1851 жылы оралдық көпес Василий Кобельковтың отбасында аяқ-қолы жоқ бала дүниеге келді. Николай өте пысық болып өсті, өздігінен киініп, тамақ та іше алатын болды. Жеті жасқа келгенде оқу мен жазуды үйреніп, тіпті сурет те сала алатын еді. Кітап оқығанда парақты мұрнының ұшымен ашса, жазуды қаламды тісімен тістеп жазды, сурет салуды оң қолының тұқылына бекітілген акварель кистісімен салды. 18 жасқа толғанда арнаулы білім алып, есепші әрі писарь болып еңбек жолын бастады. 1870 жылы Николай сол кездегі белгілі антрепренер Берегпен танысады, ол Санкт-Петербордағы астаналық паноттикумде өнер көрсетуга шақырады. Николай ине көзінен жіп өткізді, пистолетті оқтап, иығына қойып мойнымен қысып тұрып жанып тұрған балауызды бір оқпен-ақ атып сөндірді, танымал болғасын Европа елдерін аралап, өнер көрсете бастады.
1875 жылы Николай веналық импресарио Август Шаафпен танысып бірге өнер көрсетіп, басқа құрлықтарға турнирлерге шыға бастайды. 1876 жылы Анна Вилфертпен танысып үйленеді, аяқ-қолы балғадай Анна Николайға өзі сияқты дені сау 11 бала туып бергенмен, 5 ұлы мен 1 қызы тірі қалады (суретте алты баласымен). 1880 жылдан бастап Николай Кобельков өз алдына бөлек шығып, «Бөрене адам» деген атпен өнер көрсете бастағанда Анна әкімшісі әрі ұйымдастырушысы болған соң тез бай адамға айналды. Ең қауіпті трюк Николайдың темір тордағы арыстанға бір өзі кіруі еді. Николай Кобельков Европада тұрғандықтан француз, неміс, ағылшын, венгр, чех тілдерінде еркін сөйлеп жаза алды. Николай Кобельковтың өнеріне, мүгедек адамның мүмкіндігіне ІІІ Александр патша, канцлер ІІ Вильгельм, Нидерланды патшайымы Вильгельмина, Австрияның тақ мұрагері Рудольф, т.б. құлшына қол соқты.
1900 жылы Николай Вена қаласынан үлкен жер телімін сатып алып, аттракцион салды. Сол жерде әйелі қайтыс болғанша өнер көрсетті, Анна дүние салған соң цирктен кетіп, өнерін балаларына қалдырды. 1933 жылы 82 жасында Кобельков қайтыс болар алдында маңдай терімен тапқан орасан зор байлығын балалары мен немерелеріне қалдырып кетті.
Бұл мақаланы жазу фейсбукте қазақтың орда бұзар отыздағы жігіті үкімет берген ақшасы екі оқушы қызын киіндіруге ғана жеткенін айтып, енді оқушы сөмкесі мен оқу құралдарын қамтамасыз ету керек деп, мектеп пен оқу бөліміне шүйлігіп тұрған видеосын көрген соң ойға келді. Әкесінің айтқанына екі қызы ұялып жерге қарап тұр. Дені сау еркектің ең алдымен балаға тамақ тауып беру мен киіндіру өзінің парызы екені ойына кіріп те шықпайды.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
тарихшы, журналист-дайджест
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!