Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкіміне кеңес мүшелері неге өкпелі?

29.01.2021, 16:15 1098

HALYQLINE.KZ

Әдеп  кеңесі

Елімізде кейбір мемлекеттік қызметкерлердің этикалық һәм кәсіби істері сын көтермейтіні жасырын емес. Тіпті кейбір шенеуніктер шектен шығып, ойына келгенін жасайды. Биліктемін деп білгенін істейтіндер азаяр емес. Осы тұрғыда, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда қоғам талқысына түскен бірнеше мәселе талқыланып, қызметіне салғырт қараған басшылардан есеп алынды.

Электрондық  қызмет  тоқырап  тұр

Бұл жылғы Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің саны 11-ден тоғызға азайған екен. Қызмет орындарының ауысуына байланысты 2 азамат кеңес мүшелігінен шығарылған. Өз кезегінде кеңес кеткен адамдардың орнын толтырмай, шағын құраммен жұмысты жалғастыруды ұйғарыпты. Ағымдағы жылдың тұсаукесері болған отырыста қоғамдық резонансқа түскен бірнеше мәселе қаралды. Алдымен Жалағаш ауданы әкімдігіндегі мемқызметкерлердің қызмет бабы жайлы аудан әкімі Асылбек Шәменовтың есебі тыңдалды. Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Рафхат Бисеновтың мәліметінше, ауданда электрондық форматта қызмет көрсетудің толық мүмкіндігі бола тұра 2365 қызмет қағаз түрінде көрсетілген. Негізінде бұл қызметтерді портал арқылы 100% электрондық форматта көрсетуге болады. Төрағаның айтуынша, бұл қызметкерлер тарапынан әдейі жасалуы мүмкін. Сол арқылы тұрғындарды өз алдына әкеліп, сыбайлас жемқорлыққа мәжбүрлеу үшін қолданылған шара болуы ықтимал екенін жеткізді. Ал аудан әкімі өз кезегінде бұл келеңсіздікке техникалық кедергілерді кінәлады. Бірақ, көп ұзамай бұл мәселені толық шешуге уәде етті. Одан бөлек, өткен жылғы мемлекеттік қызметке кір келтірген 18 мемлекеттік қызметшінің 5-еуі Жалағаш ауданының қызметкерлері болған. Сондай-ақ, аудан әкімінің 2 орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Осы фактілерді ескеріп, кеңес ауданда тәртіптік жұмыстың ұйымдасқан жүйесі жоқ деген баға берді.

Аталған жайтты ескеріп, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Жалағаш ауданының әкіміне мемлекеттік қызмет заңнамалары мен Әдеп кодексі нормаларын қатаң сақтап, профилактикалық бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Туған  бауырлар  тартысы  немен  аяқталды?

Дәл осы бағытта Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемовке де ескертпелер айтылды. Мұнда да электрондық қызметтің жұмысы мардымсыз екен. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданы мемқызметшілердің тәртіп бұзуы жағынан алдыңға орында келе жатқанын ескертті. Мұнда теріс қылықтарға бой берген 7 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар, аудан аппаратының басшысы мен ауылдық округ әкімінің арасында болған мүдделік қақтығысты еске салып, осы бағытта істелген жұмыстар жайлы сұрады.

– Бұл мемлекеттік қызметкерлер бір-біріне туған бауыр болып келеді. Осы қызметте істеп келе жатқандарына 3,5 жылдай уақыт болған. Осы кезекте аудан әкімдігінің аппарат басшысы А.Абдуллаев басқа қызметке ауыстырылды және басқа да түсіндірмелік жұмыстар жүргізіліп, бұл тартыс толықтай шешілді, – деді Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемұлы.

Өз кезегінде Кеңес Жаңақорған ауданының әкіміне құқықбұзушылық профилактикасы бағытында жұмыстарды жүргізіп, тиісті шараларды қабылдауды қатаң тапсырды.

– Өткен жылғы біздің Департамент пен сіздің ауданыңыздағы ауылшаруашылық бөлімі өткізген профилактикалық бақылау нәтижесінде 57 құқықбұзушылық анықталды. 2018, 2019 жылдары облыс әкімдігі мемлекеттік қызмет сапасы жөнінде төмен баға алған еді. Оның бәріне осындай құқықбұзушылықтардың нәтижесі себеп. Биыл да бұл нәтиже төмен болуы мүмкін. Бұл мәселе облысымыздың барлық ауданында бар. Тек тексеріс жүргізілмеген соң ғана анықталмай отыр. Сол үшін осы мәселе төңірегінде жұмыс істеу қажет, – деді Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Рафхат Төлеуғалиұлы.

Бір  күнде  6  рет  жол  ережесін  бұзған  басшы  кім?

Келесі болып Қызылорда облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Хамит Тарбақовтың 2020 жылы атқарған қызметінің нәтижелері туралы есебі тыңдалды. Алайда оның есебі соңына дейін тыңдалмай, ортасынан бөлініп, кеңес мүшелерінің сұрағымен жалғасты. Кеңес мүшелерінің айтуынша, облыс әкімдігі халыққа жақын емес. Әкімнің өзін көзбен көру мұңға айналған. Халықпен етене байланысу жетпейді дейді. Қазіргі таңда облыс әкімдігінің аппараты ең «жабық» жер екенін түртіп өтті. Одан бөлек, әкімшілік аумағына көлікпен кіру неге тоқтатылғандығы сұралды. Мүшелердің айтуынша, мұнда адамдар жұмыс барысымен келеді. Ал сырттағы тұрақта бос орын жоқ. Сонда әкімшілік ішіндегі тұрақ кімге арналған деген сауалдар қойылды. Бұл мәселеге тікелей Іс басқармасы жауапты болғандықтан, шешім келесі отырысқа қалдырылды.

Кеңес төрағасы сөз кезегін өзіне алып, өткен жылы облысымызда қызмет нормативін бұзғаны үшін 28 қызметкер тәртіптік жауапқа тартылғанын атап өтті. Оның 24-і – жергілікті атқарушы органдардың мемқызметкерлері. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда көп екені айтылды.

– Баяндамаңызды көріп шықтым. Көптеген жұмыстар жүргізілген екен. Дегенмен, жұмыс сапасы төмендеген. Бұны қалай түсінуге болады? 2020 жылға сіздер жасау керек талдауды біз жасадық. Нәтижесі жағамызды ұстатты. 3 мыңнан астам қызметкерді зерттедік. Өкінішке қарай, қызметкерлеріңіздің арасында мас күйінде көлік басқарған, куәліксіз көлік айдаған азаматтар өте көп. Бұл кісілер туралы сіз білесіз бе? Біріншіден, бұл кісілер туралы білуге міндеттісіз. Және оларды тәртіптік жауапкершілікке тартуыңыз керек еді. Одан бөлек, бір азамат 14 күн түзеу мекемесінде жатқан. Ол кісі сол уақыттың ішінде жұмысты қалай рәсімдеді? Неге сіз бұдан бейхабарсыз? Сонымен қатар, қызметкерлеріңіз жол ережесін жиі бұзады. Атап өтсек, Мәдениет басқармасының бас маманы С.Шаханова 7 рет жылдамдықты асырып ұсталған, білім басқармасының бас маманы Г.Ақжігіт – 3 рет, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Пазилов – 5 рет, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы А.Сүйіндіков 1 күнде 6 рет жылдамдықты асырған. Бұл жайттардың барлығын неге білмейсіз? Осы секілді фактілер өте көп. Бұның бәрін білмесеңіз, қызметіңізді қалай атқарудасыз?– деді Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Рафхат Төлеуғалиұлы.

Кеңес мүшелерін толғандырған тағы бір мәселе – Қазалы ауданында шыққан шу. Соңғы күндері әлеуметтік желілерде «Қазалы ауданы әкімі төбелес ұйымдастырған» деген ақпарат шыққан болатын. Бұл мәселе қазіргі таңда тергелу үстінде екен. Және келесі отырыста күн тәртібіне қойылатын болады.

Салықтан  жалтаруға көмектескен  шенеунік  қалай  депутат  болды?

Келесі мәселеде Шиелі ауданы әкімдігі қаралды. Мұнда әкімдік қызметкерлері жұмыстан шығарылу керек қызметкерді арашалап, жұмыста алып қалған екен. Шектен шыққан шенеунікті ауыр жазадан алып қалу үшін жазаны мерзімінен бұрын алып, жеңіл жаза берумен шектелген. Қазіргі таңда жазалау уақыты өтіп кеткен соң, қайтадан ауыр жаза беру мүмкіндігі жоқ.

– Шиелі ауданы әкімдігінің Д.Аман есімді қызметкері шын мәнінде жұмыстан шығарылуы керек еді. Бұл жерде әкімдік тарапынан манипуляция жасалып, орнында қалуға мүмкіндік берген. Біз бұл тәртіптік жауапкершілікті бұза алмай отырмыз. Себебі, уақыты өтіп кеткен. Сол үшін де біз осы уақытта әлгі қызметкерге берілген ескертуді жазасын уақытынан бұрын алмауды ұсынамыз, – деді Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Рафхат Төлеуғалиұлы.

Бұл Шиелі ауданында шыққан жалғыз қитұрқылық емес. Яғни, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары өзінің мемлекеттік кірістер органдарына жазған негізсіз хатымен «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 600 мың теңге көлемінде кедендік баж салығынан босатылуына жол берген. Алайда, көлік прокуратурасының осы факті бойынша Шиелі ауданы әкімінің орынбасарының тәртіптік жауапкершілігін қарау жөніндегі ұсынысы облыс және аудан әкімдіктерімен Әдеп жөніндегі кеңеске кеш жолданған. Әлгі шенеунік қазіргі таңда «Nur Otan» партиясының атынан Шиелі ауданы бойынша мәслихат депутаты атанған. Яғни, мемлекеттік қызметкер болып есептелмейді. Прокуратураның айтуынша, бұл мәселе созбалаңға салынған. Олар жіберген хат Әдеп жөніндегі кеңеске қараша айында жету керек еді. Алайда тиісті мекемелерге жетпей, тек 4 желтоқсанда ғана Әдеп кеңесінің хатшылығына түскен.

Бұл мәселе бойынша облыс әкімдігіне хат жіберіп, алдағы уақытта анық-қанығын сұрайтын болады. Ал шенеуніктің тәртіптік ісі аудандық мәслихатқа депутат болып сайлануына байланысты тоқтатылды.

Дегенмен, кеңес мүшелері «Nur Otan» партиясының облыстық филиалына аудандық депутатқа шара қолдану үшін арнайы хат жолдау жөнінде шешім қабылдады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: