Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қиыннан қиыстырылған қолдау һәм қиық қабырға

20.01.2020, 15:55 785

Биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекке енгізілген жаңа формат ел арасында қызу талқыға түсті. Тіпті елдегі «күйіп» тұрған бес фактордың алдыңғы қатарынан орын алғанын мойындамасқа шара жоқ. Тіпті кей жерлерде аналардың даусы «биікте» отырғандарды «төменге» түсіріп жатқан жайттар бар. Бұқара мен билік арасындағы диалог та осы әлеуметтік тақырыпта өрбуде. Осы ретте атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын кеңінен түсіндіру мақсатында облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың қатысуымен брифинг өтті.

Халық арасындағы арнаулы санатқа жататын топ өкілдерін әлеуметтік қолдау, қорғау жұмыстары өткен жылдан бері күшейтіліп, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұл – аз қамтылған, табысы төмен отбасыларға берілген атаулы көмек. Ақшалай және әлеуметтік бейімдеу бойынша жұмысқа орналастыру, өз бизнесін ұйымдастыруға көмектесу және жұмыспен қамтудың басқа да түрлері арқылы отбасының табысын арттыруға бағытталған. 2019 жылы мұқтаждық шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан 70 пайызына дейін көтерілді. Осыған орай, АӘК алуға жан басына шаққандағы табысы 20789 теңгеден төмен отбасылар ғана құқылы еді. Бұл көмек ата-анаға жан басына шаққандағы табысының айырмасы ретінде тағайындалса, балаларға толық төленіп келді. Ал 2020 жылдан бастап АӘК-тің жаңа түрі іске қосылды.

 – Ең алдымен көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан республикалық бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыға тоқталайын. Жәрдемақы мөлшері бала санына қарай саналады, яғни 4 балалы отбасыға – 42496, 5 балалы отбасыға – 53127, 6 балалы отбасыға – 63757, 7 баласы бар отбасыларға 74388 теңге көлемінде төленеді. Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі АӘК – ред.) табысы аз отбасыларға төленеді. Оның мөлшері жан басына шаққандағы орташа табыс пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% арасындағы айырмасын құрайды. Бұл көмекті алудың кейбір рәсімдері мен шарттары өзгертілді. АӘК тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленеді. Басты шарттардың бірі отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі керек және отбасы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Ол үшін бірінші кезекте аз қамтылған отбасындағы жұмыссыз азаматтар тұрақты жұмыспен немесе «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасына тартылады. Үшіншіден, аз қамтылған отбасыларындағы 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға кепілді әлеуметтік топтамалар ұсынылады, – деді облыс әкімінің орынбасары Б.Дүйсенұлы.

Айта кетейік, жаңа тәсілмен берілетін АӘК бірінші кезекте балаларға және көпбалалы отбасыларға көмектеседі. Еңбекке қабілетті азаматтарға жұмысқа орналасуға немесе кіші бизнеспен айналысуына жағдай жасайды. Осы бағыттағы кешенді шаралар 3 бағытты құрайды. Атаулы әлеуметтік көмек алатын балалардың 60%-ға жуығы – көпбалалы отбасылардан. Бұл мемлекеттік жәрдемақыны төлеу отбасының табысына тәуелді болмайды және барлық көпбалалы, яғни 4 және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар және 23 жасқа дейінгі студент баласы бар отбасыларға төленеді. Сонымен бірге, оларға бос жұмыс орындарына, мемлекетпен субсидияланатын жұмыс орындарына, қоғамдық жұмысқа орналасуды, жастар тәжірибесінен, қайта даярлаудан өтуге мүмкіндік болады. Өз бизнесін ашу үшін кәсіптік негіздеріне оқытылып, жеңілдікпен микрокредит және қайтарымсыз гранттар алу ұсынылады.

 – Отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамту шараларынан бас тартатын болса, онда АӘК тек оған ғана емес, отбасы мүшелерінің ешқайсысына берілмейді. Аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін қосымша әлеуметтік кепілдендірілген пакет ендіріледі. Бұл пакет арқылы мектеп жасына дейінгі балаларға тамақ, гигиеналық құралдар берілсе, мектеп жасындағы балалар үшін мектепте ыстық тамақ, мектеп құрал-жабдықтары мен киім-кешектері, жол ақысын өтеу қамтамасыз етілетін болады. Айтпақшы, АӘК тағайындалмас бұрын әрбір отбасының әлеуметтік картасы жасалып, сол арқылы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен автоматтандырылған деректер негізінде отбасылардың нақты мәртебесі анықталып, қадағаланады, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Т.Тұрсынұлы.

Брифинг барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берілді. АӘК-ке құжат қабылдау орындарындағы кейбір түсінбеушілік факторлар аналардың келіспеушілігін тудыруда. Басым көпшілігі баспана мәселесін қозғап, бұрынғы атаулы әлеуметтік көмектің түрін өзгеріссіз қалдыру және бала күтімінің 3 жасқа дейін қысқаруына наразылық білдірген.

 – Алайда ҚР Еңбек Кодексінің 100-бабында жұмыскерлерге бала күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс бала үш жасқа толғанға дейін беріледі. Осыған орай мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы Заңына сәйкес АӘК тағайындауда еңбекке жарамды адамдардың 7 жасқа дейін бала күтімін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Заңның нормасы заңнама талаптарына сәйкестендірілді, – деп жауап берді Т.Дүйсебаев.

Яғни, бұл – бала күтіміне байланысты отырған аналар үшін тың өзгеріс. Мәселен, 2020 жылға дейін 7 жасқа дейінгі бала күтімінде отырған ата-аналарға жәрдемақы төленіп келсе, биылғы өзгерістерге байланысты бала күтімі тек 3 жасқа дейін ғана ескеріледі. Үшке толған балаңыз болса, еңбекке жарап тұрсаңыз, «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге міндеттісіз. Әйтпесе, отбасыңыздың несібесі желге ұшады не жерге төгіледі. Не десек те, бұл атаулы әлеуметтік көмекті мемлекет қиыннан қиыстырып отыр немесе халық қиық пирамиданың қабырғасын қалап тұр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: