Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қатынап жұмыс істейтін әкімдерге тықыр таянды ма?

15.06.2023, 11:40 211

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әкімдік қызметіне қала, аудан орталығынан қатынап жұмыс істейтін әкімдерге тағы ескерту жасап, сонда көшіп баруына бір апта ғана уақыт берді. Егер осы уақыт ішінде ауыл әкімдері өзі жұмыс істейтін ауылға көшіп бармаса, лауазымын босатып, басқа жұмысқа ауысуы керек. Бұл туралы ол Шиелі ауданына жасаған жұмыс сапары барысында айтты.

Тағы ескерту жасады дейтініміз, өткен жылы Қызылорда облысына әкім болып тағайындалған Н.Машбекұлы «ауыл әкімі, мектеп директоры, учаскелік инспектор өзі қызмет атқаратын ауылда тұруы керек» деп айтқан-ды. Арада бір жыл өтсе де, әкімнің сөзін елемегендер бар болып шықты.

– Президент тапсырмасы аясында ауыл-ауылдарды аралап, халықпен кездескен сайын үнемі тұрғындар ауыл әкімі мен учаскелік инспекторлардың жұмысына жиі шағым айтады. «Оқыс оқиғалар болған сәтте, инспекторды да, ауыл әкімін де таппаймыз» дейді. Мұның бәрі жұмысты қатынап істеудің салдарынан туындайды. Халықтың шынайы талап-тілегін ескергеннен кейін мұндай тапсырма берілді. Бірақ, нәтиже жоқ. 20 қарашаға дейін (2022 жылдыңред.) тапсырма орындалмаса, аудан әкімдерінің жұмысы қатаң қаралып, тиісті шешімдер қабылданады. Біз халықтың өтінішін орындауға тиіспіз! Тұрғындар өз мәселесіне лайықты деңгейде жауап ала алмағандықтан, амалсыз әлеуметтік желіде мәселе көтереді. Реті келсе, заң аясында шешімін табуға ықпал жасап, халықпен сындарлы диалог орнатылуы керек, – деген еді облыс әкімі.

Осы күні барлық ауданды жұмыс сапарымен аралап болған Н.Нәлібаев ауылдық округ әкімдеріне өзіне жүктелген міндетке адал болуды, қарамағындағы ауылдың болашағына жанашырлық танытуды шегелеп тапсырды. Сондай-ақ, әрбір әкім елді мекендегі жұмыссыздар санын азайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және табыс көзін арттыруға жұмыс істеуі керек екенін де есіне салды. Шынын айту керек, осы жолғы жұмыс сапарында аймақ басшысы әр ауданда ауылдың жайын жиі-жиі мәселе етіп көтерумен болды.

Өз айтқанын өзі істемесе адам айналасына үлгі бола алмайды. Бұл орайда Нұрлыбек Машбекұлы өзі қызмет істеген жерінде отбасымен бірге тұрғанын да мысал етті.

– Мен Шиелі ауданында 5 жыл, 5 күн жұмыс істедім. Балаларым сол жақтың мектебіне барды, балабақшасында тәрбиеленді. Әйтпесе, менде де балаларымды басқа жақта оқытуға мүмкіндік болды, – деді ол.

Басшылардың ауылға көшіп бару, бармауынан ештеңе өзгермейтінін айтатындар да бар.

Әлеуметтік  желіден  «Ауыл жастарға тұрақты жұмыс көзін тауып бере алса ғана көркейеді. Жастардың бәрі қалада жұмыс істеп жүр. Үлкендер сол балалары сырттан тұрақты жұмыс тапса, көшуге дайын отыр. Басшылар ауылға қонғанда не шеше алады?» деген сарындағы пікірді де көзіміз шалып қалды.

Бүгінде Қызылорда облысында әкімі, инспекторы, мектеп директоры немесе әкімшіліктегі бір емес, бірнеше маманы басқа жақтан қатынап жұмыс істейтін ауылдар бар. Иә, заң жүзінде «ауылда қызметтік үйде тұрып жатыр» делінуі мүмкін, бірақ, іс жүзінде олай емес.

Осы орайда, «бала-шағасының болашағын басқа жақта елестететін адамның ауылға қаншалықты жаны ашиды?!» деген сауал өздігінен қойылады. Қызылорда облысының әкімі осы жайтты ашық айтып жүр. Бұл тек бір ғана емес, көп ауылдың мәселесі екенін жасыра алмаймыз.

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: