Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазан қаласын қаһарлы Иван патша қалай басып алды?

15.10.2022, 10:00 912

HALYQLINE.KZ

2022 жылдың 2 қазанында Ресей Қазан қаласын басып алғандығының 470 жылдығын елеулі оқиға ретінде дүрілдетіп атап өтті. Қазан хандығы орыс жеріне қауіп төндіріп тұрғанымен, Грозный патшаға дейінгі орыс патшалары шабуыл жасауға бата алмап еді. Бұндай тәуекелге тағымды тартып алар деп, өзінің туған баласы Алексейді өлтірген Грозный, яғни Қаһарлы IV Иван патша ғана барды. Орыс тарихында Қырым хандығын басып алуы туралы көп жазылды, 1944-1946 жылдары режиссер Сергей Эйзенштейн 2 сериялы «Иван Грозный» атты фильм түсірді. Өзі сияқты қатыгез патша туралы кино Сталинге ұнаған жоқ, содан болар жүрек талмасына ұшыраған режиссер 1948 жылы өліп кетті. Осы кинода Қазан қаласына шабуыл жасағаны көрсетіледі. Орыс әскерлері ауыр зеңбіректермен қаруланып, қамал қорғаушылар картечь оғымен атылатын мылтықпен қаруланғанын көрсетеді. Осындай картечпен атылған оққа кеудесін тосып Грозныйды аман алып қалған Малюта Скуратовтың ерлігі көрсетіледі.

ХV ғасырдың алғашқы жартысында Алтын Орда ыдырап, оның орнында Қазақ, Қырым, Қазан, Ноғай, Сібір және Әз-тархан (Астрахань) хандықтары құрылған болатын. Еділдің орта ағысындағы ежелгі бұлғар-түрік жерінде Қазан хандығы құрылды. Алтын Орда ыдырап, біздің бодандығымыздан құтылған Мәскеу князьдігі көршілері мордва, коми, карель, удмурт, чуваш және башқұрт халқын өздеріне бағындырып күшейгесін Руссия деп атала бастаған болатын. Енді Қазан хандығын жаулап алайын десе, Алтын Орда ыдырағаннан кейін орнында құрылған хандықтардан бата алмады, олардың діні мен әдет-ғұрыпы бір, тілі туыстас болғанмен, қазақ хандығы ішіндегі алауыздық барлығында да бар еді. Осыны білген Грозный патша 1552 жылы 19 тамызда Қазан қаласын қоршауға алды. Қазан қамалын атқылау үшін 150 зеңбірек әкелінді, әскерінің саны 150 000 адам болды. Қазан қамалы ірі бекініс болды, кинодағыдай емес қамалды қорғау үшін 76 зеңбірегі мен қала тұрғындарын есптемегенде, 30 000 сарбазы бар еді. Осыдан 70 жыл өткесін, кардинал Ришелье Ла-Рошаль қамалын алу үшін 76 зеңбірегі болғаннан-ақ, Қазан қаласы үшін үлкен шайқас болғанын білуге болады.

Қазанға шабуыл жасамас бұрын «біздің қаруымыз 2 есе, әскеріміз 5 есе көп, беріліңдер!» деген орыстардың шартына Жәдігер хан: «Қанды тойға келдіңдер! Соғысқа әзірміз! Күтіп аламыз!» деп жауап қайтарды. Қазан камал-қаласын Құлшәрі молда, ноғайлы Изенеш би, түмендік Кебек батыр және Дербіш батыр, Сүйіншәлі батыр және қазақ жырларындағы Нәрікұлы Шора батырдың бірге туған інілері Шапқын, Аталық, Ислам, Әлікей батырлар ерліктің үлгісін көрсете білді. Көршісі Ноғай ордасының билеушісі Жүсіп хан бейтараптық саясат ұстанды, ойы Қазан хандығы құласа, жерім кеңейеді деді. Жүсіптің отыз ұлының әрқайсысында 10 мыңдық тұрақты әскері болғандықтан әкесіне рұқсат сұраумен болғанмен Жүсіпхан міз бақпады. Әмірші бұйрығынсыз және әкесінің батасын аттап кете алмай 30 ұлы туыстас татарларға көмек бере алмады. Қазақ хандығынан Жаһанша батыр бастаған қол орыстардың ту сыртынан соққы бергенмен, күші басым жаудан барлығы да түгел қамал іргесінде қаза тапты.

Қазан камалын қорғау 1552 жылдың 23 тамызы мен 2 қазан аралығында 40 күнге созылды. Қазан қамалының бұлай тез құлауына орыс барлаушыларының тіміскі әрекетінің әсері болды. Саудагер ретінде әскери инженер әрі артиллерист Иван Вырадоков қалада бірнеше рет болғанда зеңбіректердің орналасуын, олардың арақашықтығын қағазға түсіріп, бекіністің осал тұстарын да біліп алды. Соның өзінде зеңбіректерінің жартысынан айырылса да, батыр халық жауды қамалға жақындатпады. Орыс әскерінің қопарылыс жасайтын инженер-командирлері В.Серебрянный мен А.Адамов ең соңғы шешуші шабуыл жасайтын 2 қазан күні қамалдың төрт жағынан кіретін Мұралы, Ноғай, Аталық, Түмен қақпаларына 500-950 кило аралығында порох қойып, бір мезгілде жарып жіберді. Ашық қалған төрт қақпадан орыстар лап қойды, бұл кезде 6 мыңнан астам қалған сарбаздар түгел қырылғанша шайқасып қаза тапты. Грозный патшаның қала тұрғындарына тиіспеңдер дегеніне «жеңгендерге сот жоқ» (побидителей не судьят) деп, құлақ аспай қала тұрғындарын қынадай қырды, жас сәбилерді аналарының қолынан жұлып алып отқа тастады. Қарттар мен жас ер балалар шауып өлтіріліп, әйелдерді зорлап болғасын өлтіріп отырды.

Қазан қаласының қорғаушылар қатарында ноғайлықтар көп еді, ол түсінікті, екі халық туыс болып келетін. Шайқас кезінде қаза тапқандардың денесі сасып кетпеу үшін өртеп жіберді. Еділ өзенінің төменге ағысының екі жағына орналасқан Ноғай елінің үрейін ұшыру үшін бөренелерден 500 сал жасап, салға қамал қорғаушыларының денесін тақтайға шегелеп өзенге ағызып жіберді. Орыстардың бұл қатыгездігі бүкіл Европа елдерін шошытты. Рим папасы Грозный патшаға бұл айуандық адамгершілік қалыптан ауытушылық екенін, христиандық дінге қайшы келетінін айтып наразылық хат жолдаған болатын.

Қазан қаласын қоршап алып, басып алғалы жатыр деген хабарды естісімен Нәрікұлы Шора батыр қазақ жасағымен аттанғанын «Шора батыр» дастанында:

Қазан атты қаланы,

Кәпір алды деген соң,

Қайтып шыдап тұрайын,

Атқа қонып шығайын.

Мен Қазанға барғанша,

Қан жаумасын, қар жаусың.

Мен Қазанға барғасын,

Қар жаумасын, қан жаусын! – деп жырланған болатын.

Сөз соңында айтарым, Қазан хандығын басып алғаннан кейін 1556 жылы Астрахань хандығын, 1577 жылы Ноғай ордасын, 1582 жылы Сібір хандығын басып алды. 1735-1739 және 1768-1774 жылдары Ресей түріктермен Қырым хандығы үшін соғысып, 1783 жылы Қырымды өздеріне қосып алды. Алтын Орда ыдырағаннан кейін орнында пайда болған қазақ хандығын қосқандағы алты хандықтың ауызбіршілігі болмады. Егер Қазан хандығына көмек беріп қорғап қалғанда алты хандыққа орыстар қорқып тиіспес еді. Россия деген алып империя да болмас еді. Осыған қарап қазақтың: «Төртеу түгел болса, төбедегі келер, алтау араз болса, ауыздағы кетер» деген мақалы шыққан сияқты.

Тағы бір қызықты бізге жеткен дерек: Қазанға сауда жасауға келген орыс саудагерлерден Грозный патша қала орталығындағы «Құл-Шариф» мешітінің сұлулығына тамсанып, аузының суы құрып айтқанына байланысты мешітті жармауға жарлық берген-ді. Алайда жоғарыда айтқан 6 мыңдай қамалдың соңғы қорғаушысы осы «Құл-Шариф» мешітіне тығылып, өліспей беріспейтінін біліп, мешітті амалсыз жарып жіберді. Осы мешіттің дәл көшірмесін Москваның қақ ортасындағы қызыл алаңға салғызып, «Василий Блаженный» Храмы деп атап, 1861 жылы 29 шілдеде салтанаттты түрде ашқан болатын. Осыны білген Наполеон 1812 жылы Москваны басып алғанда «мына мешітті де өртеңдер» деп бұйырғанмен халық жабылып өртті сөндіріп аман алып қалады.

Суретте: Грозный патша Қазан қаласына кіріп жатыр, ар жағындағы қамал өрнегін Кремль қабырғасын салғанда пайдаланды және «Құл-Шариф» мешітінің көшірмесі – «Блаженный Храмы».

Бақытжан Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: