Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құрдастардың қалжыңы

03.12.2020, 17:00 632

HALYQLINE.KZ

Кешегі мерекеде Сұраған мен келіншегі Алуа үйге келді. Немересінің тұсаукесер рәсімінен соң кездесіп тұрған ерлі-зайыптыларды құшақ жая қарсы алдық. Кішкентай немереме сыры жарқыраған ойыншық машина әкеліпті. Тұлымы желбіреген құлыншағым мәз-мейрам. Ойыншығын көрсетіп мақтануға әке-шешесіне қарай жүгіре жөнелді. Әсілі, сыйлықты періште пейілді сәбилерге жасаған абзал. Мерейіңді өсіреді. Баланың орнында ересек адам болса, қуанышын көпке жария жасауы әй, қайдам…

Сонымен… Сыралғы достар, яғни екі жұп болып өзімізше шай ішіп отырмыз. Кенет… Сұраған маған қарап «Әй, дорақ! Өткен жолғы біз туралы жазғаныңды оқыдым. Сен, ұзын сирақты (тілінің қотырын қайтерсің) мені мақтайды деп ойламап едім. Түйе бойына сеніп, жыл атауынан құр қалғанын білесің ғой?!» деп шиқылдай күлгені. Оңбағанның күлкісі қандай жағымсыз еді?!

Қитығып қалдым. Қаным басыма тепті. Десе де, Сұраған дорақтың қонағым екені, сақал-шашымызға ақ түсіп, ата атанғанымыз есіме түсті. Ал екеуміздің қатындарымыздың ойларында ешнәрсе жоқ. Таусылмайтын ұзын-сонар әңгімеге кірісіп кетіпті. Бізді тіпті, елейтін емес.

Бұл немеден есемді қалай қайтарсам екен?! Таптым. Мен де «Әй, таз! Оттай бермей, шайыңды ішсеңші!» деп шап ете түстім. Бітті… Сұраған жұмсақ жеріне біреу біз тығып алғандай, орнынан ұшып тұрды. Жалма-жан қасына қоя салған құлақшынын басына баса киді. Өңі өрт сөндіргендей түтеп кетіпті. Көзі шақшиып, мені жеп қоятын адам құсап, кіжінеді…

– Сәке, үйге қайтуға жиналдың ба?!. Бара бер… Алуа тамақтанып шығады ғой, – деп мен онан әрі күйдірдім…

– Атаңның қақ шекесі! Сенің оттағаныңа өкпелеп, соғым сыбағадан құр қалатын ақымақты тапқан екенсің. Ана қайнап жатқан қазы-қартаны жемей шықсам ба?! – дейді Сұраған жанары шатынап…

Мен тымпиып үнсіз отырмын. Сұрағанның шекесінде әлдебір жарадан қалған болар-болмас тыртық бар. Қаншама емделгенмен сол жерге ақыры шаш шықпай қалды. Жас кезімізде Сұрағанды «таз» деп мазақ қылатынбыз. О, ондай сәтте Сұраған қатты ызаланатын… Ауылда өскендерге құйын соққанда «таздың үйіне бар» деген сөз тіркесі жақсы мәлім. Бала кезімізде осы сөзді айтып «әжем желдің ішінде жын-шайтан жүреді деген. Сен сол шайтандарды менің үйіме барсын деп тұрсың» деп ойбай салып, жылаған Сұрағанды зорға жұбатқаным бар.

Ал қазір… Осы мезетте менің жалтырған басыма көзі түскен досым қарқылдап, күліп жіберді… Оған мен де қосылдым..

Ішек-сілесі қата күлген Сұраған «Сен, мені жынды қылатын шығарсың. Қанша сақтанып жүрсем де қатырып кетесің. Жас кезіңдегідей бұйра шашың иығыңды жауып тұрып, мазақ қылды деп ойласам керек… Келші, бауырым! Бұл ғаламда достан артық кім бар?!» деп құшағын жайды.

Өмір, неткен, керемет едің!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: