Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Kaspi банк оқиғасы: соталды тергеу деректері жария етілмейді

19.06.2023, 9:42 245

HALYQLINE.KZ

Астанадағы банктердің бірінде жеті адамды кепілге алған Әлихан Мұратов  7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Десе де, тергеу мүддесіне байланысты оның соталды тергеп-тексеру деректері жария етілмейді.

«Бұл дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 261-бабы 2-бөлігі («Кепілге алу») бойынша соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген, ол мүлкін тәркілеп немесе тәркілемей жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады», – деп хабарлады ІІМ.

Еске сала кетсек, Kaspi.kz-тің Астанадағы бөлімшесінде ер адам бірнеше тұрғынды кепілге алған болатын. Желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарады. Бір қызығы, оқиға барысында Козачков телеграмм каналы ресми хабарлардан бұрын ақпарат таратып жатты.

«Арлан» арнайы жасағы өз қызметін керемет атқарды! Жігіттерге respect! Қысқа уақытта шалт қимылдап, кепілдегі 7 қыз бен бір күзетшіні аман-есен алып шығып, қылмыскерді ұстады«, – деген Ішкі істер министрі мен олардың жұмысына мақтау сөздер көп болды.

Бірақ, кепілге ұстау оқиғасын қойылым деген азаматтардың қарасы қалың болды. Мысалы, журналист Серік Жолдаспай төмендегідей жазба қалдырды.

КАСПИЙ БАНК ШУЫ ҚОЙЛЫМ ЕМЕС ПЕ?

Бүгін Каспий банктің 7 қызметкерін кепілге алынып, банктың қаржысын науқас балаларға аударуды талап еткен Әлихан Мұратовтың ісі шу болып жатыр. Менің ойымша, бұл операция күштік құрылымдардың беделін көтеру үшін жасалған қойЫлым секілді.

Мәселен арнайы жасақ 7 адамды кепілдікте ұстап отырған қылмыскерді ұстау үшін ғимаратқа қандай батылдықпен кірді? Егер қылмыскер 2-3 адамды атып тастағанда жағдай қалай болар еді? Бұл кезде жұрт «Арнайы жасақ келіссөз жүргізбей ғимаратқа неге басып кірді?» деп айыптайтын еді. Соған қарағанда құзырлы органның ғимаратқа баса-көктеп кіруі сценарий секілді.

Сценарий демекші Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың банк ғимаратына кіріп, қылмыскермен келіссөз жүргізуіне қандай қажеттілік болды? Елімізде министрден басқа қылмыскермен келіссөз жүргізетін адам жоқ па? Егер қылмыскер шын қауіпті болса, министр басын қауіпке тігер ме еді? Ахметжановтың аяқ астынан батыл болып кетуіне қарағанда «Каспий банк ісінің қойлым емес пе?» деген күдікті ұлғайта түседі.

Содан кейін Михаил Казачковтың телеграм каналы ел білмейтін ақпаратты ең бірінші жариялап отырғаны қалай? Мысалы, ол күдіктінің Жамбыл облысынан екенін және бұрын істі болғанын жазды. Журналистің қолында құзырлы органға белгілі, бірақ жұрт білмейтін ақпаратты кім берді? Бұл да күдік тудырады?

Тағы бір қызық жағдай, операция аяқталғаннан кейін бұған дейін ақылы пост жазады делінген азаматтар арнайы қызметтің мінсіз қызмет атқарғанын мақтап шықты. Бір мезгілде жасақтың ісіне тамсанған адамдардың әрекеті де күдік тудырады. Ұзын сөздің қысқасы, «Каспий» банктың шуы жұртты қатты иландыра қоймады.

Біздің ойымызша, тергеу мүддесіне байланысты күдіктінің соталды тергеп-тексеру деректері жария етілмейтіні жоғарыдағы күмәнді күшейте түседі. Себебі, кепілге алу оқиғасы мемлекеттік құпия деңгейіндегі қылмысқа жатпайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: