Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шабыт шырағы

13.10.2022, 10:20 484

Академия, кітапхана, музей функциясын біріктірген «даналық үйіне» жол түсті. Ондағы мақсат – жазушы Дүкенбай Досжанның мол рухани мұрасымен қанығу арқылы қаламгердің болмыс-бітімімен, қабілет-қасиетімен тереңірек танысу. Қазақ руханиятының шамшырағына айналған Ұлттық академиялық кітапханасының бір залы Дүкенбай Досжанның шығармашылық шеберханасына арналыпты. Онда жазушының қолымен ұстап, оқып, зердесіне түйген кітаптары және өзі жазған еңбектері, тұтынған заттарды таба аласыз.

Кітапхананың сектор меңгерушісі Альфия Ілиясованың сөзінше, Дүкенбай Досжан атымен аталатын «Жазушы» оқу залының кітап қорын­да 1000-ға жуық кітап бар. Оның ішінде, батыс, орыс және қазақ әдебие­тінің классик ақын-жазушыларының кітаптарын табуға болады. Авторлардың қолтаңбасымен Дүкеңе кітаптар сый  ретінде  берілгенін  көрдік.

Қазақ  әдебиетінде  өнімді еңбек еткен Дүкенбай Досжанның еңбек­терінен музей іспеттес зал қалай жасал­ғанын Сәуле Досжанова апайдан  білдік.

– Дүкең тірісінде Елордада Абылай хан мен Мағжан Жұмабаев көшесінің қиылысы тұсынан жер учаскесін алып, екі қабатты үй салып, қайтыс болғаннан кейін музей болар дейтін. 2013 жылы 15 қыркүйекте мәңгі­лік мекеніне аттанып, қазақ халқы қайғырды. Қаламгердің жылына заман­дастарының естелігі қамтылған «Тарланбоз» кітабы жарық көрді және менің автор­лығыммен «Құдіретті қалам иесі», «Менің жалғыз серігім» атты  еңбек  көпшілікке  таратылды.

Содан жазушының аманатын орындау мақсатында бас шаһардың әкімдігінің есігін аштым. Сол кездегі қала әкімінің орынбасарына Дүкеңнің аманатын жеткіздім. Басшы музейді ұстап тұратын қаржы тапшы екенін айтты.

Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева тарихи тұлғалардың залын кітапханада ашқанын жақсы білетінмін. Ұсынысты Үмітхан Дәуренбекқызына білдіргенімде, «үйіңізді кітапхананың бөлімшесі ретінде аша алмаймыз, алайда, тұтынған заттары мен кітаптарын берсеңіз, кітапханадан бір зал ашуға  болады», – деді.

Сөйтіп,  кітапхананың шағын залына Дүкеңнің отырған орындығы, жұмыс  үстелі, қаламы, көзілдірігі, тіпті компьютерін бердік, – деді жазушы  С.Досжанова. 

Бізді қызықтырғаны – проза саласын­да өнімді еңбек еткен Дүкен­бай Досжанның 11 романы, 18 повесть, 22 хикаят, 100-ден астам әңгі­месі  енген  еңбегін  зерделеу.

Жазушының тұлғатану тағылымын дәріптейтін «Абайдың айнасы», «Абайдың рухы» ғұмырнамалық зерттеу еңбегі және Әуезовтану ілімінде құнды еңбек саналатын «Алыптың азабы», «Мұхтар жолы» деректі прозасы қазақ әдебиетіне қосылған құнды еңбектер  екені  даусыз.

Өмірінің мазмұнды кездерін бірге өткізген жазушы Сәуле Досжанова: «Жазу үстелінің оң жағында Мұхтардың жігіт кезіндегі суреті мен оның ата-анасына салдырған мазарының суреті  тұратын»  дейді.

Академиялық кітапханадағы «Жазушы» залындағы жазушының жұмыс үстелінде Мұхаңның осы суреті назар аудартпай қоймайды. Көзінің қарашығындай сақтаған тарихи тұлғаның суреті құнды жәдігерге айналғандай. Осының өзі Дүкеңнің ұлы жазушы М.Әуезовке деген құрметі теңдесіз болғанын, әрі «Мұхтардың жолы» руха­ни ұстазының рухына тағзым еткені деп қабылдағанымыз дұрыс.

Жалпы, Дүкеңнің Мұхаңа деген шынайы шәкірттік ықылас-ние­ті қаламгердің өміріне сәуле құйып, бағыт-бағдар бергені анық. Бұл туралы Сәуле Досжанова былай еске алады: «Дүкеңмен «Мұхтар жолын» жазып, баспаға тапсырған кезде таныс­тық. 1988 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан роман-толғаудың соңғы бетінде «корректоры Сәуле Қожах­метова» деп менің де қыз күнімдегі аты-жөнім жүр. «Мұқаң жайлы осы романды аяқтағанда бір бақытқа кенелетіндей, өміріме жарық сәуле түсетіндей, өзгеріс болатындай болып  жүрдім» деп еске алатын ол. «Сол Мұқаңның аруағы табыстырған жарық сәулем – Сен болдың!» деп хат жазатын. Екеумізді бақытқа бөлеген, өсіп-өндірген шаңырағымыз да Мұхтар  Әуезов  көшесінде  еді.

Еліктегені сонша – Мұхаңдікі сияқ­ты сұр макинтош киіп жүретін сол   жылдары…  Екеуміз  қосылғаннан кейін  жылына  бірнеше  рет,  мін­дет­ті   түрде   Мұхаңның   туған   күні  –  28 қыр­күйекте  мұражайына баратын­быз. Бала­ларды да есі кіргеннен сонда алып барып әңгіме айтып беріп, суретке түсіріп жүретін. Кейін немерелермен баратын болдық. Бұл біздің отбасы үшін керемет дәстүрге айналды. Отбасым­ызбен Астанаға қоныс аударғанда да Дүкең Алматыға жолы түскенде міндетті түрде Мұхтар Омарханұлының мұражайына барып тұратын.  2013  жылғы 13 қыркүйекте де сол мұражайға барып, қоштасқандай  болып  ұзақ  аралап  кетіпті…».

Жазушының шығармашылық та­қырыбы  кең. Соның бір арнасы – тарихи сананы жаңғыртып, көне замандардан негіз тартатын «Жібек жолы», «Отырар», «Фараби» кітабы. Өктем саясаттың салдарынан аштықтан қырылып, асыл тұлғалары атылып, асылған зұлмат кезеңдерден өткен адамдардың мінез экологиясын ашып жазған «Зауал», «Дария», «Кісі ақысы», «Табалдырығыңа табын», «Жолбарыстың сүрлеуі» кітабын таным тала­бымен өлшегенде салмақты дүниелер екені анық. Мұны жазушының тақырыптық бағытының тағы бір арнасына жатқызуға болады. Дүкеңнің жазушылық тағы қыры – шығармасының тілі жеңіл, оқиғасы қызықты, бастысы, ойы анық, бояуы қанық ұлттық этнографиялық нышандар көптеп кездеседі. Ол балалар әдебиетіне қалам тартқан санаулы қаламгерлердің санатынан саналады. Мәселен, «Қымыз», «Шабандоз», «Бастаңғы», «Кісі ақысы», «Өрік», «Жігіттің бір жұрты», «Құмда қалған кемелер», «Екі дүние есігі», «Жолбарыстың сүрлеуі» және т.б.  әңгімесінің  орны  биік.

Ғалым Алпысбай Мұсаев: «Дүкенбай Досжанның прозасы қарапайым теңіз сияқты, ол өз арнасында мөлдір ағыспен шымырлап жатыр. Оның ішінде әңгімелері кемеріне соққан толқындар тәрізді алуан-алуан. Бір-біріне ұқсамайтын бөлек-бөлек дүниелер…» десе, лингвист Әсем Қоспағарова: «Д.Досжан әңгімелеріндегі қазақы тұрмыс-тіршілік, қазақы ой-сана, ұлттық салт-дәстүр, ешкімге ұқсамайтын қазақы мінез айқын­далып, дәл суреттеліп, бейнеленген» деп  бағасын  береді.

Өз басым Д.Досжанның шығармашылығын ерлік пен елдікті, өрлік пен өжеттілікті ту еткен туындылары биіктетеді  деп  білемін.  Мәселен,  1986  жылғы  желтоқсан көте­рілісі жайлы «Алаңды» жарыққа шығаруы өр рухты дәріптеумен қатар қаламгердің ерлігі деп бағалаймын. Жазушы туындыларының шоқтығы биік болуында шынайы ауыл өмірі, ауыл тұрғындарының сан қилы тағдыры, еңбек адамы­ның жарқын бейнесі, сондай-ақ, дәстүрді дәріптеп, салтты сыйлауға үйретеді. Бәрінен бұрын, өлкет­ану  шежіресі  тұнып  тұрады.

Оңтүстік өңірде «дария» деген ұғым бар. Суы мол, көлемі кең өзен деген мағынаға саяды. Парсы тілінде «теңіз, ұлы өзен» дегенді білдіреді. «Дария» деп аталатын роман – жазушының кіндік қаны тамған жердің сурет көшірмесі, көгілдір бояуы сіңген туындысы. Экологиялық тақырыпты арқау еткен романда жер-су аттары, тарихи орындар туралы мол ақпарат алуға  болады.

«Қаратаудың ең биік шыңы Мың­жылқыға шығарсыз: бетіңізді күнбатысқа бұрарсыз. Сонда қалың жыныс қара шатқалдан басталып, көгілдір жібек жіптей мың бұратылып, түстік батысқа құлап жатқан жеті өзенді көресіз. Олар Ақүйік, Талдысу, Кіші айрық, Орта айрық, Бас айрық, Қара­шық, Майдамтал деп аталады. Өзендер тай аңғарынан соралап шығады да, Сырдарияға құя алмай, орта жолдағы шөлейт далада жоғалады. Боз өлкенің мерейін қандыра алмайды. Сол бүйірден көк жебедей боп сұғынған Арыс-Мейрамқала каналы бұл далаға жетпей, Сауран тұсынан үзіледі. Содан Қаратау мен Сырдария арасындағы осы бір оқшау даланы суландыру ісі  талайды  толғандырушы  еді».

Жазушы Д.Досжан туған жерінің жай-күйіне шынайы алаңдап, елдің ырысын арттыруда табаны қураған даланы суландырудың маңызын меңзейді. Расында бүгінде тау мен өзеннің арасындағы бес-алты елді мекен әлеуметтік әлеуетін арттырудың түрлі жолын қарастырғанымен, аяқ судың тапшылығы  қолбайлау  болып  тұр.

Міне, осындай құнды кітаптарды академиялық кітапханың оқу залынан таптық.

Дүкеңнің әңгімелерімен оқушы кезімізден таныспыз. Әрі қазақ әдебиетінде өнімді жазған жазушы ретінде белгілі. Бір ғана дәлел, 2008 жылы сол кездегі Қызылорда облысының әкімі болған Мұхтар Құл-Мұхаммедтің баста­масымен баспа көрген «Сыр­дария» атты сериялық 100 томдық кітаптың 1, 2, 3, 4 томына Дүкенбай Досжанның   еңбектері   қамтылды.

Біріншіден, Дүкеңнің хикаяттары мен естелік-эсселері, әңгімелері мен повестері «Сырдарияның» алғашқы томдарына берілуі, жазушының шы­ғармашылығын  мойындау  деп  білеміз.

Екіншіден, Сыр өңірі ақын-жазу­шыларының таңдамалы шығар­маларын жинақ еткен көптомдықтың төрт томын қамтитындай мазмұнды дүние­сі   болғаны  ғой!

1959 жылы «Ленин туы» газетінде Д.Досжанның «Жылқышымын» деген өлеңінен бастап, 2009 жылға дейінгі 50 жылда 924 шығармасы газет-журналдардың мазмұнын байытып, түрлі жинақтарға еніп, бөлек кітап болып шықты. 1966 жылы 24 жасында Дүкең­нің «Жазушы» баспасынан «Жусан мен гүлдер» жинағы 24000 таралыммен шыққанының өзі неге тұрады? Былайғы қаламгерлер қызыға да, қызғана да қарайтын жетістік. Мұны жазушының өмірі мен шығармашылық шеберханасы туралы хабар беретін «Көркемсөз шебері» библиографиялық көрсеткіші айғақтайды.

Жазушының өзі айтқандай, жазу­шылық – кітап жазу, атақ шығару емес, жер әлемді бояумен бедерлеу, шер тарқатудың бір құралы. Яғни бойына дарыған сөз өнерін еңбекпен, ізденіспен ұштап, шығармашылық шеберлігін шыңдап, оқырманына мейлінше мол рухани мұра қалдыруды көздеді. Бұл  мақсатына  жетті  де.

Жазушы  Жолтай  Әлмаш:

– Д.Досжан шығармашылығының сөздік қоры құнарлы, лексикалық байлығы сан салалы, сөз саптауы әралуан. Оның ішінде сонау ықылым заманнан бастап қолданылатын көне сөздермен қатар, бүгін кәдеге жарап жатқан тіркестер аз емес, – деп бағасын  береді.

Оның шығармашылық шеберханасын нысанаға алғанда Елорда төріндегі еңбегін де елеусіз қалдыруға болмайды. ХХІ ғасырдың басында Астанаға қоныс аударып, қаламгерлік қуаты артып, екінші тынысы ашыла түсті. «Дала гладиаторлары», «Ақ Орда», «Астананың бас архитекторы» деректі  хикаяты  баспа  көрді.

Астана төрінде қаламгермен ұшырасқан, кездескен, сырласқан адам­дардың қам-қарекеті, арман-мұраты, қабілет-қарымы көрініс тауып әрі қилы бояу-белгімен көркемдеу тәсілін пайдаланып, сан-саналы, ауқымды рухани  дүниелер  жаза  білді.

Д.Досжанның сөз өнерінде өндіре жазып, ой бәйгесінде шын жүйріктей шабуы заңдылық та. ХХ ғасырдың 60-жылдары қазақ әдебиетіне қосыл­ған Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиев, Сұлтан Ораза­лиев, Тынымбай Нұрмағамбетов сынды талантты да талапты қаламгерлердің ортасында шын жүйріктерге ғана орын болды. Оның үстіне, дәрісін тыңдап, тағылымын танып, өнегесін сіңірген ағартушы-ғалымдар Мұхтар Әуезов, Бейсенбай Кенжебаев, Мұха­метжан Қаратаев, Мәулен Балақаев және т.б. аманатына адалдық танытуы тиіс-тұғын. Оған көзін көріп, батасын алған Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағанбетов сынды әдебиеттің ірі өкілдері салған сара жолды  лайықты  жалғастыруы тиіс еді.

Ортаның, аға буынның, ұстаздарының рухани әсерінен, өзінің ізденгіш, еңбекқор қалыбынан Дүкенбай Досжан ұлт руханиятының биігіне көтері­лді.

Ендігі уақытта жазушы өзінің руха­ни-мәдени мол мұрасымен оқыр­манын сусындатып, адамгершілік пен адалдықты  дәріптей  береді.

Әттең, тірі болғанында жазушының 80 жылдығын дүрілдетіп тойлап жатар ма едік?

Әзірге Алматы, Нұр-Сұлтан қаласындағы екі көше, сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі электронды кітапхананың қаламгердің есіміне берілгені көңілге медеу  болады.

Ұлтына осындай еңбек сіңірген қайраткер қаламгерді қалай дәріп­тесек  те  жараспай  ма?!

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист,

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: