Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Киноляп» туралы ойлар

18.10.2021, 9:30 495

HALYQLINE.KZ

Орыстарда бір затты асығыс істесе, «тяп-ляп» жасай салыпты ғой дейді. Ал, ондай жауапсыздыққа кинорежиссер барса, оны «киноляп» деп атайды.

Кейде киноляпқа атақты режиссерлер де жол беріп жатады, мысалы, атақты 12 сериялы «Көктемнің 17 сәті» фильмін алайық. Геринг, Гебелльс, Гимллермен қатар Отто фон Штирилицке де «өте құпия» деген айдармен мінездеме береді, онда оны бойдақ деп көрсетеді. Немістер таза арийлік отбасы құндылықтарына үлкен мән беріп, шені мен қызметін соған сәйкес өсіріп отырған, сондықтан бойдақ адамды құпия полиция гестапо ең алдымен тексеретін болған, ал фильмнің басты кейіпкері Штирлиц Үшінші Рейхтың Бас Басқармасында талтандап жүріп тұрады, екінші «ляп» Штирилицтің шені штандартенфюрер, ондай шен Бас Басқармада бөлім басқаратындарға ғана берілген, фильмде Штирлицтің шені ғана айтылып, қандай бөлім басқаратыны айтылмайды, тек СД сыртқы қауіпсіздік қызметінің басшысы бригаденфюрер Шеленбергтің «барып кел де шауып келі» қызметінде жүрген біреу ретінде көрсетілген. Үшінші «ляп», актер Вечеслав Тихновтың жас кезінде салған қолындағы «Слава» деген татируовкасын қанша жасырғанмен де, көзі қарақты көрермендер байқап қалғаны кезінде баспасөзде жазылған да болатын.

Енді, қазақтың киносына келейін. 1952 жылы Алматы киностудиясында Әбілда Тәжібаевтың сценарийі бойынша режиссер Ефим Дзиган түсірген «Жамбыл» фильмін алайық. Жамбыл ролін актер Шәкен Айманов жақсы әрі шынайы сомдап шықты, әсіресе Ленин жатқан мавзолейге кірерде: «Күнсіздерге күн болған…» деп айтатын толғанысының өзі неге тұрады. 1941 жылы соғыс басталғанда, Жамбыл баласы Алғадайды соғысқа шығарып салғанда, жауынгерлердің иығында погоны бар, бұл барып тұрған сорақылық, соғыс аяқталған соң 7 жылдан кейін шыққан фильмде режиссер ұмытып кетті деуге келмейді, тек өз жұмысына жауапсыздықпен қараған деуге ғана келеді. 1941 жылы Қызыл Армияда погон болған жоқ, оның орнында жағада петлица болды.

1943 жылы 15 қаңтарда СССР Қорғаныс Халық Комиссариатының №25 бұйрығы бойынша Қызыл Армия бұдан былай Совет Армиясы деп аталып, бірыңғай погоны бар форма енгізілді. Форманы ауыстыру 1-15 ақпан аралығында жүргізіліп, үлгіре алмағасын 15 наурызға дейін созды.

Кейде киноляпты білсе де, әдейі жасаған кез де болды. 1959 жылы экранға режиссер Григорий Чухрай түсірген «Солдат туралы баллада» фильмі шықты. Фильм оқиғасы 1942 жылы өтеді, басты кейіпкер Алеша Скворцов фуфайкасын шешкенде гимнастеркасындағы погоны бар екені көрінеді. Соғыс аяқталғанына 14-ақ жыл болды, көрермендердің бәрі де соғысқа қатысқандар, режиссер Григорий Чухрайдың өзі де соғысқа қатысқан, бұл қалай? Себебі режиссер фильмді түсіргенде ең алдымен шетел көрермендеріне есептеген екен.

1945 жылы Европаны фашистерден азат еткенде, совет солдатының иығында погон болғанын европалықтар есінде сақтап қалған болатын. Атақты Голливуд актрисасы Лайда Минелли «Солдат туралы балладаны» 5 рет көрдім деген болатын. Болгариядағы совет солдатына орнатқан ескерткішті де халық «Алеша» деп атап кетті. Енді осы тамаша фильм оқиғасын тағы бір еске түсірейік.

Қызыл Армия күші басым жаумен ауыр шайқастар жүргізіп жатыр. Қатардағы жауынгер Алеша Скворцов ПТР қаруымен немістердің 2 танкісін атып жойып жібереді. Осы ерлігі үшін генерал оны орденге ұсынам дегенде, «Жолдас генерал, орден орнына анамды көріп қайтуға бола ма, мен үйден кеткенде су ағып тұрған шатырды да жөндеп берейін деп едім» дегенде, мұрты енді тебіндеп келе жатқан 18 жастағы Алешаны аяп кетіп, барып қайтуына 6 күн береді. Фильм оқиғасы осы анасына бара жатқандағы жолда өрбиді. Түрлі кедергілерге тап болып, анасымен 15-ақ минуттай тілдесіп кетуге мәжбүр болады. Машина қорабына мініп бара жатып: «Мама! Мен ораламын..» деп, мәңгілікке кете берді, анасы баласы кеткен жолға шығып әлі де күтуде…

Бұл фильм әлемнің 101 елінің таңдаулы сыйлықтарын алды, 20 жастағы актер Владимир Ивашов атақ пен даңққа бөленгенде, әріптестері қызғаныштан көре алмағандары «біздің де кезек келер» деп жүргенде, сондай кезек те келді. М.С.Горбачев билік басына келіп қайта құру саясатын жариялап елдің жағдайын нашарлатып алғасын, одан нарыққа көшу арқылы ел экономикасын көтеріп қарқ қылам деді.  Нарыққа көшкесін кино түсіру тұралап қалды. Кешегі елдің құрметіне бөленіп жүрген атақты артистер жұмыссыз қалды. Артистердің көбі ішімдікке салынып кетсе, кейбіреулері нарыққа бейімделе бастады. Мысалы, СССР халық артисі, атақты Карлсонды сомдаған Спартак Мишулин қысы-жазы темір будка ішінде арақ пен темекі сатқанын айта келе: «будканың кішкентай көзінен мені ешкім көрген жоқ рақат, тек ақшасын ұсынады, мен сұрағанын беремін» деп естелік жазып кеткен болатын. Володия Ивашов та отбасын асырау үшін бетон құюшы болып құрылыста жұмыс істеуге мәжбүр болды. Күнде таңертең жұмысқа метромен жұмысқа бара жатқанын көрген көрермендер сырттай бастарын шайқап күрсінетін. 1994 жылы «Солдат туралы баллада» фильмінің 35 жылдығына орай «Ника» кинофестиваліне шақырту алғанда жөнді киімі де болмағандықтан смокингті бір күнге жалға алған болатын. Сол күні фестивальдан алған әсерімен, қайтар жолда «Мосфильм» киностудиясына барғанда, күзетші оны танып тұрса да кіргізген жоқ, баяғы бақталастары одан осылай өшін алды. Келесі жылы ауыр жұмыстан тапқан ауруынан В.Ивашов 55 жасында қайтыс болып кетті.

Нарықтың алғашқы жылдарында «Қазақфильм» киностудиясында да кино түсірілмей қалғанда көптеген артистер жұмыс жоқтықтан күйзеліске түсіп өмірден озды. Олардың қатарында Шәкен Аймановтың ұлы, кинооператор Мұрат Айманов және «Тегеран-43», «ХХ ғасырдың қарақшылары» фильмінен белгілі киноактер әрі каскадер Нартай Бегалин (Сапарғали Бегалиннің немересі, Мәжит Бегалиннің ұлы) Ресейде «Ермак» фильміне түсіп жүргенде алған жарақаттан қайтыс болды.

Бір «киноляп» туралы жазамын деп, тақырыптан да ауытқып кеттім-ау деймін.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,

журналист-дайджест

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: