Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Іштен шыққан жау жаман

06.04.2023, 11:20 213

Петропавл қаласында «Халық кеңесін» құрдық деген адамдардың мәлімдемесі  елді  алаңдатып, әлеуметтік желіде пікірлер желдей есті. Әрине, бұл оқиғаға саяси институттар өз бағасын, құқық қорғау органдары сепаратистерге лайықты жазасын берері анық. Біз соған үміттенеміз. Алайда  мұның  басқа  қыры  бар. Біз сол  тұрғыда саралап  көрсек.

Бірден айталық, сан ғасырға созылған отарлық езгімен езілген қазақ халқы бүгінде эмигранттардың ығынан шыға алмайтын жағдайға жетті. Түрлі жағдаймен ел аумағына келген өзге ұлт өкілдерін өзінен жоғары санап, алдымен солардың ұсыныс-тілегін қанағаттандыратын болды. Мұны құлдық сананың әсері дейміз бе, әлде оған азшылық құрауымыз әсер етуде ме, бұл жағы бізге түсініксіз.

Әлгі сепаратистердің еркінсіп, Қазақстанды мойындамаймыз дегенінің астарында осындай фактінің жатқаны анық. Статистика  деректерінен  осыны аңғаруға болады. Мәселен, 2022 жылы 1 қаңтарда елдегі қазақтың үлесі 70 пайызға жетсе, Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 37 пайызды құрайды. 1897 жылғы бүкілресейлік халық санағы бойынша ондағы жергілікті ұлттың үлес салмағы 80 пайыз болған  екен.

ХХ ғасырдағы ашаршылықтан жергілікті халықтың үлес салмағы азайып, есесіне Ресейдің ішкі аймағынан өзге ұлттар көптеп қоныстануымен отарлау идеологиясы қарқынды жүрді. Тек 1931 жылдың қыркүйек айының басында 172 мың орыс, украин, беларусь Солтүстік Қазақстанға қоныс тепті. 1937 жылдың күзінде Қиыр Шығыстан  2229 кәріс көшіп келді. 1940 жылы Украина мен Беларусьтің батыс облыстарынан  28 мың адам тағы келді. Бұған 1954 жылдары басталған тың игеруді қосыңыз. Сөйтіп, бұл өңірде қазақтың үлес салмағы 18-20 пайызға дейін  кеміді.

1991 жылдан бері ішкі миграция ағымы өзгеріп, сырт­тағы қандастар атажұртқа көш түзеді десек, дәл осы Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударғандар қатары аз екенін көреміз. Бұған әр жылдары шекаралық  облысты  басқарған  әкімдер  жауапты екені  анық.

Статистикаға сүйенсек, атажұртқа келген 300 мың­нан аса отбасының 61 пайызы Өзбекстаннан келді. Көштің үлес салмағын саралайтын болсақ, 15 пайызы Қытайға, 10 пайызы Моңғолияға тиесілі. Сырттағы ағайынның басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысына (21,2 пайыз) қоныс тепті. Сондай-ақ Алматы облысына (16,3 пайыз), Маңғыстау облысына (13 пайыз) көшіп келді. Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш  бар-жоғы  0,05  пайызды  құрайды.

Енді тағы бір деректі қараңыз, 2000 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысына Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Армения, Әзірбайжан, Украина, Белоруссия, Молдава, Грузия, Түркия және тағы басқасынан адамдар көшіп келсе, соның басым бөлігі ресейліктер екен. Әрине, оның ішінде Ресейдегі қазақтар да, орыстар да бар. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2000-2020 жылы солтүстіктегі көрші елден 22 мың 707 адам қоныс тепсе, Өзбекстаннан 11 мың 460 қандас көшіп келді. Осы жылдары Моңғолиядан – 6992, Қытайдан 133 қандас солтүстіктегі шекаралық өңірге қоныс аударды. Ішкі миграцияның қарқыны да мәз емес. Өйткені, оңтүстік облыстардан көшіп барған отбасылардың тұрақтап қалуы қиын. Оған қандастар мен оңтүстік өңірден көшіп келушілерге әлеуметтік деңгейде дұрыс жағдай жасалмауы  себеп.

Керісінше, Солтүстік Қазақстан облысында туу көрсеткіші өте төмен. Мәселен, 2019 жылы – 6872, 2020 жылы – 6879, 2021 жылы 6489 бала туған. Бұл оңтүстіктегі облыстарда бір айдағы туу көрсеткішімен тең. Бұл облыста көші-қон айырымы 2019 жылы – 5943, 2020 жылы – 4387, 2021 жылы 7555 адамға кеміді. Егер кейін­гі 23 жылды саралайтын болсақ, 179,6 мың адамға азайды. Міне, әлгі сепаратистердің еркінсіп, Петропавл  қаласын  таңдап  алуының  басты  себебі – осы.

ОЛАРДЫҢ   АРМАНЫ  ҚАНДАЙ?

«Біз азат және еркін халықпыз, ерлер мен әйелдер, СҚО Петропавл қаласының еңбекші тұрғындары Қазақ­стан Республикасы корпорациясының құқық­тық негізінің жалғандығына байланысты, халықтың өміріне қолайсыз жағдайлар туғызуына байланысты, сондай-ақ оның агенттерінің әрекетке қабілетсіз­дігі мен абыройсыздығына байланысты біздің игілігіміз бен ресурстарымызды басқару жүйесінің барлық құрылтайшылары мен қызметшілеріне толық сенімсіздік білдіреміз. Біз, халық, өз тәуелсіздігімізді, дербестігіміз бен егемендігімізді жариялаймыз. Жалпыға бірдей бөлінбейтін ұлттық қазынаны сақтаудың сөзсіз екенін, туған жердегі азаматтық мүліктік құқықтардың өзгермейтіндігін еске саламыз және СҚО Петропавл қаласында жұмысшылардың халық кеңесін жандандырамыз», делінген әлеуметтік желіде тараған видеоүндеуде.

Әрине, бұл азаматтардың түпкі ойы не, артын­да кім тұр? Қазақстан азаматтары ма, әлде сырттан келді ме? Мұның ақ-қарасын құзырлы органдар анықтап, тиісті жазасын берер. Бізге белгілісі, Қылмыстық кодекстің 180-бабы бойынша ел біртұтастығын бұзуға шақырғандар 7 жылға бас бостандығынан айырыл­ады.

Ұлы Отан соғысы жеңімпаздарының мұрагерлеріміз деп атайтын белсенді топтың бүгін немесе кеше құрылмағаны анық. Бұл ұзақ жылдық дайындықтың нәтижесі болса керек-ті. Біздің бұл ойымызды қоғам белсендісі Ілияс Мыңжасаров растап, мұндай қозғалыстар тек Петропавл қаласында ғана емес, солтүстік және солтүстік-шығыстағы өзге облыстарда бар екенін  атады.

«Сепаратистік белсенді топтың іс-әрекеті туралы әлеуметтік желіден іздедім. Белгілі болғандай, мұндай кеңес Өскемен қаласында да бар екен. Бұл қозғалыс ковид-2019 шыққанға дейін құрылған-ды. Вирус жаппай тараған кезде саябырсып, 2023 жылдың 15 ақпанынан қайтадан белсенділігі артыпты. Бұл – стихиялық құбылыс емес, ұйымдасқан қозғалыс. Мұндай кеңестер елдің  басқа  аймағында  да болуы мүмкін. Әзірге Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстанды ғана таптым. Шекаралас өңірлердегі билік өкілдеріміз ерекше қырағы болуы керек. Телеграмм чаттарын, аймақтық жұртшылықты және тағы бас­қасын бақылау  маңызды»  дейді  ол.

Қысқасы, шекаралық өңірлердегі әкімдіктер мен күштік құрылымдар қырағылықты күшейтіп, елдіктің берекесін арттыруға күш салуы керек-ақ. Өйткені, іштен шыққан жау жаман.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

Коллаж ашық дереккөзден алынды.

Тақырыпқа  тұздық

КҮЛІҢ  КӨККЕ  ҰШПАСЫН  ДЕСЕҢ,  ИДЕОЛОГИЯНЫ  ОЙЛА!

Солтүстіктен қауіптің болатыны 2014 жылы Ресейдің Украина аймағындағы орыс мәселесіне араласа бастағанынан-ақ белгілі болған. Бұл сигналды ұғынып, кезінде мемлекеттік хатшы, тәжірибесі мол идеолог Марат Тажиннің тұсында дұрыс бастама­лар  басталған. Әрине, айтпағым «Рухани жаңғыру» жайлы еді.

Идеясы дұрыс, ұлттық болмысымызды, бабалар салған жолды, қасиетті орындарды, мәдени мұраларымызды жеткілікті дәрежеде қайтадан насихаттық бағдарға қою арқылы елін сатпайтын, рухы биік, елінің басына күн туғанда қолына қару ала білетін (украиндықтар секілді) өскелең буынды дайындай беру болмақ тұғын.

Өкінішке қарай, миллиардтап бөлінген есіл қаржы өзін ақтамады. Аймақтарда арнайы Жобалық кеңселер құрылып, 15 адамнан штатын, офисін беріп, жобалар­ға 50 миллион теңгеден бюджетін ашты. Жұмыстары өте әлсіз көрінді. Көп жағдайда, университеттердің есептерімен қаруланып, арзан тәрбие­лік іс-шаралармен ешбір ұрпақтың жүрегінде рухты оятпайтын азын-аулақ әрекеттермен шектелді. Ең қызығы, дәл осы «Рухани жаңғырудың» сол күйі нәтижесі шықпады, оған жауаптылары жауап бермеді. Әлгі «жүз танымалдылардың» тағдыры ел қызметінде қаншалықты үлес-салмағы болып жатқаны беймәлім қалды. Балалар әдебиеті қолға алынбады, жастар музейге баруды әдетке  айналдырмады, ұрпақ ең болмағанда кітап оқуды бастамады.

Иә, енді осы Солтүстіктен келер қауіппен «Рухани жаңғырудың» қандай логикалық байланысы бар? Неге сонша кешегі мемлекеттік бағдарламаны тәптіштеп  кеттік  деген  сұрақтарға  келсек.

Әлбетте, ұрпағын ойлайтын мемлекет осындай детальдарға көңіл бөледі. Рухы мықты украиндықтар қазақтарға, сол ресейліктерге қара­ғанда, анағұрлым кітап оқу, руханият орындарына бару жағынан алдыңғы қатардан табылады. Бір Донецкінің өзінде екі жүзден астам музейі бар. Айтпақшы, әскери ойынға келсек, Украинада пейнбол ойнау жағынан компьютерлік клубтармен қатар бәсекелесе алатын деңгейде. Украин майданында жүрген жастардың көбі – кезінде дәл осы пейнбол мен контрстрайкті шебер ойнағандар. Әрине, ол көрсеткішке олардың ұлттық  патриоттық сезімдегі тәрбиесі басым. Себебі, арғы шекарасында көрші поляк ағайындарының антиресейшіл патриотизмінің орасан әсері  тағы  тұр.

Тоқетері,  бізде  саяси реформаның арқасында идеологиялық  рухани құжаттардың бастамалары керек. Жастар мықтыларға бой түзейтіндей, рухани дүниемен тәрбиеленетіндей болмаса, отанды қорғау  романтикасымен  ауырмаса, кейін  бәрі  кеш  болады.

Дана бабамыз «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» деген. Қарынды тойдырармыз, ашаршылықты да көрдік ғой кезінде, бірақ қадір-намысымызды жібермей, өшуді емес  өсуді  де  терең  ойлануымыз  керек.

Ертеңгі  елім дейтін ұрпақты бүгін ойлау – ең бірінші қатардағы  ұлттық  мәселе. Әйтпесе,  жинап-тергеннің күлі  көкке  ұшуды  Украина  мысалы  күнде  дәлелдеп  отырған  жоқ  па?!

Мақсат  ЖАҚАУ,

аймақтанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: