Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оңтайландырылған ХХІ ғасыр дәстүрі

23.06.2022, 9:20 416

Қазақ салт-дәстүрінің жаманы болмайды. Бәрі заман ағымына қарай өзгеріп, жаңаша түрде еніп отыратынына көзіміз үйренісіп-ақ кетті. Бірақ бұны «ата дәстүрді қорлау» деуге келмейді. Өйткені, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген тәмсілдің тегін айтылмағанын осыдан білуге болады. Иә, біздің қаламымыз бүгін салт-дәстүрге жатпайтын, арғы ата-бабамыздан мұра болып қалмаған қыз алып қашудың өзектілігін тербейтін болады.

Қыз алып қашу бұрынғы ататегі­мізде болмаған деседі. Оны кешегі Кеңес үкіметі кезінде ғана өршіді деу­ге саяды. Себебі, ескінің адамдары бір рулы елдің қызын алып қашып, ол елді ешқашан басынбаған. Дегенмен аңыз-әңгімелердегі Қалқаман мен Мамыр, Кебек пен Еңлік секілді кейіпкерлер бірге қашып қосылғаны белгілі. Бірақ, оларға екі жақты рулы ел батасын бермей, арты қайғы­лы аяқталғанын білеміз. Ал, Кеңес үкіметі уақытында қалың мал беру, қызды сату деген түсінік қалыптасқан соң нәзік жандыларды жаппай алып қашу пайда болған екен. Содан кейін алып қашуды дәстүрге айналдырғанымыз жасырын емес. Десе де, мұны салт деуге келмейді дейтін жандардың  көзқарасын  білгенді жөн көрдік.

– Қазіргі замандағы қыз алып қашуды мүлде құптамаймын. Себебі, қазір дамыған заман. Ал, Кеңес үкіметі кезеңінде адамдар тұрмыстық жағдайларына қарап жасағандықтан көз­қарасымыз дұрыс қалыптасты. Бірақ, оны «дәстүр» деп жаңғыртқанымыз жөнсіз деп ойлаймын. Біз ата-ана рұқсатынсыз қашқан екі ғашыққа батасын бермеген елміз. Ерте заманда әр бойжеткеннің атастырып қойған иесі болған. Ал ол қызды алып қашу екі бірдей рулы елді басыну болған. Өйткені, қызға бел құда, бесік құда деп құдаласып, сөз байласып қоятын-ды. Осы қыз алып қашу жесір дауын да туындатқан. Тек күйеуі қайтыс болған әйел­ге қатысты емес, атастырылған қызды алып қашудан да дау туындаған, – дейді «Сыр дидары» газетінің бас  редакторы  Сәкен  Алдашбаев.

Иә, ежелден қыз баланы толарсақтай толыстатып әкесі мен шешесі үйде ұстап отырмайды. Керісінше ер адамның назары түсетіндей жасқа жеткізбей ұзатып жіберіп отырған. Сондықтан қыз алып қашу деген ол заманда өте сирек болған. Ал, бүгінгі қоғам бұл жайында қандай үн қатады екен? Күні кеше ғана ҚР Бас прокуратурасы қыз алып қашқан жағдайда қандай жаза берілетіні туралы айт­қан болатын. Олардың мәліметінше, салт-дәстүр мен қылмысты түрде қыз алып қашуды ең бірінші ажыратып алып, анықтау керек. Қыздың келісімінсіз алып қашатындардың жазасы ауыр болады. Олар қылмыс­тық кодекстің  125-бабы  бойынша 4 жылдын 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер де кәмелетке толмаған аруды алып қашса, 7 жылдан 12 жылға дейін­гі сот үкімі шығарылып, мүлкі тәркіленеді. Сондай-ақ, топ болып қылмыстық  іске баратын азаматтар 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Сондықтан қыз алып қашудың да бөлек «жөн-жоралғылары» бар. Мысал үшін, қазір қыз алып қашу бірін-бірі жақсы танып, білетін, екеуара келісім жасайтын адамдар арасындағы дәстүрге ұласуда. Яғни, бұл дәстүрде қызды алып қашқаннан кейін артынша хабаршы жібереді және «қыз келісім берді ме?» деп көз жеткізу үшін құдалар жақтан қуғыншылар келеді. Артынша екі жақта мақұласып үлкен тойдың қамына кірісетіндер көбейген. Бұны «артықшылық» деудің де айы­бы жоқ. Өйткені, қазіргі заманда үнемдеу мен босқа ысырап жасамаудың алдын алу керек. Қызды келісіммен алып қашқан күнде екі жақтың алыс-берісі мен шығындары азаяды. Бұны «оңтайландырылған ХХI ғасыр дәстүрі» деп атауға да болады. 

Ал, танымайтын адамды алып қашу – бұл нағыз қылмыс, адам ұрлығы. Қазақ халқы зорлықпен алып келген қызды қалдыру үшін түрлі айла-тәсілдерге дейін ойлап тапқан. Айтатын болсақ, келісімсіз, күштеп әкелген қызды көндіру үшін үлкен жастағы әжелер есік табалдырығына қисайып жатып алады. Яғни, мағынасында «қыз өзінен үлкенді аттап өте алмайды» деген ұғыммен. Осындай үрдістің әсерінен көптеген қыз­ қазір ана атанып отыр. Дегенмен де, бүгінгі жастардың бұл  салтқа деген  көзқарастары  екіге  бөлінуде.

–    Тұрмыстық жағдайға байланыс­ты екі жақты, яғни әсіресе қыздың келісімімен алып қашу үрдісін жасайтын болса онда орынды деп ойлаймын. Ал, бір  көріп, алып қашатын жігіттерді түсіне алмаймын. Қазір алып қашу жағдайлары жастар арасында көп кездеседі. Осындай танымай, неме­се танысқандарына бір-екі ай ғана болып, асығыс қосылған жандардың жағдайы  ажырасумен аяқталып жатқаны қаншама, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетінің 3-курс студенті  Жаңыл  Рахмет­ова.

Расында да, елімізде ажырасатын жұптар саны көбейген. Сондай-ақ, заңды некеге тұратындардың да қатары бәсеңдеуде. Иә, алып қашу арқылы қосылған кей жас жұбайлардың отбасылық тағдыры заңды некеге дейін екіге бөлініп кетіп жатады. Десе де  шариғат  бойынша неке қидыру талап етілетіні рас. Ендеше алып қашу дәстүрі шариғат жолында дұрыс па? Осы сауалды  дін қызметкерлерінен  сұраған  едік.

– Қыз алып қашу – өз заманында қоғамның қажеттілігіне орай пайда болған үрдіс. Қалыңдықты құда түсіп алуға шамасы келмеген отбасылар өзара келісіп, қызды алып қашуға рұқсат берген. Қыздың разылығы некенің басты рөлін атқарады. «Келісіп пішкен  тон келте болмайды» дегендей бұл үрдістің  шариғатқа  қайшылығы  жоқ, – дейді ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспа­сөз  хатшысы Перизат Шарапатова.

Қорыта келе, қыздың басты мұраты кету болғандықтан барлық нәзік жандылар басына сәукеле тағып, ата-анасының ақ батасын алып, өз шаңырағынан ұзатылғанды қалайды. Сондықтан, ер жігіттерге көрсе­қызарлыққа  салынбаған  дұрыс.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: