Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«СӘН-САЛТАНАТ САЛЫҒЫ» қазынаны толықтыру ма?

15.09.2022, 12:20 579

Жасыратыны жоқ, соңғы кезде әлемдік саясат мың құбылып тұр. Елдегі қоғамдық наразылық та үдеп тұр. Оның үстіне бай мен кедейдің арасы алшақтап барады. Осы тұста президент айтқан сән-салтанат салығы туралы әңгіме біздің қоғамда өкпелілердің тоңазыған көңілін жібіткендей болғаны рас.

Иә, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі жолдауында салық реформасы аясында «сән-салтанатқа салық» салуды енгізуді ұсынды. Президент атап өткендей, мұның орта тапқа қатысы жоқ. Бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады. Қысқасы, бай-бағландардан ғана ұсталмақ. Қоғамдық пікір көшбасшыларының айтуынша, ауқатты қазақстандықтар халық алдындағы жауапкершілікті сезінуі керек және өз байлығын елдің дамуына бағыттауға тиіс.

Жалпы, «сән-салтанат салығы» деген не? Экономист-сарапшы Мақсат Халық өз ойымен бөлісті.

Мақсат  ХАЛЫҚ,

 экономист-сарапшы:

– Бұл байлық салығы бізге керек деп айтып жүргеніме көп болды. Бірақ бұл салықты енгізгенге дейін жалпыға бірдей табыс декларациясын толық қабылдау керек еді. 2025 жылға дейін деп бекітті ғой, бірақ бірінші кезекте оны тездетіп өткізіп алуымыз керек еді. Өйткені бұған дейін де сыртқа ақшасын шығарып кеткен азаматтар қаншама және әлі де шығарып жатқандар бар. Олар осы салықты енгізген күннен бастап, бірден бүкіл табысы мен байлығын жасыруға тырысуы мүмкін. Сондықтан ондай факторлар болмауы үшін әуелі жалпыға бірдей табыс декларациясын жасап, кімде қанша табыс бар екенін анықтап  алу керек еді деп ойлаймын. Содан ке­йін ғана барып «сән-салтанат салығын» енгізген орынды болатын еді. Әйтпесе, қазіргі уақытта елімізден қаншама қаржының шетел асып кеткенін білмейміз, бұл – бір, екіншіден, әлі де алып кетіп жатқан адамдар бар. Президент қанша айтып жатса да, біз Қазақстаннан сыртқа кетіп жатқан ақшаның бәрінің толық жолын бөгедік пе? Міне, осы әлі күнге сұрақ күйінде қалып отыр. Сондықтан да, әрине, қалталы азаматтар сол байлығын жасыру үшін салықтан қашу мақсатында да шетелге бар дүниесін алып кетуге тырысады. Негізінде байлық салығында әр мемлекеттің тәжірибесі бар, кімнің зәулім сарайы, кімнің қымбат көлігі, қандай бағалы әшекейі  бар, бірден салық сала беруге болады.

Тағы бір мәселе бар, негізінде Қаржы минис­трлігі қалай жасап жатыр екен, олар да жобасын таныстырса жақсы болар еді. Естуімше, 300-400 шаршы метрден артық жылжымайтын мүлкі болса, сол үшін белгілі бір дәрежеде салықты көбірек төлеуі керек. Меніңше, бұл дұрыс сияқты. Алайда, тағы бір мәселе, ол люкс үй ме, элиталы үй ме, оған да қарау керек. Кейбір адамда 300 шаршы метрден артық үйі болуы мүмкін, бірақ үйдің бағасы ондай қымбат емес болуы мүмкін. Ал кейбір үйлер соңғы үлгіде, қымбат құрылыс материалдарымен салынған элиталық үй болуы да ғажап емес. Демек, ондай үйлерге бірден байлық салығын енгізе беруге болады. Бұл көліктерге де қатысты, олардың ат күшіне, маркасына қарап салық төлеуді міндеттеген жөн. Кейінірек біз айтып жүрген табыс салығының сараланған мөлшерін қолданысқа енгізу керек шығар. Мемлекет басшысының бұл жерде орта тапқа тимейміз дегені әзірге табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізбейтін сияқты.

Сөз жоқ, осы «сән-салтанат салығы» арқы­лы мемлекет қазынаны толықтыруды көздеп отырғаны анық. Кей сарапшының сөзінше, алдымен «сән-салтанат» ұғымын айқындап алу маңызды. Әйтпесе, мұның түбі тағы да сыбайлас жемқорлыққа ұласуы мүмкін. Айтпақшы, мемлекет бір сөзінде Қазақстан байлығының тең жартысы 162 адамның қолында екенін жария­лаған еді ғой. Демек, олар өзгелерге қара­ғанда салықты көбірек төлеуі керек шығар. Бұл әділет тұрғысынан алғанда дұрыс қадам болар еді. Мәселенің қалай өрбитінін уақыт  еншісіне  қалдырайық.

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: