Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Белгісіз болып келген қазақ батыры

22.01.2024, 8:50 245

HALYQLINE.KZ

Қазақ батырының шын есімін ешкім білмейді, оған себеп 1930-1933 жылдардағы қазақ халқының тең жартысын жалмаған аштық болды. Аштықтан аман қалған алты жастағы баланы Ростов облысы Ақсай қаласындағы жетімдер үйінен бір-ақ шығарды. Ол жақта оған жаңа есім Филипп Яковлевич деп берілді, Жақып болуы да мүмкін, себебі туған жылы 1924, туған күні 13 қаңтар деп жазуына қарағанда, шын есімі әдейі өзгертілуі де мүмкін, ал фамилиясы аттестат алар кезде Рубахо деп жазылды. Оның себебі балалар үйінде әлімжеттік қалыпты жағдай болды, сол кезде қазақтың қара баласы ешкімнен таяқ жемеген батылдығына қарап, орыстар ондай баланы «парень рубаха» деп атаған. Фамилиясы украинша Рубахо болып жазылды. Соғыс басталған жылы Батуми қаласындағы мектепті бітірген Рубахо мергендер сайысында бірінші орын иеленіп, маршал Буденныйдың қолынан «Ворошилов атқышы» деген төсбелгіні алады, осы төсбелгісін алға тартып әскери комиссариаттың есігін тоздырып, майданға сұранумен болады. Ақыры 1941 жылдың қыркүйек айында Қара теңіз флотының Туалсын базасындағы музыкалық ротаға алынады, ол жақта да майданға жіберуін сұрап рапорт жазумен болады, ақыры желтоқсан айында 17 жасында флоттың кіші крейсерінің артиллериялық расчетына алынып, Одесса үшін кескілескен шайқастарға қатысады. Көзге түскесін теңіз жаяу әскер (морпех) батальон құрамында Севастополь қаласын қорғауға қатысып, желтоқсан айында жараланып, Севастопольдегі госпитальда емделіп болғасын Қара теңіз флотындағы мергендер мектебінде оқиды. 1942 жылдың маусым айында Отүстік майдан құрамында Ростов, Кубань, Солтүстік Кавказ жоталары үшін шайқастарда ерлігімен ерекше көзге түседі. 1942 жылдың желтоқсанында қазақ Рубахоның жеке есебінде атып өлтірген фашистердің саны 200-ге жетіп, Қызыл Ту орденімен марапатталды (не деген әділетсіздік), осы желтоқсан айында екінші рет жараланып емделіп шыққан соң №393 морпех батальон құрамына іріктеліп алынады. Бұлар Новороссийск қаласын қорғау үшін шағын құрғақ жерге бекініп алып, қалаға жауды кіргізбеді, алынбас плацдармға айналған жерді басып алу үшін жау өршелене ұмытылды, морпехтар қатары сирегенде қайтадан жаңа теңізшілермен толықтырылып отырып, батальон қайтадан жасақталып, №305 деп аталып, оны атақты майор Совет Одағының Батыры Цезарь Куников басқарды. Кейін осы плацдарм туралы сол кездегі 18-ші армияның саяси жетекшісі болған Леонид Брежнев, СССР-дің Бас хатшысы кезінде «Кіші жер» деген кітабында Цезарь Куников туралы жазғанда, қазақ мергенін жазбай кеткені өкінішті әрине, бірақ оған несіне өкпелейміз, Брежневтің кітабын басқа біреу жазғаны туралы көлемді мақала да жазған болатынмын.

1943 жылдың 9 қыркүйегінде ВКП (б)-ға кандидат, морпех батальонының 1-ші статьялы старшинасы Филипп Рубахо оғы таусылғасын қолма-қол шайқаста үш фашисті қанжармен жарып өлтіргенмен басынан жараланып құлайды. 14 қыркүйекте Геленджик қаласындағы госпитальда операция жасалып, Сочи қаласындағы №2130 госпиальға жіберіледі, сол жақта 15 қазан айында қайтыс болады. Қайтыс болған соң Ленин ордені берілді және Краснодар Өлкесіндегі Сочи қаласындағы вокзал артындағы бауырластар зиратына жерленді, ал өзі сияқты ерлікпен қаза тапқан командирі майор Цезарь Куников Геленжикке жерленді. 1944 жылы СССР Жоғарғы Кеңес Президумының Жарлығымен мерген Ф.Я.Рубахоға 346 жауды атып өлтіргені, жаудың 8 дзоты мен танкісін жойғаны үшін Совет Одағының Батыры атағы беріледі, батыр атағына ұсынған әскери кеңес толтырылған карточкада ұлты қазақ (суретте) деп көрсетілгенмен, батыр атағы берілген Жарлықта орыс деп жазылып кеткендіктен, соғыс аяқталғанына 78 жыл өткен соң ғана қазақ екенін енді біліп жатырмыз. 1941-1945 жылдардағы совет-герман соғысында ең үздік көрсеткіш көрсеткен 20 снайпер-мергеннің біреуі фамилиясы украин, өзі қазақ Филипп Рубахо. Соғыстан соң 1990 жылы Совет Одағының батыры атанған 100-ші қазақ Бауыржан Момышұлы болса, 101-ші батыр капитан Гастелло ерлігін қайталаған Бақтыораз Бейсекбаев, 102-ші батыр генерал Сабыр Рақымов болса, 103-ші Біліс Нұрпейісов, 104-ші Орынбай Қарақұлов, 105-ші батыр осы Ф.М.Рубахо.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: