Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сарғайған суреттің сыры

17.11.2022, 9:00 379

Ғани Мұратбаев ауылының тұрғыны Алтынай апай жіберген сурет көзі­ме оттай басылды. Онда ақ бантигі жел­біреген қос қыздың бейнесі бар екен. Оның бірі өмірден небары 31 жасында өткен менің  әпкем Рыскүл Айдарбек­қызы да, екіншісі әпкемнің кластас құрбысы болатын. Биыл 70 жасқа толуы керек еді. Өлеңдері кезінде түрлі басы­лым беттерінде жарияланған апайым тірі болғанда есімі көпке таны­мал ақын болуы да мүмкін болатын. Амал қанша… Осынау уақыт табымен сарғайған сурет менің санама сонау алыста қалған өткен  күндерді  қайта  жаңғыртты.

Сонымен… Ауылдағы көпбалалы отбасында дүниеге келдім. ҰОС ардагері әкем ұзақ жылдар бойы мектепте ұстаздық қызмет атқарды. Анам сауда саласынан зейнетке шықты. Әкем мен анам күнұзағына жұмыста болатындықтан үй толы баланың күтімі әжем мен аға-әпкелеріміздің мойнында еді. Бір қызығы, бір-жар жас ғана үлкендігі бар, өзі де ойын баласы бауырларымыз бізге кәдімгідей қамқорлық танытатын.

Әкеміз жалақысын алған сайын әдеби кітаптар сатып әкелетін. Бұл кейін біздің әулеттің әдетіне айналды. Жылдар өте менің Есет атты ұлым Орал қаласынан жол сөмкеге толтырып көркем әдебиеттер әкелгенде, көз алдыма марқұм әкемнің бейнесі елестеді. Студент баламның базарлыққа кітап сатып алғанына сүйсінсем де, көңілімнің бір түкпірінде «тарығып қалмаса игі» деген алаңдаушылық  туындады.

Біздің үйдегі бауырларымның кітап оқуға деген құштарлығын қалыптас­тырған Рыскүл апайым болатын. Ол тұста біздің ауылдың мектебі сегізжылдық еді. Тоғызыншы сыныптан бастап оқушылар аудан орталығынан немесе Қазалы қаласынан қатынап оқиды. Әжем мен әке-анам Рыскүл апамды қатты еркелетуші еді. Аудан орталы­ғындағы мектептің бірінде оқитын апам өзге құрдастарындай әр сенбіде ауылға қайтады. Оған үлкендер қуанады…

Ал бізге бұл – сынақ тапсыру кезеңі. Әр аптада келген сайын Рыскүл апам бәрімізге бір-бір кітап беріп, оқып шығуды тапсырады. Келесіде кітаптың мазмұнын, авторын міндетті түрде сұрайды. Кейде кітаптың кез келген жерінен бір-екі сөйлем келтіріп, ары қарай жалпылама түрде айтуыңды талап етеді. Сынақтан сүрінбесең, мақтау­ға қарқ боласың. Ондайда танауыңды бір тартып қойып, өзгелерге шекеңнен қарайсың. Сынақтан өтпесең… шаруаң шатаққа айналады. Қабағы тарс түйілген апай қолына қайыс белдікті алып, жұмсақ жеріңнен осып-осып жібереді. Оған шыдарсың-ау… Бірақ… бауырларыңның мазақ қылғаны қиын. Өздері ешқашан сынақтан сүрінбей, белбеудің дәмін татып көрмегендей жамырай күлгенде әбден ызаланасың. Көзіңнен жасың сорғалап «Келесі жолы көрермін. Жақсылап дайындалып, бәріңнен озам» деп кіжінесің. Ертеңіне жо-жоқ… сол сәттен бастап алдағы аптаға оқуға тапсырған кітабын жаныңды салып оқисың. «Күлме досқа, келер басқа» деп қазекең тегін айтпаған екен. Келесі жолы сенің мерейің үстем болады. Енді белбеу тиген бауырыңды сен әжуаға айналдырасың. Ол да өткен жолғы тура сен сияқты келесіде көзге түсуге ұмтылады…

Ойланып отырсам, небары 9-сыныпта оқитын Рыскүл апам қазір айтылып жүрген бәсекеге қабілетті орта дегенді бізге сол кезде қалыптастырған екен… Апама еліктеп кітап оқыдық. Нақтысы, оқытты. Өлең жаздық. Мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде Рыскүлдің ауыл, әке-ана, туған жер, Ащыкөл туралы жазған өлеңдері түрлі басылым беттерінде жарық көрді. Біз шатып-бұтып жазғанымызды Рыскүлге тексертіп аламыз. Арқамыздан қақса, төбеміз көкке жеткендей мәз боламыз. Көңілінен шықпаса тағы да… қара белбеу… Бәлкім, апатайым мықты ақынның бірі болар ма еді, кім білсін?!.. Ажал тырнағына ерте ілікті… Қайран, өмір! Шіркін, балдан тәтті балалық шақ!

Сол дағды менің бойымда әлі күнге сақталған десем, сенесіз бе? Өлең, мақала жазарда барынша мұқият болу­ға тырысамын. Шала-шарпы дүние жазсам, Рыскүл апамның қолындағы қара белбеу денеме сарт ете қалардай күй кешемін…

Қазіргі сәтте Құран Кәрімнің қазақша мағынасын оқып жүрмін. Бұған дейін де әлденеше мәрте оқып шыққан едім. Күллі тіршілік иесін жаратушы Алла тарапынан түсірілген қасиетті кітаптың әр әріпін, сөзін, сүресін, аятын, парағын оқыған сайын жан дүниең рақат сезімге бөленіп, қоршаған ортаға, адамдарға, өмірге деген көз­қарасың мүлде өзгеретініне көзім толық  жетті.

Кітап оқы, бауырым! «Оқы, оқы, оқы» деген Алла тарапынан түсірілген пәрмен екенін есіңе сақта.

Суретте: Рыскүл апам сыныптас құрбысымен  бірге (оң жақта).

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы,

Жанқожа  батыр  ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: