Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қос моланың құпиясы

26.09.2022, 16:00 467

HALYQLINE.KZ

Бұл  да  –  тарих!

Сөз  басы

Арал ауданы, Қамыстыбас (Қамбаш) стансасының солтүстік шығыс бөлігінде балық тиейтін кешенді құрылыс – «Бекауыз» (Пакауз) тұсында, Яхия аға мен Аймахан атаның үйлерінің қақ ортасында сырын ішіне бүгіп, христиан моласы мен мұсылман моласы қатар жатыр. Бұлар, екі дін өкілі болғанымен, шын мәнінде, бір ұлттың – татар ұлтының молалары еді.

Бір ұлттың молалары болса, неге екі түрлі мола?!  Татарлар десек, қазақ жерінің түкпіріне не іздеп келді?! Неліктен Қамбаш жерінде бір мезгілде қайтыс болған?!

Сұрақ көп. Осы сұрақтардың шешуін әріден іздеп көрелік.

Алтын  Орда

Алтын Орда (1243-1503) – Орта ғасырларда Шыңғыс хан империясының құрамында Дешті Қыпшақта құрылған түрік мемлекеті.

Батыста Днестрге, Шығыста Ертіске, оңтүстікте Солтүстік Кавказға дейінгі жерді алып жатты. Орыс княздықтары да Алтын Ордаға бағынды. Бату хан тұсында астанасы Еділ бойындағы Сарай қаласы болды. Негізгі әскери күші – қыпшақ тайпалары. Мемлекеттік тілі – қыпшақ тілі болды.

1502 жылы соңғы билеуші Шейх Ахмет ханның өлімінен соң, Алтын Орда мемлекеті жойылды.

Алтын Орда жерінде Қырым (1428-1792), Қазан (1434-1556), Қасым (1445-1681), Астрахань (1466-1557), Сібір (1563-1656), Башқұрт (1656-1738) хандықтары сияқты мемлекеттік құрылымдар пайда болды.

Қазақ хандығы да осы кезеңдерде (шамамен 1456-1465 жылдары) қалыптасты.

Демек, қыпшақ тілдес татарлар – қазақтарға ең жақын, бауырлас халық. Олай болса, олардың екі дінде жүруі – бізді де, қазақтарды да ойландырса керек.

Оқырманға түсінікті болуы үшін татар халқының тарихына тереңірек үңілуді жөн санадым.

Татарлар  тағдыры

Түркі тілдес қыпшақ тобына жататын этникалық топтардың бірі – татарлар этнотерриториялық татарларды біріктірген Бұлғар мемлекетінің қол астында өз хандығын өрістеткен. Атап айтқанда, біздің дәуіріміздегі 1000 жылға дейін өмір сүрген Бұлғар мемлекетінің аумағында орналасқан Қазан, Астрахань, Сібір хандықтары «татар» атауының қалыптасуына ықпал етті. Қазан хандығының күшеюінен қорыққан Иван Грозный татарларға қарсы соғыста жеңіп, татарларды зорлықпен шоқындыру саясатын жүргізді. Бұл татарлардың Ресейден шалғай аймақтарға, ең алдымен Орал, Батыс Сібір және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстануының басты себебі болды.

Татарларды жаппай шоқындырмақшы болған Иван Грозный (Иван IV) (25.8.1530-18.3.1584) – бүкіл Русьтің ұлы князі (1533 жылдан) алғашқы Ресей патшасы (1547-84) Мәскеудің ұлы князі ІІІ Василийдің баласы.

Кейіннен бұл саясатын тиімді пайдаланған І Петр барлық тұрғынды алты айдың ішінде православие дінін қабылдаудан бас тартқан жағдайда барлық құқық мен мүлкінен айыруға үкім шығарады. Оны «сексеуілді сексеуілге ұрып сындырадының» керін келтіріп, ата-бабасы шоқынып, орыстанған Карамзин, Кутузов, Тургенов сынды тегі түркі-татарлардың қолымен «от көсейді».

Өз дінінен бас тартпаған татарлар бүкіл байлығынан, бар жиған-тергенінен айырылып, Орталық Азияға, Қазақстан және Орал өңіріне қоныстанушылардың қатарын толықтырды.

Татарларды туған жерінен жаппай көшірудің екінші кезеңі І Петрдің әскери қызметке шақыру туралы Жарлығынан басталды. Өйткені, алғашқыда «шетелдік» ретінде әскери қызметке шақырылмайтын шеттегі ұлттар соңғы Жарлықтың күшімен әскерге алына бастады. Өмірінің 25 жылын әскери қызметке жұмсамау үшін татарлар Ұлы Далаға ығысып жатты. Қазақ жеріне босқын татарлардың көпшілігі балаларының ұлтын «қазақ» деп жаздырып, патша қуғынынан құтылды.

Небір қиын-қыстауды басынан өткерген, көп ғасыр бойы бодандықтан зардап шеккен татар халқы асқан еңбекқорлығымен өз ұрпағын құрып кетуден сақтап қалды. 1926-1939 жылдар аралығында ғана татарлар саны жарты еседей өскен. Алайда, бұл тек табиғи өсім ғана емес еді. Өйткені, 1939 жылы қыпшақ тілдес тептерлер мен бесермендер татар тілді қауымға айналған. Менземен башқұрттары, сондай-ақ қазақ тіліне жақын диалектіде сөйлейтін Астрахань ноғайлары, ноғайбахтар, оңтүстік Сібір түркілері де ұлтын татар деп көрсетіп үлгерген еді. Сөйтіп, бұл дәуірде әр алуан туыс ұлыстардың татар ұлты төңірегіне топтасуы аяқталған.

Бұл қолында билігі бар орыс шовинистеріне ұнай қойған жоқ. Татар ұлтын одан әрі ыдырату жолында небір зымияндық әрекеттеріне барды. Тіпті, татар халқына басқа да түркі тектес халықтарды айдап салу жолында Батыс Еуропа отаршылдарының Америка халықтарына жүргізген отаршылдық тәжірибелерін де пайдаланды. Сол тәжірибенің бірі – колониялық іс-әрекеттер.

Колония

Колония – лат.colonia «жайғастыру, орналастыру» деген сөз. Яғни, бөтен елден адамдарды жергілікті халықтың бос жатқан жеріне зорлықпен қоныс аудартуы.

Колония сөзі бірнеше нәрсеге қатысты болуы мүмкін. Колония – келген жерінен басқа жерде құрылған адамдар тобы.

Колония деп басқа елден немесе аймақтан бола тұрып, бөгде елде қоныстанған және тұрақты тұрып қалатын адамдардың жиынтығын да айтады.

Колонияға белгілі бір территорияда мекендейтін және бірге өмір сүрген бір түрдегі жануарлардың жиынтығы да жатады. Оларды да колония деп те атайды.

Батыс отаршылдары ХІХ ғасырдың 2-ші жартысынан 1964 жылға дейін колонияаралық пойыз шығарып, жергілікті халықты өз жерлерінен ығыстырып, орнына басқа халықтарды шоғырландыруды, сөйтіп отарлауды іске асырып отырған.

Жергілікті халықты өз жерінен ығыстыру әдісін, яғни теміржол колониясын, Кеңес Үкіметі де 1970 жылдарға дейін шебер пайдаланып келді.

Жерінен ажырату үшін, оған тәжірибе ретінде Ресейдегі аз халықтарды, атап айтқанда, татарларды, удмурттарды, мордваларды, башқұрт сынды ұсақ халықтарды пайдаланды, сондай-ақ орыстардың арасындағы азғындарды – араққұмарларды, түрмеден босанған қылмыскерлерді, жезөкшелерді де колония құрамына қосты.

Ондағы мақсаты – «Екі қоянды бір оқпен атып алу!». Яғни, саны аз халықтарды жерінен көшіріп, тілінен айырып, қаңғыбас күйге түсіріп, мәңгүртке айналдыру, босаған жерлерге орыстарды қоныстандыру. Қаңғыбас халық жүрген жерлерінің халықтарын бүлдіріп, мәңгүрттендіру.

Қамбаштағы  теміржол  колониясы

Сүттей ұйып отырған шағын ғана Қамбаш ауылы 1954 жылдың көктемінде дүр сілкініп оянғандай болды. Жұрттың аузында:

– Теміржолға колон келді!

– Шпал аударып, жаңалайды екен.

– Іштерінде тыр жалаңаш қатындар көп екен! Сотталғандар да бар деседі.

– Неше түрлі ұлттардан тұрады екен!

– Арақты суша сіміретін кәпірлер көрінеді!

– Араларында мұсылмандары да бар! – деген қаңқу сөз.

Әйтеуір, ауыл гу-гу! Колониядағылар да ауыл пікірін растағандай күнде кешкісін Бекауыздың (Пакгауз) алаңында араққа сылқия тойып алып, қызойнақ ұйымдастырады. Жергілікті халықтың салт-дәстүрімен санасуды тіпті де қажет деп таппады. Қызойнақ түннің бір уағына дейін созылады. Жұрттан маза кетеді. Оның үстіне, жергілікті халық жастарын мал бағудан басқаға жолатқысы келмейтін Кеңестік идеология шырмауында жүрген биліктегілердің қысастығы тағы бар. Бұл жағдай ауыл жастары арасында жұмыссыздықтың белең алып, жағдайды ушықтыра түсуіне кең жол ашты. Ақыры, сол жылы жазда ауылда ауыл жастары мен колония жұмысшылары арасында үлкен қақтығыс болды.

Қазақтар – табиғатынан жауынгер халықтың ұрпағы ғой! Тез арада тактика құрылады. Үлкен жігіттер жаңа леппен шабуылдап ұрандап келе жатқанда, алдын ала Бекауыздың (Пакгауздың) үстіне орналасып алған оқушы жас балалар шпалға қағатын үлкен темір шегелер-кастелдерді колониядағылардың үстіне қарша боратады. Ызы-шу, қым-қуыт басталады. Құлап жатқан колониядағыларға ауыл жастары жақындап қалғанда, кастелмен ұру сап тыйылады да, апыр-топырға жол беріледі.

Нәтижесінде, оннан аса адам ауыр жарақат алып, екі адам сол жерде тіл тартпай кетеді. Тергеу басталады.

Артық  ұлт  пен  адамдар

Ресей империясы сықылды Кеңес үкіметі де орыс ұлтын басқалардан жоғары қойды. Орыс шовинизмінің көркін қыздыруда бұратана халықтарды ассимилияциялау, орыстандыру өте дөрекі әдіспен жүргізілді. Орыс еместердің Отанға деген еңбегі, ерлігі, отансүйгіштігі дұрыс бағаланбады. Яғни, адам қатарына алынбады. Ол аз десеңіз, қолындағы бар байлығын, малын, жерін сұраусыз өз қажеттеріне пайдаланды. Аштан қырды. Жерін бүлдірді. Рухани құндылықтарын қажет етпеді.

Салдарынан, бүтіндей халықтар жойылды. Тілінен, мәдениетінен, салт-дәстүр, ділі мен дінінен айырылып, тарихын ұмытты. Мәңгүрттенді. Шын мәнінде, орыс емес, ұсақ халықтар Ресей үшін де, Кеңес үкіметі үшін де кәдеге жарамайтын «артық» халықтар болатын.

Олардың құқығы еш жерде өз мәнінде қорғалмайтын. Сол халықтардың қатарында қазақтар да, татарлар да бар еді. Сондықтан, қайтыс болған аталмыш ұлт адамдарының тағдыры ешкімді де қызықтырмайтын.

Әділдік жоғын жақсы сезінген сол кездегі учаскелік милиция Ықылас Қаппаровтың қазақ жастарының нақақтан күйіп кетпеуіне ықпал жасауы да өздігінен белгілі болатын.

Орыспен жағаласқан кез кезген қазақ сұраусыз сотталып кете баруы – ол кез үшін жазылмаған заң еді. Зардабы әлі күнге сезіліп-ақ келеді. Ал, мына «артық» халықтардың өзара жағаласуы ешкімге де керек емес еді. Сондықтан, басты қатырмай, істі тез жауып тастауы да түсінікті еді!

Сөйтіп, ауылымыздың шығыс жақ бетінде ешкімге қажетсіз хрестиян мен мұсылман қатар жатқан мола сол кездің солақай саясатының белгісі іспетті мәңгілікке жол тартқан-ды.

Күні бүгінге дейін Ресейде «артық» адамдар, «артық» ұлттар өмір сүруде. Оны Украин-Ресей соғысындағы орыс емес өзге ұлттардың алғы шепте көптеп қырылуынан да айқын сезінуге болады.

Иә, бұл басында бостандығы жоқ халықтардың көрген күні осындай болары анық-ты.  

Тәуелсіздік  –  ұлт  бақыты

Ата-әжелеріміздің өз жерінде осындай қысастықта өмір сүргені бәрімізді де ойландыруы керек! Тіпті, Кеңес Үкіметінің алғашқы құрылғанынан бастап, сонау өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін қарапайым кәсіп иелерін дайындайтын оқу орындары қазақ үшін есігі тарс жабық болғаны бүгінгі ұрпақтың есінде жоқ. Естісе, олар үшін біртүрлі, әрі ерсі, әрі күлкілі. Ешкім сенбейді. Бірақ, расы – осы болатын!

Бұл туралы көзі тірі, куәсі болған ауылдың ақсақалы Садақбаев Сейілхан аға былай деп ой толғайды.

– 1957 жылы №21 Қамбаш орта мектебін бітірген соң, бүкіл класымыздың оқушыларын жаңа құрылып жатқан Қарақұм совхозының орталығына жіберді. Ауыл шаруашылығы жұмысы өзімізге таныс. Мал бағу. Алайда, жан-жақтан балалар көп болып, бізге жұмыс табылмай қалды. Содан сол жерден жан-жаққа тарай бастадық. Мен Қазалыдағы училищеге оқуға түсуге бардым. Барсам, училищеде бір қазақ жоқ. Кіл орыстар! Ішкі Ресейден арнайы алдырыпты. Мен сияқты бірен-саран қазаққа шекеден қарайды. Менсінбейді. Бейне, Ресейде жүргендей алшаң-алшаң етеді. Мен ауылдағы орыс балалармен ойнап, тіл сындырғанмын. Соным іске асты. Бірақ, училищеге қабылдамады. Бір алыстау ағайынды тауып, ақыры училищенің электрик мамандығын дайындайтын бөлімге оқуға қабылдандым. Ағайыным: «Бұл сұрқия саясат қой!» – деді де қойды, басын шайқап.

Бала болсақ та, бір қитұртқылықты іштей сездік. Басқа не амал бар. Дауыс көтеруге болмайды, -деді күрсіне.

Мұны естігенде, жақында ғана оқыған мексикалық ақын Джимми Сантияго Бакенің «Чиканостар – байырғы халық» деген шығармасы еске түсті. Онда: «Бірақ, тарихтан хабарсыз немесе білімсіз, ешқандай тарихи шындықты мойындамайтын, тіпті оны әдейі бүлдіретін америкалықтар бізге эмигранттар сияқты қарайды. Кез келген ақ нәсілді біздің жағалауымызға басып кіргенге дейін біз жүздеген жыл, қала берді одан да көп бұрын осында болғанбыз», – деп өз ұлтының тағдырына аса аянышпен қарайтыны менің де өзегімді өртеп жіберді.

Өйткені, біз де америкалық чиканостар тағдырын өткен ғасырдың 50-жылдарының аяғында бастан өткере жаздадық. Бас бостандығы жоқ қазақ халқы да өз жерінде азшылыққа айналып, небәрі 29 пайызға дейін құлдыраған-ды. Тіліміздің де, діліміздің де халі өте мүшкіл күйге түсті. Халқымызды жоспарлы түрде қалаға жолатпауға тырысты. Бір сөзбен айтқанда, біз де өз жерімізде чиканостар сықылды эмигранттардың күйін кештік. Орыстар келмей тұрып, сайын далада еркін жүрген халық бостандығынан айырылған соң, рухы түсіп кетті. Басқа халықтардың қазақ жеріне келіп, еркінсуі де сондықтан!

Құдайға шүкір, асыл аналарымыздың арқасында қайта көпшілікке айналып, тұғырымыз беки түсті. Десек те, Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан астам уақыт өтсе де, әлі жан жарамыз жазылмай-ақ келеді. Шовинистердің ойы әлі де бұзық. Оны шетелдік турист Джони Мнемониктің әлеуметтік желідегі мына пікірінен анық байқауға болады. Қазақшалап айтқанда, «Мен орыстарға қатты таң қаламын. Жарайды, Ресейдегі орыстарды айтпай-ақ қояйық, бірақ мені өте қатты таңқалдырғаны – қазақстандық орыстардың мінез-құлқы. Жақында Қарағанды қаласына жолым түсті. Ол жақтағы орыстар қазақтарға өшпенділікпен қарайды екен. Орысша тіл қатса да, құрметпен қарамайды», – деді.

Міне, көрдіңіздер ме, бұдан мынадай ой-түйін шығады. «Ата-баба: «Орыстан досың болса, айбалтаң жаныңда болсын» дегендей, әрқашан да ішкі-сыртқы жаулардан сақ болайық! Ауызбірлікте Тәуелсіздігімізді баянды ете берейік! Ұлт бақыты – тек Тәуелсіздікте!» – дегім келеді.

Бір қуанарлығы, соңғы кездегі Украинадағы жағдай Тәуелсіздік лебін татарлар сынды орыс езгісіндегі ұсақ халықтарға да сезінте бастады.

Иә, Тәуелсіздік – ұлы бақыт!

Нұрбай  ЖҮСІП,

Қамыстыбас  ауылы.

Арал  ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: