Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ел төрелігі ерді шыңдайды

22.06.2023, 9:20 209

Дана халқымыз ел басқарып отырған басшыларды  «әділ басшы елмен бірге болады, әрең басшы елден безер болады» деп бір ауыз сөзбен бейнелеп қойған. Басшының әрекетіне қарап баға берер кезде халықтың жағдайын қаншалықты жасай алды? Соған мән берген. Егер ел басқарып отырған тұлға халықтың жағында болып, мәселесін үкіметке жеткізіп, қажетін өтей алатын болса, қауымның қалаулысына айналады. Ал қаржы мен халық арасында қулығын асыратын болса, оның жазасын ел өзі-ақ береді. Басшы десе, естіген бірер ауыз әпсанам – осы. Бірақ, басшылар бұрынғыдай емес, қазіргі уақытта тоқсан сайын халықпен жиі кездесіп, мәселесін тыңдап жүр. Оған өзім де куә болып қайттым.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, 2023 жылғы  ІІ тоқсан бойынша Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов қалаға қарасты ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесті. Өткен аптаның бейсенбісінде таңғы 9-дан бастап, тасбөгеттік тұрғындар «Карамель» сауда үйінің алдында шаһар басшысымен жүздесіп, бірқатар мәселесін жеткізді. Жиында әлеуметтік мәселелер талқыланып, бірнеше ұсыныс та тасталды.

ТӨСБӨГЕТТЕГІ  ТАЗАЛЫҚҚА  КІМ  «ДАҚ»  ТҮСІРДІ?

Алдымен кент әкімі Семсер Сыздықов Тасбөгетте жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жыл бойында атқарылатын ауқымды істерді баяндап, кенттің  қазіргі  ахуалын  сөз  етті.

– Апатты  тұрғын үйлер мәселесін шешу жүйе­лі түрде жүргізілуі нәтижесінде жалғыз баспанасы  апатты  деп  танылған  кенттің  140-тан  астам  тұрғыны қала аумағынан салын­ған жаңа үйлерден пәтер кілттерін алды. 2022  жылы  облыстық бюджеттен қаралған 680 млн теңгеге 59,6 шақырым электр желісі жүргізіліп, жаңадан 15 қосалқы станция қойылса, «Сабалақ» саяжайына газ желісін тартуға «AS and Limited» ЖШС демеушілігімен 100 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттары әзірленуде, – деді  кент  әкімі  С.Сыздықов.

Тұрғындардың тұралап тұрған тірлігі мен шағымын тыңдауға асықты әкім. Мұндағылардың көбі кент шаһарға жақын болғандықтан, дәл қала орталығындағыдай жағдайдың жасалғанын қалап отыр. Шаһар басшысы мәселені мезгілінде шешуді тапсырып, жұртшылықпен  тілдесті.

– Құрметті тұрғындар, ел Президентінің өткен жылғы Жарлығына сәйкес, тоқсан сайын тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдаудамыз. Шаһарда да, кенттерде де түрлі жобалар мен тындырымды тірліктер басталып, халық игілігіне жұмыс істеліп жатыр. Дегенмен, мәселе деген ешқашан бітпейді. Әлеуметтік мәселе болсын, жеке мәселелеріңіз болсын, айтып, ортаға салсаңыздар, шешуге тырысамыз. Кентті дамытуға, көркейтуге бағыталған ойларыңыз болса, оны да айтыңыздар. Қолдан келгенін  жасай­мыз, – деді қала әкімі.

Қазірде кент орталығынан спорт кешенінің құрылысы жүруде. Оған қоса, бірнеше әлеу­меттік нысан бой көтеруде. Мұнан өзге, халық­тың қолайлы ортада өмір сүруі үшін қажет­ті жағдайлар жасалынуда. Тұрғындар елде атқарылып жатқан жұмыстарға қанық. Өткен жылы айтылған ұсыныстар қанағаттан­дырылып, биыл ауқымды жобалар сәтті жүзеге асып жатыр. Ал биыл мынадай мәселелердің шеті көрінді.

– Тасбөгет кентінің орталығындағы бейне­камера істей ме өзі? Кешкісін жұмыстан шыққанда ғимараттың алды таза болатын, ертесі азанда қайта келсек, шемішкенің қабығы мен бөтелке үйінділері жиналып қалады. Мұны кім жасап жүргенін білмейміз, тазалыққа «дақ» түсіріп жүргендерге шара қолдану керек. Егер, камера істейтін болса, көңіл бөлсеңіздер, – деді тұрғын.

Аталған мәселе бойынша кент әкімі камера­лардың толық істейтінін және алдағы уақытта мұндай оқиға енді қайталанбайтынын жеткіз­ді. Тиісінше шаһар басшысы кент әкіміне және жауапты сала өкілдеріне қажетті тапсырмалар  жүктеді.

– Кент әкімі деген таңғы алтыдан бастап кентті жаяу аралап, тұрғындардың жағдайын көзбен  көру  керек. Көшеде не істемей тұр, не қирап жатыр, барлығын өзі байқап, тапсыр­маны беру керек. Іште отырып алып, ештеңе бітпейді. Сіздердің жұмыстарыңыз – сол. Әрбір тұрғынның жағдайына жіті мән беріп, шешуге тырысу керек. Қоғамдық пікірлері болса, оны да тыңдап, назарға алыңыздар. Өйткені, кентке жаны ашитын бірден-бір қауым болса, ол – тұрғындар, – деді  Асылбек  Өмірбекұлы.

Мұнан басқа апаттық жағдайдағы үй, көше­дегі тазалық мәселесі, үй кезегінің жылжымауы, емхана  қызметінің төмендігі секілді дүние­лер айтылып, қала  әкімі кент басшысына  барлығын  назарға  алуды  бұйырды.

БЕЛКӨЛДІКТЕР  БҮЙ  ДЕДІ…

Шаһар  басшысы  алдын  ала  бекітілген кес­теге сәйкес келесі Белкөл кентінің тұр­ғын­дарымен тілдесті. Кентке кіре сала тындырымды тірліктер бірден көзге түсті. Тротуар төселіп, жол жөнделіпті. Одан басқа темір­жолдың қос қапталын жалғап тұрған көпірдің де сырылған жерін  сырлап, сынған жерін «сақадай»  етіпті.

Кентте соңғы жылдары кәсіпкерлік саласы жоғары қарқынмен дамып келеді. Оның бір ғана дәлелі, 2023 жылдың қаңтар-маусым айла­ры аралығында 71 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп,  71 тұрақты жұмыс орны ашылған.

Одан басқа жарықтандыру ісі де қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстардың барлығына ел азаматтары бақылау жасап отыр. Десе де, қала әкімі қыруар шаруаны жүзеге асыруда олқылыққа жол бермеу қажеттігін баса айтып, тұрғындар ұсынысы ескерусіз қалмайтындығын  жеткізді.

– Құрметті тұрғындар, аймақта соңғы уақытта атқарылып жатқан дүниелерді біле­сіздер. Қала орталығында және кенттерде бірқатар жоба жүзеге асып, инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар басталып кеткен. Жылдың басында қаламыздың бюджеті 56 млрд теңгеге жеткенін айтқан болатынбыз. Ал қазіргі алты айдың қорытындысымен 82 млрд теңгеге жетті. Мұның барлығы – еліміздің, қаламыздың, дамуға жоспарланған үй құрылыстарына, әлеуметтік нысандарға, көгалдандыру істеріне жұмсалып  отырған қаражат. Бұл дүниелерді елмен ақылдасып, жұртшылықпен жүздесіп, бірге атқарып келеміз. «Кез келген мәселе болса, оның  шешімін  ел  біледі,  елмен  бірге  жұмыс  жасау керек» деп кент әкімдеріне күнделікті айтып отырамын.  Ал енді мәселелеріңіз болса, тыңдауға әзірмін, – деді  Асылбек  Шәменов.

– Белкөлде біраз дүние жасалып келеді. Оны халық көріп отыр. Бірақ, мына мәселені бұған дейін әкімге талай айтқанбыз. Біз жарық желісін ағаш бағанамен өзіміз жүргізгенбіз. Бірақ, бұл бір күні болмаса да, бір күні баланың үстіне құласа, ол кезде «кім кінәлі? әкім кінәлі!» деген дүние шығады. Кейде сым жарамсызданып, оны сатып алып, қайта салатын кезде электриктер сала алмаймыз дейді. Ол сымнан егер біреуді тоқ соқса, мәселе айтылмағандай болып қалады. Белкөлдегі басты мәселе осы – бағаналардағы тоқ жүргізу жұмысы. Әрбір бағананың арасы қашық, 500 метр десем де өтірік емес. Сымдардың кейбірі үйлердің төбесінен жүргізілген. Ол  үйдің  әкесі  бала-шағамды тоқ ұра ма деп  қорқып  отыр, –  деді  кент  ақсақалы.

Шаһар басшысы «Бұл жұмыстарға 76 млн теңгеге жоба-сметалық құжатты дайындап қойдық. Қаржысын да бөлдік. Ары қарай енді іске асыру жұмыстары қалып тұр» деді.

Мұнан бөлек кенттегі кәсіпкер Гүлманап Сембаева өзінің «Әл-Әзиз» оқу орталығына үкіметтен  қолдау  болса  дейді.

– Қазір «Әл-Әзиз» оқу орталығы оқушыларды ақылы түрде үйірмеге қабылдайды. Және түрлі пәндер оқытылып, жаңа бағытта білім береміз. Кентте үйірмеге қызығатын оқушы өте көп. Енді соның барлығының тегін үйірмеге қатысуына жағдай жасасаңыз. Үкіметтен түрлі бағдарлама арқылы оқу орталықтары мен үйірмелерге қаржы  бөлініп,  оқушыларға жағдай жасап жатыр ғой, сол қуаныштың игілігін біз де көрсек деп едік. Оқушылардың тегін үйірмеге қатысып, білімі мен өнерін шыңдағанын қалаймыз, – деді  кәсіпкер.

Мұнан басқа зейнеткерлер, кент үлкендері облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдас­тыруымен киелі орындарға экскурсия жасауға мүмкіндік  сұрады.

Қала әкімі барлық талап-тілекті тыңдап, тұрғындардың өтінішін қанағаттандыруды тапсырды. Егер, қиындықтар болса, бірлесіп шешетінін  жеткізді.

ҚОСШЫҢЫРАУЛЫҚТАР  «КӨГІЛДІР  ОТЫНҒА»  ҚОСЫЛА  МА?

Биыл Қосшыңыраудағы қос елді мекен газдың рақатын көруі мүмкін. Бірақ, бұл нақты емес. Шаһар басшысы ауыл тұрғындарының мәселесін тыңдамас бұрын ауыл әкімі Сейдуә­ли Әбдіқадыров округте атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

«Бүгінгі таңда Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Абай және Досан елді мекендерін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Досан ауылында медициналық бекеттің құрылысы басталды.

Бұдан бөлек Досан елді мекенінің инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында 5 көшені асфальттау, 10 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде» деді ауыл әкімі.

– Бұған дейінгі кездесуімізде газ беру маусымының мәселелері туралы айттық. Ендігі уақытта тұрғындар «көгілдір отынның» рақатын көруіне барынша жұмыс істейміз. Одан бөлек, жол, ауызсу, электр желілері жайлы да жұмыстардың шешімін табуға күш салып жатырмыз. Биыл облыс бюджеті 600 млрд теңгеге артты. Бұл деген – өте көлемді қаражат. Бұйыртса, алдағы уақытта бұл цифр өседі деген үміттеміз. Себебі, атқарылған жұмыстан бөлек, істеуге тиісті қанша тірлік күтіп тұр. Оның барлығын уақыт-уақытымен аяқтайтын боламыз. Кез келген дүниенің кестеге сәйкес аяқталатын мерзімі болады. Газ мәселесі бойынша ауыл әкімі мердігер мекемені таңдап, келісімге келу керек. QazaqGaz-бен (бұрынғы ҚазТрансГаз) келісімшартты рәсімдеп, тұрғындарға тездетіп газды қосып беруге тиіспіз. Бұл дүниелерді халыққа айтып, түсіндірме жұмыс­тарын жүргізуге тиіссіздер. Тұрғындар барлық дүниеден хабардар болып отыруы керек. Газды есігінің алдынан өткізгенімен, оны үйге кіргізу жұмысы әркімнің жеке уақыты мен қаражатына байланысты. Кейбіреулері газ келеді деп пешін бұзып тастауы мүмкін. Міне, сондай кезде «неге ертерек айтылмады?» деп, тұрғындар  көтеріледі. Ал бұл дүние­де әкімдік белсенділік таныт­паса болмайды. Егер тамыз айы мен қазан айының аралығында құрылыс жұмыстары аяқталса, тұрғындар газға қосылуға мүмкіндік бар ма? – деді  қала  әкімі.

Бұл сұраққа QazaqGaz өкілі «әрине, қосыла алады» деп жауап берді. Шаһар басшысы газ құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекемеден нақты жауап алмақшы болып, іздегенде, ешкім болмады. Ауылдың қазіргі басты мәселесі осы болса да, мердігер мекеменің бірде-бір өкілі жұртшылықпен бірге болмағаны осы шаруа­ның қашан бітетінін сұрақ күйінде қалдырып қойғандай. Әйтсе де, ауыл әкіміне бірнеше тапсырма жүктелді. Егер, газ биыл ауылға толық берілетін болса, соны, болмаса, оны да ертерек ауылға жеткізу керектігін айтты. Кейін тұрғындар «ас ішерденің» керін көрмеуі үшін. Қала әкімінің І тоқсандағы кездесуінде қосшыңыраулықтарға газ беру маусымында тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға үкіметтен көмек көрсетіледі деген екен. Яғни, үйді «көгілдір отынға» толық қосу үшін пеш, одан да басқа құрал-саймандарға қаржы қаралатынын айтыпты. Осы игі істі аяқсыз қалмайды деп сенеміз. Бірақ, уақыт жақындағанда уәделер сыр бермесе болды.

Ауыл тұрғындары мұнан өзге «Ата-ананың парызы – бала-шағаны үйлендіру. Бірақ, бір үйге 10 еркектің басы сыйғанмен, 10 келіннің басы сыймайды. Бас-басына үй көтеруге жердің ыңғайы келе бермейді. Әкімнен келіп жер сұрасақ, «жер жоқпен» шығарып салады. Осы мәселені шешуге бола ма?» деген бұйым­тайын жеткізді. Шаһар басшысы қалалық жер қатынастары бөлімінің маманына тапсырма беріп, жер беру жұмыстарын ілгерілетуді тапсырды. Дайын жер болмаса, жер дайындау керектігін де айтты. Өйткені, ауылдың байлығы – жастар. Сондықтан, жастарды ауылда тұрақтандыру үшін нақты қадамдар тездетіп шешілуі қажет.

Мұндағылар электр торабының ескі екенін және жарықтың жиі сөнетінін айтып, жаңа қондырғы қоюды сұрады. Асылбек Өмірбекұлы ауыл әкіміне осы істі тапсырып, қажет дүниелер болса, сұрауын және оны шешуге жағдай жасайтынын айтып, әзірге жарамды қондырғы орнатуды тапсырды. Уақыты келгенде қаражат бөліп, жаңасын орнатуға тапсыр­ма беретінін жеткізді. Ауыл тұрығындары тарапынан қойыл­ған қоғамдық көлік мәселесі де алдағы уақытта жаңа автобустар келгенде шешілетінін айтты.

 Шаһар басшысы аталған маңызды жобаларды сәтті  жүзеге асыру барысында ешқандай кедергілер болмауын тікелей бақылауына алатынын айтып, ауыл әкіміне елді мекен тіршілігін әлде де жандандыру жөнінде тапсырма берді. Содан соң ауыл тұрғындарының ұсынысын тыңдап, кезек күттірмейтін мәселелерді шешу жолдарын жан-жақты қарастыруды орынбасарларына жүктеді.

ҚАРАУЫЛТӨБЕДЕ  ҚАРҚЫН  БАР

Қала әкімінің жұмыс кестесіндегі келесі елді мекен Қарауылтөбе ауылдық округі болды. Мұндағылар ауыл іргесіндегі күріш алқабының ортасына шатыр құрып, күріштің жаңа сорттарын тізіп, әкіммен сонда тілдесті.  Ауыл әкімі Еркін Ахетов ауылдағы атқарылып жатқан және алдағы жұмыстармен таныс­тырып, жаңа жобалары туралы тілге тиек етті.

Мәселен, «Ауыл – ел бесігі», «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары аясында ауылда біршама жұмыс жүрген. 150 орындық мәдениет үйі бой көтеріп, ауыл көшелеріне жарықтандыру мен электр бағаналары орнатылған. Айта кетейік, округте жалпы 124 шағын кәсіпкерлік субъектісі  тіркелген.

Қала әкімі Асылбек Шәменов өз кезегінде ауыл халқының игілігі үшін істеліп жатқан жұмыс­тарды ширатуды тапсырып, тұрғын­дардың талап-ұсыныстарына ден қойды. Ауылдағы ағайын ұсыныс-тілектердің кезең-­кезеңімен сәтті жүзеге асып жатқандығын, десе де жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға күш салу қажеттігін жеткізді. Асылбек Өмірбекұлы бұл бағытта нақты шаралар қолға алынғандығын айтып, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану барысын түсіндірді.

Ауыл үлкендері мектептегі жылу мәселесін айтып өтті. Яғни мектеп ашылғалы бері қыс мезгілінде жанар-жағармаймен жылытылатын көрінеді. Бұл бюджетке орасан зор шығын әкеле­ді екен. Егер, мектеп газбен жылитын болса, қанша миллионды үнемдейміз. Мәселен, бір ғана жылу беру маусымында 40 млн теңгенің жағармайын пайдалансақ, газға көшкенде бұл сома 16 млн теңгеге дейін қысқарады екен. Ауыл тұрғындарының екі жаққа да қолайлы тұсын ойлап, ұсыныс білдіргеніне қала әкімі осы іс қазір жоспарда бар екенін жеткізіп, уақытында шешетінін, қаржы бөлетінін айтты. Мұнан басқа қоғамдық көлік интервалының ұзақтығы, жол белгілерінің ыңғайсыз орналасуы сынды да дүниелер қозғалып, жұмыстар талқыланды.

ҚОЛДАУ  БАР,  ҚОЛБАЙЛАУ  ДА  ЖОҚ  ЕМЕС

Бейсенбіге жоспарланған ауылдар тізбегін қорытындылаған Қызылжарма ауылдық округінде жалпы сомасы 2 млрд 630 млн теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылуда.

Қала әкімі тұрғындармен кездесу кезінде ауыл әкімі осы және өзге де мәліметтерді баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Атап айтар болсақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 23 көшеге жол жөндеу, 24 көшеге түнгі жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу, сондай-ақ, Қызылжарма-1 және Қызылжарма-2 тұрғын аудандарындағы 35 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен  қатар,  жоспар бойынша ауылда мектеп, спорт кешені секілді әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халық игілігіне ұсынылады» деді.

Тұрғындар игілікті бастамаларға алғыс­тарын білдіріп, қала әкіміне бірқатар ұсынысын жеткізді. Соның бірі – округтегі жабайы әдіспен жүргізілген электр бағаналарын алып тастау, ауызсудың қысымын көтеру және ұялы байланыс желісін жақсарту. Одан басқа Сақтап­берген Әлжіковтың 100 жылдығына орай мектеп жанындағы мүсінін қайта қалып­қа келтіруге жағдай жасау сынды бастамалар көтерілді. Ауыл үлкендерінің бұл ұсынысы алдағы уақытта толық қанағаттандырылатын болады. Қала әкімі талап-тілектердің орындалуын жеке бақылауына алатындығын айтып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

АУЫЛДАРДЫҢ  ӘЛЕУЕТІ  АРТЫП  КЕЛЕДІ

Қала әкімінің елді мекендерді аралау сапары жұма күні де өз жалғасын тауып, Қызылөзек, Талсуат, Ақжар­ма және Ақсуат ауылдық округтерінің тыныс-тіршілігі мен қазіргі атқарылып жатқан жұмыстар барысы  сараланды.

Қызылөзекте «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 173 млн 832 мың теңге бөлініп, 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу және 2 көшеге түнгі жарық бағаналарын орнату бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізіліп жатыр.

Шаһар басшысы ауыл тұрғын­дарымен кездесу кезінде ауыл әкіміне бірқатар тапсырма жүктеді. Соның ішінде мемлекеттік бағдарламаларға қатысу деңгейін ілгерілетіп, тұрғындарды жұмылдыру, халықты ақпараттандыру секілді жұмыстарды тапсырып, тыныс-тіршілікті ширату қажеттігін атап өтті. Одан басқа қоғамдық көлік мәселесі көтеріліп, ол алдағы қыркүйек айына дейін шешімі  табылатын  болды.

Содан соң Талсуат ауылына ат басын  бұрған қала басшысы елді мекен ажарын келтіруге бағытталған жұмыстармен танысты. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа елді мекендегі көшелердің түнгі жарық бағаналарын күтіп-ұстау жұмыс­тары жүргізілуде. Ауылдық округ­тегі 13 көшені электрмен жабдықтау үшін жоба-сметалық құжаты әзірленіп, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен қаржысы  шешілді.

Сондай-ақ, «Қызылорда-Траст» және «Орда Автодор» ЖШС конкурс жеңімпазы деп танылып, ауылдағы 8 көшені асфальттау жұмыстары басталып кетті. Ауыл тұрғындарының мемлекеттік бағдарламаларға қатысу көрсеткіші артып, жыл басынан 13 тұрғын жылқы, қой, түйе, шаруашылығы, жылыжай құрылысы, жүк тасымалдау жобасымен  жалпы сомасы 77 млн 760 мың теңге несие  алды.

Қала әкімі келесі Ақжарма ауылына ат басын тіреп, тұрғындардың өтінішіне құлақ түрді. Ауылда көптен бері өзекті мәселенің бірі саналып келген дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды. Бұл тұрғындардың қуанышын еселеп, біраз  түйткілді  шешкендей  болды.

Округте бұқаралық спорт түрлері жақсы дамып келеді. Қазіргі кезде «Талдыарал» футбол клубы облыс­тық «В» тобында ойын көрсетіп жатыр. Ақжармалық жасөспірімдер өнерде де оқ бойы озық атанып келеді. Мәдениет үйіндегі Гүлназ Рысбекова «Қазақстан дауысы» балалар мегажобасына 6000 қатысушы арасынан жолдама алып, көрмей таңдау кезеңінен жекпе-жек сынына өткен. Бұл да ауыл мақтаныш­тарының  жоқ емес  екенін  аңғартады.

Ауылдың  инфрақұрылымын  жаң­ғырту мақсатында ауқымды жұ­мыс­тардың жоба-сметалық құжат­тары дайындалып, оң шешімі күтілуде. Яғни, Баймұрат батыр ауылындағы арықтарға науа салу, 3 көшеге орташа жол жөндеу, Талдыарал елді мекеніне тренажер жабдықтары мен футбол алаңын салу, және газ жүргізу секілді жұмыс­тар  атқарылады.

Мұндағы басты мәселе – ұялы байланыстың, интернет жылдамдығының төмендігі. Оған қатысты шұғыл шаралар қабылданып, жауап­ты мекемемен бірлесе жұмыстар істелетін  болды.

Асылбек Шәменовтың тұр­ғындармен кездесуді түйіндеген ауыл – Ақсуат ауылы. Мұндағы ең өзекті мәселелердің бірі саналған табиғи газбен қамтамасыз ету жұмысы шешімін тапты. Ауыл халқымен кездесуде шаһар басшысы тұрғындардың өзекті ұсыныстарын тыңдады. Асылбек Өмірбекұлы мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктер ағынын ауыл әкімдері тиімді пайдалану қажеттігін айтып, жауапты сала басшыларына жоспарланған жұмыс­тарды  жүйелеуді  тапсырды.

«Өздеріңізге белгілі, ауылда бүгінгі күнге дейін шешімі табылған және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстардың барлығы – өткен жылғы кездесуімізде көтерілген өзекті мәселелер. Бұл халықтың ұсыныс-­тілектері ешқашан назардан тыс қалмайтынының айқын дәлелі. Барлық жұмыс тікелей өз бақы­лауымда болады», – деді қала әкімі Асылбек Шәменов.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан шаһар мен оған қарасты кент және ауылдық округтердің күрмеулі мәселелерін шешіп, даму қарқынын бәсеңдетпеу мақсатында жүйелі жұмыс­тар  жалғаса  береді.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: