Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қармақшы құс» қашан іске қосылады?

15.11.2021, 17:41 218

Жасыратыны жоқ, Қармақшы – өңіріміздегі экономикалық әл-ауқаты жағынан бір қадам артта келе жатқан аудан. Өлкенің өрістенуі сол елдің тізгінін ұстаған басшыға да тікелей байланысты. Келгеніне көп бола қоймаған аудан әкімі Қайрат Ырзақұлұлы өндіріс орындарын көбейтіп, халықтың өмір сүру деңгейінің көтерілуіне барынша ықпал ететінін тілшілерге берген баспасөз брифингінде айтты. Жыл көлеміндегі жетістіктері де көп екен. Тізбектейік.

Президент Жолдауынан туындайтын басты міндет – экономиканы одан әрі нығайту. Бұл бағыт мемлекеттік қаржыны басқару, Ұлттық қорды дамыту тұжырымдамасы, «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын ұзарту, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Тәуелсіздік жылдарында аудан бойынша 14 мектеп, 9 балабақша, 12 денсаулық мекемесі, 7 мәдениет, 25 спорт нысаны салынған. Бұған Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлік 5 тұрғын үй пайдалануға берілгенін қосайық. Ел игілігі үшін осындай ауқымды құрылыстар жүргізіліп, халық бір жасап қалған жайы бар.

Биыл алғашқы 9 айда өнеркәсіп өнімдерінен 2 млрд теңгеден аса қаржы түсірген. Ауыл шаруашылығы өнімдері де ауқымды. Мемлекет қазынасы бұл сала бойынша 12 миллиард теңгеге толығыпты. Экономиканы көтеру инвестицияға тікелей байланысты екенін жете түсінген аудан басшылығы бас-аяғы 6 млрд 525 млн теңгеге инвесторлар көмегін пайдаланған. Мұнда шағын және орта кәсіпкерлік те жанданып келе жатыр. Мұны аудан әкімі Қайрат Нұртайдың өзі айтты.

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын сапалы іске асыру міндеттері туралы айтып өтті. Қазір ауданда 3000-нан аса шағын және орта кәсіп иесі бар. Олардың арасында жұмыс істеп тұрғандары да, мүлдем тоқтап тұрғандары да бар. Олар қазынаға 4 млрд теңге түсірді, –  деді Қармақшы ауданы басшысы.

Мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландыру мәселесі шет қалып жатқан жоқ. Жобалар әзірленіп, сол бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда. Қармақшылықтардың ежелгі кәсіптерінің бірі егін болса, биыл да су тапшылығына қарамастан мол өнім алып, берекелері еселеніп отыр. Үздік шаруашылықтар қатарынан «Ақтөбе и К», «Жаңажол», «Достық Жер МК» оқ бойы озып, алдыңғы қатарлардан көрінді.

– Басты жаңалығымыз – бұл аудан орталығы Жосалы кентінің газға қосылуы. Қазір Жосалыда табиғи газды әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үйге орнатып, құрып беруде 7 қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, олардың арасында тұрғындарға қолайлы болу үшін несиеге бөліп төлеу жолдарын қарастырғандар да кездеседі. Бүгінге дейін Жосалы кентіндегі 4360 тұрғын үй  газ желісін қосуға 1266 өтінім беріп, 1000-ға жуық үй «көгілдір отын» игілігін көріп отыр, – деді Қайрат Ырзақұлұлы.

Сонымен қатар, республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен құрылыс, күрделі жөндеу және ағымдағы жөндеу, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Төретам кентін ауызсумен жабдықтау  жүйесінің құрылысы мен 20 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған 400 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген.  Қуаңдарияда 100 орындық клуб құрылысы басталып, 50 млн теңге қарастырылыпты. Мұнымен қоса, Жосалы кенті, ІІІ Интернационал ауылы, Ақай ауылдық округтерінің жолдары жөнге келтірілмек. Т.Көмекбаев ауылында Қуаңдария каналынан мал өтуге қолайлы болу үшін маусымдық құрастырмалы өткел салынбақ. Бұдан бөлек те ауданға қарасты ауыл-аймақта атқарылып жатқан жұмыстың қарасы көп. Айтпақшы, іргетасы қаланғанына 4-5 жылдың көлемі болып қалған  ірі жобалардың бірі Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» ЖШС-нің құс фабрикасы жуырда іске қосылмақ. Сақалды құрылыстың себебін аудан басшысы «пандемияға байланысты фабрикаға құрал-жабдықтарды шетелден алып келу мүмкіндігі болмай отыр» деп түсіндірді.

Ауданда 115 орындық орталық аурухана, 250 орындық емхана, 6 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық бекет бар. Барлық денсаулық мекемелері қазіргі эпидемиялық жағдайға сай сапалы қызмет көрсетуде. Білім саласынан да аудан қара жаяу емес. Салада ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық көп. Жалпы, Қармақшы ауданы өнеркәсіптен өрісі кең болмаса да, өнер мен білім саласынан о бастан кенде емес.

«Әке көрген оқ жонар» деген. Жол білетін басшысы барда ендігі жерде Қармақшы құрдымға кетпейді деген сенім мол. Жинақтаған тәжірибесі мен күш-жігерін туған жерін түлетуге жұмсаса, басшының бәрі елге де сүйкімді болар еді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: