Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Юха-Ерқанат неден қорқады?

17.11.2020, 14:15 438 0

HALYQLINE.KZ

Ержан Қожас. Журналист, әлеуметтік желінің «жұлдызы». Бұл жерде біз оның жазғандарынан қазақылықтың иісі, қарапайымдылық, қанағатшылдық иірімі өзіне тартып тұратын ауыл әңгімелерін меңзеп отырмыз. Содан да болар, ауылдан шыққан бәріміз де Ержанның ел ішінің бүгінгі болмысын әдемі әдіптеген туындыларын оқуға бір бүйірімізді бұрып тұрамыз. Мына қысқа әңгімесінен де бауырмалдықты, еңбекқорлықты, қазақылықты ұғындық. Сіз де оқи отырыңыз, оқырман!

– Ертең мына ұл қайтады, – деді Бәкең дастарқан үстінде мені иегімен нұсқап.

– Ертең емес, арғыкүні, – дедім мен әкейдің сөзіне түзету енгізіп.

– Мейлі ғой, – деді шайын бір ұрттап. – Не істейміз, Юхажан, бір жандық сойып алсын ба?! Қалада қайбір ет жеп жүр дейсің. Бермешелде не құнар бар? Қарашық болар. Аузының дәмін алса да…

– Мейлі, – деді біздің Юха ыстық қуырдақты қарбытып жатып. – Кешке көрейік. Өрістен келсін қойлар. Қайсысы қоңдылау соны алар.

«Мынау өзі үй тіршілігін еңсеріп алыпты-ау» деп ойланғанымша болмады, Бәкең өрістегі бұзауын қосып жіберген сиырлар жайын айтып, Юха оны «Қызкеткен» тұста жайылып жүргенін сөз қылып, өзара әңгімеге көшкен.

Расымен, қалада жүрген біздің қадіріміз әзірге шамалы. Үйден өрген малды танымайтын менен не сұрасын, Бәкең?! Қай заттың қайда тұрғанына дейін Юха білер. Үйдегілердің де ойласатыны сол еді.

Юха-Ерқанат – кенже ұл. Қазақта қара шаңырақтың иесі болып әу баста үйдің кенжесі саналды ғой. Юханың бала күнінен санасы соған дағдыланған. Әйтпесе, ол да қалаға барып, арман қуып, әдемі көлік мінуді аңсайтын болар. Қалаған жұмысына тұрып, сонда қалып, көкейдегісін орындағысы келмеді деймісің?! Иә, іштей армандайтын оны да. Сезетінмін. Бірақ, болмайды. Ол кішкентайынан «сен осы үйдің келешек иесісің» дегенге әлдеқашан көндіккен. Сондықтан Бәкең мен Ұлекеңнің әу бастан құлаққа құйған, «осы сарым асырайды бізді» деген үмітін арқалап алған. Шаңырақ иесі болу аманатына қиянат жасағысы келмейді. Жаман ырым деп түсінері хақ. Кенже ұл Юха содан қорқады. Әрі қатты қорқады. Бұрынғылар да соны біліп, қара шаңырақтың қадірін түсіне білді ғой…

Ертеңіне мені оятпапты. Өзі таңмен таласа екі еркек тоқтыны пышаққа жыққан. Бауыздап, жіліктеп, бір қойдың етін бүтіндей қағаз қорапқа салыпты. Бір мүшесіне тимепті. Ұйқыдан тұрғанымда, бас үйітіп отыр екен.

– Өзімізге де тамақ керек. Тағы біреуін сойғаным сол, – деді ол көзі ақиып, тілі бір жағына шыққан қос тоқтының басынан көз алмай тұрған маған қарап. – Сыбағаң дайын. Қалада тұрсаң соғым жіберіп тұрам ғой келешек…

Ыржия күліп, күйген басты көне пышақпен қырып тұрған Юха осылай дейді. Бауырмысың деген…

Біздің кенже ұл осындай ауыр міндетті алып, ауылда қала берген. Қазақылықтан таймайық!

Ержан  ҚОЖАС

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: