Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Судан келер қауіп көп

27.05.2021, 10:30 925

«Су – сенің досың және дұшпаның». Жаз келсе көкжиектен күн шыға салысымен өзен-көлді жағалап, салқын суға шомылуды жөн көреміз. Бой сергітіп, өзімізді жайлы сезіну үшін шомылып тұру керек-ақ. Десе де, қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың кесірінен көп адам судың құрбанына айналып жатыр. Дүние­жүзінде суға батып, о дүниелік болғандар жайлы нақты, дәл статистика жоқ. Дегенмен, бізге белгілісі олардың саны өте көп һәм жылдан-жылға ұлғайып келеді. Өңіріміз Сырдария өзенінің жағасында орналасқандықтан бұл қауіп сырбойылықтарды да айналып өтпейді. Облыс аумағында суға шомылу ережелерін бұзып, опа шегіп жатқан адамдар көп кездеседі. Оның үстіне келесі айда суға шомылу маусымы ашылады. Осы тұрғыда, су мамандары тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстарын бастап кеткен. Олардың айтуынша, суға шомылу маусымы басталғанда тұрғындардың қауіпсіздігін күзету күнделікті жүріп, таң атып, қас қарайғанға  дейін  созылады.

Арнайы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан болатын қаралы оқиғалардан сақтану қажет. Судың ағысы көбінесе кәмелетке толмаған жас балаларды алып кетеді. Мамандардың айтуынша, баланы қараусыз қалдыру деректері көп тіркелген. Оның үстіне біздің облысымызда күн ерте жылиды. Дария бетіндегі «мұз еріген» бойда суға жүгіретін жастарға түсіндірме жұмыстары жиі жүргізіліп отыр. Шомылу маусымы келесі айда басталса да, түсіндірме шаралары ағымдағы айдың бірінші күнінен  басталып  кеткен.

– Қазіргі таңда мамырдың бірінші күнінен бастап жұма, сенбі және жексенбі күндері тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыстарға полиция  қызметкерлері мен еріктілер де көмектесіп жатыр. Сырдария өзенінің жағалауындағы суға түсуге тыйым салынған жерлердің барлығын аралап, балықшыларға, сонда жүрген басқа да адамдармен жеке сөйлесудеміз. Негізі бұл жұмыстар суға шомылу маусымымен қатар жүретін. Десе де, күннің ысуына байланысты біз ерте камдандық. Шомылу маусымы басталғанда бұл шаралар күнделікті өтетін болады. Сондай-ақ, уақытын да ұзартамыз. Тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау үшін қызметкерлер күні-түні жұмыс істеп жүр, – деді Қызыл­орда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Асхат Талантұлы.

Су айдынындағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру,  үгіттеу  үшін  жыл  басынан  бері  65  тақтайша  ілініп, 115 рейдтік іс-шара, 608 үнпарақ таратылған. Сонымен қатар, бұл жұмыстарға 63 ерікті жұмылдырылған. Департамент басшылығы БАҚ өкілдерімен де тікелей байланысып, брифинг пен сұхбаттар да беруде.

Мамандар ұсынатын суға шомылудың негізгі ережелері қарапайым. Суға шомылатын жерді, оның тазалы­ғын, тереңдігін мұқият тексеріп және тамақ ішкен­нен кейін бірден шомылуға болмайды. Суға тек ғана рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылу керек. Денеңіз­дің суға бейімделуіне мүмкіндік беріп, 10-15 минутқа дейін ғана шомылуға болады. Сондай-ақ, аяқ-қолыңыз­дың сіңірі тартылған жағдайда сасқалақ­тамай, су бетінде қалып, адамдарды көмекке шақыруға тырыс­қан жөн. Мас күйде және қоршау белгілерінен тыс  аумақ­та  суға  шомылуға  болмайды.

Суға түскен кезде иесіз және техникалық ақауы бар қайықтарды пайдалануға тыйым салынады. Сондай-ақ, қайық, кемелерге көп жолаушы мен ауыр жүк алмау керек. Балалармен бірге демалған кезде оларды қараусыз қалдыруға болмайды. Қайықта жүзіп келе жатқанда орын ауыстырып, бір қайықтан екіншісіне көшпеген жөн. Қайықтан, катамараннан тікелей суға түсуге және моторлы  кемелерге  жақындауға  болмайды.

Егер сіңір тартылса, жүзуді тоқтатып, суға шалқадан жатыңыз. Қолыңыздың сіңірі тартылса, жұдырығыңызды түйіп, қолыңызды бір жаққа қарай серпе лақтырып, жұдырығыңызды ашсаңыз болады. Балтыр бұлшық етінің  сіңірі  тартылғанда,  қолыңызбен аяғыңыздың  басын қысып, бар күшіңізбен өзіңізге қарай тартыңыз немесе аяғыңызды судың астына созып, бармақтарды алға  иіңіз. Кейін  балтырыңызды  сылаңыз.

Өңірдің төтенше жағдайлар қызметі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды тұрғындарға айтудан жалы­ғар емес. Олай болса, мамандардың нұсқаулығын ескеріп, ережелерді қатаң сақтаған жөн. Сол арқылы өз  өміріңізді  келеңсіз оқиғалардан арашалап қала  аласыз.

ӨРТ  ӨКІНІШІ  ӨЗЕКТІ  ӨРТЕМЕСІН…

«Оттың жалыны ешкімді аямайды». Иә, әлеуметтік желіден күн ортасында өзінен-өзі өртеніп жатқан көліктерді жиі көріп тұрамыз. Жазы ыстық болып келетін Сыр өңіріне бұл қалыпты құбылысқа айналғандай. Одан бөлек, орман өрті де өршитін уақыт бұл. Ағымдағы жылдың 26 наурызынан бастап республиканың оңтүстік аймақ­тарында өрттің қауіпті кезеңі ресми түрде басталды. Осы орайда, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарды өрттен арашалап қалу үшін барын салуда. Тілсіз жаудың алдын алу үшін бір­шама жұмыстар атқарылып, қауіпті аймақта тұратын тұр­ғындарға түсіндірме жұмыс­тарын жүргізуде. «Қауіпті кезеңде қапы қалмаймыз ба?» деген сұраққа жауап іздеп, депар­таменттің атқарған жұмыстарын  зерделеп  көрдік.

Өрттің қауіпті маусымы басталғаннан бері облыс аумағында 52 гектарды құрайтын 8 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл – былтырғы жылмен салыстырғанда 4,7 есеге төмен көрсеткіш. Ағымдағы жылы тіркелген өрттің табиғатқа келтірген шығын көлемі 81 100 теңгені құрайды. Қазіргі таңда 7 өрт оқиғасының себебін анықтау мақсатында полиция қызметкерлері тиісті жұмыстар жүргізуде, ал 1 өрт оқиғасы бойынша кінәлі тұлға анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, тұрмыстық қалдықтарды өртеу барысында өрт қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін 5 жеке тұлғаға әкімшілік шара көрілді. Сондай-ақ, мамырдың 5-жұлдызында «Өрттің қауіпті кезеңі» тақырыбында облыс әкімінің төрағалығымен төтенше жағдай­лардың алдын алу және жою жөнінде комиссия отырысы өтті. Отырыс­та облыс әкімі жергілікті атқарушы органдарға, полиция және азаматтық қорғау органдарына, шаруа қожалық иелеріне тапсырмалар берді.

Қазір қалалық және аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелерде 54 өрт сөндіруші, 9 өрт сөндіру автокөлігі, 26 дана өрт сөндіру тіркемесі, 14 дана мотопомпа және 77 дана радиостанция бар. Жалпы, материалдық-техникалық жабдықталу дәрежесі 34,4 пайыз­ды құрайды. 2021 жылы орман қоры жерінде, онымен шектесетін теміржол мен автожол жағалауларында, елді мекендердің және жоғарғы кернеулі мұнаралардың аумағына 3717 шақырым өрт жолақтары жүргізілу жоспарланған. Қазіргі таңда 60 пайыз өрт жолақтары жүргізілді. Қызылорда облысында өрттің қауіпті кезеңінде орман және дала өрттерінің алдын алу және жою жұмыстарын ұйым­дастыру бойынша 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспары және жергілікті атқарушы органдармен орман қоры аумағында өртті сөндіру іс-қимыл жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес, 2021 жылдың сәуір айында жергілікті атқарушы органдармен, орман шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесіп, далалық алқаптарда 8 өрт-тактикалық оқу-жаттығу  өткізілген.

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметі, орман шаруашылығы мен төтенше жағдайлар қызметімен бірлесіп қала және аудандар бойынша құрамында 54 адам бар 10 мобильді топ құрылған. Қазіргі таңда мобильді топпен 49 рет рейдтік  шара  жүргізіп  үлгерген  екен.

Халық-хабар

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: