Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елімнің еркіндігі – Ата заң

30.08.2022, 14:00 608

HALYQLINE.KZ

Ұшса құстың қанаты талатын, шапса тұлпар тұяғы тозатын, кең дала жазылмаған заңдардың, тынысқа сай тәртіптің арқасында бабадан бізге жетті

Дала демократиясы, жаңғырған жаңа Қазақстан, уақыт көшіне сай конституция.

Ия, терең тарихы бар даламыздың әр кезеңде заман талабына сай ілесіп, уақытпен тіресіп, өркениет шыңына бет бұрғанын ешкім жоққа шығара алмайды.

Көз көрген көне заманда қазақ жазирасында тәртіп болмады деу бүгінгі зайырлы құқықтық мемлекетіміздің тамырына балта шабуымен пара-пар.

XVII ғасырда қазақ халқына жан-жақтан қауіп төніп тұрды. Елдің ауызбіршілігі әлсірей бастаған тұста Тәуке хан хандықты нығайтуға күш салады, ол үшін мықты билікпен, бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесі қажеттігі туындады.          Өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолын негізге ала отырып, жаңа заң жүйесін жарыққа шығарды. Осылайша күлтөбенің басында Төле, Қазыбек, Әйтеке билер бас қосып, Тәуке ханның жеті жарғысы деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қалады.

Бұл заң сол замандағы қоғамның уәдесінен шыға білді. Жылдар жылжып ғасыр аулап тәу етер Тәуелсіздігіміз басымызға бақ болып қонған шақта мемлекетіміздің тұтастығын айқындайтын құжатымыз қабылданды.

Азат елдің ар-намысындай болған Ата заңымыз – қазақтың ұлан-байтақ даласының кеңдігін де, елінің ерлігі мен өрлігін де бойына сыйғызған құдірет.

Бұл күннің Тәуелсіз Қазақстан үшін бағасы артық, мәртебесі биік, өйткені тұрақтылық пен татулықтың тұғыры болған қастерлі құжат – еліміздің киелі кітабына айналған күн.

Адамзаттың құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 Конституцияға енетін Қазақстанның Ата заңы – әлемдегі ең жас конституциялардың бірі.

Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы – халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі.

Биыл Тәуелсіздіктің тірегі Қазақстан Республикасының Конституциясына 27 жыл. Мемлекеттің мерейі мығымдығында болса, Конституциямыз қуатты қоғам құру негізі болып табылады.

Осылайша жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды және негізгі заң еліміздің сыртқы саясатының басты қағидаттарына теңдестірушілікті, салиқалылықты орнықтырды. 

Бұл түзетудің терең астары қасиетті мағынасы Тәуелсіздік ұлтымыздың бүкіл тарихының басты жетістігі, халқымыздың басты қазынасы деп білеміз.

Конституция қорғайды және міндеттейді. Қазақстан Республикасы егемендігін жариялаған кезден бастап жүзеге асырыла бастаған саяси, әлеуметтік және экономикалық өзгерістер ұлттық құқықтық жүйенің, соның ішінде сот құрылымы мен сот ісін жүргізудің қалыптасуына жол ашты.

Сот билігінің абыройы мемлекетіміздің абыройы екенін белгіледі. Сондықтан да соттар және сот бөліміне еңгізілген өзгерістер сот реформасын одан ары жалғастыру үшін құқықтың негізін қалайды. 

Қазақстан өзін әлемдік құқықтық кеңістіктің субъектісі ретінде орнықтыруы, халықаралық экономикалық қатынастар жасауы, экономиканың жаңаша сипатының қалыптасуы сот жүйесінің түбірімен өзгеруінің негізгі алғышарты болды.

Кадрларды іріктеу және соттардың жұмысын материалдық-қамтамасыз ету, сот төрелігін жүзеге асыру, сот қаулыларын орындау жөніндегі көмекші қызметтер, статистиканы қалыптастыру және басқа да мәселелер әділет органдарына жүктелді.

Тәуелсіздік жылдарында сот жүйесінің қалыптасуына жасалған талдау, оның қалыптасу серпіні мемлекеттің құқықтық жүйесін дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын бағдарламалық құжаттардың қабылдануына байланысты болғанын көрсетеді.

Жалпы алғанда, егемен Қазақстанның сот жүйесін дамытуды мынадай кезеңдерге бөліп қарастыруға болады.

1-кезең. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясының қабылдануы. Ол сот билігінің ұйымдастырылуы мен қызметінің негізгі қағидаларын бекітіп берді. Осы Конституция бойынша Конституциялық сот, Жоғарғы Сот, Жоғары төрелік сот пен төменгі сатыдағы соттар сот төрелігі органдарына жатқызылды. Қандай да болмасын өзге органның немесе лауазымды тұлғаның сот билігі функцияларын өзіне алуға құқылы еместігі, соттар мен судьялардың мәртебесі конституциялық заңдармен белгіленетіндігі, нақтылы істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру мәселелері жөнінде судьялардың есеп бермейтіндігі, судьяларға ешкімнің тиіспеуі және тағы басқа мәселелер атап көрсетілді.

2-кезең. 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етудің қажетті кепілдіктерінің болуын қарастырды.

Төрелік соттар жүйесі таратылып, олардың функциялары жалпы юрисдикция соттарына берілді. Ал Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы соттар мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заң күші бар Жарлығы соттар қызметінің негізгі қағидаларын, соның ішінде судьялардың құқықтық және әлеуметтік кепілдіктерін айқындап берді.

Бұл Жарлық еліміздегі сот жүйесін реформалау мәселесіндегі көп жылғы пікірталастың қорытындысы іспеттес болды. Онда: судьяны құрметтемегені үшін жауапкершілік енгізу, судьяларға ешкімнің тиіспеуі, судьялардың өкілеттіктерін тоқтата тұрудың және тоқтатудың негіздерін орнықтыру, судьяның тәртіптік жауапкершілікке тартылу жағдайларынан басқа кезде мәні бойынша қаралған немесе өндірісінде тұрған істер бойынша қандай да бір түсініктеме беруге міндетті еместігі, судьяға соттан тыс функциялар мен міндеттерді жүктеуге тыйым салу қарастырылды. Судьялардың заң жүзінде осындай мәртебеге ие болуы олардың тәуелсіздігін нығайтып, беделін бекітті. Азаматтардың жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктер мен лауазымды тұлғалардың заңға қайшы шешімдері мен іс-әрекеттерін сотта даулауға бет бұруы сотқа деген сенімнің өсуін көрсетті. Жергілікті сот судьяларын ел Президентінің тағайындауы, Жоғарғы Соттың судьяларын Парламент Сенатының сайлауы енгізілді. Тарихта алғаш рет судьялар тұрақты мерзімге тағайындалды, бұл олардың тәуелсіздігінің кепілдігін анағұрлым күшейтті. Сонымен қатар, әділетті де бұлжымас сот шешімдерін шығаратын білікті, тәуелсіз судьялар корпусын қалыптастыру тетігі жасалды.

Э.Рыскулов,

Жаңақорған аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: