше,

А строй гитары не терпит фальши.

И наш словесний максимализм,

Проверит время, проверит жизнь (студенттік фольклордан)

ССО қашаннан бастап құрылды екен деген қызығушылықпен тарихын да қарап шықтым.

Алғашқы ССО 1958 жылы Мәскеудегі Ломоносов атындағы МГУ-дің физика факультетінің студентері тың игеруге өз үлесімізді қосамыз деп, Мәскеу қалалық комсомол комитетінің қолдауымен, Қазақстанға 400 студент аттанып кетіпті. Олар Солтүстік Қазақстанның Булаев ауданына келеді. Осы Булаев ауданындағы совхоздарда ССО жауынгерлері бір жазда 12 тұрғын үй, сиыр, шошқа, тауық, қоян қора салып, 250 млн сомның қаржысын игереді. Осылайша физфак студенттері ВССО-ны (БСҚО) құрып бастама бастауы, келесі жылы барлық ЖОО-дары қызу қолдайды.

Қазақстанда да ССО-ның шарықтау шағы 1972 жылы болды, жазғы демалысында 44 946 студент құрылыс отрядтарына жазылды. СССР-дің 107 қаласындағы 346 институт пен техникумнан 24 621 студент Қазақстанға келді. Олар 2375 үй, 5606 оқушыға арналған 20 мектеп, 8 клуб, 14 монша, 284 мал қора, 32 шошқа қора, 9 қойма салып, 131,5 млн сомның қаржысын игерді.

Осы 1972 жылы Алматы қаласында «КазГУ қалашығының» құрылысы басталса, «Медеу» мұз айдынын салуға шетелдік ССО-лар қатысты.

Студенттер ССО қатарына тек қаражат үшін бармайтын. Ол кездегі жастарды қазіргі жастармен салыстыруға келмейді. Ол кезде алдына мақсат қойып романтикаға толы кезеңді бастарынан өткеру үшін баратын, қарапайым тілмен айтқанда ақша екінші орында тұратын, достықты жоғары бағалайтын. Қазіргі жастар сияқты «секс» емес, өмірлік адал жар болатын серік іздеп, тауып үйленуге уәделесіп қайтатын. Кей пысық жігіттер кооперативтік пәтерге ақша жинап қайтатын. ССО-дағы ауыр құрылыс жұмыстарында істегендерге жалақы әділ төленетін. Сол кездегі құрылыста істеген студенттер 200-400 сомнан 1000 сомға дейін ақша табатын. 1972 жылы Қазақстандағы студенттерге 20 млн 900 сом төленген, әр студентке 465 сомнан келіп тұр, бұл студентке бір жыл бойы төленетін стипендиясынан да асып тұр.

Қазақтың атақты «Дос-Мұқасан» ансамблі де осындай студенттік құрылыс отрядының қатарындағы политехникалық институтының студенттерінен құрылған болатын. 1967 жылы Павлодар облысындағы Баянауыл ауылындағы мәдениет Үйін салуға келген ССО жауынгерлері Досым, Мұрат, Қамит және Саня 1 тамызда алғашқы концертін берді. Ансамбль атын Будапешттегі Карл Маркс атындағы институтының интернационалдық студент құрылыс отрядының командирі, бойында қыпшақ қаны бар мадияр (венгр) Янош Карпоти аталған 4 жігіттің аттарынан құрастырып «Дос-Мұқасан» деген тамаша ат қойып берді.

1976 жылы «Қазақфильм» осы ССО-дағы студенттік өмір туралы «Менің үшінші курстағы махаббатым» атты фильм түсірді. Фильмдегі А.Пахмутованың мына тамаша әнін Александр Градский орындаған болатын:

Как молоды мы были,

Как молоды мы были.

Как искренне любили,

Как верили в себя!

Кезінде бұл ән, қазіргі тілмен айтқанда, хит болатын.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: