Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мас адамға садақа беруге бола ма?

30.03.2023, 11:00 404

Жан саулығы үшін бері­летін ең сауапты істердің бірі – садақа. Әсіресе, Рама­зан айында міндетті деп сана­латын пітір садақасы сізді көптеген бәле-жәледен, қауіп-қатерден сақтауы мүмкін. Сондықтан, мұсылман жамағаты бұл қасиетті айда үлкен сауаптарға ке­нелу үшін ораза ұстап, садақа беріп, жөнсіз істерден аулақ болуға тырысып жатады. Дегенмен, садақа беру­дің де дұрыс жөн-жосығы болады. Оны жасымыз түгілі жасамысымыз да жөнді білмей  жатамыз.

Рамазан айы басталғалы адам көп шоғырланған жерлерде қайыр тілеп, садақа сұрайтын мұқтаж адамдардың қарасы әп-сәтте-ақ көбейіп шыға келеді. Қасиетті айлардың сұлтаны Рамазан айында мол сауап жинап, шын ниетімен көпшілікке көмектескісі келетіндер көшеде қайыр тілеп отыр­ғандарға қолындағы барын беріп жатады. Бірақ, көше­де біреу қайыр тілеп тұрса, оның кескін-келбетіне қа­рап, үстіндегі киіміне мән беріп барып садақаңызды бересіз бе? Яғни, оның ащы су ішетінін ішіңізден топшылай тұра, оған берген ақшаны араққа жұмсап қоятынын біле тұра көп­ші­лігіміз қалтамыздағы қаражаттан бөліп беріп жатамыз. Сол кезде сізді «оның күнәсіне ортақтасып жатқан жоқпын ба?» деген ой мазалауы  мүмкін. Кейде сол үшін де ондай адамдарға садақа бермей қалып жатамыз. Ал кейде мұқтаж адамға қалай бермейміз деп те қаламыз. Осы нәрсе қаншалықты дұрыс? Жалпы, мас адамға садақа беруге бола ма? Қандай жағдайда, кімге, қалай сада­қа беруге болады? Осы тұрғыда дін қызметкерімен тілдесіп, дұрысын анықтауды  жөн  көрдік.

Бірінші кезекте қандай жағдайда қайыр тілеуге бола­тынын түсіндіріп өткен имам тек үш жағдайда ғана рұқсат  етілгенін  айтты.

– Хадис негізінде, тек үш жағдайда ғана қайыр тілеуге болады.

1. Су тасқыны, өрт, құр­ғақшылық және т.б. табиғи апаттар салдарынан мал-дүние­сінен  айырылған  адам.

2. Сіңірі шыққан кедей. Жоқшылыққа тап болғаны көрші-қолаңына белгілі адам.

3. Адамдардың арасын татуластыру үшін берілетін мал-мүлікті  тасушы.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Бишр Қабиса бин Мұхариққа (р.а.): «Қайыр сұрау тек үш адамға рұқсат. Бітімге берілетін дүние-мүлікті тасыма­лдаушы кісіге, мал-дүниесіне апат келген кісі жағдайын түзегенше және жоқшылыққа тап болған кісі жағдайын түзегенше, оның қауымынан үш кісі: пәленше жоқшылыққа тап болды деп айтса. Ей, Қабиса! Бұдан басқаларға  қа­йыр  сұрау – харам. Бұлай мал тапқан адам – харам жеуші» деген, – деді «Ақмешіт-Сыр­дария» орталық мешітінің наиб  имамы Нұрдәулет Сұлтан.

Әрине, Ислам адам бала­сына еңбек етіп, адал табыс табуға үндейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Абдулла бин Аббасқа (р.а.): «…Сұрар болсаң, тек Алладан сұра. Ал, жәрдем қаласаң, тек Алладан жәрдем тіле», – деп өсиет еткен. Ал, қайыр­шылықпен айналысудың жамандығы жайлы Әбу Һурайра (р.а.): «Кімде-кім байып кету үшін адамдардан қайыр тілейтін болса, оның сұрағаны – оттың  шоғы. Қаласа аз алсын, қаласа көп етіп алсын», – деген хадисті риуаят еткен. Қайыр тілеуді кәсіп ету адамды абыройдан айырады. Бұл жөнінде Ибн Омар (р.а.): «Сендердің бірің Алла тағала құзырына барғанға дейін қайыр тілеуін тоқтатпаса, оның бетінде бір кесек еті  қалмайды», – деп ескерткен.

– Зекеттен басқа кез келген садақаны мұсылманға да, мұсылман емес адамға да беру­ге болады. Тек аса мұқтаж адамға берген жөн. Осыған байланысты мынадай ғибратты  хадис  бар.

Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етеді: «Бәну Исраил­ден бір кісі мен садақа жасай­мын деп нәзір етеді. Ол біреу­дің қолына садақа беріп кетеді. Ертеңгі күні жұрт ұрыға біреу садақа беріпті деп айта бастайды. Әлгі кісі «Уа, Алла! Садақа лайық емес адамның қолына тиіпті, алайда бұл Сенің қалауың болғаны үшін Саған мақтау болсын», – деді. Екінші күні тағы садақа жасауды нәзір етеді. Түнделетіп бір әйелдің қолына садақасын беріп кетеді. Жұрт бүгін түнде жезөкшеге садақа беріпті деп айта бастады. Әлгі кісі «Уа, Алла! Садақа лайық емес адамның қолына тиіпті, алайда бұл Сенің қалауың болғаны үшін Саған мақтау болсын», – дейді. Ол тағы да садақа беруді нәзір етеді. Түнде шығып біреудің қолына садақасын беріп кетеді. Жұрт таңертең бай адамға садақа беріліпті деп айта бастайды. Сонда: «Уа, Алла! Садақа лайық емес адамның қолына тиіпті, алайда бұл Сенің қалауың болғаны үшін Саған мақтау болсын», – дейді. Сонда садақа берушіге түсінде: «Ұрыға берген садақаң оны ұрлық жасаудан сақтайтын шығар, жезөкшеге берген садақаң оны ойнастықтан сақтайтын шығар, ал байға берген садақаң оны ғибраттандырып өзіне Алла берген байлықтан адамдарға да бере бастайтын шығар, – делінген екен». Ал маскүнемдерге келетін болсақ, оларға ақша жағынан емес, нан, су, азық жағынан ғана көмектесуге болады. Себебі сіз оның ішімдікке салынып кеткен адам екенін біле тұра, көмек қолын созғыңыз келсе, тек осындай амалмен ғана жәрдемдесудің өзі үлкен сауап екенін білгеніміз жөн. Ал араққа деп сұраған ақшаны беретін болсаңыз, сіз оның күнәсіне ортақтасып, арам іске жәрдем берген болып есептелесіз. Алла тағала Құранда былай дейді: бір-біріңе жасылықта, тақуалықта жәрдем беріңдер, дұшпандықта, күнәлі істерде бір-біріңе жәрдем бермеңдер. Сондықтан да, анық білетін болсаңыз, оған жәрдем бермейсіз. Жәрдем берген жағдайда сіз күнәлі іске жәрдем берген себепті өзіңіз де күнәлі болып есептелесіз, – деді  наиб  имам.

Иә, садақа деп берілген заттың үлкен-кішісі болмайды. Әркім өз қалтасына қарап көсіліп, қайырымдылық жасайды. Не берілсе де ықыласпен Алла разылығы үшін берілуі қажет. Сонымен қатар, дін қызметкеріне «қарызға алынған затты немесе қарызы бола тұра садақа берсе, қабыл бола ма?» деген сауал  қойдық.

– Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахаба Әбу һурайрадан жеткен бір хадисінде былай деген: «Садақаның ең жақсысы – өз қажеттілігінен артылғаны­нан берілгені. Және ең әуелі қолыңа қарап отырғандардан баста, яғни бірінші отбасыңа бер» – деген екен. Ал қарызың бола тұра садақа беруге болады, тек алған қарызды уақытында қайтару – уәжіп. Исламда қарыз беру қаншалықты сауап болса, алған қарызын қайтару да соншалықты маңызды. Сондықтан да, мойнында берешегі бар мұсылман әуелі қарызынан құтылудың қамын жасағаны дұрыс. Қарызынан құтыла алмай жатып, қайыр-садақа жасауы жарамайды, – деді Нұрдәулет  Жалғасбекұлы.

Қорытындылай келе, өмір есігін жаңа ашқан сәби мен қаусаған қария үшін садақасының мән-мағынасы  –  дүниеге адам болып келіп, жер бетін басқаны үшін парыз. Десе де, парызын өтей алмайтын, шамасы жетпейтін жандар да баршылық. Қазақ  –  жетім мен жесірін далада қалдырмаған аса қамқор халық. Дәлірек айтсақ, садақа деп берілетін сый-сияпаттар асыраушысы жоқ, тұрмысы төмен отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналып жиналады. Ал «жиған-тергенің өзіңдікі емес, бергенің өзіңдікі» деп айтылатын қазақтың жақсы сөзі кең болса, кем болмайтынын білген жанға өте құлақ түрер ақиқат. «Қайыр қылсаң, бүтін қыл» демекші жақсылық жасаудан жарысып, жомарттық жолы шарықтаған заман болайық. Жүрегі таза, пейілі кең мұсылман бауырлар, бәрімізге Рамазан айы мүбарак болғай!

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: