Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Коронавирус: АҒЫ мен ҚАРАСЫ

22.10.2020, 10:00 616 0

– Апа, ертең ауылға қайтасыз!

– Ее, не боп қалды? Су шықты ма мына үйден? Келгенім кеше…

– Суыңыз не, вирус шықты, апа! – деп Нүркәш келіні араласа кетті.

– Апа деймін, қырсықпаңызшы! Сұмдық келе жатыр…

Алмасбек анасына қатқылдау айтты.­

– Тәйт, әрі! Біріңнің аузыңа бірің түкіріп қойғансыңдар ма, түге!

– Апа  деймін, кәрі  адамдарға  қауіпті! Мен  дәрігермін  ғой. Үлкен адамдар  көтере  алмайды. Италияда қарттар кетіп жатыр… Бәрінен де сізді ойлап  келдім.

(Асқар  Алтайдың  «Вирус  мутант»

новелласынан  үзінді.)

2019 жылдың аяғында шыққан «COVID-19» пандемиясы дүниежүзін шарпып ғана қоймай­, қазақ халқын да  бейжай қалдыр­мады. Бастапқыда жеңіл көрінген дерт бара-бара адамның түн ұйқысын төрт бөліп, қор­қыныш  сезімін  ұялатып, орны толмас қайғы­ға  да душар­  етті.

Коронавирус  пандемиясы 2019 жылы  желтоқсан айының ортасында орталы­қ Қытайда орналасқан Хубэй провинциясына кіретін Ухань қаласының Хуанань  жануар  мен теңіз өнімдері базарында болған тұр­ғындардың түсініксіз пневмонияға шалдыққаны  анықталған  кезден  басталды.

22 қаңтардан Ухань қаласында карантин жарияланып, қоғамдық көліктер тоқтатылып, қалаға кіріп-шығуға тыйым салынған. Дәл осындай карантин 24 қаңтардан бастап Уханьға шекаралас Хуанган, Эчжоу, Чиби және Чжицзян қалаларында жарияланған. Жалпы алғанда, қытайлық 14 қаладан шығуға тыйым салынған. Вирус Қытайдың бірнеше әкімшілік  аймақтарында  анықталған.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші дауылды жел бізге осы қысық көзді қытайлықтардан келді. Көптеген отандастарымыз зардап шегіп, біршамасы ажал құшты. Қалаларды карантинге жауып, оқу, жұмыс, т.б. дүниелерді онлайн жүйеге ауыстырды. Елде көптеген толқулар мен түсініспеушіліктер болды. Адамдар жұмыстан қысқартылды, шетелге шығуға, шетелің не, ауланың өзіне шығуға қорқатын жағдайға жеткізді. Жаппай балалар мен студенттер мектепте емес, үйде оқуға  көшті.

Коронавирус – адам ағзасын өте қатты зақымд­айтын вирус. Мәселен, тұмау қауіпті десек те, ол адамның ағзасына қатты зақым әкелмейді. Бұл вирустың өзгешелігі – мұнымен күресу өте қиын. Жаңа вирус болғаннан кейін халық та, медицина қызметкерлері де ол туралы білген жоқ. Күн сайын осы вирустың қаншалықты қауіпті екенін біліп отырмыз. Бұл – бір. Екіншіден, коронавирустың айналасы­нда әртүрлі әңгіме тарап жүр. Әдейі қолдан жасалған деген пікір де басым. Көбі жалған.

Ал  енді  осы карантин бізге несімен пайда­лы, несімен  зиян  келтірді? Бірге  анықтап  көрейік.

Бұл  жағдай – шығармашылық адамы үшін үлкен  олжа. Қарбаластан босап, ми тыныққан соң тың туындылар туғыза алады. Жай адам үшін де кітап оқып, өзін дамытуға таптырмас  мүмкіндік.

Тарихта карантин уақытын кәдеге жа­ратқан мысал аз емес. Соның бірі – орыс әдебие­тінің  классигі  Александр Пушкин. 1830 жылы Оңтүстік Азиядан шыққан тырыс­қақ инфекциясы Ресейге жетіп, біршама аймақ­та  карантин  жарияланады. Бұл  уақытта­ Пушкин Болдино селосында жүріп, Мәс­кеуге қайта алмай қалған. Село карантинге жабылып, ешкімді шығармай қойған. Үш ай бойы Болдинода қалған ақын шығармашылықпен айналысады. Ол «Евгений Онегин» өлең-романын аяқтап, «Белкин хикаялары», «Кіш­кентай трагедия» циклін, «Коломнадағы үй» поэмасын және 32 лирикалық өлеңін жазды.­

Екіншіден, жастарымыз жаппай үйленіп жатыр.  Бұл дегеніңіз, қазақ демография­сының өркендеп-өсуіне үлкен үлес емес пе? Бұрын­ғының «он үште отау иесі» деген сөзін бүгінгілер жалғап, талайды таңдай қақтырып, әрі мына карантиннің де пайдасын көрейін дегендері ме, аға буынға қарағанда жалындаған жастарымыз шаңырағын құрып, бір басын екеу қып жұптауда. Құптарлық дүние. Ерте бастан жауапкершілікті сезініп, бір-біріне қолғанат болып, ел демографиясына да үлес қосып жатыр. Біз тек бақыт тілейміз!

О, табиғат, жеті әріп, бір арман! Иә, расында карантиннің пайдасын адамға қарағанда табиғат еселеп көріп жатқандай. Оны өзіміз де байқап жүрміз. Жолдар жабылып, қатынас тоқтағаннан соң ауа тазарып, көліктерден шығатын түрлі зиянды заттар мен өндіріс ошақтарындағы түтіндер, ауладағы қоқыстар сап тыйылған. Жан-жануар біткен емін-еркін серуендеп, табиғаттың тамашасына бөленген.

Коронавирустан қайтыс боп жатқан адамдар саны бойынша алты мыңнан астам адаммен алға шыққан Италияның Венеция қаласындағы су арналары да біршама тазарып қалған. Ол жер қалыпты уақытта туристердің сүйікті мекеніне айналушы еді. Бірақ, қазір мемлекет боп карантинде жатқандықтан су тазарған. Балықтар мен дельфиндер арналар­ға қайта оралған. Бұған ұқсас жағдай Алматы қаласында да байқалған. Әлеуметтік желі қолданушылары «дейін, кейін» деген атаумен ауасы әлдеқайда таза қаланың суреттерін жариялады.­

Иә, шынымен-ақ адамзат Табиғат-ананың еркесіне  айналғандай. Әлемдегі, елдегі эколо­гиялық ахуалға қарап, «табиғат адамдардан біраз  демалды»  деген  ойға  қаласың.

Бұл карантиннің төртінші бір кереметі – бұрын мүлде басқара алмайтын техниканы «шемішкедей» шағатын болғанымыз. Рас, онлай­н  оқу не онлайн жұмыс, оны  бізге үйрет­кен­. Техниканы меңгеру бәрінен бұрын өзімізге  жақсы. Білмейтін  деректерді  жылдам  тауып, осы  интернет арқылы үйіне табыс­ кіргізіп, отбасын  асырап жатқан жандар да бар  арамызда.

Бесінші  кереметі – Аллаға  шүкір,  отбасы – ошақ қасындамыз. Ата-анамыз, бауырларымыз, туған-туыстарымыз жанымызда. Бұрын­ғы­дай сағынысып көрісіп, қимай қоштаспаймыз. Оқу, жұмыс, шетелге саяхат деп отбасына­ көңіл бөлмей кеткен жандар қаншама? Ал, бұл карантин соның орнын толтырды.

Әрбір дүниенің пайдасымен қатар зияны да болары сөзсіз. Тақырыбымыз карантин жайлы болғандықтан, тақырыптан ауыт­қымай, бұл режимнің зиян тұсына назар аударай­ық.

Әуелі онлайн оқу дегенді айтар едім. Өте күрделі мәселе. Сабаққа барып, мұғаліммен бетпе-бет отырып, тапсырма алып, орын­дамаған баладан қандай сауатты оқушы немесе­ оқуына бармаған студенттен келешек қандай маман шығады деп ойлайсыз?

Кез келген елдің болашағы – оның хал­қының  денсаулығына байланысты екендігі – дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Ал біздің болашақтағы бағытымыз – саламатты өмір салты. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіріп, олардың өз денсаулығына деген жауапкершілікті қалыптастыру – баршаның борышы. Денсаулық дегеніміз – адам жаны мен тәнінің амандығы. Денінің сау болуы­н қандай адам қаламайды? Осы ден­саулық  үшін  емес  пе бәрі?! «Бар қазақ – менің жалғызым» деген ұстанымды ұрандатып, бұлбұлдың торындай торға қамағаны… Қазір бірінші сыныптың оқушылары көзілдірік киеді. Бесінші-алтыншы сыныптың оқушылары қозғалыстың аздығынан тым толып кеткен­. Кейбір оқушылар тіпті дене жаттығуларымен айналыспақ түгілі, отырып-тұруына ерінеді. Бұның өзі біздің қоғам үшін үлкен кесел­  дер  едім.

Телефонға көп үңілу. Әуелі денсаулықты құртса, содан кейін адам психологиясына шабуыл­ жасайды. Ата-ананың баланы 24 сағат­ бойы бақылап отыруы мүмкін емес. Ал, сол аралықта бала қандай нәрсемен шұғылданып отырғанына кім кепіл? Интернетте тек жақсы­ дүниелер ғана жиылған деп айтпас едім…

Жақсы энергияның жетіспеуі. Таңның атысы, кештің батысы техниканың құрбаны болу. Қисайған омыртқа, шаршаған көз, айнал­ған ми, сабаққа түсінбеген оқушы, достарын сағынған студент, пікірталасты ұнататын  ұстаз. Иә, барлық жастың, яғни көпші­лік­тің  қазіргі таңда жұтаң қалған дүниелері бұл. Адам  мен адам бір-бірімен көрісіп, ой бөлісуі арқылы көңіл көкжиегі кеңіп, ой-өрісі дамиды.­ Қандай істі болмасын, бастағанда жақсы көңіл күй керек болса, бұл жағдайда да дәл сондай. Бізде қазіргі күні бәрі керісінше. Көптеген адамдар тұйықталып, өз ойын ашық, еркін  жеткізе  алмай, психикалық ауытқудың  құрбаны  болып  жатыр…

Ел экономикасының дамуының бәсеңдеуі. Елге сырттан шикізат өнімдерінің кіргізілмеуі. Ішкі-сыртқы сауданың тоқтауы, зауыт-фабрикалардың қаңырап бос қалғаны, өнімдердің жарамсыздануы, бәрі-бәрі экономикалық дағдарыс үстінде.

Жұмыссыз  қалған жандар  қаншама? Күні-түні  тар  пәтерде ерлі-зайыптылардың да басы бір қазанға сыймай, ыдыс-аяқ сылдырлап, соңы ажырасумен тынып жатқандар да бар бүгінде.

«Бәрін айт та бірін айт, не көрмеген қазақпыз, біз қазақпыз сонысымен ғажаппыз» емес пе?! Ендеше, салымыз суға кетпесін. Әр нәрсенің ақыры бар деген. Ендеше бұның да ақырын күтейік! Бұлыңғыр күннің артынан бұлтты түре күн шығар!… Аллам сабыр берсін.

Гүлдана  АСАНЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: