Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайырымдылық жасаған мектеп түлектері

07.07.2022, 15:30 616

HALYQLINE.KZ

Мектепте соңғы қоңырау соғылған соң, маусым-шілде айларында еңбек демалысына шыққан, бір кездері осы мектептен түлеп ұшқан түлектер, араға 20-30-40-50 жыл салып бас қосып жатады. Жақында мектеп бітіргендерінің 20 жылдығын атап өткен шәкірттеріміз өздерінің қуаныштарымен ортақтасуға шақырған болатын.

Қазалы ауданындағы мектептердің қарашаңырағы атанған, ғасырдан астам тарихы бар, Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің 2002 жылғы түлектері туған жерге табан тіреп, бас қосты. Бұл 11 «б»-сыныбының жетекшісі, тарих пәні мұғалімі әрі аудандағы үш мектепке директор болған, қазіргі уақытта осы №70 мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып істейтін Айтмамбет Ділдәбек, математика пәнінен сабақ берген Меңдібаев Төребек пен осы жолдардың авторы мен, бір кездегі шәкіртерімізді көріп арқа-жарқа болып қалдық. «Өлі риза болмай, тірі байымас» дегендей мезгілсіз келген ажал орталарынын алып кеткен сыныптастары Ахметов Бақытбек, Смайлов Бақытжан және Айбатыров Рауанның шаңырағында болып, құран аяттарын бағыштады. Ауданның Жанқожа батыр атындағы бас мешіті мен ежелгі көне Қожаназар атындағы мешітінде де болды. Сосын аудан орталығынның шығыс жағында салынып жатқан жаңа мешітке өз үлестерін қосып, 100 000 теңге бергенін естігенде, қуанып, қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін, иман күшті оларда» деген сөзі есіме түсіп, кешегі шәкіртеріміздің саламатты өмір салтын ұстанып, бойында адамгершілік қасиеттердің жоғары екенін көріп, ұстаздары бір марқайып қалдық.

Шәкірттеріміздің барлығы отбасылы болған, алды 6-7 баланы дүниеге әкеліп, құдай қосқан қосақтарымен тәрбиелеп отырғанын естіп әрі көріп, бір жасап қалдық, адамның басты мақсаты артында саналы ұрпақ қалдырып, қазақтың демографиясына дүмпу әкеліп жүргендері бұл үлкен адамдық парыз. Осындай шәкірттерімізді атап өтсем де артық болмайды. Олар: Жаңабек пен Кенже, Дастан мен Альмира, Еркін мен Лаура, Эльмира мен заңгер күйеуі, Махмуд пен келіншегі, Гүлнұр мен Алмат, Айгерім мен Ерлан, Гүлмира мен Ерғабыл, Айбек пен Айгүл, Қайрат пен Надежда, Марал мен Нұрлан, Ләйля мен Құрманбек, Эдик пен Жайнар, Гүлсина мен Алматбек, Роман мен Венера, Асан мен Балымай, Әділхан мен Ажар, Марат пен Айгерім, Ләззат пен Айдос, Алмагүл мен Ғалымжан, Құрманбек пен Жанат, Ғабиден мен Мархабат, Рүстем мен Гульмира, Асылбек пен Әсем. Олардың арасында барлық мамандық иелері бар, мұғалім мен дәрігер, полиция қызметкері мен құрылыс маманы, кәсіпкер мен есепші, ЖШС мен ветстанция директоры, құрылыс пен күзет басшысы. «Бәрің айт та, бірің айт», барлығы да мақтауға лайық. Мысалы, Үмбетов Рүстем аудандық білім бөлімінде тарих пәнінің әдіскері болып қызмет істеген жылдары Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдығымен сәйкес келді, әсерлеп айтқанда, «жарғақ құлағы жастыққа тимей», аудан мектептеріндегі тарих пәні мұғалімдеріне нақты тапсырма беріп, қазақ мемлекетінің тарихын толық қамтитындай іс-шараны бір жыл бойы өткізіп, қорытынды кешті аудандық оқушылар Үйінің акт залында өткізді. Мен де түрлі байқауларға әділқазы мүшесі болып кешегі шәкіртімен қоян-қолтық жұмыс істеуім ұмтылмастай есте қалған жылдар болды. Міне, осындай шәкірттерімізбен алдағы уақытта да мақтанып жүреміз.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

Қазақстан  Журналистер  Одағының  мүшесі

Қазалы  ауданы

Пікірлер:
  • Кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болар осындай іс-шараны көпшілікке насихаттап ақпарат бетінде жариялап жатқан Бақытжан ағайға мың алғыс! Біздің қара шаңырақтан білім нәрімен сусындаған шәкірттерміздің ісі көпке үлгі.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: