Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сапалы құрылыс – қауіпсіздік негізі

21.03.2023, 10:20 205

Қыста тынымсыз аязды жел соғатын ауыр экологиялық аймағымызда ауру адам тым көп. Сондықтан біздегі құрылыстың бәрі адам денсаулығына негізделіп, сапалы әрі экономикалық тұрғыдан тиімді болуы керек. Тағы біз күрт континенттік (климаты жартылай шөлейт) аймақ­қа жатқандықтан, тұрғын үйлерді ыстық пен суыққа оқшаулап құрсақ, жанға жайлы болы­п  және ол энергия тиімділігімен өзін еселеп ақтайды. Пәтерлі үйлердің екі жағы да толық дәлізбен қоршалған болса, жазда ыстықтан, қыста аяздан қорғайды. Бәрінен де бізге денсаулық қажет. Табиғи апат айтып келмейді. «Сақтықта қорлық жоқ». Сырт елдердегі болып жатқан жағдайларға байланысты енді ғимараттарды антисейсмикалық тәсілмен мықты етіп  салып,  апаттан  сақ  болған  жөн.

Біздің облыс зілзала болмайтын сейсмикалық аймаққа жатады. Дегенмен, 1976 жылдың көктемінде бізге тым жақын Өзбекстанның Бұхара облысында сегіз балдық жер сілкінісі болып, талай үй құлап қирады. Тарихта бұл жерде ешқашан зілзала болмаған екен. Геоло­гиялық зерттеулер бойынша сейсмикалық аймақ­қа жатпайтын бұл облыстағы зілзаланың себебін жер астынан табиғи газ шығып және мұнай алынып, жерасты қуыс болып босап қалғандықтан көрді. Біз әлі өз аймағымызда жер астында қандай қазба байлықтар бар екенін, тағы не болатынын анық білмейміз. Сақтанғанды Құдай сақтайды. Енді біз де табиғи апаттардың алдын алып, жер сілкінісіне шыдамды етіп құрылыс ғимараттарын салсақ, экономикалық зиян болмас. Есесіне сақ жүреміз. Қалада салынып жатқан кейбір ғимараттар сәл зілзалаға төтеп бере алмай, бірден құлап қалуы әбден мүмкін. Құлаған ғимараттар­ды мықты етіп қайта тұрғызуға болса да, зілзала апаты құрбандарын қайта тірілту қолдан келмейді ғой. Яғни сақтық пен ден­саулықты  сақтаған  жөн.

Сыр елі – Алаштың анасы атына сай шаһары­мыз Қызылорданың аса сәулетті қала болуы – үлкен абырой. Орталық алаң алдындағы Желтоқсан мен Қорқыт ата көшелерінің қиылысқан тұсында құрылыс материалдарынан дөңгелетіп қатар отаулар құрып, оны «Ауыл сауда орталығы» етсек деген ойым болып еді. Тіпті бұл отауларды мекеме етіп, ұлы мейрам­дарды екі күн тойласақ екен. Алаң алдындағы әсем ұлттық ақ отауларға келген турис­тер де қызығып, қаламызға көңілі толар еді. Бірақ ол жерге жақын етіп тоғыз қабатты екі үй түсіп, алаңның алдын қысып қойды. Мұндай қисынсыз іс ойыма мүлде келмеген еді. Гастарбайтерлер салған ол үй сәл жер сілкінісіне шыдамай, құлап қалуы мүмкін. Адам денсаулығы үшін және ол жерге қате түскендіктен, мұны бүкіл елге сабақ етіп, ол үйді қайта бұзып, алаңның алдын кеңейтсек, ой-өрісіміз де кеңейіп қалар ма еді? Кеңпейіл қазақтығымызды жойып алмайық. Тағы алаң алдында шағын үш қабатты бір үйдің де шоқиып тұрғаны көзге ерсі көрінеді. Алаңның жан-жағы көзге әсем және кең жазықпен адамды ерекше әсерге  бөлеуі  керек.

Кейбір гастарбайтерлердің істеріне менің көңілім толмады. Тағы жұмысы үшін көп қаржы сұрайды. Жіберген қателігі үшін үйдің толық құнын төлетсек, олардың ойы  өзге­ріп қалар еді. Бұрын Ауғанстанға үш жылға іссапар­мен барып келген бір жерлесім «ауғандықтарға жұмыс беріп, оны толық орындамай ақшасын ұсынсаң, алмайды екен» деді. Тек ісін  сапалы орындап, оған риза болғаннан кейін ғана берген ақшаңызды алады екен. Олар талай  жыл соғысып, миллионнан астам адамның  қанын  құр  босқа  төккен  жоқ.

Кеңестік кезеңде әуелі жоба сараптамадан өтіп, сосын қала құрылысы кеңесінің хаттама шешімінде көрсетілген ұсыныс бойынша ғимарат­тар салынатын еді. Сабақ болсын деп, енді мұндай қателіктері үшін айыпты тарап құрылыстың құнын өз қалтасынан төлеуі керек. Жыл сайын көше бойына отырғызған ағаш көшеттерінің көбі өспей, қурап қалады. Ал оның тамырына ылғал жету үшін бетон лотокта саңылау болуы керек қой. Бұл мультфильмдегі Петактің аузын орамалмен жауып, алдына ас қойғанға ұқсайды. Қаншама еңбек зая  кетті.

Түркияда болған зілзаланың әсерінен Хатай маңында шұңқырлығы 30 метр, ені 200 метр жер жарылған екен. Егер жерасты тектоникалық плиталар ыдырап, Жер терең жарылып, жарыққа жарық жалғасса, континент екіге бөлініп  және Жердің айналу өсі мен полюстары өзгеріп кетуі де әбден мүмкін. Жер қақ жары­лып, оның бөлінген тілімі жылжып су астына кетуі сөзсіз. Атлантида тәрізді су астында қалған қалалар осындай табиғи апат әсерінен болған. Ал Хатайда зілзала жарығы ұлғайғанда, Араб түбегі бөлініп, айнала жер деңгейі төмен елдер су астына кетуі әбден мүмкін. Бұл жақта да жер астынан тыным­сыз мұнай алынып, газ шығып жатыр. Өркениет дамыған  Атлантида  жерасты  мұнайын пайдалануы  әбден  мүмкін.

Бұрын Ташкентте жиырма төрт қабатты тұрғын үйдің негізгі қаңқасын тұрғызып болған кезде опырылып құлап түскен. Бұл түн мезгілінде болғандықтан, адам шығыны болмады. Оның құлау себебі төменгі қабат үстіндегі арматурасын дәнекерлеу кезінде қатты кызып, күйіп қалған екен. Бейқамдығы үшін прораб­тар сотталып кетіпті. Ал Түркиядағы зілзаладан соң жүздеген құрушы-инженер қамауға алыныпты. Кезінде Қызылордадағы «Шұғыла» мөлтек   ауданында да  салынып  жатқан  бес  қабатты  бір үйдің құлағаны белгілі. Жобада екі-үш жерде антисейсмикалық қаттылық  шеттері (ребра жесткости) болғанда, кім білсін, үстінен гөрі оған плита орнығып, ол үй құламас па еді?

Қалада салынып жатқан үйлерге көз салып жүремін. Қаусап тұрған бұл үйлерге көңілім толмады. Үрейленіп, «Құдай сақтасын» деп өтемін. Енді заман талабына сай сапалы әрі мықты етіп салайық. «MAGNUM» тәрізді ірі сауда орталықтарында төтенше жағдайға арналған қосалқы баспалдақтары болу керек. Жаман айтпай жақсы жоқ. Яғни антисейсмикалық шарасыз құрылған бұл ғимарат зілзалада жапырылып құлауы мүмкін. Сырттан әкелінген ғимараттар жобасын жергілікті табиғатқа лайықтап қайта өңдеп құру керек.

1988 жылы 7 желтоқсанда Арменияда жер сілкініп, оның эпицентрі Спитакта үйлер қирап, адамдар қаза тапты. Мен де іссапармен Арменияға барып, құрылысқа қатыстым. Қираған үйлерді көрдім. Антисейсмикалық ережені сақтамай көзбояушылықпен сметаның ақшасын еселеп жымқырып, тұрғыза салған екен. Осы көзбояушылық әсерінен Спитакта 25 мыңдай адам өліп, 140 мыңдай адам жарақаттанды. Бізде шала жасалған ісіне бола береді, ештеңе етпейді дейді. Жоқ! Енді мұны заман көтермейді. Яғни жоғарыда жазылған ауғандықтардай болу керек. Әрдайым техникалық  қауіпсіздігін  сақтау  қажет.

Енді өңірімізде тұрғызылатын үйлер мен мектептерді тым болмаса 8 балдық жер сілкінісіне қайта есептеп салайық. 2000 орындық мектеп бізге барлық жағынан да тиімсіз. Оның орнына мың орындықтан екі мектеп салған жөн. Яғни мектеп үйге жақын болуы керек. Елімізде мұндай қисынсыз істердің артында кімдер тұр екен? Көпқабатты үйлер арасына 1100 орындық, ал бір қабатты жайылған үйлер  арасына 650 орындық мектеп соққан жөн. Егер мектептер үйге жақын болса балаларды мектепке апарып, қайта әкеліп, күнде мұндай дүрбелең әбігерге түспес едік. Әйтпесе демографиялық дағдарысқа түсуіміз әбден мүмкін. Бұл  кең  еліміздің  күйреуіне  соқтырады.

Ақтау қаласының архитектурасына қара­ғанда біздің қала аңғал-саңғал. Бұл – ауылдардың тоқырап, кенеттен болған урбанизацияның ықпалы. Дегенмен, мұндай сәтте сақ болу керек еді ғой. Қаламыз үлкейіп келеді. Сыр бойында сәулетті әсем қаланың бой көтеруіне сенемін. Қаламызда кең даңғыл көшелер бойы­на бір қабатты үйлер салынып жатыр. Мұны тез тоқтату керек. Әйтпесе қаламыз үлкен деревняға айналып кетуі мүмкін. Шамамыз келгенше оларды шетінен бұзып, даңғылдың екі бетіне әкімшілік және бірі-бірінен әсем әртүрлі  сәулетті бес қабатты үйлер, т.б. көрікті  ғимараттар бой көтеруі керек. Оның бірінші қабатын  кәсіпкерлер мен саудаға арнап  жобалау керек. Ал бізде пәтерлі үйдің терезе­сін есік, бірінші қабатын дүкен, т.б. етіп алған,  іші  тым  тар.

Әсем қала – ел көркі. Мұндай қалаларда халықаралық спорт ойындары өтеді. Сыр елі – Алаштың анасы, қаламыз көгалданған, көркем, архитектуралық сәулетті болса екен деймін.

Бекназар  ӘБСАДЫҚОВ,

құрушы-инженер,

Қызылорда  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: