Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кенесары ханның бас сүйегі қайда?

24.08.2022, 9:00 1143

HALYQLINE.KZ

Абылай ханның немересі, 1837-1847 жылдары Ресей патшалығына қарсы ұлт-азаттық көтеріліске үш жүздің басын біріктіре білген қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы – халқымыздың мақтанышы.

Негізінен орта ғасырлық қару-жарақ, садақ, қылыш, найзамен қаруланған әскерімен 10 жылдан астам уақыт бойы винтовка мен зеңбірекпен қаруланған патшаның тұрақты әскерімен шайқасты. Әскері әлсіреген Кенесары ханнан қазақ сұлтандары қаша бастады, өз қолымен қорқақтық танытқан 47 сұлтанды шауып өлтіреді, сонда да қашуын тоқтатқан жоқ, ол түсінікті, патша ағзам қаһарынан қорықты. Кенесары хан әскерімен оңтүстікке шегінді. Қырғыз халқы да қазақ сияқты Ресей патшасы мен Қоқан хандығының тепкісінде еді. Кенесарының қырғыз манаптарына осы екі басқыншы елге қарсы бірігіп соққы берейік деген ұсынысын, екі жүзді саясат ұстанған қырғыз манаптары жауапсыз қалдырды. Осындай жағдайда Кенесары хан 10 мың қолымен қырғыз жеріне басып кірді. Көтерілістің ұлт-азаттық сипаты өзгеріп басқыншылық бағыт алып, өзіне қосылғысы келмеген қырғыз ауылын Кенесары хан кенедей қыра бастады. Бұл, әрине, қырғыз халықының көтерілуіне әкеп соқтырды.

Соңғы шайқас 1847 жылы сәуірде қазіргі Тоқмаққа жақын жердегі Майтөбе деген жерде болды. «Сайқал саясат» (Лениннің сөзі) дегенді қойсайшы, әншейінде бір-біріне жау болған қырғыз манаптары мен қоқан бектері бірігіп, Кенесары ханды 32 сұлтан мен 500 сарбазымен қоршауға алды. Қазақ сарбаздары мен сұлтандары өздерінің бостандыққа бастаған сүйікті ханын кеудесінен жаны шықанша қорғады. Жаралы Кенесарыны тірілей қолға түсірген олар оны асықпай азаптап өлтіріп, басын кесіп алып, хандық байрағымен қоса Ресей патшасы І Николайға соғыс олжасы-трофей ретінде тарту етті. Ханмен бірге өлтірілген сұлтандардың бастары, алтын-күміспен әшекейленген қару-жарақтары мен ер-тоқымдарын Қоқан Әміріне сыйға берді.

Күні кешеге дейін Кенесары хан мен сұлтандардың денесі соңғы шайқас болған жерге жерленді делініп келді. 1992 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих-этнология институтының археологтары Майтөбеде жүргізген қазба жұмыстары бұл сөзді жоққа шығарды.

Кенесары ханның сүйегін елге қайтару патша өкіметі кезінде әрине мүмкін емес еді. Тек кеңес өкіметі кезінде алғаш рет Кенесары хан туралы айтуға мүмкіндік туды. 1943 жылы Қазақ ССР тарихының І томы жарық көргенде тарихшы Ермұқан Бекмаханов Кенесары Қасымұлы көтерілісі туралы еңбегін енгізді. Соғыстан кейін бұл қайта қаралып, тарихшы Е.Бекмаханов 25 жылға сотталып кетті.

Кенесары ханның бас сүйегін елге қайтару туралы тәуелсізік алған соң ғана айтыла бастады. Қазақ тарихшыларының бастамасымен Қазақстан Ғылым Академиясы ресми түрде бірнеше рет сұрау салды. (1945 жылы ашылған Ғылым академияны 2003 жылы таратып жіберді). Жауап болмаған соң, ұлт жанашыры ретінде білетін, сол кездегі премьер-министріміз Иманғали Тасмағанбетов те үкімет атынан сұратқан болатын. Бір кездегі соғыс олжасы ретінде І Николай Романовқа берілген бас сүйекке, олар өздерінің тарихи жәдігері ретінде қарап берген жоқ.

2009 жылы Қазақстанның ондаған зиялы қауымы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевқа «Ашық хат» жазды, онда: «Біздер бабалар мен ұрпақтар алдында қасиетті борышымыз Кенесары ханның сүйегін елге қайтарып жерлеу болып табылады» – деп өз сөздерін аяқтаған болатын. Бұл оңай шаруа емес, себебі Кенесары мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістегі Кейкі батырдың бас сүйегі сол кездегі Ленинградтағы Эрмитажда тұрған жерінен КСРО тарамай тұрғанда-ақ жоқ болып кетті. (2016 жылы Кейкі батырдың бас сүйегі елге әкелініп жерленді).

Ресейдің ресми орындары, біздер тарапынан сұратуларға әртүрлі жауаптар берілуде. Москвадағы Ресей мемлекеттік тарихи мұражайында, бірде Санк-Петербургтегі Эрмитажда, Кубышев қаласындағы Өлкетану мұражайында, Ресей Ғылым Академиясы жанындағы ғылыми зерттеу институтында дейді. Яғни, бір-біріне сілтеп, дұрыс жауап бермей отыр.

Алдымен Кенесарының бас сүйегі қайда екендігін анықтап барып, «Ашық хат» жазу керек еді. Менің ойымша ерте ме, кеш пе Кенесары ханның бас сүйегін сатып алу арқылы ғана елге қайтарып аламыз. Сүйекті жасырып, дұрыс жауап бермеудің сыры осында жатыр.

Кейкі батыр туралы жазып жүрген жазушы Думан Рамазан Кунсткамера директоры Юрий Чистовпен әңгімелесіп, осы екі бабамыздың бас сүйегін елге қайтаруға сұрағанда Чистов: «Олар сендердің аталарың болса, біздің мұражайымыздың экспонаты, біздің ұлттық құндылықтарымыз. Сен екеуміздің басымыз қайда қаларын ешкім білмейді, ал бізде сіріңкенің қорабы да жоғалмайды» десе, белгілі археолог Оралбек Смағұлов: «Менің қызым Айнагүл де археолог, Санк-Петербургте болғанда Кунсткамерада да, Эрмитажда да екі батырдың басы жоқ деді» дейді.

Тарихшы Зардыхан Қинаятұлы: «Бұл батырлар бүгінде аңызға айналған. Оларға қатысты оқиғалар да аңыз секілді қабылданады» деген. Кенесары қырғыздардың Қырғауыл деген жерінде өлді делінген соң, бізден ол жерге бірнеше рет экспедиция барып қазба жұмыстарын жүргізгенмен еш жаңалықсыз қайтты. Белгілі дінтанушы әрі шежіреші Сейітомар Саттарұлы Кенесары хан сүйегін зерттеушідерге мүмкін жәрдемім тиер деп мынадай әңгіме айтады:

– Кенесары хан қаза тапқаннан кейін оның біраз туған-туысы Созақтағы Қызылкөлге қоныс аударады. Осы жерде Кенесарының туған қарындасы Қалипаны белгілі ақын әрі батыр Мәделі қожа тоқалдыққа алады. Мәделі қожаның ауылы бұл кезде Бадамда екен. Қалипа Мәделі қожаға мынадай екі сертпен күйеуге шығады. «Мені еш уақытта «тоқал» демейсің. Атымды айтасың. Өйткені мен ханның тұқымымын. Сенің тоқал дегенің ата-бабамның сүйегін жасытады. Екіншіден, менің қырғыз жерінде жатқан ағаларым Кенесарының, Наурызбайдың, Ержанның сүйегін алып келіп, маған көрсетіп арулап жерлейсің!»-дейді. Мәделі қожа бұған көнеді.

Мәделі уәдесін Қалипа жыл сайын есіне салып тұрады екен. Бірде қалжыңдап:

– Қалипа-ау, Қарабалтада не көп, қырылған қазақтың сүйегі көп. Соның бір-екеуін алып келіп мынау сенің ағаларының сүйегі деп алдай салсам, қайтер едің?-дегенде Қалипа қалш-қалш етіп:

– Мені алдай алмайсың! Мен ағаларымның басы қалай шабылғанын және қай жерден, қай сүйектен шабылғанына дейін білемін, -депті.

Қалипа қартайып қайтыс болады. Анда-санда жоқтау айтып қояды екен.

Ел ішіндегі көне көз қариялардың айтуынша, жоқтау сүйек арулап жер қойнауына тапсырғаннан соң айтылады екен. Сүйегі табылмаған адамның артынан жоқтау айтылмайды екен. Мәделі қожа сертінде тұрып Кенесарының сүйегін бассыз болса да, Қалипаға көрсетіп жерлеген болуы керек. Бірақ орыс үкіметімен жақсы қарым-қатынаста болған Мәделі қожа жасырын орындаған сияқты.

1887 жылы Сыдық төре Кенесарының сүйегін іздеп қырғыздарға барғанда, оның ер-тоқымын, қару-жарағын беріп «сүйегін таппай қояды». Яғни бұған дейін Кенесарының сүйегін біреулер алып кеткен, меніңше Мәделі қожа болуы мүмкін.

2008 жылы Ресейдің Омбы қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайдың қызметкері Зиябек Қабылденов (қандасымыз) Кенесары ханның мылтығын тапты. Оны танудың еш қиындығы болмады. Белгілі ұста бұл мылтықты Кенесарыға арнайы, кей бөлшектерін таза күмістен жасапты, мылтықтың дүмбісіне «хан Кене» деген жазуды зергер ойып жазған.

Кезінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі осы құнды жәдігерді Қазақстанға қайтаруын жазып өтініш жіберген болатын. Бұл жолы да жауабы әлі жоқ. Бермейтіні бесенеден белгілі ғой.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: