Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өмірдегі басты миссиямыз – қоғамға көмек

30.06.2022, 10:20 249

Дархан  ӘБДІКӘРІМОВ:

Кезінде қолға қылыш алып, ат үстінде отырып семерлесу нағыз батырлық саналатын. Ер жігіттің бес қаруы да сол заманда түгенделген еді. Ал қазір заман да, қоғам да басқа. Батырлықты білекпен емес, жүрекпен де жасауға болады. Ол үшін шынайы адамгершілік пен табандылық, жанкештілік болса жеткілікті.

2020 жылы 16 қазанда Қызылорда қаласында көпқабатты үйлердің бірінде өрт шықты. Жергілікті тұрғын сол өртке оранған үйден әйел адамның дауысын естіп, жанұшыра жүгіріп, құтқаруға кіріскен. Бір отбасын аман алып қалған азаматты «бейбіт күннің батыры» десек артық емес. Екі жыл бұрын болған оқиғада батылдық танытқан Дархан Әбдікәрімов әлі күнге дейін әріптестері мен бұқара арасында ерекше құрметке ие. Бүгінгі «Мырза» бетінің басты кейіпкері де осы болмақ. Өзінен бұрын өзгені ойлаған қайсар жанның сол кездегі қарекетін қайта еске түсіріп, аз-кем тілдескен едік.

– Ассалаумағалайкүм, аға! Қал-жағдайыңыз қалай? Көпшілік сіздің ерлігіңізді бүгінге дейін айтып жүр. 2020 жылы болған оқиғаны қайта еске  түсірсек, жағдай  қалай  болып еді?

– Уағалайкүмассалам! Жақсымын, рақмет! Ол күндер тарих қойнауында  қалған еді. Десе де, біреуге ауыр тигенмен, біреуге сабақ болар, айтып  берейін.

Сол жылы 16 қазанда түскі сағат 13:00 болуы керек, көпқабатты үйден әйел адамның айқайлаған дауы­сын естідім. Бірден жүгі­ре жөне­ліп, бөлме ішіне кірдім. Қауіп­ке толы қою түтіннің ішінде ең бірінші жарылғыш заттар мен тоқ көздерін ажыратып, отты өшіруге кірістім. Өрт сөндірушілер келемін дегенше оны ауыздықтап, қауіпсіз күйге келтірдім. Үй ішінде болған адамдар оттан қорқып қалған. Оларға барлығының жақсы екенін айтып, әрі қарай өз шаруаларыма кеттім. Мұндай кезде барлық ер-азамат дәл осылай істер еді деп ойлаймын. Себебі, сол маңда жүрген адамдардың барлығы көмекке келіп жатты. Өз істеген ісімді аса ерлік деп санамаймын. Бұл – біздің борышымыз.

– Дұрыс айтасыз, аға. Кез келген адам мұндай кезде өзін таппай қалатыны жасырын емес, қорыққан жоқсыз ба?

– Қорқыныш болған жоқ. Бар ойым іштегі адамдарды аман алып қалу болды. Бұл жерде әрбір уақыт санаулы болған еді. Өзім полиция қызметкері болған соң, аса қиынға соқпады. Егерде бұл өмірде біреуді қауіп-қатерден әуелі Жаратқан, сосын мен аман алып қалған болсам, бір жұмысымның біткені дер едім. Бала кезден батыр­лық жасауды армандаушы едік. Бұрынғының ер-азаматтары ер жеткен соң жауға қарсы шабатын. Ал бұл кездегі заман мүлде бөлек. Сол үшін көмегім тисе қуанамын. Сұраққа қайта оралсақ, бір ғана қорқыныш болды. Ол – «іштегілерді құтқара алмай қаламын ба?» деген үрей  ғана.

–  Батылдығыңызға тәнтіміз, ерлікті ерлік деп емес, көмек деп білетін азаматтарымыз көп болсын. Жеке өміріңізге ойыссақ, отбасыңыз, қызметіңіз жайында айта өтсеңіз.

– Отбасым бар, үйленгенмін. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған әкемін. Ал қызметке келсек, Қызылорда ст. ЖПБ штаб бөлімшесінің аға инспекторы, полиция капитаны болып  қызмет  етемін.

– Осы оқиғадан кейін не өзгерді? Және сол өзіңіз құтқарған отбасымен әлі  де  араласып  тұрасыз  ба?

– Оқиға болғаннан кейін аз уа­қыт ішінде бірнеше мекемеден алғыс хаттар, құрмет грамоталарын алдым. Соған сай төсбелгілер иелендім. Жасаған ісім үшін алғыс немесе мақтау сұраған емеспін, бірақ ел президенті Қ.Кемелұлы арнайы шақыртып, Ақордада төсбелгі тақты. Бұл мен үшін шабыт берді. Әрине, ол отбасымен бүгінге дейін сыйластығымыз үзілген емес. Көрші болған соң, көріскен кезімізде туысқан  секілді араласамыз. Сол үйдің егесін інім деймін, көрген са­йын аға-іні арасындағы диалог әрдайым қонаққа шақырумен аяқталады.  Кез келген жерде мерейімізді асырып, мадақтап жүретінін естігенмін. Бастысы адамгершілігі бар жандар,  сонысына  ризамын.

–  Бұрынғы ата-бабамыз рухты, батыр, жанкешті, шыншыл, өр мінезді болған ғой, қазіргі ер-азаматтарда осындай қасиеттер бары байқала ма, егер ондай болмаса, біз қандай болуымыз  керек, жеке  пікіріңізді  білсем?

Бабаларымыздың бізге қалдырған мирасы – жер ғана емес, ер жігітке қажетті қасиеттер де бар. Батырлар туралы жыр-дастанды ашып қарасақ, олардың болмыс-бітімі ерек, талантқа тұнған. Жаугершілік заманда қарудан бөлек домбыраны да серік етіп, қадірлі аспаптың қасиетін толғау, баллада, терме, күй орындау арқылы ұғынса керек. Ал енді дәл осы нәрселерді бүгінгі жастардың бойынан табу қиын. Болғанның өзінде некен-саяқ. Көбісі шетелге еліктеп, шеттен шығуда. Оларға қандай қасиеттер керек деген сауалға жауап берсем,   әкенің тәрбиесін алуы қажет. Отбасындағы тәрбие мүлде бөлек. Анаға қарап қыз өссе, әкеге қарап ұл түзелер еді. Мұндай ұрпақтан кейін салтанаты жарасқан отбасы өрбуі қиынға соқпақ. Сол үшін, әке мен бала арасындағы қарым-қатынас нық әрі шынайы болуы керек.

Дұрыс айтасыз, бала болмыстан баба болмысқа дейін ата-ананың тәрбиесі маңызды рөл атқарады. Соңғы кезде азаматтарымыз тәнін қыз баласына айналдырып, ғылыми тілде айтқанда «транс» кейпіне енуде. Бұл біздің менталитетке мүлде сай емес екенін білесіз. Сіздің ойыңызша, олар неден пайда болып жатыр?

Бала дүниеге келгенде оны қазақы салт-дәстүрлер арқылы жолға салып, жоралғысын жасамаса, бала бойында ұлтқа, дінге деген сенім азаяды деседі. Сол үшін ер бала туғанда екі қошқар, қыз бала туғанда бір қошқар сойып, сол әулетте той болатын болған екен. Мұнан кейін бала өсе келе аттың жалында отыруы тиіс. Дәл осы жоралғылар балалық кезінде болмаса, ер жігіттің еңселі, мінезді болуы екіталай. Отбасынан бұл дүниелерді көріп өспеген бала осындай жолға салынып, жат ағым жетегінде кете барады. Ондайларды қолдамаймын әрине, шектеу қойылған сайын шексіз көбейіп кетуі мүмкін. Оларды қайта дұрыс бағытқа шақыру қиынға соғар, ендігі кезекте әркім өз бала-шағасының осы нәрсеге бейім болуынан сақтауы керек. Бәлкім тоқтау салар осы ғана шыар.

Бұл тақырыпта талдау жасау қиынға соғары сөзсіз, дегенмен айтқаныңыздың жаны бар.  Тағы алып-қосарыңыз бар ма?

Бағзы заманнан бері басты құндылығымыз болған адамгершілік деген ұғымды биік ұстап, оны өзгеге насихаттауымыз қажет. Қандай жағдай болса да, адамгершілікті сақтап, ар-ұяттың шеңберінде іске кірісу керек. Бұл тақырыпта қоғам екі пікірде сөйлеуі мүмкін. Десе де, қазақ болған соң, қанымызда тектілік болған соң, сол дүниелердің болмысымыздан байқалуы үшін адам болып қалуға тиіспіз. Өмірдегі басты міндет пен миссиямыз  – осы!

Сұхбатыңызға рақмет, аға! Аман болыңыз!

Түйін. Әлемді ұстап тұрған бір ғана күш бар. Ол –  адамдарға көмек көрсету. Осы арқылы қоғам бүтін, ел тыныш. Даңғазадай дүние жиып, «дәулетті еді», «қалталы еді» дегеннен бұрын  «адамгершілігі жақсы еді, мұқтаждарға көмектесетін» деген сөзге ие болуымыз керек емес пе? Ерлік – мінезден, адамгершілік – көмектен басталатынын ұмытпайық.

                                                          Сұхбаттасқан

 Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: